Стилистика тілдің сөздік құрамымен бірге, оның грамматикалық құрылысын да қамтиды. Грамматикалық стилистика грамматикалық категориялар мен олардың мағыналарының қолданылу жүйесін айқындайды.
Әдетте морфологиялық стилистика грамматикалық тұлғалар мен категориялардың мәндестігін, олардың әдеби тіл стиліне қатысын қарастырады.
Морфемалардың қызметіндегі, мағыналарындағы түрлі ерекшеліктері нақты қолданыста ғана ашылады. Кейде дұрыс сөйлемнің өзін бұзып айтып, ондағы сөздерге жалғанып тұрған морфемалардың қызметіне мән бермеушілік кездеседі. Мысалы, Жартасқа бардым, күнде айғай салдым немесе Қараша, желтоқсанда сол бір он екі ай деген жолдардағы «күнде» сөзінің мағынасын түсінбей, оны барыс септікке, «желтоқсанмен-ді» жатыс септікке қойып жазудан немесе «сол бір екі ай»деудің орнына «сол бір он екі ай» деп қолданудан сөз мағыналарына нұқсан келіп, ой айқын берілмей тұр.
Әрбір сөз табының өзіндік өзгеру заңы, сөз тудыру тәсілдері бар. Ол – морфологиялық, синтаксистік және морфологиялық-синтаксистік тәсілдер. Солардың ең өнімдісі – морфологиялық тәсіл, ол арқылы жасалатын сөздердің сөйлемде қолданылуының алуан түрлі сыры бар. Бір форманың өзі толып жатқан қызмет атқарып, бірнеше мағынаға ие бола алады.
Адам ойын айтудың негізгі формасы – сөйлем. Жеке сөйлем арқылы біршама аяқталған ойды білдіріп, мақсатты ойды жеткізіп айтуға тиіспіз. Мұндайда әр сөйлемді қалай құру, қандай-қандай сөздерді пайдалану, ол сөздерді қай тұлғада жұмсау, қай сөзді қай сөзбен байланыстыру, қалай байланыстыру керек дегсн сияқты сұрақтар туады.
Жазушы 3.Шашкин кезінде «Роман және дәуір тынысы» деген мақаласында [28] «жатыр», «отыр» етістіктері «тілімізді онша көркейтіп тұрған жоқ. Біз осыдан құтылу әдісін іздеуіміз керек, - деген еді. Керісінше М.Балақаев өз пікірін былайша білдіреді: «Бұл қазақ тіліндегі күрделі етістіктер құрамының кейде шұбалаңқы болатынын ұнатпағандық болар, бірақ бұл, біздіңше, ұшқары пікір. Егер шақтық, модальдік, тағы басқа грамматикалық қызмет атқаратын жатыр, отыр, тұр, еді, дейді тәрізді көмекші етістіктерден «құтылатын» болсақ, тіліміз күрмеліп қалмай ма? Жазушы роман жазып жатыр, жазушы бір жылда екі роман жазып тастады сияқты сөйлемдердің мағыналық айырмашылығын «көркейтіп» тұрған сол көмекші етістіктер емес пе? [29, 102-б.]»
Тілдің грамматикалық құрылысы ғасырлар бойы жасалып, әбден қалыптасып қалған болса, оны өзгерте салу мүмкін емес. Мұндай үлкен өзгерісті былай қойып, тілде барды дұрыс қолданбаған сөйлем кездессе, оған тосырқап қарап, қынжыламыз ғой. Мысалы, М.Сүндетовтің «Күтем сені Дидар» повесіндегі мына сөйлемдерді алайық:
Апам сөйленіп жүр. Жиырмаға биыл күздікте шығам, Дұрысы: Апам сөйлеп жүр. Жиырмаға биыл күзде шығамын ғой. Сондықтан тілдің грамматикалық құрылысын қалай да өзгертуді ойламай, тілде барды дамыту, қызметін кеңейту, керегінде жаңа сөз, жаңа орам, жаңа тіркес енгізу жолымен қарауымыз тиіс. Осындай мәселелерді грамматикалық стилистика қарастырады.
Тіліміздің мол грамматикалық мүмкіншіліктерін дұрыс пайдалана білу – жақсы стилист болу деген сөз. Сөйтіп, стилистика грамматикалық тұлғалардың, синтаксистік құрылыстардың тиімділерін пайдалана білуді үйретеді. Қазақ тілінің грамматика жүйесінің де стильдік мүмкіншіліктері мол.