1.1 Жас және жемiс салып тұрған бақтарды баптау ережелерi Жемiс бағында қолданылатын агротехниканың негiзгi тәсiлдерi аймақтың топырақ-климаттық жағдайларына, қолданылып отырған телiтушiлерге, тұқымдық-сорттық құрамына, өсiмдiктiң жасы мен типiне, өсiрiлiп отырған өнiмнiң бағытына және т.б. байланысты болады. Жас бақтағы жемiс ағаштарын күтудiң негiзгi мiндеттерi: жақсы өнiп кетуiн (100%) қамтамасыз ету; тездетiп жемiс салуға көшiру, жыл сайын қатты өсуiн қамтамасыз ету, бөрiкбасын дұрыс қалыптастыру және тамыр жүйесiнiң тереңдеуiне жағдайлар жасау т.б. Жас кезiнде шекiлдеуiктiлерде өркендерiнiң өсiмiн кемiнде 60-80 см-ге, ал сүйектiлерде 80-120 см-ге жеткiзу қажет. Ол үшiн дер кезiнде тыңайтқыштар енгiзiп, шырпып, жеткiлiктi түрде суарып, зиянкестер мен ауруларға қарсы уақтылы күресу қажет. Өз уақытында қолданылған жоғары агротехника, жас жемiс ағаштарының ертерек жемiс салуын қамтамасыз етедi.
Жемiс салып тұрған бақтағы ең маңызды агротехникалық шаралардың бiрi - жемiс ағаштарының бөрiкбасын одан әрi қалыптастыру. Мұнда басты назар өркендердiң қалыпты өсуiн қадағалауға аударылады. Қазақстанның оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығысында шекiлдеуiктiлер өркендерiнiң жыл сайынғы өсiмi кемiнде 30-50 см, ал сүйектiлерде 50-60 см болуға тиiс. Агротехниканың тағы бiр мiндетi – шығынды аз жұмсай отырып, жыл сайын тауарлық сапасы жақсы өнiм алу.
Әсiресе ағаштардың өнiм беретiн кезеңiн ұзартуға, оларды сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларынан қорғауға, сондай-ақ өсiрiлген өнiмдi аурулар мен зиянкестерден сақтауға көңiл аударуы қажет. Бұл мiндеттердi бағбандар бақ күтiмi жөнiндегi агротехникалық шаралар кешенiн (топырақ күту жүйесi, суару, шырпу, бөрiкбасын қалыптастыру, өнiмдi күту, бақты жөндеу және қайта жасау) дер кезiнде және сапалы атқарғанда ғана орындай алады.
1.2 Жас бақтың қатар аралықты ұстау жүйесi
Жемiс өсiмдiктерiнiң тiршiлiгi жақсы болып, тәуiр өсiп-жетiлуi, жемiстi тез салуы үшiн қазiргi мардымды бақтарда ол отырғызылғаннан кейiнгi алғашқы 3-5 жылда бақ қатар аралығының топырағы таза, яғни қара сүдiгерде ұсталады.
Алматы облысының Iле және Жоңғар Алатауларының беткейлерiнде, сондай-ақ жер бедерi тегiс емес жерлерде бақ қатар аралығын күтудiң негiзгi жүйесi – шымдау, мұнда жолақтар мен ағаш дiңiнiң айналасы қара сүдiгерде ұсталады немесе жабындалады. Жемiс дақылдары ағаштарының қатар аралықтары 6-7м және одан да астам етiп отырғызылған, республикамыздың оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс суармалы аймақтарында тауарлық жемiс салғанша қатар аралықтарын бiржылдық шөптер, бүлдiрген, көкөнiстер т.б. ауыл шаруашылық дақылдарын өсiру үшiн пайдалануға болады.
Бiрақ олардың жемiс ағаштармен суға, қоректiк заттарға ортақтаспауын қадағалау керек. Сондай-ақ жас бақтарға белгiленген агротехникаға да, әсiресе аурулар мен зиянкестерге қарсы күреске зиянын келтiрмеуi тиiс. Қатар аралыққа егiлген дақылдарды машиналармен өңдеу мүмкiндiгiн де ескерген жөн. Қажет болса аралық дақылдарды бiр қатар тастап егу ұсынылады, сонда ағаштар жағдайы жақсарып арам шөптермен күресуге жақсы жағдайлар туады.
Республикамыздың оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығысындағы суармалы аймақтарға отырғызылған жас бақтардың қатараралығына жемшөп үшiн бiржылдық шөптер, көкөнiс өсiмдiктерiн (асханалық қызылша, қызанақ, бұрыш, шалғам, ерте пiсетiн капуста, картоп, сәбiз т.б.) егуге болады.
Жоғары агротехника қолдана отырып, бүлдiрген өсiруге де мүмкiндiк бар. Барлық жағдайда да тыңайтқыштармен үстеп қоректендiру керек.
Жас бақтың қатар аралықтарында жаздық және күздiк дәндi дақылдар егуге болмайды. Өйткенi олар егiлген жерде тышқандар көп болады, жемiс өсiмдiктерiнiң қарқынды өсуi кезiнде суды және қоректiк заттарды көп жұмсайды. Сондай-ақ биiк өсетiн өсiмдiктердi (күнбағыс, құмай, жүгерi, темекi т.б.), өсiп-өну кезеңi ұзаққа созылатын, сонымен бiрге жаздың екiншi жартысында суды өте көп қажет ететiн дақылдарды (қант қызылшасы, кеш пiсетiн капуста, кеш пiсетiн картоп т.б.), жидектердi (таңқурай, қарақат, тұшала), пәлектерi жемiс дақылдарын күтуге кедергi жасап, өнiмiн көп рет жинай бергендiктен, топырақты қатты тығыздап тастайтын қауын, қарбыз, қияр, асқабақты егуге болмайды.
Қазiргi кездегi ағаштары жиi отырғызылған мардымды бақтарда, әсiресе клонды телiтушiлерде қатараралық дақылдар өсiрген тиiмсiз, себебi олар топырақты құрғатып, жүдетiп, механизммен өңдеудi, аурулармен және зиянкестермен күресудi қиындатады, сөйтiп жемiс ағаштарының өнуiн, өсуiн тежейдi, жемiс салу мерзiмiн кешеуiлдетедi, жемiс салу мөлшерiн кемiтедi, қол жұмыстарын көбейтедi, ақырында жемiс өндiру тиiмдiлiгiн төмендетедi.
Бақтардың негiзгi массивi суарылмайтын жерлерде орналасқан Қазақстанның оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығысында, қатар аралыққа дақылдар өсiрiлмейдi.
1.3 Жеміс ағаштарын күтіп баптау