Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Библиографиялық эвристика және библиография түзу ережелері



бет6/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Байланысты:
Т.Есембеков.Көркем мәтінді талдау негіздері (1)

2.2 Библиографиялық эвристика және библиография түзу ережелері

Ғылыми ізденістің барлығы (баяндама, курстық жұмыс, диссертация т.б.) әуелі тақырыптық зерттелу тарихынан мағлұмат беретін еңбектерді тауып, жүйелеп елеп-екшеуден басталады. Осы бағыттағы ғасырлар бойы жинақталған ой-пікірлермен жақсы таныс болу – нәтижелі зерттеудің алғышарты. Демек, болашақ филолог үшін өзіндік ғылыми жұмыстарына қажет деректер мен мәліметтерді тез әрі неғұрлым толық жинап ала білуі маңызды екен. Ендеше адамзаттың сан-салалы ілім салаларында қордаланған кітаптар мен басқа барлық басылымдарды реттеумен, жүйелеумен тұрақты айналысатын, олар жөнінде қажет мәлімет беретін арнайы ғылым саласы – библиографиямен таныс болудың қажеттілігі туындайды. Әдебиеттанушы, мәтінтанушы, аударматанушы үшін библиографияның маңызы өте зор, себебі олар үшін зерттеу нысаны болып табылатын көркем мәтінді дұрыс таңдау көбінесе библиографиялық көмекші құралдарға байланысты. Олардың ішінде алдымен көзге түсетіні – библиографиялық анықтамалықтар мен көрсеткіштер.


Библиографиялық көрсеткіштердің құрылымын, құрамын, материалдың орналасу ретін, басқа негіздермен байланысын білу маңызды, олар жалпы, салалық және арнайы болып бөлінеді, филологтарға көбінесе салалық анықтамалықтармен жұмыс істеуге тура келеді.
Библиографиялық басылымдар мазмұнына, қызметіне, хронологиялық құрылымына қарай ерекшеленетінін білетін студент дереккөздерді оңтайлы пайдалана алады.
Қазақстандағы хронологиялық жаңалықтардан хабар беретін, осы саладағы еңбектерді жарнамалайтын мынадай ағымдық библиография бар:
1. Ай сайын шығып тұратын «Кітап жаршысы», «Друг читателя» атты республикалық анықтама-сараптамалық басылым әр түрлі баспаларда жарық көрген кітаптармен жедел таныстырып отырады, әр филолог бұл үнқағазбен уақытында танысып, өз библиографиялық тізіміне қажет еңбектерді қосып отыруды кәсіби әдетке айналдыруы қажет.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы «Баспасөз шежіресі», «Журнал маќалаларыныњ шежіресі», «Газет мақалаларының шежіресі» деген атаумен мақалалар көрсеткішін ай сайын шығарып, республика кітапханаларына таратып отырады.
3. Республиканың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған рецензиялардың жиынтығы «Рецензиялар көрсеткіші» деген атаумен жылына бір рет шығарылады.
4. Жылына төрт рет шығарылып тұратын «Казахстаника» көрсеткішінде алыс шет елдер мен ТМД мемлекеттерінде еліміз туралы жарияланған материалдар топтамасы үздіксіз беріліп тұрады.
5. «Қазақстан кітаптарының жылнамасы» көрсеткіші де ақпараттық негізде әр жыл сайын шығарылады, ол әр кітапханада болады.
6. «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны» және т.б. ақпарат көздерінде «Жаңа кітап», «Жаңа басылым», «Жәдігер» айдарымен беріліп тұратын жаңа кітаптар топтамасымен таныстырып отыру дағдыға айналғаны құптарлық.
Перспективалық библиография басылымға әзірленіп жатқан кітаптарды қамтиды, олар туралы газет, журнал беттерінде хабарлама жасалып тұрады, библиографияның бұл түріне баспа орындарының алдағы жылға арналған тақырыптық жоспарының көрсеткіші де жатқызылып жүр. Қазіргі кезде әр баспаның электрондық сайтынан қажет ақпаратты тауып алу қиын емес. Ірі кітапханалар жаңа түскен кітаптарды қамтитын көрсеткіш шығарып тұрады.
Ғылыми зерттеу үшін бұл библиографиялар аздық қылады, мұндай жағдайда қарастырылатын мәселенің зерттелу тарихынан хабар беретін ретроспективтік (ретроспекция - өткенге көзқарас) библиография көмекке келеді. Бұл анықтамалық көрсеткіштер жалпы филологиялық салаларға, олардың жеке кезеңдерінің бір мәселесіне арналуы мүмкін.
«Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (Алматы, 1969), «Қазақ әдебиеті. Әдебиеттану. Сын және өнердің библиографиялық көрсеткіші. 3-т. 1956-1960» (Алматы, 1997), «Көркем аударманың теориясы мен тарихының библиографиялық көрсеткіші» (Алматы, 2007) сияқты басылымдарда осы уақыт аралығындағы зерттеулер жүйеленген.
Жеке ақын-жазушылардың библиографиялық көрсеткіштері де көптен бері шығарылып келеді. Әл-Фарабиден бастап ХХ ғасырдағы көптеген әдебиет өкілдерінің жеке библиографиялық көрсеткіштері бар, оларда авторлардың бұрын-соңды жарық көрген шығармалары, олар туралы зерттеулер жүйеленіп берілген. Солардың бірі - «Қожа Ахмет Яссауи» (Алматы: Арыс, 2008).
Соңғы кездері «Қазақстан ғалымдары» сериясымен жарық көріп жүрген филолог-ғалымдардың биобиблиографиялық көрсеткіштерінің талапкер жасқа көмегі көп. Хронологиялық тұрғыдан жүйеленген зерттеу еңбектерінің тақырыптарының өзінен-ақ көп нәрсені анықтауға болады. Бұл қатарда
З. Ахметов, Н. Ғабдуллин, З. Қабдолов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, Р. Нұрғали, Ж. Дәдебаев т.б, арналған био библиографиялық анықтама басылымдар назар аударарлық.
Өлкелік библиография қатарынан «Жетісу ақындары», «Сыр бойы ақын-жазушылары», «Сырдария кітапханасы» сияқты көрсеткіштерді атауға болады.
Кітапханаларда баспа өнімдерінің әр жылдағы тізімі міндетті түрде сақтаулы тұрады. 1960 жылдардан бергі шығарылған кітаптар жөніндегі деректерді солардан алуға болады. Араб алфавитімен, латын алфавитімен шыққан кітаптар тізімі де қазіргі әліпбиге сәйкес бөлек шығарылған.
Белгілі бір мәселеге арналған тақырыптық анықтамаларды жеке библиографияға жатқызып жүр, олар көбінесе тақырып бойынша шолуға ұласып кетеді: «Қазақ әдеби байланыстары. 1917-1968. Библиографиялық көрсеткіш. - Алма – Ата. 1968.
Жалпы және жеке библиографиялар сипаты мен қызметі жағынан әр түрлі болады, осыған байланысты оларды есепке тіркеу және аннотациясы бар деп бөліп жүр.
Алғашқысы кітаптар мен мақалалардың алфавиттік тізімінде олардың аталуын ғана көрсетсе, екінші түрі әр басылымға аннотация немесе қысқаша түсініктеме беріп отырады.
Библиографиялық көрсеткіштер толық және ұсынымдық болып екіге бөлінеді, біріншісі тақырыпқа қатысы бар басылымдарды түгел қамтығандықтан, негізінен ғылыми зерттеушіге арналады, ал жалпы оқырман қауымға арналған соңғысында, тек басты-басты еңбектер ғана көрсетіледі. М. Әуезов шығармашылығына байланысты толық библиографиялық көрсеткіш бар, ал әуезовтану пәніне қатысты ұсынымдық көрсеткіштің де пайдасы мол.
Библиографиялық көмекші құралдардың ішінде құрылымымен, мазмұнымен ерекшеленетіндері – семинарийлер мен практикумдар. Қазіргі кезде олардың жеке жазушының өмірі мен шығармашылығын қарастыратын монографиялық және проблемалық-тақырыптық жүйеде құрылған түрлері бар. Аталмыш көрсеткіштер құрылымы әдетте ұқсас болып келеді. Кіріспе мақалада мәселенің қысқаша зерттелу тарихы беріліп, тақырыптарды игерудің методикалық негіздері белгіленеді, әрі қарай тақырыптар тобы жєне соларға сәйкес ғылыми әдебиеттер тізімі ұсынылады. Семинарий мен практикумда кітаптар мен мақалаларға шолу жасалып, негізгі тұжырымдар түсіндіріледі, ал зерттеушіге мұның көмегі аз емес.
Ғылыми ізденіске көп жеңілдік келтіретін көрсеткіштердің бірі – монографиялар мен диссертацияларда болатын белгілі тақырыпқа байланысты қолданылған негізгі әдебиеттер тізімі, әрі бұл еңбектерде оларды жүйелеудің арнайы әдістері көрсетіледі, қарастырылған мәселег қатысты тұстары ерекшеленіп, ғылыми талдау жасалады, баға беріледі.
Жоғарыда аталып өткен библиографиялық көрсеткіштер бірінші дәрежелі библиография болып саналады, яғни таңдап алған тақырыпқа тікелей қатысы бар ғылыми басылымдарды қамтитын құралдар бірінші топтағы дереккөздерге жатады. Студент бұл топтың құрамын, әр көрсеткіштің ерекшелігін жете білуі керек.
Бұл орайда әдеби библиография саласындағы айтулы маман Н. Берковтың «библиографияны шебер пайдаланатын әдебиетші дегеніміз - олардың аттарын ғана жатқа білетін адам емес, өзіне керек деректерді қай жерден табатынын жетік білетін маман», - деген пікірінің жаны бар.
Келесі топқа жататын қысқаша «библиографиялардың библиографиясы» деп аталатын құралдарда бұрын-соңды жарық көрген библиографиялық көрсеткіштер мен анықтамалар тізімі беріледі, олар кітапхананың арнайы бөлімінде сақталады.
Библиографиялық негіздердің үшінші тобын құрайтын басылымдар мыналар: әмбебап және салалық энциклопедиялар, әр түрлі сөздіктер. бұларда берілетін қысқа әрі нұсқа деректер мен мәліметтер зерттеуші назарын арнаулы әдебиеттерге қарай бағыштайды. Тәжірибелі ғалымдар библиография түзуге кірісуді энциклопедиядан бастауды ұсынады, өйткені бастапқы ақпарат табудың ең оңай әрі тиімді жолы осы екенін мамандар да мойындап отыр.
Әмбебап энциклопедиялар сан-салалы ілім жөніндегі деректерден тұрғандықтан, филолог өз мәселесіне қатысты сұрақтардың біразына жауапты осы негізден таба алады. Олардың қатарына Қазақстан энциклопедиясы, кіші энциклопедиялар жатады.
Салалық энциклопедиялар арасынан әдеби зерттеушіге бірінші кезектегі қажеттері «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан жазушылары», «Қысқаша әдеби энциклопедия», «Әдеби терминдер сөздігі» т.б. Сонымен қатар өнердің басқа түрлеріне арналған басылымдарды да білу шарт. Студент әдебиетке, мәтінтануға қатысты энциклопедия мен сөздіктерді өз кітапханасына жинауға тырысуы керек, бұл кейін уақыт үнемдейді және керек ақпарды тез тауып алуға көмектеседі.
Библиографиялық көрсеткіштердің төртінші тобын грек тілінен аударғанда «тізім» деген ұғымды білдіретін кітапхана каталогтары құрайды, олар қатаң жүйеге бағынады, оның негізі болып кітаптың паспорты – каталогтық карточка есептеледі.
Каталогтың екі түрі белгілі: алфавиттік жєне жүйелі. Алфавиттік каталогта кітаптардың мазмұны ескерілмей, мәлімет тек авторларының аты-жөнін есепке алып әліпби бойынша түзіледі. Қажет басылымның авторын тап басып білген жағдайда оның еңбегін табу үшін аталмыш каталогпен жұмыс істеудің тиімділігі түсінікті. Белгілі тақырыпқа байланысты әдеби зерттеулерді жүйелі каталогтан іздеу керек, онда арнаулы сала бойынша жарық көрген еңбектер мазмұнына қарай топталады. Біздің кітапханаларда он бөлім бар, әдебиеттану мәселелеріне сегізінші бөлім арналған, бұған қоса «персоналия», «өлкелік» сияқты жүйелі каталогты қарау керек.
Есте ұстайтын бір мәселе – кітапхана каталогтарында тек қорда бар басылымдар ғана тізіледі, сондықтан ғылыми ізденіс үстінде библиографиялық көрсеткіштердің төрт тобы да қолданылғаны нәтижелі болады.
Кітапхана каталогтары қажет кітаптардың қай бөлімде екенін көрсетеді, оларды абонементтен немесе оқу залынан тез табуға жәрдемдеседі, ал аталмыш қорда жоқ басылымдарды библиотекааралық абонементтің көмегімен қалай алу жөнінде анықтама береді. Қазіргі кезде библиография түзуді жеделдететін компьютерлік бағдарламалар бар. «Ұлттық мұра» вэб-порталы, «Қаз ҰЭК – Қазақстан кітапханасы», «Халықаралық Оқу конгресі» сияқты электрондық ақпарат көздері жұмыс істеуде, онда «Медиатека», «Информатика», «Тұтынушы», «Пайдаланушы» сияқты автоматтандырылған жаңа библиографиялық анықтамалықтар ақпаратты табу, өңдеу жұмыстарын оңтайлы етеді. Каталогтардан қажет материалдарды тез әрі оңай тауып алу, яғни библиографиялық эвристика әдістемесін жетілдіру үшін ємбебап ондық жіктеу (ЄОЖ) және кітапханалық-библиографиялық жіктеу (КБЖ) қолданылады, олар әр зерттеуге мазмұнына сай арнайы белгілермен беріледі. Кітапханада әр талапкерге тақырыбына сай әдебиеттердің жіктеу кодын айқындауға көмектесетін кеңесші маман болады.
Түйіп айтсақ, библиографиялық негіздерді білу – нәтижелі ғылыми еңбектің алғы шарттарының бірі, енді қолдағы көрсеткіштерді тиімді пайдаланудың, яғни библиографиялық ізденістің әдістемесі мен технологиясын үйренудің жолдарын айқындау міндеті тұрады.
Әдебиет зерттеушісі әрбір библиографиялық анықтама мен көрсеткіш құралдың жетістік-кемшілігін біліп, оларды салыстыра қолдануға тиіс.
Библиографиялық анықтамалықтарды талдауда, бағалауда мына мәселелер ескерілгені дұрыс:
1. Көрсеткіштің тақырыбы мен пәні. Мысалы, қазақ жазушыларының жарық көрген шығармаларының тізімі мен сол шығармалар жайындағы әдеби зерттеу еңбектерінің жиынтығындағы библиографиялар бірдей емес, себебі бұлар бір-бірінен құрылымымен, мазмұнымен ерекшеленеді, мақсаттары да бөлек.
2. Көрсеткіштің сипаты, алдына қойған мақсаты /ғылыми, ғылыми-көпшілік, ұсынымдық, есепке тіркеу/, кімге арналғандығы.
3. Қарастырылып отырған библиографиялық негіздің хронологиялық шекараларын, яғни тізімге енгізілген әдебиеттердің уақыт аралығын дәл білу еңбекті зая кетіруден сақтайды.
4. Көрсеткіштің құрылымының сипаты /алфавиттік, жүйелі, салалық, хронологиялық/.
Жиі қолданылып жүрген библиографиялық басылымдар әдетте екі бөлімнен тұрады. «Жалпы бөлім» әдебиеттің, сынның мәселелеріне арналады, ал «персоналия» деп аталатын екінші бөлімде жеке жазушылар, ақындар, драматургтар, әдебиетшілер библиографиясы қамтылады.
Әрбір библиографиялық «жеке ұя» да өз кезегінде екіге бөлінеді:
а) жазушының баспа бетінде жарық көрген ең маңызды кітаптары, шығармаларының толық немесе таңдамалы жинағы, жүйеленген эпистолярлық жанрға жататын материалдар;
є) қаламгердің өмірі мен творчествосына қатысты сан алуан ғылыми-сын зерттеу еңбектері төмендегідей үш арнада топтастырылған: библиографиялық деректер, сын-зерттеу, анықтама әдебиет;
Көрсеткіштің екі бөлімі бір-бірін толықтырып тұрады. Жалпы бөлімде «персоналияда» кездеспейтін деректер болуы мүмкін;
Керек ақпарды тез табуға алфавиттік және пәндік көрсеткіштердің көмегі көп.
Алфавиттік көрсеткіштегі атаулардың, мерзімді баспасөздің, қоғамдық бірлестіктердің тізімі басқа негіздердегі белгілі материалдарды нақтылай түседі. Мысалы, академик З. Ахметовтың ғылыми ізденістерінің нәтижесімен танысу қажет болды делік. Алфавиттік көрсеткіште оның аты-жөнінің тұсында ғалымның еңбектерінің реттік нөмірі, қай бөлімде орналасқаны хабарланады.
Ал оның әдебиет теориясы, салыстырмалы әдебиеттану, аударматану, қазақ әдебиеті салаларындағы еңбектерін нақтылау үшін «әдебиет теориясы», «аударматану» сияқты ұялардағы ақпаратты қарау керек. Пәндік көрсеткіш ғылымның арнаулы салалары бойынша ақпар жинауды жеңілдетеді. Егер бізді «ХІХ ғасырдағы орыс-қазақ әдеби байланысы» атты мәселе қызықтырса, пәндік көрсеткіштен «ТМД халықтарының әдеби байланыстары» деген бөлімшесін тауып аламыз. Бұл қатарда маңызды ғылыми еңбектер шоғырланған, сөйтіп енді ХІХ ғасырда өмір сүрген барлық жазушылардың мұрасын қараудың керегі болмай қалады.
Көрсеткіштерде шартты қысқартулардың шешуі міндетті түрде беріледі.
Библиографиялық ізденістің түрі мен жолы көп. Олар негізіне қарай қарапайым және күрделі, жаппай немесе суыртпақтап іздеу деп аталып жүр.
Жеке қаламгер жөніндегі ақпар қарапайым жолмен іздеп табылады. Жаппай іздеу – анықтамадағы көрсетілген тақырыпқа сәйкес барлық материалдарды іздеп табу. Бұлардың ішіндегі ең күрделісі – суыртпақтап жинау. Ізденіс барысында кейбір мәселелерді, жасырын атпен берілген мақаланың авторының аты-жөнін, туындының жарық көрген уақытын, қай ерде басылғанын т.б. анықтау қажет болады, осыған байланысты әр түрлі қосымша көрсеткіштер мен анықтамаларға жүгінуге тура келеді.
Студенттің баспа өнімдерінің библиографиялық түзілімін жасау ережелерімен мұқият танысқаны, оларды жете меңгергені ғылыми зерттеу үшін аса қажет. Оқушылардың баспаның аты мен журналдың аталуын ауыстыруы немесе кітап пен мақаланың белгісін айыра алмау сияқты қателіктері кітапхана өмірінде жиі кездесіп отыр. Оның үстіне оралымсыз әрі қабылданған ережелерге сай емес библиографиялық тізімдер, сілтемелер – ғылыми зерттеудің баѓасын кемітетін көрсеткіштер.
Библиографиялық жазулардың негізгі ережелерін жеке библиографиялық картотека жасауда да қолданған дұрыс. Карточкаларды кітапханалардан сатып алуға немесе қатты қағаздан қолдан жасауға / өлшемі 12,5 * 7,5 см/ да болады, мұндай библиографиялық анықтама қолдануға өте оңтайлы, себебі оған өзгерту енгізуге, қосымша деректермен толтыруға, карточкаларды тақырыптық, мәселелік, алфавиттік, хронологиялық топтарға жинақтау оңай. Карточканың сырт жағына басылым жөнінде аннотация беруге, мазмұны, авторы жайлы қосымша ақпарлар, өзіндік сын пікірлер, цитаталар жазып қоюға болады. Қабылданған келісім бойынша аннотация тік жақшамен бөлектенеді.
Библиографиялық көрсеткіш, тізім, кітапхананың каталогын, жеке картотека жасауда қолданылатын баспа өнімдерін белгілеудің қабылданған жалпыға ортақ ережелері бар, дегенмен аздаған айырмашылықтар болуы да мүмкін, бірақ олар негізінен ертеректе шыққан басылымдарға ғана байланысты болады.
Библиографиялық көрсеткіш, анықтамалықтан, каталогтардан баспа өнімінің мынадай мәліметтерін мұқият жазып алу керек, олай болмаса қайта-қайта қарап, уақыт кетіретін боласыз:
1. Автордың аты-жөні.
2. Басылымның атауы.
3. Том, кітап сандары, басып шығарылу реті (бұлар әдетте араб цифрларымен көрсетіледі).
4. Баспаның аты, мекені, шығарманың басылған уақыты.
Бұл деректер кітаптың мұқабасынан емес, ISBN, ЄОЖ, КБЖ сияқты барлық белгілер толық көрсетілген титульдық парағынан алынуы керек, ол көбіне-көп екінші бет болып отырады, библиографияда осындағы мәліметтер ешбір өзгеріссіз қолданылуы керек.
Енді осы деректердің библиографиялық көрсеткіштер мен картотекаларда ережеге сәйкес жазылуына назар аударайық. Карточкада жазылу үлгісі:
Келімбетов Н.
Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. – Алматы, Мектеп, 1986. – 212 б.
Мысалдан көрініп отырғандай, ыңғайлы болу үшін карточкада автордың аты бірінші жолға бөлек жазылған, қалған ақпарлар тіркестіре берілген.
Авторы көрсетілмеген жинақтарды, ресми документтердің жиынтығын былайша өрнектеу қабылданған:
Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер. – Алматы, Ғылым. 1983. – 352 б.
Кітаптан алынған мақаланың өрнектелуі:
Дәдебаев Ж. Анахарсис // Адам және заман. – Алматы: «Өнер», 2007. Б. 43-62.
Журналдық мақала:
Ғаббасов Ә. Отар. //Жұлдыз. – 1985.- №12.- 50-55 бб.
Газеттік мақала:
Смаилов К. Әлем биігіндегі азамат. //Қазақ әдебиеті. – 8 қараша – 1991. – Б.14.
Ғылыми еңбекте берілетін библиографиялық тізімде, сілтемелерде деректің барлық элементтері тіркестіре жазылады.
Әдеби мәтін жайлы ғылыми еңбектің соңына зерттеуге негіз болған бастаулардың тізімі былайша жүйеленіп берілуі мүмкін:
- ресми құжаттар
- шығармалар
- ғылыми- сын зерттеулер
- библиографиялық негіздер
Соңғы талаптар бойынша библиографиялық мәліметтерді зерттеуде қолданылу реті бойынша рәсімдеу қалыптасқан.
Библиография түзу ережелері бойынша студенттер білуге тиіс сұрақтар:
- библиографиялық дереккөз түрлері /перспективалық, ретроспективті, ағымдық/
- жеке және жалпы библиографиялардың айырмашылықтары
- жеке библиографияда қолданылатын көрсеткіштер тобы
- жалпы және жеке библиографиялардың сипаты мен қызметіне қарай бөлінетін түрлері, олардың қызметі.
- библиографиялық құрал және онымен жұмыс істеу тәсілдері
- библиографиялық негіздердің төрт тобы, олардың сипаты, мазмұны, қызметі, өзара байланысы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет