2.1 Әдеби мәтінді зерттеудің нысанын анықтау амалдары мен жолдары
Қазіргі кезеңдегі білім дәрежесіне және жоғарғы мектепке қойылып отырған өскелең талап бүгінгі студент қауымының оқудың алғашқы кезеңдерінен-ақ ғылыми зерттеумен түбегейлі айналысуын қалайды. Оның үстіне танымның ерекше түрі болып табылатын көркем әдебиеттің тарихы мен теориясының маңызды мәселелерін арнайы сөз ету, өзіндік ой түюге талпыну талапкерден арнайы білік, жүйелі білім, орнықты дағды, шығармашылық көзқарасты да қажет ететіні сөзсіз, сондықтан ол ғылыми өсу мен жетілудің қалыптасқан жүйесінің сатыларынан өтуі керек. Ізденушінің алғашқы ізденістерінің өзі де кішігірім болса да зәру мәселе туралы дербес ой-пікір айтуға бағытталғаны лазым, сондықтан алғашқы курстық жұмыстардың кейінгі іргелі зерттеулермен байланысты болуы – ғылымдағы жүйеліліктің алғашқы шарты, сондықтан болашақ ғғылыми еңбектің мақсат-мүддесін, бағыт-бағдарын ойлана отырып шамалау, нақты тақырыбын дәйекті белгілеу студент үшін өте маңызды әрі жауапты іс екені түсінікті. Кәнігі мамандар зерттеудің тақырыбына қарап, оның авторының ғылыми өресін, әдеби дайындығының шама-шарқын көбіне-көп дәл танитыны да шындық.
Зерттеу жұмысының нәтижелі болуы үшін алдымен оның тақырыбының ауанын орынды таңдаудың маңызы ерекше. Ғылым мен білімнің қазіргі көкейкесті мәселелерін саралайтын, заманның күрделі тауқыметтерін сөз ететін еңбектің ғылыми құндылығы жоғары болғандықтан, оның авторы ғылыми тұлға ретінде ғылыми айналымға қосылады. Тақырып таңдау барысында ізденушінің ішкі сүраныстарына, ынтасы мен ықыласына да назар аударғанның берері көп, яғни көңілі қалайтын, жанына жақын проблемаларды қаузаған да жақсы ғой.
Студенттің әдебиеттің қай тегі мен түрін, қай автордың қандай шығармасын, сөз өнерінің қай кезеңін зерттеуге ынталы екенін анықтап алуға мұқият қараған дұрыс. Осыдан соң әңгіме жалпы бағыттан нақты тақырыпқа көшеді. Тақырыпты ресми түрде бекітпестен бұрын оның зерттелу деңгейімен алдын-ала танысып алу міндетті. Талапкер жасқа өз ойын ұштай түсу үшін, зерттеу ауқымын нақты айқындау мақсатымен аталмыш тақырып бойынша өзіне дейінгі жарық көрген еңбектерге арқа сүйеуге, жүгінуге, пікір жарыстыруға тура келеді. Бұл жұмыс тәртіптілік пен ғылыми мәдениеттілікке негізделуі керек. Ұнамаған пікір, қате боп көрінген дәйектің авторының жеке басына тиісу, ғайбат сөз айту жараспайды, тіпті заңға да қайшы. Сыни пікірді оның көзқарасы мен еңбегінің нәтижелері мен қорытындылары туралы дәлелді етіп айтқан жарасымды.
Таќырыптың зерттелу тарихының құрамы көп еңбектерден тұруы да мүмкін. Ќажет деректерді тезірек табу үшін оларды жүйелеу керек. Сөз жеке әдеби мәтін жайында болса, пікірлерді топтаудың мынадай тиімді жолдары бар:
а) Шығарманы жалпы тұрғыдан қарастырған зерттеулер;
є) көркем мәтіннің кейбір қырлары арнайы түрде қарастырылған еңбектер;
б) басқа зерттеушінің еңбегіндегі талдау мен бағалау орынсыз немесе дәлелсіз болып көрінген басылымдарды ала отырып жаңа зерттеуді осы мәселе бойынша өз көзқарасын дәлелдеуге арнауға да болады.
Тәжірибе жинаған соң ізденуші әлі күнге дейін арнайы зерттеле қоймаған шығармаларды да таңдап алуға ерікті. Алғашқы зерттеулерде мәселеге тым кең тұрғыдан немесе жалпылай қарағаннан гөрі оның кейбір нақты сырына тереңірек үңілгеннің пайдасы көп. Бірден жалпы деректерді жинақтауға ұмтылғанның бәрі орынды бола бермейді, бірте-бірте оның уақыты да келеді, тек ыждаһат болсын.
Зерттеу тақырыбы таңдалғаннан кейін, ол ресми түрде бекітіледі. Әрі қарай өнімді жұмыс істеу үшін алдын-ала жоспар жасалады.
Әдетте алғашқы зерттеу тақырыбын тәжірибелі жетекшілер ұсынатыны белгілі, олар жұмыстың маңызын, мақсатын, зерттеу әдістерін, қажет болатын дерек пен дәйекті айқындап, оның нақты жоспар белгілейді. Осыдан соң студенттің өзі әрі қарай қалаған тақырыбын зерттеуді жалғастыруға ерікті.. Бастаған іс нәтижелі болуы үшін зерттеу нысанын жауаптылықпен пайымдау қажет, сондықтан болашақ маманның ғылыми тақырыптардың негізделуінен, олардың ерекшелігін көрсететін сыр-сипатынан жақсы хабардар болғаны жөн. Мақсат-мүддесіне байланысты әдеби зерттеудің тақырыбы мен түрлері өте көп, олар негізгі нақты мәселелерді айқындап тұратын ауқымды тақырыптарға байланысты болады, сондықтан әдебиеттануда жиі көрініп жүрген тақырыптар жүйесімен таныс болып, оларды жіктеудің алғышартына назар аударған дұрыс.
Әдеби мазмұн тұрғысынан көркем мәтіндегі алғашқы зерттеуге негіз болатын мәселелерді былайша топтаған тиімді саналып жүр:
1. Жазушы өмірі мен шығармашылық қызметі – (толық творчествалық өмірбаяны немесе оның жеке кезеңдері) / «Мағжан Жұмабаев шығармашылығы», «Ғ. Мүсіреповтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы прозасы», «Абай Құнанбаев өмірінің соңғы кезеңіндегі өлеңдері», «М. Әуезовтің 20-30 жылдардағы шығармалары»/;
2. Жазушыға тән әдеби тек пен жанр / «Ә. Нұрпейісов романдары», «Д. Исабековтың драмалары», «Т. Әлімқұлов повестері»/;
3. Қаламгердің жеке шығармасы, топтамасы, жинағы т.б. / Ғ. Мүсіреповтің «Оянған өлке» романы», Ж. Нєжімеденовтің топтама өлеңдері»,
«Қ. Мырзалиевтің «Домбыра жинағы»/. Олардың идеясы, образдар жүйесі, құрылымы, стилі, поэтикасы жеке-жеке зерттелуі де мүмкін;
4. Әдебиеттің жеке кезеңдері /ХХ ғасырдың басындағы қазақ прозасы», «Жыраулар поэзиясы», «Зар заман сарыны және ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиеті»/.
Бұл топтағы тақырыптар қаламгер тұлғасын танытуға, көркем туындының қыр-сырын ашуға, оның мазмұндық құрылымының негізгі құрамдас бөліктерін айқындауға бағытталған. Жиналған дерек пен дәйекті, жасалған қорытынды мен тұжырымды сарапқа сала отырып, зерттелген мәселенің назардан тыс қалған сәттерін, я болмаса тосын сырын, тереңірек сөз ететін соны қасиеттерін байқауға болады. Әдеби зерттеудің келесі сатысы – жеке мәселелерді бір қырынан жан-жақты әрі терең қарастыру басталады. Бұл топтағы арнайы зерттеу арналары мыналар:
5. Тақырып пен идея, образдар жүйесі, жанрлық бітім, стиль мен әдеби тіл, сюжет пен композиция, уақыт пен кеңістік / «Ботагөз» романының идеясы», «Абайдың «Ғақлиясының» жанрлық бітімі», «Абай жолы» эпопеясындағы мекеншақ түрлері», «Тарихи романдардың құрылымдық ерекшеліктері»,
«И. Байзақовтың ақындық стилі»/;
6. Көркем туындының жазылу тарихын анықтау немесе әр кездегі басылымдарын салыстыру / «Қараш-қараш» повесі және Жетісудағы көтеріліс», «Тар жол, тайғақ кешу» романының жазылу тарихы»/;
7. Жеке шығарманың автор өміріндегі, әдеби процестегі орны / «М.Әуезов және «Көксерек» әңгімесі, «Батыр Баян» поэмасы және М. Жұмабаев романтизмі», «Қарагөз» пьесасы және 20-жылдардағы қазақ драматургиясы»/;
8. Көркем туынды жєне әдеби сын / «Абай жолы» эпопеясының шетелдерде бағалануы», «Қан мен тер» романының зерттелу тарихы»/;
9. Салыстырмалы әдебиеттану және әдеби байланыс / «Пушкин және Абай», «М. Әуезов және Ш. Айтматов», «І. Жансүгіров поэзиясындағы Абай дәстүрі», «Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары»/;
10. Әдеби дамудың заңдылықтары мен құбылыстары /«Қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализмнің тарихы», «қазақ поэзиясындағы романтизм мәселесі», «80-ші жылдардағы прозадағы психологизм»/;
11. Әдеби-теориялық мәселелер / «Поэзиядағы ырғақ пен ұйқас», «Қазақ әңгімелеріндегі сюжет пен фабула», «60-80 жж. прозасындағы дәстүр мен жаңашылдық»/;
12. Көркем мәтіннің аударылуы мен интерпретациясы / «Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының аудармалары», «Ағылшын детективтерінің қазақ тіліне тәржімалану үлгілері»/.
Сан салалы проблемалардан көкірекке қонымды, көңілге жақыны таңдап алынған соң, оны ғылыми тұрғыдан толығырақ ашу үшін қандай негіздерге сүйену керек деген заңды сұрақ туады.
Әр тақырып өзіне сай дерек пен дәйек қажет ететіні белгілі. Мысалы, «Абайдың Семейдегі күндері» және «Абайдың қара сөздерінің поэтикасы» деген тақырыптар сырт көзге ұқсас көрінгенмен басқа-басқа негіздерді қажет етеді. Дегенмен, студент тақырыпқа қатысты материалдардың бірде біреуін назардан тыс қалдырмауы керек, ғылымда оларды негізгі және қосымша ғылыми ақпараттық дереккөздер деп бөліп жүр.
Деректануда ғылыми бастауларды жазылған уақытына, мақсатына, мазмұнына, жазылу мәнеріне және басқа сипаттарына қарай жүйелеу қалыптасқан, алғашқы зерттеулер үшін оларды басты-басты үш топқа біріктіріп қарастырған ұтымды сияқты:
Жас әдебиетші сөз өнерін зерттейді, ол үшін ең басты нәрсе – қаламгердің шығармашылық өнімі, яғни шығармашылық еңбегінің барлық нәтижесі. Осы бірінші топқа мыналар жатады:
- тегі мен түрі сан алуан көркем мәтіндер, олардың жоспарлары, алғашқы нұсқалары, аяқталмаған бөліктері, әр жылғы басылымдары;
- жазушының публицистикалық еңбектері, ол қол қойған үндеулер мен декларациялар;
- өз басылымдарына арнап жазылған авторлық алғысөзі және соңғы сөздері, сыни еңбектері, ой-пікірлерін білдіретін қолтаңбалары;
- өмірбаянына қатысты әдеби құжаттар, мемуарлық жазбалары, күнделіктері;
- суреткер хаттары, басқа эпистолярлық деректер;
- әңгіме, сұхбат, анкетаға жауабы, баяндамалары, т.б.
Атап өтілген бастаулар баспа түрінде де, қолжазба күйінде де кездесуі мүмкін. Әрине, қолжазбаның әдебиетші үшін маңызы ерекше, өйткені оны ғылыми айналымға алғашқы болып қосудың мүмкіндігі бар. Автордың қолжазбалары жөніндегі мәліметті мемлекеттік архивтерден, жеке қордан алуға болады, қолжазба мұраның біразы жеке адамдарда, шет елдерде сақталуы мүмкін. Қаламгердің жарық көрмеген мұралары «Арыс», «Мәдени мұра» сияқты арнаулы басылымдар арқылы көпшілікке танытылуда, республикалық мерзімді баспасөз беттерінде / «Жалын», «Жұлдыз», «Ана тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті»/ арнаулы айдармен көптеген қолжазбалар жарық көруде. Белгілі жазушылардың музей-үйлерінде арнаулы қолжазба қоры бар, оның үстіне «Қолжазбалардың ғылыми сипаттамасы» атты мерзімдік басылымға да назар аудару керек.
