«ЖҰРТ ТӨРЕСІ Өткен март айында жұмысшы және солдат депутаттарының Петроград советі Торғай уезінің қазағына жаңа тәртіпті түсіндіру үшін ас ішіп, аяқ босатар Жангелдинді шығарған еді.
Совет өкілі Жангелдин ескі өкімет заманында, қазақ шапанын кент киіміне, ислам дінін христиан дініне айырбастап, Жангелдинді Степновқа айналдырып миссионер болып еді. Бірақ өзінің өкіл ағаларының үмітін босқа шығарды. Степновты сүйреп, түрлі мекемелерде переводчик, хатшы қылып та қарады. Степнов барып тұрған сәулесіздің өзі болып тұрғандықтан еш жерде тұрақтап тұра алмай, тіршілікке қыры жоқ қаңғыбас болып кеткен еді.
Міне, осы бұралқы Степнов март ішінде Петроград советінің өкілімін деп алғашқы ашылған Торгайский облыстық комитетке келеді. Степновтың кім екенін бұрыннан білетін комитет Петроград советінен сұрайды. Дін өзгертуі қулық биенің сауынынан да жиі, бұл күнде қайтадан ислам дініне шыққан Степнов — Жангелдин Совет өкілі екені рас па? — деп. Совет жауап қайырады: Степнов — Жангелдин Торғай уезіне социал-демократ партиясының пікірін таратуға шығарылғаны рас деп.
Степнов — Жангелдин жаз бойы Торғай уезін аралады. Советке қазақ атынан шиелі арыздар берді. Комиссарлардың Торгайский облысының управ мүшелерінің және учредительный собранияға сайланатын кандидаттардың үстінен түрлі шағым жүргізді. Кадет деді, қазіргі заманның түрлі кінә-сұмдығын солардың үстіне аударды. Советтер оны қорғады, ішкі іс министерствосымен хат тасып «еріккен шарттың» шағымынан басқа жұмыс жоқтай әуре болды.
Ақырында, халық төреші Жангелдин және ол арқылы ақымақтанған совет ісі туралы адал төресін берді. Торғай уезінде учредительное собрание сайлауы болғанда бәйге алғандар:
1-нөмір «Алаш» партиясы 54 897
3-нөмір Социал-демократ 41 дауыс алды.
Міне, риалықпен халықты адастырушы ұятсыздардың ісіне жұрт төреші екені осы.
Қыр баласы» Міне, Жангелдинді осылай «алдаушы» деп жамандайтын. Көлбайды бұдан да сорақы қылатын. Жангелдинге сырттан қанық болсақ, Көлбайды 1915 жылда Омбыда оқып жүргенімізде бір көрген едім. Рас, жылпос жігіт еді. Бірақ зерек, шешен адам тәрізді еді. Қарап тұрғанда «әттеген-ай» дерлік адам еді...
Батпақ шашудың қисыны жоқ тәрізді де емес. Келтірілген сөздерінің жартысы рас болса да дәлел. Бұл жерге «Қазақ» газетінен бір мақала келтірелік. «Сарыарқанын» 31-нөмірінде 1918 жыл, 3 наурыз «Кім дос, кім қас» деген мақалада былай дейді:
Газеттен: