Бұйрықты сөйлемдердің де мазмұны бірдей бола бермейді. Себебі бұйрық қалай, қандай жағдайда, қандай мақсатта айтылғанына байланысты, соған қарай бұйрықты сөйлемдердің интонациясы, баяндауыштарының құрамы, сөйлемде орналасу тәртібі де әр түрлі. Мысалы, Көзіме көрінбей жоғал! дегенді Жоғал көзіме көрінбей! деуге болады. Екеуі де бұйрықты сөйлем. Бірақ екеуінің стильдік мағынасы бірдей емес: бірінші сөйлем жай кейіспен айтылған ойды білдірсе, екіншісі қатты ашумен айтылған қатал бұйрықты аңғартады. Айтылуы да екі түрлі. Бірі – бәсең дауыспен, екіншісі – қатал, көтеріңкі дауыспен жеткізіледі. Осындай айырмашылықтарды дұрыс танып, әр түрін өз орнында дұрыс пайдалана білу керек.
Лепті сөйлемдер кісінің түрлі көңіл-күй, сезімін білдіру үшін көбінесе көркем әдебиет стилінде жұмсалады. Олар таңырқауды, таңдануды, қорқуды, жаны ашуды, армандауды, өкінуді, сескенуді жеткізеді. Мұндай мәндегі сөйлемдердің эмоциялық мағыналарын түсініп жұмсай білудің стилистика ғылымы үшін мәні зор.
Қап, мен де кешігіппін! Апырай, аман болғай-ақ та! Стилистика талаптары түрғысынан біршама аяқталған ойды толымды сөйлеммен де, толымсыз етіп те беруге болады.
Толымды сөйлемнің сипаттамасы – белгілі ойға керекті сөздердің сөйлем ішінде түп-түгел айтылатындығы. Мен көрдім ұзын қайың құлағанын (Абай) – деген сөйлем толымды, ойға қатысты сөздердің барлығы қатыстырылған, оны басқаша өзгертіп не түсіріп айтуға болмайды. Өйткені Абай өлеңінің сол сөйлемінде «мен» деген бастауышқа ой екпіні түсіп, сол сөз басқа сөзден басым мағынада айтылған. Кей жағдайда ойымызды нақты, дәл, ықшам етіп жеткізуде толымсыз сөйлемдерді жұмсаймыз. Мұндай сөйлем түрлерін контекст ішінде қалай қолдануға, қандай мақсатпен жұмсау ерекшеліктеріне байланысты пайдаланамыз. Ой дәлдігін сақтау, стиль түрлерін ажырату амалдары ретінде де қарастырамыз. Мәселен, толымды сейлемдер ғылыми әдебиет стилінде жиі қолданылады, өйткені баяндалатын ой толық, жүйелі болуы шарт. Ал толымсыз сөйлемдер ауызекі сөйлеу тілінде, көркем әдебиеттегі диалогтерде жиі қолданылады. Мұнда кейіпкер тілінде жұмсалатындықтан, сұрақ-жауап түрінде көбінесе сөйлемдері қысқа, жалаң, толымсыз болып келеді, ой тұжырымды, әсерлі етіп беріледі:
– Қарағым-ай, қазақпысың? – Иә, казақпын... Сөйтіп, сөйлемнің толымсыз болуы оның жұмсалу жағдайымен, ойдың мақсатына қарай, басқа сөйлемдермен қатысына байланысты болады.
Сөздерді, кейде грамматикалық тұлғаларды ортақтастыру – сөйлемдерді тұжырымды, ықшамды етіп құрудың тәсілі. Бұл тәсілді дұрыс түсініп, жазуда дұрыс пайдалана білу үшін оның мынадай орындарға ортақ бола алатынын білу керек:
1. Екі іргелес сөйлемді бір баяндауышқа ортақтастырып айтуға болады: біресе қар жауады, біресе жаңбыр жауады – біресе қар, біресе жаңбыр жауады. Мұны синтаксисте «сыйыса құрмаласу» деп үнемдеу құбылысына жатқызады. Экспрессивтілігі жағынан бір емес. "Қоянды қамыс өлтірер, ерді намыс өлтірер" дегендегі екі сөйлемді сыйыстыруға болады. Бірақ екеуінің мәні бір емес: алдыңғыда экспрессивті мағына бар да, соңғыда ол солғын.
2. Қатар айтылған сөйлемдердің алдыңғыларында аталған мүшелерді соңғы сөйлемдерге ортақ етіп толымсыз сөйлем құрауға болады! Орал – кәдуілгі үлкен қала, оның үстіне көркем де қала (Ғ. Мүсірепов).
3. Сөз мағынасы ортақ толымсыз сөйлемдер сөйлеу стилінде, кейіпкердің диалогтерінде жиі кездеседі:
– Уа, көш көлікті болсын! – Айтсын, аға! – Отауларың, әне, тігулі тұр, – Кешке келіңіз. – Жоқ ... 4. Жіктік жалғаулары сөйлемдегі бастауыштың, тәуелдік жалғаулары ілік жалғаулы анықтауыштардың қай жақтық екені белгілі болатындықтан, ол мүшелерді түсіріп, сөйлемді толымсыз етіп жұмсау көп стильге тән:
Мен ырзамын – Ырзамын. Менің айтатын сөзім көп – Айтатын сөзім көп.