Ал көркем мәтіндермен жұмыс істеу үшін студенттер жазушы шығармаларының ғылыми түсініктемемен шыққан немесе толық шығармалар жинағындағы нұсқаларын басшылыққа алғаны орынды.
Екінші топта жазушының шығармашылығ еңбегінің құрамына кірмейтін, бірақ оның өмірімен, творчествосымен тығыз байланысты мынадай дереккөздер жүйесі бар:
- құжаттар /тууы туралы куәлік, диплом, еңбек кітапшасы, келісім-шарттар, жеке іс қағаздары, гонорарлық төлемдер т.б./ автордың творчестволық биографиясын нақты оқып зерттеуге көмектеседі / Мысалы, гонорарлық төлемдер арқылы Б.Майлиннің кейбір псевдонимдері анықталған/.
- суреткердің мемлекеттік музейлерде сақталып қалған жеке заттары
- кітапханасы, оның құрамы, жүйеленуі, ерекше мұқияттап оқыған басылымдары
- келген хат-хабарлар, яғни япистолярлық маңызы бар мұралар
- замандастарының жазушы туралы мерзімдік баспасөздегі пікірлері, мерейтойда сөйленген сөздер, шығармашылық кездесулер туралы ақпараттар
- жазушы туралы естеліктер мен жазбалар, суреттер, қосымша деректер
үшінші топқа арнайы ғылыми зерттеулер топтастырылған:
- оқулықтар, көмекші оқу құралдары;
жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған монографиялар;
-ғылыми және сыни мақалалар;
- рецензиялар, пікірлер;
- библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар, сөздіктер.
ХХ ғасырдың екінші жартысында «Жазушы және өмір», «Қаламгер» атты жылнамалық тұрғыдағы басылымдар шығып, оларда әдеби процестің маңызды мәселелері және жеке шығарманың қыр-сыры сөз етілген еді. Оған қоса «Абай тағылымы», «М. Әуезов тағылымы» деген сериямен шығарылған мақалалар жинақтары қаламгерлер мұрасын жан-жақты бағалауға бағытталған. Аталған сериямен жарық көрген кітаптарды мұқият оқып танысу көп көмек көрсетеді.
Әдеби зерттеуге негіз болатын деректік арналар мен басылымдар жүйеленген соң, енді олармен зерттеушілік жұмыс істеудің ерекшеліктерімен толығырақ танысып алу қажет.
Жазушының әр түрлі жиындарда сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, сұхбаттарымен мұқият танысудың жөні бөлек.
Көркем әдебиеттің идеялық-эстетикалық мән-мазмұнына, авторлық шешімнің сипатына орынды баға беруде аталған бастаулардың тигізер септігі аз емес, әрі оларды тиімді пайдаланудың ерекшеліктері бар екендігін ескерген жөн. Қаламгер шығармашылық жолының әр тұсында өзінің творчестволық мақсаты, алдағы ізденістерінің арналары туралы ашық хабарламалар жасап отыруы қазіргі кезде жиі кездесіп жүр. Автордың қоғамдық орта, әдеби процесс, әріптестері жайлы толғаныстары мен түрлі жиын, кездесу, конференция, мереке кезіндегі айтылған ой-пікірлерінің өз шығармаларына қарым-қатынасын, олардың көркемдік шешімге әсерін анықтау – аса қызғылықты мәселе. Мысалы, М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының басты идеясын анықтау үшін суреткердің осы шығарманы жазу барысындағы әр кездегі ойларына, оқырмандармен кездесудегі сұрақтарға берген жауаптарына назар сала қараудың көмегі көп. Эпопея туралы өрбіген әр түрлі пікірлер мен сындарға жауап беру үшін М. Әуезов өзінің шығарманы жазуға қалай дайындалғаны, қайтып кіріскені туралы бірнеше мақала жазуы кейінгі сұбхаттарында көп мәселені нақтылады. Жазушының 20 томдық шығармалар жинағының бірнеше кітабы оның әр түрлі жиындардағы сөздері мен жасаған баяндамаларын қамтиды. Өмірінің соңғы кездеріндегі әдеби шығармашылық туралы көзқарастарын айқындайтын негіз ретінде қаламгердің 1960 жылы ҚазМУ-дің студенттерімен кездесуде сөйлеген сөзі алынып жүр.
