Құрмалас сөйлемдердің де, күрделі синтаксистік тұтастықтың да өзіндік жұмсалуында стильдік ерекшеліктер болады. Мәселен, ғылыми стильде күрделі ой логикалық жүйелі баяндалатындықтан, сөйлем құрылысы күрделі әсіресе, сабақтас құрмалас сөйлемдер арқылы, ол құрмаластың бірінші жай сөйлемінің (бағыныңқының) баяндауышы көбінесе шартты рай формасы арқылы жасалады, екінші сөйлемі ойды тиянақтап, дәлелдеп, тұжырымдап тұрады: егер дене оларды өзіне тартатын болса, ол дененің электрленгені (Физика).
Күрделі синтаксистік тұтастық – стильдік амал ретінде көркем шығармалар жүйесінде жиі орын алады. Синтаксистік тұтастық – бірнеше сөйлемдер тізбегінен жасалып, мағыналық және құрылымдық жағынан тұйықталған, белгілі бір күрделі ойды білдіретін синтаксистік бірлік. О.Бөкеевтің «Қар қызы» повесінде үш кейіпкердің әрқайсысының ойлары күрделі синтаксистік тұтастықпен берілген «Қасаттанған қардың үстінде де, шикі таулардың ішінде, қар астында жатып, өткен шақтарын елестете ойлаған ойлары...» осындай синтаксистік конструкциялардан тұратын мәтінде жүзеге асады.
2. Сөйлем мүшелері, оның инверсиялануы. Стилистика талабы: сөйлем дұрыс, жатық етіп құрылуы үшін, ондағы сөздерді, сөйлем мүшелерін дұрыс байланыстырып, тіркестіріп, тиісті мүшелік қарым-қатынаста жұмсай білу керек. Сөйлем құрауға негіз болатын бас мүшелер, әсіресе баяндауыш ойды дұрыс құрастыруға арқау болады. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің маңына басқа сөйлем мүшелері топтанып, ойды нақтылай, толықтыра, пысықтай түседі. Әрине, диалогті сөйлемдерде тұрлаусыз мүшелердің бірі ғана бір сөйлемнің орнына жүруі мүмкін. Мысалы:
– Атын өзі ағытты ма, әйтеуір! – Өзі ағытты. Шауып барып көлден бір шелек су да әкелді. – Атпен бе? – Иә (Ғ.Мүсірепов).
Осы мысалдағы атпен бе?, Иә сөздері екі сөйлемнің орнына жұмсалған.
Әрбір сөйлем мүшелерінің қызметін дұрыс танып, ойды әсерлі, экспрессиялы түрде жеткізуде дұрыс қолдану қажет. Сонымен қатар, ойды аз сөзбен үнемдеу, қатар сөйлемдерде бір сөзді қайталай бермеу шарттары қамтылады. Ол үшін сөйлемде басы артық сөзді қайталай бермей (тавтология), бірде оның синонимін, бірде оның орнына есімдік сөздерді пайдаланып, кейде бір сөзді бірнеше сөйлемге ортақ етіп жеткізу қажет болады. Мұндай талаптар көркем әдебиет стилінде көбірек жүзеге асады. Бұл шарттар кейде ескерілмей, орынсыз қайталауларға әкеп соқтырады. Бірде директор: «...енді орыс тіліндегі көрсетілімдерді көріңіздер» немесе істі ұйымдастыра білетін іскер басшы – мұнда іскер, көру сөздері мүлдем артық.
Сөйлемді ықшам етіп құрасыру үшін қолданылатын амалдың бірі – сын есім, сан есім, есімшелерді бастауыш, толықтауыш, ілік жалғаулы анықтауыш қызметінде жұмсау. Әдетте өздеріне қатысты сөздердің орнына жүріп, әрі зат, әрі сапасын білдіреді: Білгенге маржан, білмеске арзан, Надандар бәһра ала алмас (Абай) – білгенге – білген адамға, надандар – надан адамдар деген ұғымның орнына жұмсалып тұр. Мұндай тұлғалардың субстантивтеніп, басқа сөйлем мүшелерінің қызметінде жұмсалуы – мақал-мәтел, нақыл, даналық сөздердің синтаксисіне тән ерекшелік. Ол аз сөзбен көп мағына білдіруді, сөйлем құрылысы ықшам болуды қажет етеді.
Изафеттік тіркестегі сөздердің де мағыналық, стильдік айырмашылықтарын дұрыс танып, талғап жұмсай білу керек: ана бақыты, жер байлығы, институттың факультет мәжілісінің қаулысы. Табыс септігіндегі толықтауыштардың жалғаулы, жалғаусыз жұмсалу ерекшеліктерін де түсіну қажет. Пароход теңізді тіліп келеді – қауын тілді – қауынды тілді. Дегенмен де, сөйлем мүшелерінің қазақ тілінде қалыптасқан дағдылы орын тәртібі бар, белгілі ереже заңдылықтары бар. Жазба стильдердің көбінде бұл шарт сақталынады. Ал ауызекі сөйлеуде, көркем әдебиет стилінде сөйлем мүшелері инверсияланады. Оның стильдік мақсатта жұмсату мәні бар ойдың бір бөлігін екпін түсіру, назар аударту, сөзді мәнерлеу, модальдық реңк беру т.т. сияқты бірнеше мақсат жүзеге асырылады. Тегінде, прозадан гөрі поэзия жанрында инверсиялық құбылыс басым. Сөйлем мағынасын осылай түрлендіріп, онда жеке мүшеге стильдік қызмет арту үшін, оны басқа сөзбен орын ауыстырып айтуды инверсия дейді [30,172-б.]. Мәселен, бастауыштың қалыпты орны диалогты сөйлемдерде, өлең жолдарының соңында да жұмсалады. Қынжыла, күйіне айтылған көңіл-күймен байланысты лепті, сұраулы сөйлемдерде бастауышты соңында пайдалануға болады, көбіне оған ой екпіні түсіріліп айтылады, ол бастауыш көбінесе есімдіктерден де тұрады:
Зарланарсың, ойланарсың, Не болам деп енді мен (Абай).
Туырлығың тілер ол, Тіліп тоқым қылар ол! (Ауыз әдебиеті) – соңғы жолдарда ой екпіні ол деп көрсетілген адамда (батырда) болып тұр, туырлықты тілетін, тіліп тоқым қылатын өзге емес, сол ғана батыр деген мағынаны берудің бірден-бір амалы орын тәртібі арқылы жүзеге асып тұр. Егер «ол туырлығыңды тілер, ол тіліп тоқым қылар» деген тәртіппен берілсе, мұнда белгілі бір батырды атап, сескендіру мәні болмай, жай ғана хабарлау болып шығар еді.
Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап (Абай).
Жыл жиылып, қартайып қалғаны – бұл (Абай).
Баяндауыштың да дағдылы орны – сөйлемнің соңы. Ол да инверсиялық құбылысқа ұшырайды. Лепті сөйлемдерде бірінші орынға қойылып жұмсалынады:
– Жасасын жақсы өмір! – Айтпа оны маған! Инверсиялануға бейім – мезгіл пысықтауыштары, көсемше тұлғалы пысықтауыштар, анықтауыштар. Таулардан өзен ағар сарқыраған (Абай) Үндемей ол кіріп келді. Кетерде маған жолыққан жоқ ол. Осындай да табан бола ма екен қырық тесік (Ғ. Мүсірепов).