1 Мәтінтанудың жалпы филологиялық негіздері
Көне грек тіліндегі phileo – «сүйемін» және logos – «сөз» деген тіркестен қалыптасқан «филология» ілімінің мағыналары тарихи даму барысында «парасатқа құштарлық», «даналыққа іңкәрлік», «сұлу сөзге ынтызарлық», «сөз гармониясын тану» және т.б. болып өзгеріп, түрленіп отырған. Әр кезеңдегі осындай анықтамалар аталмыш ұғымның табиғатының күрделілігін және ерте ғасырлардағы гуманитарлық ғылымдардың бастапқы синкреттілігін көрсетіп тұрғандай. Бірте-бірте «асыл сөзге деген махаббат» «даналыққа іңкәрлікке» қарсы қойыла бастайды, бұл филология мен философияның іргелерінің ажырауына ненің әкеліп соққаны туралы тарихи дерек.
Қазіргі кездегі ғылыми жүйеде филологияның өз орны бар, ол жан-жақты әрі жедел дамып келе жатқан ғылыми салалардан тұрады. Жалпы алғанда филологияны – негізгі зерттеу нысаны мәтін (textus – өрілу, байланысу) болып табылатын гуманитарлық ілімдер кешені деп түсіну қалыптасқан. Оның құрамында әдебиеттану, тілтану, аударматану, журналистика сияқты жалпы ғылыми арналармен бірге семиотика, риторика, мәтін теориясы, герменевтика, поэтика, стилистика, құжаттану деп аталатын жеке ғылыми пәндер де бар. Филологияны белгілі бір халықтың әдебиеті мен тілін зерттейтін ғылым деп қана санайтындар да бар. Кең тұрғыдан алғанда бұл ілімді адамзаттың рухани болмысының тарихы мен теориясын зерттейтін ғылымдар циклы деп бағалаудың қажеттілігін ұсынып жүргендер көп. Осының бәрі филологияны жалпы және жеке деп үлкен екі топқа бөліп қарастыруға негіз болып отыр. Жалпы филология мәтіннің барлық түрлерін зерттесе, жеке филология бір тілдегі немесе бірнеше туыстас тілдегі мәтіннің жалпы және жеке аспектілерін зерттеудің жиынтығынан тұрады. Филология ғылымдары арасында тұрақты байланыс бар, олардың қарым-қатынасы жан-жақты және өте күрделі, олардың көбі сырт көзге бірден байқала бермейді, сондықтан филологиялық зерттеу – төзімді, көп еңбектенуді, уақыт параметрлеріне сәйкес ойлап үйренуді талап етеді.
Мәтінді қабылдау, түсіну, тану және оны филологиялық тұрғыдан талдау, талқылау (интерпретация) мен бағалаудың ғасырлар бойы қалыптасқан ұстанымдары, ережелері, қағидаттары бар, болашақ филологтың олармен жүйелі түрде таныс болуы – кәсіби біліктілікке жетелейтін жол.
Филологиялық білімнің негізгі түп қазығы – мәтін туралы іргелі, жүйелі білік екені мойындалған. Сонымен қатар мәтін – тұтасқан және мағыналық тұрғыдан бір-бірімен байланысты сан түрлі бөліктер (сөз, тіркес, сөйлем, фрайм, концепт) бірлігі деген анықтамаға ден қойған артық емес. Мәтінмен қатар онымен өте тығыз байланысты дискурс ұғымы төңірегінде талай талас пікірлер туындаған, қазір бұл терминдердің арақатынасы, байланысы жөнінде арнайы зерттеулер жүргізілуде. Ұзақ уақыт бойы мәтін – жазба ескерткіштерге ғана тән деген түсінік басым болды, оны зерттеу тарихи-филологиялық әдіспен жүргізіледі. Ежелгі Александрия ғылыми мектебі мәтінді зерттеудің мынадай төрт аспектісін бөліп көрсеткен:
а) шығарманы үндестік ережелеріне, көркемдігіне сай мәнерлеп оқуға үйрету;
є) мәтіндегі олқылықтар мен кемшіліктерді түзей білу;
б) ондағы комментарий қажет ететін нәрсенің бәрін түсіндіре білу;
в) орнықты және тиесілі баға беруге дайындық түрлері.
Осындай көзқарастар негізінде қалыптасқан классикалық филологияда мәтінтанудың өзіндік қағидалары болды, олар негізінен үш бағытта өрістеді. Біріншісі – мәтіннің пайда болуының нақты жағдайлары мен оның авторын анықтайтын мәліметтер жинау, мәтін кімге арналғандығын білу, оның мазмұны мен құрылымының сипатына қарап пішінін айқындау болды. Екінші бағыт мәтіннің белгілі бір мәдени ортаға кірігуін, оның басқа мәтіндермен байланысын зерттеуге ден қойды. Мәтінді түсіну мен бағалаудағы жалпы тарихи жағдайдың, білім мен ғылымның дамуының орны мен әсер-ықпалын қарастыру үшінші бағыттың еншісіне тиген. Аталмыш бағыттар өсіп, өркендеп, әр түрлі ғылыми пәндерге айналған. Филологияның тарих және мәдениеттануға тығыз байланыстылығы жекелеген пәнаралық ғылымдардың дамуына түрткі болған. Солардың бірі палеография, ол – жазу үлгілерінің қалыптасуы мен дамуын, мәтіннің тарихи негізін, оны жазғандардың ерекше мәнері мен машығын анықтайтын арнайы тарихи-филологиялық пән. Көне түркі
әдеби ескерткіштердің мәтіндерін, орта ғасырлардағы қолжазбаларды ғылыми айналымға қосу үшін Қазақстанда палеографияның дамуына жағдай жасау керек.
Деректану ақпараттық сипаты бар мәтіндерді жүйелеумен айналысатын тарихи-филологиялық пән. Қазақы әр түрлі шежірелердің, тағы басқа негіздердің деректік құндылығын, ақпараттың негізін анықтауда деректанушылар жақсы еңбектеніп жүр, көркем мәтіндегі осы негіздерге баса назар аударудың қазіргі кезде ерекше қымбат екендігі даусыз.
Герменевтика – пәнаралық зерттеулер жүйесі, ол көріне бермейтін мәтінаралық байланыстарды, мәтін ішіндегі элементтердің әр қилы қатынастарын қарастырады, мәтіннің ішкі структурасының сырларын ашу, оның өмір сүруінің сыртқы жағдайларын айқындау үшін социология, психология сияқты ғылымдардың жетістіктеріне сүйенеді.
Мәтінтануда өзіндік мақсат-мүдделері айқын мына филологиялық бағыттар қарқынды зерттеулер жүргізуде: структуралық, семиотикалық, семантикалық, стилистикалық, прагматикалық, тарихи-мәдени мәтін композициясы т.б. Бұлардың дені қазіргі ақпараттың тасқындар жүйесінде мәтіннің орны мен қызметін жаңаша бағамдауға ұмтылуда.
Мәтін түрлерінің арасындағы байланыс деңгейлерін анықтайтын негіздерді жете білу өте маңызды.
Кеңістіктер мен уақыттарды оңтайлы байланыстыру үшін сөйлеуді жазу арқылы рәсімдеу адамзат тарихындағы аса елеулі оқиға болды. Енді жазба мәтін әр түрлі буын өкілдерінің бір-бірімен араласуына, білім мен ақпарат алмасуына кең мүмкіндік ашты. Қазіргі техникалық даму ғасырында адамзат ақпарат таратудың ұялы телефон, теледидар, радио сияқты түрлерін кеңінен пайдалануда, бұлар негізінен дыбысталған, естілген, оқылған, яғни ауызекі (устный) мәтінді хабарлама ретінде таратумен айналысады. Мәтіннің ақпараттық тығыздығын арттыру жєне аз уақыт аралығында көп мағлұмат беріп үлгеру үшін неше түрлі амалдар ойлап табылуда, бірақ мұндай мәтіндерді қабылдау мен түсіну оңай емес, сондықтан осы ақпаратты талдайтын, түсіндіретін жазба мәтіндерді іздеп табу қажет болады. Қазіргі кезде ауызша айтылған сөзді жазба мәтінге айналдыратын компьютерлік бағдарламалар бар, олар арнайы жазу тілін қолданады.
Суретшінің картинасы, балетмейстер қойған спектакль, музыканттар орындаған симфония да адамдар арасындағы қарым-қатынас түрлері ғой, бірақ оларды мәтін деп қабылдаудың қисыны бар ма екен? Осыған байланысты неміс ғалымы А. Бектің (1785-1867) мына бір пікіріне назар аударайық: ,,... Филологқа Платон сияқты пәлсапа соға беру жараспайды, бірақ ол Платонды түсінуге міндетті». Мұның бәрі әр өнер мен ғылым тілін сөйлеу тілі арқылы нормалауға тырысудан туындаған. Жазба мәтін әдеби тілдің қалыптасуына, дамуына әсер еткені белгілі, сондықтан әдеби мәтіннің ұлттық тілдің өмір сүруінің тарихи формасының үлгілі түрі екенін ұмытпау керек. Жазба мәтін - тәртіппен, ретпен орналасқан таңбалар мен белгілер жүйесі, оларды зерттейтін ғылым семиотика деп аталады, оның негізгі мақсаты – әрқилы ақпараттық мәні бар кодтар мен белгілердің қызметін зерттеу. Ол мәтіндегі конвенционалдықты, бағыттылықты, стильдік ұйымдасуды, коммуникативтік астарлы мағыналарды анықтаумен айналысады.
Мәтінтанудағы ғылыми зерттеулер көне үнді және ежелгі қытай филологиялық дәстүрлерінен бастау алады. Олар мәтіндегі жазудың түріне, этимологиясына, дыбысталуына ерекше назар аударады. Аристотель «Поэтика» және «Риторика» атты трактаттарында мәтін арқылы ойды өрнектеуге көмектесетін тілдік құрылымдарды анықтады, ол мәтіннің басы мен соңының арасындағы бөліктерді атап көрсетті, ал оның ізбасарлары бөліктердің санын сегізге дейін жеткізді, енді мәтінді әрқилы тануға бағытталған грамматика, диалектика, риторика атты үш ілімнен құралған тривиум өнімді жұмыс істей бастады, олардың жолын жалғастырушылар қазір де бар.
Қайта өрлеу заманында Э. Роттердамский, Макиавели өздерінің филологиялық трактаттарында әр тілдегі мәтіндер арасындағы байланыстар арқылы аударма мәтіндерді зерттей бастады.
Ағартушылық кезеңде Декарт, Лейбниц, Ньютон жасанды тіл арқылы мәтін құрудың жолдарын іздеуді мақсат тұтты.
К. Лонсло мен Арно деген ғалымдар «Логика» (1662) еңбегінде мәтінді дұрыс құрудың филологиялық нормалары мен оларды тиімді қолданудың амалдарын ұсынды, олар мәтінді ұйымдасқан логикалық бірлік деп таныған. ХYІІІ-ХІХ ғасырлардағы салыстырмалы-тарихи зерттеулер негізінде ХХ ғасырда компаративистика ілімі мәтінаралық байланыстарды ортақ филологиялық заңдылықтарды ашу үшін ерекше тиімді материал деп тапты, контрастілік лингвистика да мәтінді өз тұрғысынан зерттеу үшін негізгі нысан деп санайды. В. Гумбольдт индуктивтік және дедуктивтік грамматика арқылы әр мәтінде сол кезеңнің дүниетанымы, халықтың рухани қасиеті сақталатынын анықтап көрсетті. Г.Штейнталь (1823-1899) мәтіннен ассоциативтік психологияның сілемдерін іздесе, В. Вунд (1832-1920) мәтінде халықтың рухы жоқ екенін айтып, оны тек әлеуметтік, қоғамдық қатынастардың тәжірибелік өнімі деп таныған.