Ғылыми ізденіске жаңа сапа, соны серпін беретін бастау ретінде ақын, жазушының әріптестерімен жүргізген келелі әңгіме-сұхбатын, журналистермен пікір алмасуын да атауға болады. «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде «Пікірталас», «Жазушы мінбері» айдарымен көптеген қызғылықты материалдар басылған, оларда қазіргі күрделі даму кезеңінде тұрған ұлттық әдебиетіміздің бет-бейнесі, жеке жазушылардың болмыс-бітімі жайлы ғылымға қажетті құнды пікірлер, деректер бар. ХХ ғасырдың екінші жартысында «Жұлдыз», «Жалын» журналдары сөз өнерінің тарихы мен теориясының белгілі бір маңызды мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастыруды дағдыға айналдырған еді, бұл негіз де көзі қарақты зерттеушіге пайдалы.
Әдеби баспасөзде жеке тұлға, бір шығарма туралы ақпараттық мәні мен деректік құндылығы бар сұрақ-жауап үлгісіндегі сауалнама немесе анкета толтыру сияқты ұтымды әдістер кең тарап келеді, талапкер жастың бұл ақпарды мұны да білгені абзал.
Замандас жазушы шығармашылығын қарастырып жүрген студенттің автордың өзімен кездескенінің тағылымы мол, бұл мүмкін болмаған жағдайда автормен хат арқылы байланысуға ұмтылу керек.
Әдебиетшінің жазушы хаттарымен міндетті түрде мұқият танысуының зерттеуге себі тиеді, өйткені сыры терең творчестволық еңбектің кілті кейде автордың көңілі жақын жолдас-жораларына жазғандарында жататындығына мысал жетерлік. Махамбеттің, Шоқанның, Абайдың кейін табылған хат хабарларының ұлттық әдебиет тарихында мәні үлкен құбылысқа айналғаны белгілі. Олар - өмір тарихтың бір үзік сыры ғана емес, сонымен қатар шығармашыл тұлғаның бітім-болмысын, сөз саптасын, өресін көрсететін, өнері мен өмірі арасындағы күрделі қарым-қатынастан хабар беретін, ойға ой қосатын дәйек пен айғақ. М. Әуезов «Абай жолы» эпопеясын орыс тіліне аударған тәржімашылармен көп хат жазысқан, роман авторы жекелеген эпизодтарды, тұтас оқиғаларды, кейіпкерлер табиғатын түсіндіре отырып, өз көзқарасын баяндаған тұстары әдебиет зерттеушілерге де, аударматанушыларға да пайдалы. Жазушының өз қолымен жазған хаттары өте беделді деректер қатарына жатады. Бірнеше томнан тұратын С. Мұқанов хаттарында жазушы шығармаларының ойтүрткісінен (замысел) оның мәтінінің басылып шығуына дейінгі тарихы, автор идеясының пісіп жетілуі, баспасөз бетіндегі пікір жарыстырулардың түсіндірмесі, өңдеулер, комментарийлер сияқты құнды материалдар бар.
Хаттарда жазушының қоғамдық, әлеуметтік еңбегі мен қызметінен толымды хабар берілетін жағдайлар жиі кездеседі. Хат-хабарларда қаламгердің эстетикалық көзқарасының қырлары кеңірек ашылатын сәттер де болып отырады. Ғ. Мүсірепов хаттарын осындай тұрғыдан зерттеген адам жаңа мәліметтерге кездеседі. Эпистолярлық мәтіндер - әдеби байланыстардың бағытын, сипатын айқындайтын құнды мұралар. М. Әуезов пен Ш. Айтматовтың бір-біріне жазған хаттары осыған куә. М. Жұмабаев. Б. Майлин,
С. Сейфуллиндердің хаттарында олардың шығармашылығынан көп мәлімет беретін бағалы ақпараттар болғаны оларды қамауға алған кездегі құжаттардан белгілі, бірақ бұл деректердің әлі күнге дейін табылмай отырғаны өкінішті.
Қысқасы, тақырыпқа қатысты эпистолярлық нұсқаларды ерекше есепке алып, оларға мұқият ден қойғанның зерттеудің ғылыми құныдылығын арттыруға себі көп.
Қаламгер күнделіктері, қойын дәптері мен жол жазбаларының зерттеуші үшін маңыздылыңғы хаттардан кем емес. Олар жазушы өмірінің бел-белестерін қызықты деректермен құндылай түседі, әрі оның әдеби-қоғамдық көзқарастарынан да құнды сыр шертеді. Күнделіктегі жазбалар өмірде болған оқиғаларға ілесе жазылғандықтан, оларда уақыт ауыстыру, оқиға тізбегін бұзу көп кездеспейді. Күнделік сипаты екі түрлі болады. Біреуі тек автордың қолданылуына арналғандықтан онда көп мәселелер ашық айтылады, қысқартулар, образды айшықтар, құпия белгілер, көп нүктелер тек жазған адамға ғана белгілі болып келеді. Екіншісі – көпшілікке арналған күнделік төріндегі көркем не публицистикалық шығармалар /»Офицер күнделігі», «Тергеуші жазбалары»/.
Күнделіктердің басқа мемуарлық мәтіндерге қарағанда субьективтілігі басым болғанымен, нақтылық пен дәлдік жағынан олардан бірқатар артықшылығы да бар, ондағы жазулар көбінесе белгілі бір уақиғаға байланысты болады. Күнделіктердегі өмір ағымы туралы нақты бақылаулар, шығармашылық тұспалдар мен эскиздік пікірлер, характерлер жайындағы топшылаулардың жазушы ойынан хабар беретін негіздер екенін есте ұстау керек. І. Есенберлин күнделіктерінде «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» шығармаларына қатысты мәліметтер көп, ал Ғ. Мүсірепов күнделігінде әдеби өмірді, көркем үдерісті эстетикалық бағалау басым. М. Мақатаев күнделігінде ақын сезімі, психологиялық хал-ахуалы жайындағы ақпараттар молдау, бұрқанған ақын ойларынан туындаған астарлылық, ишара, меңзеу көбірек, күнделіктегі ақынның С. Мұқанов жерленген күні жазғанынан оның поэзиялық мақсат-мұраты туралы көп жаңа түйіндер жасауға болады. Гете, Шиллер өмір бойы, ал Л. Толстой 1847 жылдан 1910 жылѓа дейін үздіксіз күнделік жазған, осы жазбалардың көбі ғылыми айналымға дерек, мәлімет ретінде енген. Қазақ жазушыларының күнделікті жазбалары бөлек басылып шыға бастағаны қуантады. Қазақ әдебиетінде соңғы жылдары ақын-жазушылардың күнделіктерінен өзінді жариялап отыру дәстүрге айналып келеді. Бұл басылымдар бір жағынан, автордың творчестволық ізденістерінің тарихын нақтыласа, екінші жағынан құнды деректер берсе, үшіншіден, суреткердің ішкі шығармашылық лабораториясының кейбір сәттерін ашып көрсетеді.
Сапарнамалық жазбалар мен қойын дәптер де зерттеушіге тың деректер, соны сырлар ұсынатын құжаттар. Ш. Уәлихановтың Жоңғар еліне барып қайтқан сапарында жазылған еңбектерінде саяхатшының бейтаныс халықтың мәдениеті мен әдебиетіне берген бағасы – Шоқанның білігін, көзқарасы мен ойшылдығының дәрежесін белгілеуге көп көмектесетін аса маңызды ғылыми дерек.
М. Әуезовтың Индия сапары мен Ғ. Мүсіреповтің жапон жазбалары – жазушылар шығармашылығының тағы бір жаңа қырын айқындаған, олардың әлемдік әдебиет асқарларымен иық таластырар суреткерлігін дәйекті түрде дәлелдеген деректер.
Жазушының қойын дәптерінде болашақ шығармалардың жоспары, жекелеген кейіпкерлердің портреті, белгілі авторлар мен шығармалар жайлы толғаныстар жиі кездеседі. Негізі француздың memoires (жады, ес) сөзінен шыққан мемуарлардың да әдеби зерттеуге пайдасы бар. Мемуар авторлары қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, өнер адамдары, саяхатшылар болуы мүмкін. Бұл мәтіндерде әңгіме көбінесе өмірдің бір кезеңіне, оқиғасына байланысты өрбиді. Мемуарлық мекеншақ (хронотоп) шектеулі болады, өйткені автор негізінен өзі көрген, естіген, куә болған жайлары туралы жазады. С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» құжаттар, авторлық тұжырымдардың сол кездегі әдеби үдерісті бағалауға көмегі мол. С. Мұқановтың «Өмір мектебі», Д. Қонаевтың мемуарлық кітаптарындағы ХХ ғасыр әдебиет пен өнері жайлы сирек ақпараттарға назар салған орынды.
Мемуарлардың түрі көп, бірақ оларда нақтылық, қиял мен шарттылық әр сипатта болады, өз атынан жазылған мемуарда дәлдік пен анықтық басым болса, әдеби кейіпкердің, ойдан шығарылған тұлғалардың атынан жазылған мемуарлық еңбектерде шарттылыққа көбірек орын беріледі. Стендаль «Анри Брюлардың өмірі» атты мемуарында өз өмірін Брюлар атты адамның атынан суреттейді, өз достары мен кейбір жақын адамдарының аттарын ғана өзгерткен. Жазушының биографтары мемуардағы псевдониммен берілген кейіпкерлердің шын аты-жөнін анықтады. Қазіргі қазақ жазушыларының мемуарлық еңбектерінің өзі әдеби құбылысқа айналуда. Ә. Нұршайықовтың «Аңыз бен ақиқат», З. Қабдоловтың «Менің Әуезовім», Ќ. Мырзалиевтің «Иірім», М. Мағауиннің «Мен» атты кітаптары осыған дәлел. Зерттеуші үшін бұл басылымдарда да дерек мол.
ІӘдебиетшіге өнер адамдарының мемуарлары аса қызғылықты деректер ұсынатыны сөзсіз. Мысалы, Н.Г. Чернышевскийдің мемуарлары мен оныњ замандастарыныњ мемуарларын салыстыра зерттеу тек жазушының ғана емес, сол кезеңнің ерекшеліктерін де бақылауға көмектескені белгілі жәйт. Мемуарда тек маңызды оқиғалар, фактілер ғана айтылып қоймай, автордың соларға қатысты көзқарасы, берген бағасы міндетті түрде хабарланып отырады. Бір ескеретін мәселе – мемуарда субьективтік сипат басым болады, кей сәттерде автордың жеке тұжырымдары үстірттеу, ал деректері қисынсыздау болуы да ықтимал. Осы себепті студент мемуардағы деректерді басқа басылымдармен салыстыра дәйектеп отыруы керек. Әйтпесе мынадай кереғарлықтар орын алуы мүмкін: өз әйелі Н. Гончароваға берген Пушкиннің мінездемесі мен оның жақын туыстарының, аралас-құралас адамдарының көбінің ол әйел жайлы пікірлері үйлеспейді, сөйтіп, ұлы ақынның өмірі мен өлімін сан-саққа жүгіртуге жорамалдар көбейген. Бір қарағанда тосын болып көрінетін ой-пікірлерге аса мұқият қарау, басқа да қосымша деректерге сүйене білу жас талапкерге зәру дүние екенін естен шығармаған абзал.
Атақты өнер адамдарының кітапханасындағы кітаптар, басқа да ақпараттық мәні бар басылымдардың толық тізбесін бөлек басып шығару үрдісі әлемдік тәжірибеде көп, яғни бұл осындағы деректердің ғылыми мәні бар деген сөз. А. Құнанбаевтың кітапханасы әлі күнге дейін табылмай отыр. Бірақ біз оның құрамында Физули, Шамси, Навои, Фердоуси кітаптарының болғандығын ақын өлеңдерінен, ал Платон, Аристотель еңбектері болғандығын «Ғақлиясынан» білеміз. А. С. Пушкин «Қалашық» деген өлеңінде өзі сүйіп оқитын авторларын, қызықты басылымдарын тізбектеп айтқан, солар арқылы жас ақынның ізденіс арнасын, мақсат-мүддесін аңғаруға болады. Қаламгер кітапханасы - өз иесінің білім-білігінен, ой-өрісінен, тыныс-тіршілігінен, қам-қарекетінен толымды хабар беретін ақпарат айнасы. Ондағы кітаптардың жүйеленуі, қолданылу жиілігі, олардағы әр түрлі жазба түсініктер, белгілер, автографтар, арнаулар, аудармалар жазушының эстетикалық-көркемдік талғамын кеңірек көрсетуге таптырмас көмекші болып жүр. Студенттің өзіне қажет автордың кітапханасымен көзбе-көз танысуына мүмкіндік бола бермес, сондықтан оның жарық көрген кітапханалар каталогы арқылы қаламгердің басқа әріптесінің шығармашылығымен таныстығын, талғамды тақырыптары мен ізденіс бағытын айқындауына әбден болады.
Әдеби зерттеуге аса қажет негізгі бастауларды ғылыми тақырыптарға сәйкес қалай ұтымды пайдаланудың оңтайлы жолдары бар.
Кейбір тақырыптар белгілі бір арнаулы негіздерді қажет етеді: шартты түрде «биографиялық» деп аталатын, яғни жазушы өмірінің жылнамасына байланысты тақырыпты игеру үшін құжаттар, хаттар, жазбалар, мемуарлар қажет, өйткені тек бұлтартпас айғақ пен беделді куәлер арқылы ғана қаламгердің ғылыми негіздегі жүйелі өмірбаянын жасауға болады. Ал «шығарманың жазылу тарихы» типтес тақырыптар мына негіздерге сүйенеді: автордың күнделіктері, қойын дәптері, туындының алғашқы нұсқалары, өңделген, толықтырылған варианттары, прототиптер жүйесі, жазылу уақыты, сол кезеңдегі қоғамдық орта мен нақты жағдай туралы деректер. «Жазушы және өмір», «жазушы және шығарма» тұрғысындағы зерттеулер үшін әуелгі қажет бастаулар – библиографиялық көрсеткіштер, мерзімді баспасөз бетіндегі мақалалар, рецензиялар, шолулар, жылдық қорытындылар, т.б.
Теориялық сипаты бар /көркем шығармадағы образ бен характер», «Көркемдік шындық пен шешім»/ тақырыптар көркем мәтіндерді терең талдауға бағытталғандықтан, бұл орайда әдебиеттің тарихы мен теориясына қатысты көптеген еңбектерді, әдеби энциклопедияны, әдебиеттану сөздіктерін мұқият оқып, елеп-екшеудің қажеттілігі туады.
Әдеби дамудың кезеңдерін, басты бағыттары мен ағымдарын, әдеби байланыстарды қарастыратын ғылыми жұмыстар замана тарихын, әдебиет және өнер үдерісін, әдеби компоративистиканың теориялық ұстанымдарын жете білуді міндеттейді.
Тањдап алынған ғылыми тақырыпты толық игеру негізгі бастаулардың деректік жєне дәйектік тұрғыдағы құндылығына тікелей байланысты, тіпті тәуелді десек де болады, сондықтан зерттеуші ғылыми библиография құрамына дерек көздерді қолдан келгенше көбірек қамтуы тиіс. А. Құнанбаевтың өлең өрімдерін жүйелеп зерттеу көркем мәтінмен ғана шектелмеуі керек, ақын өмір сүрген ортадағы әдеби дәстүр мен сабақтастық, жалғастық, ақынның ішкі сезімі, сыртқы дүниеге қатысы, шығармашылық мақсаты мен нәтижесі сияқты мәселелер де ғылыми ойтүрткі бола алатынын білген жөн. Демек осы мәселелерге қатысты ақпарат та назарда болғаны дұрыс.
Қорыта келгенде, студент ғылыми зерттеудің бастаулары туралы мына мәселелерді білуі міндетті:
- ғылыми дереккөздердің басты түрлері, оларды жүйелеу жолдары;
- жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы мазмұнды деректер ұсынатын басылымдар тобымен жұмыс істеу ерекшеліктері;
- қаламгердің творчестволық еңбегінің өнімін анықтайтын негіздер;
- автордың кітапханасымен зерттеу жұмысын жүргізудің әдісі мен мәдениеті;
- мемуарлар, сын-зерттеу еңбектерінің деректанудағы орны мен қызметі;
- «жазушы жєне өмір», «қаламгер тағылымы» серияларының құрылу мақсаттары, олармен тиімді жұмыс істеу амалдары;
- интернет-сайттардан материал жинау, оларды сұрыптау жолдары.
Достарыңызбен бөлісу: |