-ди, -ти: бұлти, қылти, батти -би, -ми, -пи: ілми, жылми, сымпи, үрпи, қылми, барби т.б.
-ырай, -ірей: бүкірей, бажырай, ақырай, одырай, тікірей т.б.
-ши, -жи: ақши, мықши, кегжи. -си: ақси, тырси, сықси, борси т.б.
-қи, -ки: әңки, дөңки, сықи, тыңқи т.б.
-ыс, -іс: тырыс, бүріс, қырыс т. б.
Еркелету, сыйлау, жақын көру, жақсы көру мәнді туғызатын морфологиялық тұлғалар бар: -қа, -ке, -жан, -тай, -ш. Кейде тілде қалыптасқан, орны бар морфологиялық тұлғаларды бей-берекет орынсыз қолданып, теріс жұмсау кездеседі:
Бұл істі асығыссыз жүзеге асыру керек – дұрысы: асықпай. Уәкіл оған түсініс беріп жатыр – дұрысы: түсінік. Сөз таптарының стильдік қолданысы. Зат есімнің стильдік мүмкіншіліктері. Әр түрлі мағына-мәнері бар, түрлі грамматикалық тұлғаларда жұмсалатын сөз табы – зат есім. Зат есімде орыс тіліндегі род категориясы қазақ тілінде жоқ. Родтық ұғым беретін сөздер мен тұлғаларды қолдану көркем әдебиет тілінде ерекше мән алады. Бұлайша жұмсау оқушы ойында жеңіл ирония туғызу мақсатымен немесе жазушының субъективтік айрықша тәсілімен ұштасып жатуы мүмкін.
Көптік жалғаулары қазақ тілінде көптік ұғым туғызу үшін қолданылады. Кей сөздер жалғаусыз тұрып та көптік мағына бере алады: шаш, өсімдік, бидай т.б. Ал осы сөздердің бірқатарына жалғау қосылып, автор өз ойын тұспалдап жеткізу үшін қолданады: талай шаштар ағарды.
«Мұғалімдерді сыйлау керек» мұғалімнің көпке ортақтығын, көп кісіге қатыстылығын білдіреді.
«Көздерін алайтып» – көптік жалғауын қосып қолдану мағына айқындығы, ойды саралап жұмсау қажеттігінен туып отыр.
«Көз, құлақ, аяқ, бет, қабақ» тәрізді зат атауларының көптік жалғауында қолданылуы айрықша стильдік мән алады. Негізінен, қазақ тілі заңдылығында көптік жалғау жалғанбайды. Алайда қазіргі тілімізде мағына айқындығы үшін, ойды саралау үшін қажетті стильдік амал. «Мынау қолдар трактор жасаған қолдар» (Ғ. Мүсірепов).
Зат есімнің септік жалғаулары да жалғанған сөзіне әр түрлі қосымша мән үстейді. Кейбір септік жалғауларын түсіріп айту да стильдік мақсаттан туады. Өткен ғасырлардағы ауызша поэзия тіліңде бар тәсілдер – бүгінгі таңда жиі қолданылатын көркемдік амалдар. Мысалы, ілік, барыс, табыс септіктерінің түсірілуі және тәуелдік жалғауларының да түсіріліп жұмсалуы – өлең шартынан туатын ерекшеліктер: Арғымағың(ды) жамандап, Тұлпар(ды) қайдан табарсың? (Асанқайғы), Тоғай(ға) қондым, өкінбен (Доспамбет), Күйбеңдескен көп жаман(ның), Сөзі тигенге ұқсайды (Шалгиіз), Ей, Қатағанның хан(ы) Тұрсын (Марғасқа). Мұндайды тіл ғылымында өлең синтаксисіндегі ықшамдау тәсілінің бірі дейді. Керісінше, кейде жалғауларды сөзге қосып жұмсауда әртүрлі стильдік мән болады: Бала кітапты оқыды – тек кітапты оқығандығын хабарлау мақсаты бар.
Кейбір сын есімдердің зат есім мәнінде жұмсалуы – сөздің жинақы, ойдың әсерлі болуы үшін ұтымды тәсіл. Мысалы:
Жылы менен суықтың бәрін көріп, Қайран көңіл қайыспай қайрат етті (Абай). Немесе: ...арсызбен жолдас болма,күншілге жолама – ауызекі сөйлеуде кездесе беретін сөз оралымдары.
Стильдік мәні бар, түрлі мақсатта жұмсалатын сөз табы – сын есім. Сын есімнің стильдік қызметін дұрыс аңғару үшін ең алдымен, оның лексикалық табиғатын жақсы білу қажет. Сын есім сөздер тек сын-сипат мәнінде де қолданылады. Бірақ сын есім атаулының бәрі бірдей заттанып жұмсала бермейді. Сапалық сын есімдердің көпшілігі әр түрлі мән, реңкке ие болып қолданылса, ал қатыстық сын есімдердің мұндай қасиеттері жоқ. «Үлкен» сөзінің қолданысына назар аударайық. Бұл сөз әр контексте әр қилы мағыналық реңкке ие, жеке сөзбен де, тіркеспен де, сөйлеммен де берілетін тәсілдері сан алуан: ірі, ұлы, дөкей, алып, орасан, дәу, сом, нән, қапсағай, аспандай, қазандай, білектей, соқталдай, таудай, шоқпардай, түйедей, еңгезердей, жардай, дардай, нардай дене; жапалақ көз, тана көз, бадана көз, бадырақ көз; жайын ауыз, қарыс ауыз, нар дене, кебеже қарын, екі иығына екі кісі мінгендей, түйенің жарты етіндей, бас бармақтай деген тіркестер арқылы да үлкен ұғымы туып тұр. Бұл сөздер контексіне қарай үнемі «үлкен» ұғымын бере бермейді.
«Көпті көрген қарт», «қария» ұғымында қазақ тілінде ғана емес, ноғай, татар, башқұрт тілдерінде де жұмсалады. «Үлкен» сөзі «маңызды, көрнекті» деген мағына да береді: «Бір үлкен іс қылғансып асығып жүр», – «Көп» деген мағынаны да білдіреді: Ірімшікті құдайым кез қылды бір күн қарғаға. Алып ұшып барды да, қонды бір биік ағашқа. Үлкен олжа емес пе, ірімшік деген қарны ашқа. Үлкен сөзі ой сөзімен тіркесіп, терең ой, кең толғау деген мағынада қолданылады: үлкен ой жоқ... Үлкен үй – «қара шаңырақ» «Туу, үлкен-ақ екен» дегенде әзіл мағынасында кіші балаға күлкі ретінде жұмсалады.
Контекстегі қолданысына қарай үлкен сөзі «кең, беделді, биік» деген мағынаны да береді: дағарадай бөлме, әр цехы даладай (кең).
Көлемдік мағынаны білдіретін «алақандай» тәрізді сөздер кей контексте «үлкен» мағынаны білдіреді: «Жараның аузы алақандай болып күлдіреп тұр» (Ғ.Сланов).