ХІХ ғасырда әдебиеттануда көркем мәтінді арнайы зерттейтін бағыттар пайда болды. Олардың алғашқысы – мифологиялық мектеп өкілдерінен тұрды. Олар мәтіннен мифологиялық таным мен ойлаудың көріністерін іздеді. Мәдени-тарихи бағыттың көрнекті өкілі И. Тэн (1828-1893) өз еңбектерінде мәтіннің мәні «нәсіл, орта және сәтке» байланысты екендігіне баса назар аударды, оның жақтастары бұл тезисті негізге ала отырып, көркем мәтінді қоғамдық сананың көрінісі ретінде қарастырды. Көркем мәтіннің түрлерінің көбеюіне орай оларды салыстыра зерттеуге әдеби компаративистика белсене араласты, ол мәтіндегі ұлттық ерекшеліктердің көрінуін, ортақ заңдылықтардың берілу түрлерін ұзақ жылғы әдеби үдерістің негізінде қарастырды. Әр түрлі мәтіндегі ұқсас компоненттердің болуын бұл мектептің өкілдері тұрмыстық және психологиялық ұқсастықпен түсіндірді. Әр ұлттың көркем мәтіндеріндегі ортақ сарындар мен образдардың «табиғатын ауысып алу теориясымен» негіздеді.
ХХ ғасырдың басында мәтінді зерттеуге психолингвистикалық және әлеуметтік лингвистикалық мектептің өкілдері белсене кірісті, 30-50 жылдары структуралық лингвистика және глоссемантика сияқты ғылыми бағыттар мәтінді сегменттерге бөліп алып, талдауды ұсынды, әр сегменттің басқадан тәуелділігін тану арқылы мәтінді тұтастырып тұратын негіздерді анықтауға күш салды.
Қазіргі кезде тарихи-салыстырмалы әдіс аударматануда да жиі қолданылып жүр, ол көркем түпнұсқа мен аударма мәтіннің араларындағы сәйкестіктің әр түрлі деңгейлерін зерттеумен шұғылдануда.
Әдеби мәтіннің көркем мазмұнының бірегейлігі мен тұтастығының сырын ашу үшін «жаңа сын», «швецариялық интерпретациялық мектеп» сияқты бағыттыњң өкілдері мәтінді көп ретте формальдық тұрғыдан қарастырып жүр. «Жаңа сын» аналитикалық оқу мен формальдық-стилистикалық талдау арқылы мәтіннің жаңа қырларын ашуға әрекеттенуде. 1950 жылдары бұл бағыттардың негізінде әдеби структурализм дами бастады: ол – мәтінді структуралық-семиотикалық белгілердің жүйесі деп таниды. Аталмыш ғылыми ұстанымдар көркем мәтінді зерттеуге біршама үлес қосты, бірақ олар шығармашылық үдеріс пен оқырманның мәтінді қабылдау ерекшелігіне жеткілікті түрде назар аудармады. Бұл олқылықтың орнын толтыруды мәтіннің субьективтік-шығармашылық негіздерін зерттейтін психологиялық мектеп қолға алды, оның өкілдері әдеби туындының мәнін образ бен сөзден іздеді, оқырманның мәтінді қабылдауына баса назар аударды.
М.М. Бахтин көркем мәтін – диалогтық қарым-қатынастың көрінісі деген концепция ұсынып, мәтінтануға жаңа серпін берді, оның ізбасарлары «диалогизмнің» жаңа сипаттарын ашуға талпынып отыр.
Мәтін зерттеуде филологиялық ғылымдарға ортақ әмбебап әдіс ретінде герменевтика танылған. Герменевтикалық талқылау (интерпретация) әдеби мәтінді көркем құндылық деп танудан басталады, оның басты құралы болып қабылдаушы тұлғаның таным деңгейі мен санасы есептеледі. Ќазіргі кезде көркем мәтінді адекваттық талғам қалыптастыратын, өмірге диалектикалық түрде қарауды үйрететін белсенді негіз деп тануға ұмтылыс бар. Талқылау өрісі «құндылық» пен «түсіну» деген екі ұғымның арасында жататын тарихи әмбебап әдіс мәтіннің болмысындағы рухани дәстүрлерді індетіп зерттеуге күш салуда.
Соңғы кездері «мәтінді» «дискурс» ұғымымен алмастыру жиі байқалады. Бұл терминді алғаш ғылыми айналымға енгізген Э. Бенвенист еді. Өзінің «Жалпы лингвистика» атты зерттеуінде ғалым discours жєне recit сөздерін функционалдық тұрғыдан бір-біріне қарсы қойды. Бұл дихотомиялық көзқарас әлі күнге дейін жалғасып келеді. Дискурс психолингвистика мен прагматикада кењ қолданылып, мәтінге қарсы қойылды, өйткені ол өзіне мәтіннің пайда болу элементтері (прагматика) мен қабылдану барысын (психолингвистика) қарастыруды өзіне аударып алған. Ендеше дискурс - мәтінге қарағанда ауқымы кең ұғым. Мәтін - лингвистикалық құбылыс, дискурс – пән арқылы, яғни мәтінді бағыты бар әлеуметтік әрекет деп қабылдайтын, оның пайда болуын, бағалануын, талқылануын қарастыратын ұғым. Дискурсты зерттеуге ерекше ынталы болып отырған генеративтік грамматика, әлеуметтік лингвистика сияқты жаңа ғылыми бағыттар бар. Олар айтушы мен тыңдаушының мінез-құлқын, ұлттық, әлеуметтік болмысын, олардың филологиялық қарым-қатынасқа әсерін зерттейді. Дискурс коммуникация мүшелерінің ойлауы мен сөйлеуін ғана емес, оларға қатысты әлеуметтік, мәдени нормаларды, қоғамдық ортадағы мәтіннің түсінілу деңгейін зерттейді. Демек, мәтін – дискурстық фрагменттің, материалдық бірліктің, зерттеу нысаны болса, дискурс-үдерістік бірлікті талдайды. Ван Дейк «Дискурс жєне коммуникация» (М. 1985) атты еңбегінде дискурстың әлеуметтік контексі барлығына және оның коммуникативтік құбылыс екендігіне ерекше назар аударады.
Мєтін мен дискурстың байланысын, қарым-қатынастарының түрлерін бағалауға әр түрлі көзқарастар негіз болуда. Оның бірі – «бірсәттілік» өлшем, оған сүйенетіндер, дискурс – нақты уақыт аралығында өтеді, оның ақпарат сақтауға мүмкіндігі жоқ, біткен соң жоғалады, ал мәтін өмір сүре беретінін алға тартуда. Кейбір ғалымдар дискурсты санамен байланыстырады, бұл жағдайда мәтін сөздер мен синтагмалардың бірлігі, ал дискурс әр түрлі пікірлердің тек қисынды бірлігі болып шығады. Түйіп айтсақ, мәтін мен дискурс жақын ұғымдар болғанымен, олардың арсында елеулі айырмашылықтар бар, оған қоса оларды зерттеу тәсілдері де бөлек-бөлек. Стилистика, лингвистика мәтінді зерттесе, психолингвистика мен прагматиканың талдау нысаны дискурс. Мәтінде жасырын түрде болса да коммуникацияның көп астарлы элементтері болады, сонымен қатар онда оларды шешетін белгілер мен кілттер де сақталады. Мәтін арқылы бір-бірін дұрыс түсіну үшін және дискурстық байланыс орнықты болу үшін партнерлердің тым болмаса кейбір білім саласындағы дайындықтары сәйкес болғаны дұрыс деген қағиданы ұмытпау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |