Ғылыми стиль – ғылымның дамуымен, ғылыми әдебиеттердің молаюымен байланысты туған стиль. Оған әр мамандық, әр ғылым саласында жазылған шығармалар тілі жатады.
Ғылыми стиль зерттеу нысаны болған зат, құбылыстарды ғылыми сипаттап, дәлелдеп, түсіндіруді қажет етеді.
Бұл стиль түрі – ғылыми негізде жасалатын өзіндік қалыптасу принциптері бар, стильдік өңі ерекше әдеби тілдің бір тармағы. Оның қалыптасып, дамуы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілуіне және ғылыми әдебиеттердің жазылуына байланысты. Мұны белгілі бір ұғым, мәселе турасындағы логикалық жағынан тұжырымдалған толық хабарлама десе де болады. Ғылыми стильдегі сөздер негізінен тура мағынада жұмсалады, ауыспалы мәндегі сөздер болмайды. Мұнда терминдік лексиканы, термин сөздерді жүйелі пайдаланады. Лексикада – атау сөздерді, морфологияда зат есім тұлғалы сөз таптарын, сондай-ақ сын есім, етістік, есімдік т.б. сөз түрлері, синтаксис саласы бойынша сөз тіркестерінің көптеген түрлері қолданылады. Семантикада – мағыналық дәлдіктің болғаны шарт. Ғылыми стильде халықаралық терминдер жиі кездеседі.
Қазақ тілінде ғылыми стильдің қалыптасуы негізінен, өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Оның көш басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Т.Шонанов, Ә.Ермеков, Н.Тереқұлов, Қ.Жұбанов т.б. сынды тұлғалар тұрды. Оның ішінде қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасып, дамуына А. Байтұрсынов еңбегінің үлесі зор. Ғылым тіліне көптеген жаңа ұғым, жаңа термин сөздер енеді.
Ғылыми стильдің шағын 3 түрі көрсетіліп жүр: таза ғылыми шағын стилі, ғылыми-көпшілік шағын стилі және ғылыми-оқулық шағын стилі.
Ғылыми стильдің шағын жанрларын да шартты түрде былайша жіктеуге болады: мақала, баяндама, конспект, тезис, пікір, дәріс (лекция), реферат т.б.
Ал ғылыми стильдің ауызша түрлері: ғылым диалог пен монолог. Монологке лекция, ал диалогке пікірталас (дискуссия), жиындағы сөздер, сұхбат жатады. Монолог – бір жақтан ғана берілетіп ой болса, диалог – екі немесе бірнеше адамның арасында өзара ой бөлісу, пікір айту болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |