Т. У. Есембеков Көркем мәтінді талдау негіздері Оқу құралы Алматы


Көркем мәтінді оқып-үйренуге шығармашылық өмірбаянның қатысы



бет9/26
Дата08.03.2023
өлшемі0,63 Mb.
#72495
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26
Байланысты:
Т.Есембеков.Көркем мәтінді талдау негіздері (1)

3.1 Көркем мәтінді оқып-үйренуге шығармашылық өмірбаянның қатысы

Мәтінді, шығарманы, көркем әлемді біріктіріп, тұтастырып әрі ерекшелеп тұратын ұғым «автор» деп жүрген ғалымдардың пікірінің жаны бар. Көркем шығарма – ең алдымен белгілі бір уақыт аралығындағы адам еңбегінің нәтижесі деген жалпы тезиске тоқтаған жөн шығар. Сонымен қатар әдеби мәтінді автор санасы мен танымының, ойы мен қиялының, сыртқы және ішкі факторлардың әсерінің желісі мен өзін-өзі бақылауының, оның санасынан тыс тұрған білім мен ақпараттың ықпалы немесе бейсаналық мифтік образдар, өмірдегі оқыс жағдайлар мен кенеттен болған оқиғалардың адамның көңіл-күйі, психологиялық болмысы сияқты сан түрлі басқа ақпараттың, дерек пен дәйектің көркем жиынтығы деудің де орны бар, яғни бұлардың автор болмысынан хабар беріп тұратын негіздер екенін естен шығармаған дұрыс. Көркем мәтінмен танысу барысында оның авторына деген қызығушылықтың ең алдымен пайда болатыны туралы көп айтылып жүр. Сонымен қатар автор арқылы оның шығармаларына деген әр түрлі сұраныстың да әрқилы қалыптасатыны бар. Көркем мәтін мен оның авторының арасындағы байланыс, қарым-қатынас өте күрделі екен, сондықтан мұны қазіргі ғылым жан-жақты қарастыруда. Психоантропология ғылымының автор бейнесінің мәтінде көрінуінің астарына интроверттік тұрғыдан үңілуінің кемшілігі де, жетістігі де бар. Кейбір авторлар көркем шығарма жазудан гөрі мәтінтудырушылықпен көбірек айналысып жүр деген көзқарас пен ойлардың мән-мағынасы астарлы. Осының бәрі «автор» ұғымын әдебиеттану, мәтінтану мен аударматануда әр түрлі қолдануға негіз болуда. Қазіргі ғылымда орныққан көзқарастарды жүйелесек, «автор» термині жалпы тұрғыдан былайша қарастырылып жүр: а) «биографиялық автор»,


ә) «автор-баяндаушы», б) «автор – болмысқа деген көзқарас», в) «автор – көркем образ», г)«бейтарап куәгер», д)«нарратор», е) «автор – аноним, белгісіз персонаж», ж) «көркем әлемнің иесі», з) «мәтінжаратушы», и) «көркем әлем тудырушы». Түйіндеп айтсақ, көркем мәтінді талдау мен түсіндіруде биографиялық сипаты бар, шығармашылық өмірбаян үшін маңызды мағлұматтарды есепке алу керек екен. Жасампаз тұлғаның өмір жолын, оның жекелеген кезеңдерін арнайы зерттеуге жетелейтін сәттер көп, олар мәтін табиғатын тереңірек тануға деген ұмтылыспен байланысты болғаны құба-құп. О. Бөкеевтің «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Атаукере» сияқты шығармаларындағы мекеншақтың ортақтығын түсіндіру үшін автордың өмірбаянына жіті үңілген жеткілікті. Д. Исабеков өзінің «Сүйекші» әңгімесінің жазылуына өмірде болған бірнеше кездесудің ойтүрткі болғанын айтып жүр. Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» мен З. Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романдарында да олардың авторларының өміріне қатысты ақпарат пен дерек жетерлік. Демек, зерттеу барысында қаламгердің балалық, жастық, ересек шақтары, өмір сүрген ортасы мен қоғамдық-әлеуметтік жағдай, дос-жарандары мен әріптестері туралы деректерді көбірек білген дұрыс. Жұмыс барысында оларды орнымен пайдаланудың кезегі келеді, бірақ шығармашылыққа онша қатысы жоқ сәттерді орынсыз тықпалай беруге де болмайды. Сонымен қатар тұрпайы социологияның сабақтарын да ұмытпау керек, яғни көркем мәтіндегі образдар мен идеяға өмірбаяндық деректер мен нақты оқиғаларды орынсыз тели беруге әсте болмайды. Өмірлік негіздер, ойтүрткі, түптұлға шығармашылық ізденіс барысында түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқаны жөнінде де мысалдар аз емес. Ең бастысы автордың шығармашылықтан басқа өзінің жеке өмірі де бар екенін ұмытпаған абзал.
Француз ойшылы Сент-Бев (1804-1869) романтизмді адамның ішкі рухани дүниесінің толық бейнесін жаза алатын ағым деп есептеп, осы ойын дәлелдеу үшін жазушының биографиясы мен адами болмысына ерекше үміт арта отырып, негізгі жауапты «автор шығарма» атты жүйеден іздеуге тырысты. Сент-Бев негізін қалаған «биографиялық әдісте» негізінен субьективизм басым болды, ол автормен «басынан бастап танысуды» ұсынды, яғни алдымен онығ туған- туысқандарын, әке-шешесін түгендеп алу керек болды, одан кейін ұстаздармен танысу міндетті болды. Бұл әдіс фактографияға көп сүйене бастағаннан кейін ХХ ғасырда аз қолданылды, бірақ «биографиялық автор» идеясы әлі күнге дейін ғылыми зерттеулерде кездесіп отырады.
Б. Эйхенбаумның авторға тірі тарихи дерек ретінде қарау керек деген пікірін қолдаушылар да көп. Соңғы кезде «биографиялық автор» және «көркем мәтін авторы» деген ұғымдардың арасындағы қарым-қатынастарды зерттеу қайтадан жанданып келеді.
Шығармашылық өмірбаянды зерттеу мен «биографиялық әдістің» арасындағы айырмашылықтарды анық біліп отыру әдебиетшіге керек білік.
Әдебиеттанушы зерттеу нысанына тікелей қатысы бар жазушылардың шығармашылығы мен жеке өмірінің байланысына жіті қарағаны орынды, себебі жазушы өмірінен тек шығарма іздеп немесе шығармадан автор өмірін көруге деген тұрақты ұмтылыс біржақтылыққа, келеңсіз тұжырымдарға соқтыратыны естен шықпасын.
Жазушы биографиясында зерттеушіні негізінен оның шығармашылық өмірбаяны қызықтырғаны орынды, оны белгілі бір ретпен, жүйемен қарастыру тиімді. Әдетте творчестволық өмірбаянының кезеңдері белгіленіп, оларды тұтастырып тұратын жүйе анықталады. Шығармашылық өмір көбінесе азды-көпті айқындалған үш кезеңнен тұрады деп есептеледі: шығармашылдықтың алғашқы кезеңі / оқушылық немесе еліктеу шағы болуы мүмкін/, толысқан шағы және творчествосының соңғы кезеңі. Сонымен қатар, қаламгер өмірінде дағдарыс, тоқырау жылдары болатынын ескерген абзал. Жазушының өмір жолын оқып-үйрену үстінде оның стилінің дамуы, туындыларының жанрлық құрамының өзгеруі сияқты сұрақтарды қоса зерттеген тиімді. Мұның студент үшін пайдасы аз емес.
Творчестволық биографияны оқып үйрену мен шығармашылықты зерттеу бір нәрсе емес. Жазушының шығармашылық жолы негізінен хронологиялық сипатта зерделенеді, осыған байланысты тақырыптардың қайталануы, образдың жалғастығы, идеялардың сабақтастығы сияқты мәселелерге баса назар аударуға тура келеді. Творчестволық даму мен өзгеруді тек атап қана қоймай, оның табиғатына үңіліп, өзіндік заңдылықтарын ашу, түрлі құбылысын түсіндіру - әдеби зерттеудің басты шарттарының бірі. Қорыта айтқанда, творчестволық өмірбаянды зерттеу - жазушы шығармашылығының өзіне тән сипаттарын жүйелі жєне хронологиялық түрде оқып-үйрену.
Қаламгердің жеке шығармасын қарастырғанда, автордың осы туындыны жазу кезеңіндегі тұрмыс-тіршілігіне ерекше байыппен қарау маңызды. М. Әуезов «Қараш-қараш оқиғасы», «Қилы заман» шығармаларын жазардан біраз уақыт бұрын Жетісудағы 1916 жылғы көтерілістің ошақтарын ұзақ аралап, көп адамдармен жүздесіп қайтқан. Жазушының осы сапардағы жазбалары мен туындылардың мәтінін салыстырып қарап отыру барысында автордың көркемдік көзқарастарының, белгілі деректердің шығармашылық еңбек барысында қалай дамып, қалайша өзгергенін көруге болады. Ұлы жазушының «Еңлік-Кебек» пьесасы, «Қаралы сұлу», «Көксерек» әңгімелерінің өмірге келуі де автор өмірінің бір үзік сырларына байланысты екендігі Р. Нұрғали, Т. Жұртбай зерттеулерінде дәйекті түрде анықталған.
Көркем туындыдан міндетті түрде биографиялық деректер іздеу кез-келген зерттеуде мақсат етіп қойылмайды, әрі олар барлық шығармаларда нақты кездесе бермеуі де мүмкін, бірақ олардың көркем мәтінге әрқилы әсер-ықпалы болатынын жоққа шығаруға болмас.
Шығармашылық өмірбаянды қарастырғанда шығармашылық психологияның / қаламгердің мінез-бітімі/ орны ерекше екенін есте ұстау керек. Аталмыш ғылым саласы психология, эстетика, әдебиеттанудың ортақ мәселелерін қамтиды. Шығармашылықтың мінез-бітімін айқындауда жазушының куәліктері мен бақылаулары /мақалалары, хаттары, күнделіктері/ маңызды қызмет атқарады. Көп уақыт өткендіктен олардың біразының қазіргі құны төмен болатыны түсінікті, дегенмен автордың әдебиет жайлы ойлары – оның санасының, мінез-құлқының, әр түрлі құбылыстарға деген сыртқы және ішкі реакцияларының, өмірлік материалдарды түйсіну, қабылдау, өңдеу мен бағалауының барысынан толымды хабар беретін айғақ екенін есте ұстаған зерттеушілер жақсы нәтижеге жетеді.
Дүниетаным мен шығармашылық еңбектің қарым-қатынасы - творчестволық өмірбаянды оқып-үйренуге тікелей қатысты мәселелердің бірі. Егер дүниетанымды болмысқа деген көзқарастардың жүйесі деп санасақ, оның қалыптасу, даму, өзгеру сатыларынан өтетіні белгілі, әр жазушыда өзгеше көрінгенмен оны көпшілік үшін мен творчествоның арасында бәлендей байланыс жоқ деп есептейтін ғылыми бағыттар творчествоны иррационал ойлаудың қатарына қосады, сөйтіп оның танымдық мәніне шүбә келтіреді. Бір қарағанда, олардың пікірінің жаны да бар сияқты, өйткені адамзат тарихындағы көптеген ұлы ойшылдардың дүниетанымы мен творчествосының арасында түрлі қайшылықтар болғанын олардың өздері де, зерттеушілері де талай мәрте айтқан. Мұндай мысалдарды ұлттық әдебиеттің қайсысынан болсын кездестіруге болады. Бірақ табиғаты терең, болмысы күрделі бұл екі ұғымның ара қатынасына, байланысына үстірт қарауға да болмайды.
Шығармадағы идеялар жазушы дүниетанымын толық көрсетеді деген түсінік біржақты әрі өрісі тар дегенді мойындау көп, тіпті жазушының теориялық ой-пікірлері де оның дүниетанымының қыр-сырын молынан аша алмайтынын ескеретіндер аз емес, сондықтан шығарма мен оның авторының дүниетанымының арасына айырым белгісін қоюдың болмаса теңдікті таңдаудың керегі күмєнді. Кей-кейде ойша жасалған жоспардың күнделікті өмірде жүзеге аспай қалатыны сияқты, қаламгер дүниетанымының нақты шығармада күрт өзгеруі де, көп өзгермеуі де мүмкін. Жалпы алғанда «теориялық ой» мен «болмыстың суреттері» арасындағы сәйкессіздікті жазушының жеке басынан іздемеген дұрыс.
Әдеби шығарма жазушы тұрғысынан берілген өмірдің нақты немесе шартты бейнесі болғандықтан, ол - ең алдымен автордың ойы мен сезіміне байланысты, ендеше көркем мәтіннің дүниетаныммен белгілі бір деңгейде байланысы бар екен.
Қаламгер болмыстың құбылыстарын танып, сараптап барып таңдап алады, олардың басқалармен түрлі байланысын зерделейді, осының бәрі авторлық тұрғыдан бағаланады, яғни жазушының дүниетанымы жіті көзге көркем шығармадағы барлық бөліктерден көрініп тұратыны дау туғызбайтын шындық. Түйіндеп айтқанда, әр түрлі материалдарды шығармашылық ұстанымға сәйкес саралау, олардың арасындағы байланысты өзінше көрсету, әрқилы баға беру де – суреткер көзқарастарының шығармада жүзеге асырылуының деңгейінен хабар беріп тұрады.
Тағы бір есте ұстайтын мәселе бар, ол – туындыдағы өмірлік құбылыстардың обьективтік сипаттарын, яғни автордың өзінің ырқынан тыс өмір сүріп жатқан заңдылықтарды өзгертуге тырысуы немесе өзінің субьективтік ырқына бұруға мүдделі болуы. Бұл - жазушыға абырой әпермейтіні талай рет қайталанған. Кей жағдайда қаламгер өз идеясына орай обьективтік шындықты бұрмалап көрсететіні әдебиет тарихында шартты түрде «Бальзак парадоксы» деп аталған құбылыстан белгілі. Бальзак Францияның болашағы аристократтарға тәуелді деген идеяға сенді, оларды өз шығармаларының жағымды кейіпкерлері етті, ал жағымсызы қылып республикашылдарды көрсетуді ниет етті. Бірақ романдарды оқыған адамдардың пікірінше, романда бәрі керісінше болып шыққан. Жақсы деген аристократтар ісіне күйініп, «жағымсыз» республикашылдар қимылына сүйсініп отыруға тура келген. Субьективтік ойдың жетегінде жүрсе де Бальзактың өмір шындығын түбегейлі өзгертіп көрсетпегені байқалып тұрады, себебі ол өмір сүрген уақытта аристократтардың қоғамның дамуына кері әсер ете бастағаны тарихтан белгілі. Мұндай құбылыс Л. Толстой шығармашылығында да кездеседі.
Көркем мәтіннен болмыстың кейбір обьективті жақтарын байқауға болады, оны бағалауға шамамыз да келеді, ал жазушы дүниетанымын айқындайтын субьективтік көзқарастарын оның өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырудағы ұстанған бағыт-бағдарын бірден байқау оңай емес. Сондықтан әдеби шығармаға баға бермес бұрын оның авторының өзі өмір сүрген қоғамға, заманға, ортаға қай тұрғыдан қарайтынын біліп алу артық емес. Жалпы, дүниетанымдағы қайшылықтардың шығармашылықтың күрделі сипатын және көркем мәтіндегі қарама-қайшылықтарының себебін анықтауға жәрдемі бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет