Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Көркем мәтінді ғылыми зерттеуге кіріспе



бет4/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Байланысты:
Т.Есембеков.Көркем мәтінді талдау негіздері (1)

2. Көркем мәтінді ғылыми зерттеуге кіріспе

Көркем әдебиеттің теңдесі жоқ рухани байлық және қоғамды дамытудың, адамды тәрбиелеудің аса пәрменді құралы екендігіне ешкім дау айта қоймас. Оның үстіне сөз өнерінің тарихы әлемдік және рухани дамудың үрдістерінің бел-белестерін айқындайтын өте маңызды сала болып отырғаны белгілі. Данте мен Шекспирсіз, Пушкин мен Абайсыз, Әуезов пен Айтматовсыз адамзат мәдениетінің қасиетті сырын ұғу қандай қиын болса, сол кезеңді тану да оңай емес. Осы орайда көзі қарақты, ойы сергек, сезімі сарабдал оқырманды тек көркем туындының мәтіні ғана емес, оған қатысты басқа да көптеген мәселелер қызықтыратыны түсінікті. Шығарма авторының тұлғасы, ол өмір сүрген орта мен кезең, қаламгер туындысының жанрлық ерекшеліктері, өзі тұстас жазушылармен творчестволық байланысы, дәстүршілдік сияқты мәселелер жайында тәжірибелі оқырман өз бетінше ой түйе алады. Бірақ көркем әдебиеттің мән-мағынасын толығырақ түсіну үшін бұлар жеткіліксіз, өйткені кішігірім шығарманың өзін, оның құрылымын, мән-мазмұнын әркім әрқалай бағалауы әбден мүмкін. Сонымен қатар ұсынған ой-пікірді оқырманға толық жеткізу үшін автордың өзі қолданған амал-құралдары да назардан тыс қалмауы керек. Көне тарихты сөз ететін кітаптар мәтіні ғылыми түсініктемені немесе арнаулы білімді қажет ететіні түсінікті, ал қазіргі заманның зәру мәселелерін қамтитын күрделі романдарды тіпті мамандардың өздері түрліше талдайды. Олар туралы кейде қарама-қарсы тұжырымдар да туып жүр, ал, қаламгер ұсынған көркемдік шешім төңірегіндегі дау-дамай, пікір таластың түп-төркінін арнайы сөз еткен жөн, өйткені көркем әдебиет – болмыс туралы обьективті таным мен орнықты мазмұн бере алатын сала.


Қазіргі кезеңдегі көркем әдебиеттің мәтініне деген қызығушылықтың өзіндік себеп-салдары бар, сонымен қатар әдебиеттану ғылымының да бұған ынтасы артып отыр, яғни көркем мәтін арқылы сөз өнерінің өткені мен бүгінгісін, оның болмыспен, нақты өмірмен қарым-қатынасын терең әрі жан-жақты білу қажеттілікке айналуда. Дамыған елдерде әдебиеттану ерте кездерде-ақ өз заңдылықтары бар ғылым деп танылған, сондықтан оның қалыптасып қалған қағидаларына сын көзбен қарап отыру, зерттеудің тың амалдары мен тиімді жолдарын үнемі іздеу өте пәрменді түрде жүргізілуде. Бір атап айтатын мәселе – аталмыш сұрақтарға әр ғылыми мектеп, әр ғалым өзінше жауап беруге тырысатынына ғылыми түсіністікпен қараған абзал. Әдебиеттануды обьективтік білім беретін ілім түрі деген пікірді ќуаттап жүрген ғалымдар аз емес. Сондықтан кей елдерде «әдебиет туралы ғылым» деген термин қолданылса, көп жерлерде әдеби білім беретін арна ретінде «әдеби сын» ұғымы кеңінен пайдаланылуда. Әдебиеттануды ғылымның обьективтік мәні бар арнайы саласы деп қабылдау үшін басты бөгеттің бірі – бір шығарма туралы тұрақты бір пікірдің бола бермеуі, яғни оны талдап-таразылау тек субьективтік дәрежеде жүзеге асады деген түсінік басым болып отыр. Ал философиядағы агностицистік бағытты ұстанатындар әдебиеттануды обьективтік білім беретін жүйе деп қарамайды, олар кейде сөз өнері жайындағы ғылымның методологиялық негіздерін жоққа шығаруға тырысады. Тиянақтап айтқанда, көркем әдебиетті танымның ерекше түрі деп қабылдамау оның ғылыми пән ретінде көркем танымның ерекшелігін айқындайтын мүмкіншіліктерін шектеп отыр.
Көркем мәтін жайында сөз айтудың алдында оның басқа ғылыми зерттеу нысандарынан басты айырмашылықтарын атаған жөн:
1. Әдеби шығарманың бас-аяғы айқын, тұтас сыртқы құрылымымен қатар одан бөлінбейтін ішкі рухани мән-мағынасы бар, осы екі арнаның үйлесімі, сәйкестігі, үндестігі, байланысы көркем мазмұн мен пішінді айқындап тұрады.
Қаламгер белгілі бір өмір құбылыстарын, сәттерді, мінездерді бейнелеп қана қоймайды, оларға талдау жасайды, баға береді, «үкім» шығарады. Күрделі шығармалардағы авторлық баға мен шешімді дөп басып анықтау оңай емес, сондықтан туындының жалпы мағынасы немесе кейбір кейіпкерлерінің қыры мен сыры әрқилы шешімдерге жетелеуі мүмкін. «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың адамгершілік қасиеттерін дұрыс бағаламайтындар аз болар, ал Құнанбай мінезіне бір жақты не оң, не теріс анықтама беру қиынның қиыны, тіпті кейде осындай әр қилы ой түюге автордың өзі итермелейтін сияқты, оның үстіне әдебиеттің қоғамдық мәні мен оның ішкі даму заңдылықтары да соған бағытталған тәрізді.
Әдебиеттің ұлы туындыларының әлемдік рухани-адамгершілік мағынасы бар, әр ұрпақ оларды өзінің эстетикалық-көркемдік қызметіне жарата алады, өйткені әлемдік сөз өнерінің алтын қорына енген шығармалардың көркемдік қуаты мен рецептивтік құдыреті, мағыналық қабаты мол. Әдебиеттің өзіне тән ерекшеліктерін әрі оның адам еңбегінің жемісі екенін және оның адам үшін жазылатынын ескеру арқылы тану мен бағалау – сөз өнері жайындағы ғылымның басты мәселесі.
2. Әдебиеттану да басқа ғылымдар сияқты үздіксіз даму үстінде болады, өйткені оған әлеуметтік-қоғамдық өмірдегі күрделі өзгерістер де әр түрлі әсер етеді. Ғылыми ой мен білімнің қазіргі жетістіктері де мәтінтанушыны тың көзқарастарға жетелейтіні сөзсіз. Әдебиеттану ғылымынығ тағы бір ерекшелігі ретінде мынаны атап өткен жөн, оның зерттеу обьектісі болып есептелетін көркем әдебиеттің өзі де өзгеруге бейім тұрады, үздіксіз қозғалыс, ізденіс пен даму - оған етене тән қасиет. Түйіндеп айтатын болсақ, үнемі өсу, өзгеру үстіндегі көркем әдебиетті зерттеу, талдап-таразылау, уақыт өткен сайын күрделеніп отырған шығармашылықтың табиғатын тану үшін жалпы әдеби процеске тән заңдылықтар мен құбылыстарды анықтау аздық етеді, өткен мен бүгіннің арасындағы рухани байланыстарды құнттап отыру әдебиеттану ғылымынан да жаңа теориялық тұжырымдарды, жүйелі зерттеуді, тың және тиімді әдіс-амалдарды іздеуді қажет етіп отырғаны даусыз.
Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттың сөз өнерінің тарихы мен теориясының күрделі мәселелерін жүйелі зерттеген еңбектер бар. Арнаулы дайындығы жоқ адамдарға олардағы негізгі ғылыми концепциялар мен шешімдерді түсіну оңай емес. Осы орайда әдеби мәтінді талдауға кіріспе ретінде қолданылатын арнайы көмекші оқу құралдары қажет болып отыр. Назарға ұсынылып отырған еңбек осы салада бұрын-соңды жарық көрген оқулықтардың көңілге қонатын әдіс-амалдарын, пікір-тұжырымдарын жинақтап, белгілі бір жүйеге түсіріп, жас әдебиеттанушыларға көркем мәтіннің сан қырлы табиғатын тереңірек танытуға арналған басылым. Оқу құралында мәтінтанудың библиографиятүзу, негіздеме жасау, текстологиялық талдау, ғылыми ақпаратты табу, өңдеу және оны пайдалану сияқты зерттеудің техникасы мен әдістемесіне қатысты басты мәселелер сөз етіледі. Прозалық мәтіндерді оқып-үйрену бойынша жинақталған еңбектерді саралап, көркем мәтінді танып-талдаудың жүйелі түрде кезеңделген, бір ізге түсірілген ғылыми бағдарламасының студенттерге қажеттілігі мен көмегі мол болады деген ой бар. Мазмұн мен пішіннің диалектикалық бірлігіне, салыстырмалы тарихилық, дүниетаным мен шығармашылықтың байланысы, құбылысты кешенді зерттеу сияқты ғылыми қағидаттарға негізделген көркем мәтінді талдау жүйесінде мынадай үш зерттеушілік кезең бөліп көрсетілген: 1) Прозалық туындының шығармашылық тарихын мәтінтану және библиографиялық негіздермен тығыз байланысты қарастыру; 2) әдеби мәтінді имманентті талдау мен бағалау жолдары; 3) көркем шығарманың сыртқы және ішкі байланыстарын тарихи-әдеби, тарихи-функционалдық және типологиялық және басқа да тұрғыларға сүйене отырып бағамдау.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет