Поэтикалық перифраз – ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер, ақ алтын – мақта, көгілдір экран – теледидар, ақ ұлпа – қар.
Метафоралық перифраз – бақыттың жайлауы – жаңа заман. Синекдохалық перифраз – қара шаңырақ – үлкен үй, төрт сирақ – орындық. Бұлар стилистикалық тәсіл ретінде мәтіннің әсерлілігін, мәнерлілігін арттырады. Перифраздар көбінесе публицистикалық шығармаларда, көркем әдебиетте, ауызекі сөйлеуде жиі кездеседі.
2. Стилистикалық айшықтаулар (фигуралар) Ассонанс (үн қату) – дауысты дыбыстардың үндесе қайталануынан тұратын стилистикалық айшықтаудың түрі. Ассонанс шешендік сөздерде, мақал-мәтелдерде, көркем шығармаларда жиі ұшырасады. Мысалы, «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» (Мақал). Поэзиялық шығармаларда стильдік мақсатта жиі жұмсалады:
Алатауды айналсам, Аладайым табам ба ?! Сарыарқаны сандалсам, Саңлағымды табам ба?! (Жамбыл) – әке зарын күшейтуге қызмет етіп тұрған тәсіл – ассонанстық қайталаулар.
Ассонанс сөздің интонациялық мәнін, экспрессивтік-эмоциялық бояуын күшейтіп, ойдың әсерлілігін арттырады.
Аллитерация – дауыссыз дыбыстардың бірыңғай қайталануы. Әлем поэзиясында ертеден келе жатқан стилистикалық айшық. Әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіретін көркемдік тәсіл. Аллитерация – қазақ мақал-метелдерінің ұтымды тәсілдерінің бірі: Бейнет, бейнет түбі – зейнет. Аллитерация прозалық, драмалық шығармаларда да, шешендік сөздерде де қолданылады. Арғы атаңа орнықты орда болған, бергі атаңа қайыспас қара қанжар болған, берік түйінде берен сауыт болған – мына біз едік (Томан би).
Аллитерация шығарманың мазмұнын көркемдеп, оның эстетикалық қуатын арттыра түседі.
Анафора – (грек – жоғары шығару) – бір сөздің не сөз орамының, өлең жолдарының сөйлемнің басында қайталануы болып табылатын стилистикалық айшықтау түрі. Анафораның лексикалық, синтаксистік түрлері болады. Лексикалық түріне бір сөздің қайталануы жатады:
Кім көрді көктің жерге құлағанын, Кім көрді күннің жарық сұрағанын (И. Байзақов).
Синтаксистік анафорада сөз тіркесі не сөйлем түріндегі құрылымдардың қайталануы болады: «Ақ сиса, қызыл сиса, сиса...(Жаяу Мұса). Алаң да, алаң, алаң жұрт...» (Қазтуған).