Қазір бәрі өзгерді, өмір өзгерді, заман өзгерді, мода өзгерді, адам да өзгерді, ниеті де өзгерді, пиғылы да өзгерді немесе заман жақсарды, өмір жақсарды, бәрі де жақсарды деген сөйлемдердегі бірінші қайталау өзгерді сөзін сөйлеуші бірнеше рет қайталап айтады, сол арқылы көлемді құбылыстың сырын баян етеді, ал екінші сөйлемде қайталау болып тұрған сөз жақсарды, ол бар-жоғы екі-ақ рет қайталанып тұрғанмен, заман мен өмірге ортақ зат-құбылыстың жақсарғанын көрсету үшін қолданылып тұр.
Ауызекі сөйлеу стилінің өзіне тән сөйлеу мәдениеті болады. Сөйлеу мәдениеті деп жалпы сөйлеушінің жалпы адами мәдениеттілік және тіл мәдениетін жетік меңгеруде қол жеткен табыстарын айтуға болады. Адамның жалпы кісілік мәдениеті, ой-өрісі, эрудициясы, ақыл парасаты, киімі, жан-дүниесімен сөзді, сөйлемді мәдениетті түрде яғни мәдениетті тілмен жеткізуі болып табылады. Тіл мәдениеті сөз дұрыстығы, сөз дәлдігі, сөзді көркем, әсерлі, әсем етіп жеткізу ұстанымдары, яғни коммуникативтілік қажеттілік пен эстетикалық бағдар ауызекі сөйлеу стилінің прагматикасын қамтиды.
Ауызекі сөйлеу стилі тілдің лексикалық-семантикалық құрылысында еркіндікпен қолданылатын сөздер тобы, сөз тіркестері басым болып келеді. Сондықтан бір ғана амандасу сөзінің өзі әр түрлі орфоэпиялық немесе орфографиялық жақтан әр түрлі вариантпен жарыса қолданылады. Бұл ежелгі ауызша әдеби тілдің үлгісі, көркем үлгісі болып саналатын қазақтың қара өлеңдерінде көптеп ұшырасады. Қазақтың қара өлеңінде амандасудың өзі сан түрлі қолданыста айтылғанын көруге болады. Аманбысың, қалқатай, көрмесем де жүрмісің аман-есен бұраң белім, жүрмісің аман-есен, сау-саламат. Аман-саударсыздар ма, ағаларым, әріптес, алдыменен аманбысың? Жүрмісің аман-есен жайың қалай? Барсың ба аман-есен қарашығым! Аман ба, құрдас, сырлас құрбыларың? Аман-сау ма саңлақтары? Еліңнің есен-сау ма батырлары. Әріптес мал-жаныңыз тегіс аман, Халайық ел-жұртыңыз есен-сау ма? Сен аман болсаң болды ағатайым. Барсың ба, өзің аман, асыл затым? Аман-есен жүрсің бе сау-саламат т.б. Қазіргі амандасудың түрі сәлеметсіз бе, әр түрлі орфоэпиялық нормадан ауытқыған: сәлематсыз ба, сәләмәтсіз бе, саламатсыз бе, сәлеметсыз ба т.б. түрлері ауызекі сөйлеу стилінде көптеп айтылып жатады. Амандасудың сәлеметсіз бе деп айтылу мәнерінде дауыс тонына қарай әр түрлі мағыналық мән аңғарылады. Сәлеметсіз бе? дауыс тонының айтылу мәнеріне қарай әр түрлі көңілді, сезім-күйді аңғартады, бірде асқақ көңілдің шабытымен айтылады, бірде менменсінген көкіректікті білдіреді, сынау мәні де, қуанышты үнмен, бірде жарқын, шырайлы көңілмен айтылуы аңғарылса, бірде салқын көңілдің ажары, бірде ілтипатты көңілдің шынайы ниетін танытатын стильдік мәнер де айтылады.
Ауызекі сөйлеу тілінің фонетикалық-интонациялық ерекшеліктері адресат пен адресанттың арасында үлкен коммуникативтік-этикалық қызмет атқаратын эмоционалды-экспрессивті тәсіл болып саналады.
Ауызекі сөйлеу стиліндегі сөйлемдерде дауыс тоны, дауыс күші, дауыс жылдамдығының әр түрлі қызметінің арқасында стильдік ерекшелігі айқындалып тұрады.
Ауызекі сөйлеу стилінде эмоционалды-экспрессивті білдірудің ең көркем амалының бірі –интонация. Зерттеушілер эмоционалды сипаттың ең озық үлгілері (тіпті сөзбен айтып білдіре алмайтын түрлері) интонация арқылы жеткізілетінін айтады.
Ауызекі сөйлеу стилінде дауыс ырғағы, дауыс тонының айтылу мәнерінен бір ғана сөздің өзінің астарында алуан түрлі прагматикалық-стилистикалық мағына жатқанын көруге болады. Бұл ерекшелік ауызекі сөйлеу стилінің еншісіне ғана тиетін қасиет болып саналады. Мысалы: әдемісін-ай – сұлулықты паш ету мағынасында; өткірін-ай – оның мінезіне сүйсіну үшін айтылады; әттеген-ай – өкіну мағынасын білдіреді; шіркін-ай – аңсау немесе дауыс тонына қарай кейде кекету мағынасына қарай айтылады; күлкісін-ай – сүйсіну; сұлуын-ай – дауыс тонына қарай сүйсіну, таң қалу, тамсану, қызығу, құмарту; толассыз жаууын-ай – реніш пен кейісті аңғартады; жазуын-ай – ұнатпау, жақтырмауды білдіреді. Ерекшелік тек оқшау сөздерде ғана емес, кез келген тілдік бірліктерде дауыс тонын дұрыс қою арқылы сөздің прагматикалық-стилистикалық қызметін жан-жақты тереңдетіп сөздің айтылу мәнеріндегі эстетикалық өріс кеңейтеді. Мысалы: өткір сөзін алайық. Өмір, өмір деп қайталап айтылғанда өмірдің бар тауқыметін түсіну, соны бағалау, түйіндеу, саралау тіпті соған мойынсұну, кейде шарасыздық мағынасын танытса, сол арқылы адресатты белгілі мақсатқа шақырады, өмір, еһ өмір, аһ өмір деген тіркестерді айтқанда дауыс тонына қарай әттең өмір өкінішін толық сезіну, өкіну, бармағын тістеу, өмірден жіберген қателіктерін түсіну сияқты мағыналық реңкін білдіреді, өмірде не болмайды – көндігуі, өмірге өкініші жоқ – ризалық, тоқмейілсу таныту мақсатында айтылады; өмір көрсетеді – тағдырына сену, өз тағдырын уақыт еншісіне тапсыру мағынасымен айтылады, өмір алда – үміттену, үмітін жоғалтпау мағынасын береді. Ауызекі сөйлеу тілінің дауыс тонының жылдамдығы, созылыңқылығы, үнділігі де айрықша бояу алады да тыңдаушыны стилистикалық әсерге бөлейді.
Ауызекі сөйлеу стилінің бір-біріне ұқсамайтын дауыс тоны, дауыс ырғағы болса, көркем әдебиет стилінде осы қызметті автор өзі пайымдауы арқылы жеткізеді: Қойшы, жаным. Жүрегіңді балталасаң да өшпейтін сөз (Ш.Мұртаза). Бұл келтірілген мысалдағы автордың жүрегіңді балталасаң да өшпейтін сөз деп автор пайымдау береді, кейіпкер тіліндегі қойшы, жаным сөздің айтылу стилі мәнері бойынша келші, жаным! деген жасырын мағынасын беріп тұрғанын автор жүрегіңді балталасаң да өшпейтін сөз деген пайымдау арқылы түйіндейді.
Ауызекі сөйлеу тілінде грамматикалық құрылымдардың экспрессивтілік не стилистикалық қызметі жазба стильдермен салыстырғанда елеулі өзгерістері мен өзіндік айрмашылықтары бар.
Ауызекі сөйлеу стилистикалық ерекшеліктері жазба әдеби тіл нормасынан өзгеше стильге құрылады. Мысалы жалғаулық шылаулар сирек қолданылады. Оның орнын интонация немесе басқа грамматикалық тұлғалармен қолдану жиі ұшырасады.
Ауызекі сөйлеу стилі синтаксисінің экспрессивтік және стилистикалық ерекшеліктерінің қызметі сан алуан. Синтаксис саласынан бұл ерекшелік айқын байқалады.
Ауызекі сөйлеу стилінде клише сөздер көп қолданылады. Адамдардың көпшілігі дайын формулалардың, клишелердің, сөйлеу стереотипінің көмегімен сөйлейді және жаза алады.
Клише ауызекі сөйлеу тіліне ғана тән емес, сондай-ақ әскери, ғылыми публицистикалық стильдерге де тән.
Ауызекі сөйлеу стилінде белгілі әлеуметтік топтардың арасында қолданылатын жаргон сөздер сөздер көп қолданылады.
Студенттердің жаргон сөздері: танкісі бар, балмұздақ, балқаймақ, крышасы бар. Ұрылардың жаргондары: хирург, доцент, шапка. Ауызекі сөйлеу стилінде дөрекі сөздер қарапайым, жергілікті сөздер мен диалект сөздер жиі ұшырасады. Бөгде тілдік элементтер орыс тілінен енген сөздер, табу мен эвфемизмдер жиі қолданылады.
Ал табу мен эвфемизмдер ауызекі сөйлеу стилінің сөздік қорынан орын алады. «Табу мен эвфемизмдер – сөздік құрамның лексикалық және семантикалық жағынан баюдың бір жолы». Ә.Болғанбаев эвфемизмдері синоним тудыратын тілдік қатарына жатқызады [21]. Ал «табу мен эвфемизмдерді қолдану ауызекі сөйлеу стиліне тән ерекшелік болып табылатындығын көруге болады» дейді Ә.Ахметов [22, 117-б.].
Ауызекі сөйлеу стилі қоғамдық ортаның барлық саласында қолданылады. Екі адамның қарым-қатынас әңгімесінде, телеэкранда жүргізушінің сөзі, кейіпкер сөзі, радиода кез келген қоғамдық-әлеуметтік топ өкілі, дүкенде сатушы мен сатып алушы, көлікте жолаушы, сотта айыптаушы мен айыпталушы, қорғаушы мен куәгер, ғылыми ортада ғалым мен студент, ауруханада дәрігер мен науқас осының бәрі ауызекі сөйлеу стилі болып табылады.