Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет25/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   53
«АВТОНОМИЯЛАР
Большевиктер автономияға қарсы емес, бірақ бұлардың көздеген автономиялары іргесі құрылған, жаңа құрылмақ автономиясынан реті басқа. Олардың қарауынша төрелер, байлар тілеуімен, негізгі құрылған автономиялар қиратылып, оның орнына еңбек сіңіріп мал табатын кісілерден құралған советтер автономиясы құрылуға тиіс.
Осы бағытпен большевиктер автономия болған елдерді тізеге салып аударып құлатып, олардың орнына сол елдің советтерін көтеріп отыр.
Қырым мұқтариаты: газеттердің сөзіне қарағанда Қырымда зор әңгімелер болып өтіпті: Қырым мұсылмандары жария қылған автономия ісін орындау жолында «Құрылтай жиын» ел қамын кеңесіп жатқан үстіне большевиктер келіп тиіп, арада қанды соғыстар болған. Большевикке қарсы тұрушылар, мелли мұсылман әскері екен. Большевиктердің күші басым болып жеңіп, Қырымның зор қалаларының бәрін алған. Осы күні Қырым совет билеуінде, Қырым мұқтариатының бастықтарын большевиктер тұтқынға алып, Севастопольдағы большевик штабына жіберген. Қырым мұқтариатының пікірін таратушы «Мелиат газеті» өшіп, оның орнына 22 январьда «ісші халық» деген жұмысшылар газеті шыға бастады. Сол газеттің сөзіне қарағанда, буыны қатпаған жас мұқтариат қолынан келмейтін кейбір істерге құлаш ұрып, соларды болғызамын деп жармасқан көрінеді. Сөйтіп, Қырым мұқтариатының айға шауып мерт болған жайы бар.
Украина үкіметі: автономия аларында әр түрлі жұрттар үлгі алып, ғылым-іліміне, қайрат-күшіне, бірлік-ынтымағына аузының суы құрыған Украина үкіметі де ішінен шіріп құлады. Бұрынғы «Рада» құрыды. Раданың бастықтарын және жаумен бітім сөйлесуге барған өкілдерін народный комиссарлар советі қолға алып, сотқа беруге бұйрық қылған.
Финляндия мемлекеті: бостандық болысымен көмекті сырттан сұрап, Россиядан бөлініп кеткен Финляндия да қоңсыларынан жұққан ауру дертінен қорқып, басы аманында, күйкентайдан қорыққан торғайдай Германия қолтығына кірдім деп жиі-жиі жар салып отыр.
Сібір автономиясы: Томскіден алынған хабарға қарағанда, Сібір автономиясына жоба жасап негізін құрмақшы болып қам қылып жатқан областной комитеті абақтыға салған.
Түркістан мұқтариаты: Түркістан автономиясы байлардан құралған деген өсек большевиктер аузында бар екен. Қоқан қаласына барып, қоқаңдаған большевиктерді көзі көргендердің айтуына қарағанда, оның да өмірі санаулы шығар. Соңғы хабарда большевик Мұстафа Шоқайұлын тұтқынға алған.
Башқұртстан автономиясы: бұл автономияның да жайы онша тәуір емес. У.Р. комитетінің қарары бойынша 4 февральда Башқұртстан ісін басқарып тұрған жеті кісі тұтқынға алынды.
Смольный институты маңайында жүріп жатқан башқұрт Шарп Манатұлының большевиктер көзіне түбінде қандай түспен көрінеріне осы күні көз жетпей тұр. Башқұртстан автономиясы жойылып, оның орнына бейнетқор Башқұрт советі құрылды.
Алаш Орда: қырғыз-қазақ бас қосқанда тоғыз күндей толғанып, ресми жария етуді кейінгіге қалдырған Қазақстан автономиясы да алдыңғылардан озып қайда барсын.
Керегесін құрып шаңырағын көтеру, оған жан-жақтан уық шаншу желді күні қолдан келмес еді.
Қазақ-орыс үкіметтері: Орынборда казак-орыс құрған Дутов үкіметі де құлады. Орнына осы күні «Кезекші совет» деген совет отыр.
Орал орыстарынан хабар жоқ. Олар да казак-орыстарын көре тұра халқын қырғынға неге ұшыратсын.
Дон облысындағы казак-орыстар да большевиктерден жеңілуге бет қойды. Большевик атының тұяғының дүбірі Дон үкіметін отставкіге шығарды. Генерал Калидиннің оңаша үйде өзін-өзі атып өлтіруіне себеп болды. Соңғы хабарда Донда да Совет үкіметі құрылған.
Ж. Жәнібекұлы»
Барлық Россиядағы қазақтардың «Алаш Орда» тәрізді, оқыған мырзалар, «шарапатты» қазіреттер, «дуалы ауыз» байлар жасаған автономияларын талқан қылып большевиктер қуалады. Олардың орнына еңбекші таптың кеңестерін құра бастады. Большевиктер партиясының бастығы Ленин мен Сталин мұсылман еңбекшілеріне мынадай жар салды:
«Барлық Россия және Күншығыстың жұмыскер, әскер және еңбекші мұсылмандарына! Жолдас бауырлар!
Россияда зор өзгеріс болып жатыр: шет мемлекеттерді бөліп ыдырату мақсатымен қабынып кеткен қанды соғыс бітті. Барлық дүние халқын құл есебінде тұтынған азулы жауыздардың әкімшілігі жемірілді. Ескі қаралты құлдық, тұтқындық қаралты күл-талқан болып құлады. Менменшілдікпен біреуге-біреу тізе көрсететін дүние ең соңғы демін алды. Бұлардың орнына жаңа дүние, ерікті жұмыскер халықтың ғаламы шықты. Бейнетқорлардың мойны босайтын күн туды. Бұл аударып алып соғудың басында жұмыскерлер мен еңбекшілер әкімшілігі—жұрт комиссарларының советі тұр.
Аударып тастаған мінезді жұмыскер, солдат және еңбекшілер советінің орнамаған жері жоқ; Россияның әр бұрышына тамырын жайған. Өкімет, мемлекет билігі жұрт қолында. Россияның жұмыскерлерінің жүрегінде төзушілік жасау, барлық дүниедегі қорлық көрген жұрттарға жәрдем ету, өзіне нағыз бостаншылық алу тілегі бар, олар мұны ешкімнен тайсалмай орындайды.
Бұл пайдалы істе Россия жалғыз қара емес. Россияның аударып тастамасымен жаңғырыққан ерік айғайын Күншығыс пен Батыстағы жұмыскерлер қарсы алды. Соғыс себепті қажыған Европа халқы бізге қолын созды. Ол татушылық тілейді, татушылық жасайды. Европаның жұмыскерлер мен солдаттары социализм туының астына жиылды. Империализмнің тамырын тарпа бас салып қиды. Алыстағы Үндістан, анау Европаның мәдени азулыларын мылжа-мылжа қылған Үндістан аударып тастау туын көтерді. Өзінің үкіметінің советін құрды. Жеркеніш құлдықтың бұғалығын мойнынан жұлып алып тастауға, Күншығыс жұрттарын бостандық алу үшін күреске шақырды.
Капиталистердің талау және зорлығының үні өшті.
Осындай зор уақиғалар көз алдымызда тұрған уақытта біз Россия және Күншығыс мұсылмандарына табан ет, маңдай терімен күн көретін жарлы-жақыбайға, сыбағадан шетте қағыс қалған мұсылмандарға мынаны ұсынамыз.
Россия мұсылмандары: Еділ өлкесіндегі және Қырымдағы татарлар! Сібір мен Түркістандағы қазақ-қырғыз, сарттар! Кавказ алабындағы түрік татарлары! Кавказдың тау халқы мен чешендер! Соғыс лаңынан мешіт және құлшылық жайлары бұзылған, Россияның залым патшасы түрлі чиновниктермен ғибадатына қарсы тұрған, еркінен айырылған құл есебіндегі Россия мұсылмандары!
Осы күннен бастап сіздің дін мен ғибадатыңыз, милли мәдени қауымдарыңыз өз еркіңізде. Оларға ешкім қол сұқпайды.
Ұлттығыңызды тілегенше тәртіпке салыңыз! Сіздер бұған құқықтысыздар! Сіздің құқықтығыңыз да барлық Россия халқының құқығы сияқты аударып тастайтын мінезді жұмыскер және еңбекшілер советімен құрылады.
Сіз бұл революцияға және оның сайлап қойған үкіметіне жәрдем етіңіз!
Күншығыс мұсылмандары! Қызылбастар, түріктер, арабтар, үнділер! Бұл күнге шейін сіздің мал мен бастарыңызға баяғыдан бері Европаның ашқарақ азулылары сауда қылып, ерік намысыңызбен ойнап, сіздерді ғасыр бойы жәбірлеп келеді. Европа талаушыларының тілеуімен соғыс ашылып, сіздер бөлшектенуге шамаланған мемлекеттер.
Біз зұлым патша тарапынан жасалып, онан тайғақ Керенский тарапынан қолданылған Стамбулды тартып алу турасындағы жасырын жасалған қағаздарды жыртып жоқ қылдық. Соны жариялаймыз.
Россия республикасы және оның үкіметі болған жұрт Комиссарларының Советі шеттен жер алуға қарсы. Басы бүтін Стамбул мұсылмандардікі.
Біз Иранды бөлу қақындағы қағаздардың да жыртылғанын айтамыз. Соғыс жұмысы бітісімен ондағы әскер одан шығарылып, қызылбастар жеріне ие болады.
Түркияны бөлу, армяндарды оның қолынан алу қақындағы қағаздардың да жыртылғанын жария етеміз. Армяндар өз тізгінін алды.
Сіздерді құл қылғалы сыбанып тұрған қазіргі және аударып тастаудың ордасы болған Россия үкіметі де емес.
Сіздерді құл қылмаққа сыбанып тұрған Европа империализмінің азулылары. Олар сіздің мемлекетті бөлшектеу үшін соғысты созғысы келеді. Міне, сол өзіңді құл қылғалы бар өнерін қарыштаған азулыларды жұлып алып, лақтырып жіберіңдер!
Осы күні соғыс және тәртіпсіздік ескі дүниенің негіздерін қаусатып тұрған мезгілінде, барлық ғалам халқы өзін жұлып жегендерге не қылуға білмей дағдарып ызаланып тұрған кезінде, кішкентай ғана ызаның уыты күшті аударып тастау жалынына айналып тұрғанда, басқа жақтан ауып келіп өздерін билеп тұрған келімсектерге қарсы өре түрегелген, осындай қан сонарда үн жоқ, түн жоқ жай жату жарамайды. Уақытты қолдан қашырмаңдар, жеріңді тартып алып жәбір көрсетіп келген дұшпандарыңды желкеңізден жұлып алыңыздар. Мұнан соң енді оларға елдеріңізді талатпаңыздар. Сіздер мемлекетке ие болыңыздар. Күнелту, дүниеде тұру жайын, өзіңізге қолайлы ізбен, өздерің қараңдар! Сіздердің мұндай құқығыңыз бар. Өз тағдырыңыз өз қолыңызда.
Жолдастар! Бауырлар!
Біз намысты демократия жолына қарай анық және шын кірістік. Біз өзіміздің туларымызда барлық дүниеде кемшілікте тұтылған жұрттарға бостаншылық алып беруді жазып, көтеріп жүрміз.
Россия мұсылмандары, Күншығыс мұсылмандары, мына осы дүниені жаңарту жолында, біз сіздерден жәрдем күтеміз, қолғабыс қылуды өтінеміз!
Ұлт істерін қарайтын бөлімнің халық комиссары:
Джугашвили (Сталин)
Халық комиссарларының кеңес ағасы
В. Ульянов (Ленин)»
(1918 жыл, 12 март. «Қазақ». 262-нөмір)
Міне, большевик партиясының бастықтары Ленин мен Сталиннің саяси жарнамалары. Міне, осыларды да біздің «Алашорда» жамандай білді. Осыларға өздерінің кірлі қолдарымен «Алашордашылдар» батпақ шаша білді. Бұлардың әлгі Көлбай-ды, Жангелдинді және басқа большевик жолына түскен қазақтарды балағаттап сөгуінің әншейін былшыл тәрізді көрінетіні сол.
Лениндей, Сталиндей көсемді жамандай білген тіл, солардай кісілердің үстіне құса білген ауыз кімді былғай алмайды? Менің мұным Көлбай иә басқа большевик болған адамдарды мақтайын дегенім емес. Өзінің өмірінде сүрінбейтін адам жоқ. Көлбайдың жаман қылықтары да болған шығар. Оны біз білмейміз. Әйтеуір жамандайтын «Алаштың» көсемдері. Ленинді де, Троцкийді де, Сталинді де «Алаштың» көсемдері газеттерінде: «немістің ақшасына сатылған шпиондар» деді. «Өңкей оңай олжа табудың ниетіндегі қулардың бастықтары» да деді. Бұған қарағанда «алашордашылар» және олардың шәкірттері дұшпанына батпақ шашуға шебер. Құсықты сөзге мырза. Қазақ халқының көпке шейін большевиктерді бір «қоқай» тәрізді көргені — осылардың күн сайын мың мәртебе ауызша да, газеттері арқылы да жамандай беруінен еді.
Екінші жалпы қазақ съезінде «Алаш» көсемдерінің съездің кеңесіне салған сөздерінің біреуі: «Қазақтан милицияны қалай жасау?..» деген мәселе еді.
Сол «милиция жасау керек» деген ұсынысына мынандай дәлел келтіреді...
«Большевик дініне кіріп, большевиктердің оңай олжа табатын өнерін үйреніп келген солдаттар, сол өнерін біздің қазаққа жұмсамай қарап отырар деп айта аламыз ба?..» («Қазақ» газеті. 1917 жыл, 26 қараша. №252). Міне, әрбір сөзінде большевиктерді ылғи осындай «құқай» қылып көрсете берді. Большевиктерді жалпы қазақ жұртына «ылғи бір бұзықтар» қылып ұғындыра берді.
«Қазақ» газетінің 1917 жылы 6 желтоқсандағы № 254 санында «Бітім жайы» деген мақалада: «бұзақылар қосылып қараңғы халықты алдап бір-екі күн дәурен сүріп тұр екен деп, немістер онымен бітім жасар ма?» — дейді. Бұл сөздерді әншейін мысал үшін ғана келтіре салып отырмын. Бұл сөздер әншейін сыпайы жамандауларының мыңнан бірі ғой, бұл әншейін, оңай олжа табатын «дін» шығарған «қосылып дәурен сүріп отырған бұзықтарға» айтылған сыпайышылық қой. «Оңай олжа табатын дін шығарған бұзықтар» әлгі, Ленин мен Троцкий, Сталиндер.
Міне, бұларды былғай білген әдемі тіл, Көлбай тәрізділерді оңдыра ма?! Жаңағы айтылғандай, менің бұл айтып отырғаным Көлбайды яки большевик жолына түскендердің бәрін тегіс ылғи шаң жуымайтын адамдар дейін дегенім емес. Менің бұл жерде айтып өтейін дегенім, дұшпанын жамандағанда «Алаш» көсемдері қисынын тауып соға беруші еді демек.
Сол жамандаған кісілері «Алаштың» өз жолына түскен болса, төбесіне көтерер еді. «Алаш» партиясы жасалмай тұрған уақытта, 1914—1915 жылдарда, біз Омбыда оқып жүрген уақытымызда, «Қазақ» газетінің басындағы «Алашқа» көсем болғандар Көлбайды және Сәлім Кәшімұлы деген қажы молданы жамандап шыққан. Кәшімұлы «Айқап» журналының жазушысы болған. Бұл екеуін де «Алашқа» көсем болғандар оңдырмаған. Онда біз оқып жүрген кезіміз. «Қазақ» газетіне қатты нанатынбыз. Сол 1914-15 жылы қыстың күні Көлбай біз оқып жүрген Омбы қаласына келді. Менің Көлбайды әуелгі де соңғы да көргенім сол. Көлбай Омбыдағы оқып жүрген қазақ балаларын жиып, бірге суретке түсті. Мен бармай қалдым. Бармауым әлгі «Қазақ» газетінің Көлбайды оңдырмай жамандауының әсері еді. Көлбаймен бірге суретке түскендердің көбі соңынан «Алаш» болып Көлбайға топырақ шашқандар. Екі-үш күннен соң Омбыда қала театрында Сібір кеші (Сибирский вечер) деген сауық кеші жасалды. Сауықтың бір бөлігі қазақша болды. Театрдың балконына қазақтың киіз үйін тігіп, жасау жинап, түрлеп, қызыл-жасыл электр шамдарын жағып, безеп, кілем төсеп, қымыз сатып, қазақша домбырашы, әнші отырғызып ән салғыздық. Домбыра шерттік. Театр сценасында қазақша өлең-жыр айтқыздық. Саматұлы мен Шайбай Айманұлы екі ақынның айтысын ойнады. Сауықты жалпы басқарған Новоселов, Березовский, Сидельников еді. Қазақ бөлімін басқаруды маған тапсырған еді. Новоселов — Николай түскеннен кейін Омбыда әлеумет істерінің алдыңғы қатарында болды. Сібір автономиясының министрі болды. 1918 жылы Омбыда Колчак офицерлері тал түсте атып өлтірді. Березовский большевик-жазушы. Қазір тірі. Сидельников — кадет, өлді.

Міні, осы сауықта Көлбайды анықтап көрдім...


Патша түскен соң «Алаш» болып, Көлбайға беталды батпақ шашқан сондағы Омбыда оқып жүрген қазақ жігіттері сол сауықта Көлбайдың қасында болды...
Сонда-ақ «Қазақ» газетінің басындағылар мен Көлбай ұстасулы еді. Бұдан кейін де «Қазақ» газетінің басындағылар және олардың шәкірттері Көлбайдың иығынан түспеді. Ал Көлбаймен қатар «Қазақ» газетінің басындағыларының жамандайтыны Сәлім молда соңынан, патша түскен соң, «Алаш» партиясының жолына кіре қалды. Сонан соң Сәлім молданы Көкшетау өзінің «Алашордасының» төрағасы қылып, Бөкейханұлы қол қойып кетіпті. «Алашшылардың» осы «қасиетті» мінездерін суреттейтін осындай қылықтары аз емес.
Сәлімді мен Ақмолада оқып жүрген бала күнімде бір көрген едім. «Айқап» журналына ақша жинай келген еді. Шешен, бірақ жылпос жігіт еді. Көлбайдан да асқан жылпос, сынаптай жеңіл мінезді еді. Сәлім қазір Советтен қашып жүр. Жылпостығы сол, қазір бір жерде бөтен атпен коммунист болып жүр дейді. Бірді айтып бірге кетіңкіреп қалдық. Бұл туралы кезінде тағы әңгіме қылармыз. Енді тоқып келе жатқан өрмегімізге келейік.
Сөйтіп, «Алашорда» тәрізді автономия-үкіметтер, отты үріп қалса, быт-шыт болып ұшатын жылқы тезегінің күліндей бытырап ұша бастады. Шірік салынды тасыған дарияға бөгет бола алар ма!..
Большевик солдаттың құр дәрілеп бір атқан мылтығының дауысымен «Алашорда» тәрізді автономиялы «үкіметтер» быт-шыт болып, қаша жөнелген қызық заман болды. «Тар жол, тайғақ кешуде» қайыспаймыз дейтін мырзалар кішкентай жансымақтарын ала қашқан күндері болды. «Алашорда» мүшелері: Тынышбайұлы, Шоқайұлы, Ақайұлдары жасаған Қоқандағы Қоқан автономиялы үкіметі солайша тырағайлады. Құр дәрі мылтық дауысынан қаша жөнеліп, әр бұтаны паналап жүргендегі «министрлердің» қашқандағы суретін келтірейік. Шоқайұлының газеттерге басылған бір әңгімесін көшірейік.
«Бірлік туының» 34-нөмірінде басылған төменгі «Мұстафа хаты» деген мақаланы біз де өз тұсымыздан жұртқа естіртуді лайық көрдік. Бұл хат туралы «Бірлік туы» мынаны жазады: «Аттың сыры шапқанда білінеді». Енді Алаш халқы мынау бір азаматтың жолдасынан көрген «игіліктерін» өз хатынан оқып, көріп, сынасын. Бауыр қандай, жат қандай, Алаш қандай, сарт қандай екені осы хатты оқыған адамға ап-айқын-ақ көрінер. «Өзі өлтірмейді, жат жарылқамайды» деген атамыздың терең мағыналы ескі мақалы осындайда амалсыздан еске түседі...
Газеттен:
«ХАТ
...31 январь күні күндізгі сағат 2-де Қоқан большевиктерінің бізге тапсырған ультиматумын сөз қылып отырғанымызда тасыр-тұсыр атылған мылтықтың дауысы шықты. Бақсақ, мылтық атысып, соғыс бастаған большевиктің солдаттары екен. Большевиктердің бұл ісі өздерінің ультиматумында қойған шарттамасына қарсы келді: олар ультиматумды мәміле шарттарын кеңесуге 3 сағат срок қойған еді.
Және ол сроктың уақыты 20 минут өткенде ғана бітетін еді. Сөйтіп, большевиктер өз шарттарын өзі бұзып, мәміле сөздің жолын бөгеді.
Шорай иламия үйінде жиналып отырған үкімет адамдары бар және басқалар бар, большевик солдаттары жақындап келе жатыр деген хабарды естіп, жан-жаққа тарасып кетті. Сонан соң үкімет адамдарына енді қайтіп, екінші басын қосуға ешбір түрлі жол қалмады. Себебі: большевиктердің мылтық атқан дауысын естіген соң мұсылмандар қолдарына бар қару-жарақтарды алып, көшеге шығып қалды. Алдында үкіметтің: большевиктерге қарсы қару-жарақ алып шықпаңдар, әлі де болса мәмілеге келерміз деген сөзіне олар құлақ қоймады.
Өйткені олар большевиктердің мәміле сөзін бітірместен мылтық атуға бас салғанын көрген соң үкіметке, бәлки бүкіл мұсылман халқына жау болды деп, өз беттерімен қимыл қыла бастады. Сонан соң-ақ үкіметтің істейтін ол арада қызметі қалмады.
Қоқанда болған бұл көңілсіздік оқиғаның саяси себептерін бастан-аяқ түгел теріп жазуға замана әзір көтермейді. Соның үшін мен бұл хабарда бұл оқиға басталғаннан кейін өз басымнан өткен ахуалды ғана көптің алдына ұсынғым келеді. Аудара қарап, ақтара түсінген адамға бұл жазғандарымнан да бірсыпыра саяси қыртыс та көрінер.
Большевиктердің оғынан қашып, Қоқан қасындағы қышлақтардағы сарт ағайындардың ішінде бес-он күн жүрдім. Сол аз ғана күннің ішінде көрген жәбір-жапамды, дұшпан да болса, құдай большевиктерге көрсетпесін... Ергеш қарақшы бас болып, Қоқанда сарттар большевиктермен соғыс бастағанда оларда жеңілеміз деген ой тіпті болған жоқ. Соның үшін олар: енді сарт заманы болып қалды; Ергешті хан көтереміз; Ферғанада сарттардан басқа жан қалдырмаймыз; қазақ пен большевиктің ешбір парқы жоқ, ноғай болса, ол мұсылман емес; себебі Қоқанда бір ноғай мұғалімі аяғын құбылаға беріп ұйықтап жатқанын көрдік деп, қышлақ сарттары үрген местей көмпиіп, сарттан басқа жанның бәрін қырып жібермекке бел байлап, қолдарына пышақ, балта, шот, кетпен, орақ, арқан, жіп, қанжарларын алып, көшеге сыймай күпілдесіп кетті. Большевиктерден қашып паналап, мұсылман баласын дос көріп, заманасы тасыған сарттардың ішіне нағыз сол кезде мен де келіп қалып едім.
Көрген-білгеннің бәрін бұл арада тегіс айтып болмайды. Оның бәрі жаза берсе қағаз бетіне сыймайды. Соның үшін бұл жолы басымнан өткен оқиғалардың да ең орасан көзге түскендейлерін айтып өтемін.
20 (7) февраль сәрсенбі күні Гәухана деген қышлақтан бүкіл Ферғанаға белгілі Мой Мұбарак дейтін қышлақта тұратын Мұсахан қажы деген ишанның ғалымдар (ғалым) баласы Омархан төремен бірге Елеш қышлағының үстін басып, Құмбасты қышлағына келдік. Жолдасым атты, мен жаяу: сарттар жалдап мінуге көлік бермеді! Үстімдегі киген киімдерім сарт киімдері, аяқта кебіс, мәсі. Үсте ала шапан, баста қазандай ақ сәлде...
Барар жерім белгісіз болған соң, Қоқандағы соғыс басылғанша өзіміздің сарттардың ішінде қауіп-қатерден жырақ жүре тұрармын деген ой ғой, мені бір қышлақтан бір қышлаққа тентіретіп жүрген...
Құмбастыға келген жерде шетінен қару-жарақ асынған жиырма шақты сарттар келіп мені шап беріп ұстай алды.
— Ә, сән кім сән?
— Мұсылманмын.
— Қайсы мұсылмансың?
— Қазақпын.
— Қазақ қашаннан бояқ мұсылман?
— Әлмисақтан бері мұсылманмын.
— Сол қазақтың мұсылмандығында біздің шегіміз бар.
— Сендердің шектерің болса, біздің қазақтың да шәді бар.
— Шәді немене? Қане айтын?
— Шәді шеш кімлар диніне (ол «шеш кіме динин» маған бастан-аяқ түгел айтқызып шықты. Құдай бақ беріп жас күнімде жаттап алғандарымның ұмытылмағаны мұндай абырой болар ма!)
Осындай тергеу қойып болған соң сарттар анық сенгендей болса да, онымен қоймай тұс-тұстан анталап, ол жер, бұл жерімді шұқылап, мұсылманшылықтың онан көрі көзге көрінетін «нышанасын» іздей бастады. Сол уақытта қасымдағы менімен бір жетіден бері таныс жолдасым Омархан төре ат үстінде маңқайып тамаша қылып тұрғаннан басқа ешбір жәрдем көрсете алмады, ол бүкіл Ферғанаға атақты бір ишанның баласы болғандықтан маған жәрдем қылайын десе, бір ауыз сөзі ем еді. Ақырында мынау сарттардың жуық арада мені жібермейтініне көзі жеткен соң, атын борбайға бір салып, «шу» деп жүріп берді.
Сарттар менің мұсылмандық жағымнан ешбір кінә таба алмаған соң «Сен қазақ бұл жақта қайдан жүрсің?» – деп сұрады. Мен өтірік қоспай, жайымды айттым және Мұсахан қажы ишанның үйінде бірнеше күн мейман болып жатқанымды сөйледім.
«Мұсахан қажы ишанның үйінде жатқаның рас болса, оның баласы сені неге тастап кетеді?» — деді сарттар. Мен олардың бұл сауалына не деп жауап берерімді білмедім. Жолдасым молда Омархан көңіліне ғалым толып, онда жолдас қақылыққа да орын қалмаған екен.
Енді сарттар мені осы жерде ұстады: «Бәрібір. Бұл кім болса ол болсын, қайдан шықса одан шықсын, әйтеуір сарт емес екендігі ақиқат. Онан өзі де танбайды. Мұны өлтіру керек. Енді заман сарттікі. Бізге қазақ та бір, большевик те бір», — деп, қолымнан жетектеп, қышлақтың шетіне қарай, көшеменен «қазақ ұстадық» деп айғайлап, тұс-тұстан адам шақырып алып жөнелді.
Міне, өлтіруге жиналған адамның саны жетпіс-сексендей болды, бәрінің қолдарында қару бар. Мылтық, айбалта, қанжар, пышақ, келтек, шот, шоқпар. Менде өлмеймін деген ойға орын қалған жоқ. Ақыры өлтіреміз ғой деп, сарттар мені ұрып-соғып әуре де болған жоқ. Екі көшенің айырылатын жерінде үлкен бір ағаштың түбіне отырғызып, сарттар мені өлтірудің жабдығына кірісе бастады.
Екі қолым артыма таңулы, екі көзім байлаулы. Мойнымда қара қайыстан тұзақ. Ажалды күтіп мен отырдым!
Сарттардың ниеті мені екі аяғымнан ағашқа асып қойып, атып өлтірмекші, өзгелерден көрі маған рақым қылған сарттар бытырамен атса жаны қиналар деп, мылтыққа жалғыз оқ салдырды... Құдайдың әжеп құдіретіне, әділдігіне күман келтіріп болмайды. Дәл осы тайғақ кешу, тар жолда Алла әділдігі алдымнан шықты!..
Енді асамыз деп даярланып отырғанда, бір сарт келіп:
— «Сендер мұны қазақ дейсіңдер. Қазақтың неше түрлісі болады. Бұл өзі қандай қазақ екен, көрелік», — деп, көзімді шешкізді. Ол сарт көзімді шешкен соң, бетіме тура қарап жіберіп: «Ассалаумаликум, Мұстафа әпенді!» — деп жалма-жан байлаулы қолымды босата бастады. Екі көзі жасқа толып, мойнымдағы тұзақты пышақпен қиып жіберіп, отырған орнымнан тұрғызып, өзге сарттарға менің кім екенімді баян қылып, көп сөз сөйледі. Өздері өлтіруді қойып, мені қоқандыққа Ергеш қарақшының алдына жібермекші болып, қалаға бара жатқан адамдардың біреуінің атына мінгестіріп жөнелтіп салды...
Енді әлгі мені өлімнен құтқарған сартқа келейін. Бұл сарт (атын білмеймін) былтыр мардікер болып, соғыс тарапына барған көп сарттың бірі екен. Ол былтыр жұмыс басында зәбір көріп, Ферғанаға қашып бара жатқанда Петерборда маған кез болып, менен жол қаражаттық пұл алып, қажеті шыққан екен. Және былтыр мен биыл менің Петерборда, Түркістанда қылып жүрген қызметтеріме де сырттан қанық екен.
Құмбастыдан шығып, айдалған арыстанға ұқсап, кейін оралып, жоғарыдағы айтылған Елеш қышлағын басып, Гәуханаға жөнелдік. Елеш және Гәухана қышлақтары арасында бір сай бар. Сол сайдың басында олай-бұлай өткен сарттан басқа жанның бәрін ұстап, тергеп тұрған мылтықты үш сарт кез болды. Менің бөтен екендігім және ықтиярсыз қалаға айдалып бара жатқанымды білген соң, олар сөзге келмей мені атып өлтірмекші болды.
Аттан түсірді, жар басына отырғызды, мені бастапқы тұзақтан шығарған сарт Құмбастыда қалған. Енді бұл оқтан кім құтқарар? Әйтеуір көп қиналмай жылдамырақ өліп кетсем екен деп, көзімді басып отыра бердім.
Жалат сарт өзінің мергендігіне сеніп, «менің жүрегіме тигізе атсаң, қиналмай бірден өліп кетемін дегеніме болмай», көздеді ме, көздемеді ме, тарс еткізіп атып салды. Құдай өзі сақтады. Оқ тимей, зу етіп жанап кетті, сонан соң сарттар «бетбақтың бақыты бар екен!» — деп, қайтадан атқа мінгестіріп жөнелтіп жіберді.
Гәуханаға жеткен жерде әлгі қышлақтардың болысы (Қайнар болысы) Қатымқұл Мұқамбетұлы кез бола кетті. Ол мені бұрыннан таниды екен. Жайымды сұрап білген соң, жанымдағы мені алып келе жатқан сарттарға келіп, өздеріңді атып өлтіремін деп ашу қылып, оларды қайырып жіберді. Қатымқұл болыс мені өз үйіне алып барып, қонақ қылған соң, өзімнің айтуым бойынша қасыма жігіт қосып, Құдаш болысына қарай шығарып салды. Гуназар деген қышлақта Құдаш болысына жолығып, оның да мені пәледен құтқара алмайтындығына көзім жетіп, қайтып айналып Гәуханаға келіп, Қоқанда соғыс бір жайлы болғанша сонда жатып алдым.
Қоқан соғысы тоқтады. Ергеш қарақшысы қашып кетіп, қала большевиктердің қолында қалды деген хабар келді. Сонан соң сарттар ішінен желі шығып, солған қарындай жым болды. Қышлақ сарттарының бейілін білген соң, ертерек бұлардың арасынан шығып кетпекке қам қылдым. Бірақ көлік жоқ, ақшаға я салт ат, арба табылмай, жол бастауға жолдас шықпай жаман қиналдым. Заманасы көшкен сарттар тым болмаса жөн сілтеп, қышлақтардың атын айтпай, жаяу жүріп шаршап келгенде, таңдай жібітуге шай бермей, талай қорлықты көрсетті-ау. Алдында екі күн бұрын сарттан басқаның бәрін қырамыз деп, үрген местей кеуіп жүрген сарттар «қазақсың» деп, өлтірмек болып бір қинап еді. Енді большевиктер жеңген соң хан көтеретін Ергештері қашып кетіп, солған сарттар жөн сілтеп, жол көрсетуге кежірлік қылып тағы ыза қылды.
Екі күн жаяу жүріп, осындай бейнеттер шегіп, «Дағыстан» деген қышлаққа келдім. Сонда тоғыз тоқсан сомға жолдас жалдап, «қазақ-қырғыз қайдасың» деп қарлы таулар асып жөнеп кеттім және сарттарға сол арада «қош» айттым.
Көргендерім көп еді. Өзім осы күні көшпелі салтқа түсіп, ат үсті болғанымнан орнығып отырып, толықтырып жазуға уақытым жоқ, шырақтарым. Жеке жүрген бауырыңның дос тапқан халінен дұшпандық көріп, көңілі қапа болып тұр. Сөйтсе де Құмбастыдан басқа жер көрмеген, сарттан басқа ел көрмеген ғауамдардың маған қылған жаманшылығын бүкіл сарт халқына жабыстырғым келмейді-ау.
«Бірлік туы» арқылы «Алаш азаматтарына» сәлем. Құдай тірлікте күліп-ойнап жолықтырсын. Жатқан жерім белгісіз, жария қылып болмайды.
24 (11) февраль. Тау арасы.
Мұстапа»
Міне, Қоқан министрі Шоқайұлы мырзаның хаты. Қоқанға барып қоқайып министр болып отырғанда жалпы өзбектер мен жалпы қазақ халқының «тілегі бойынша» отырдық деген «ердің» жайы осы.
Шоқайұлының хатында өтірігі көп болуға керек. Шынында Қоқанның қамалындағы большевик пікірлі солдаттарды Шоқайұлдарының солдаттары тұтқынға алмақ болып, түнде барып тиіп қалған. Қоқаңдап қамап оқ атқан. Сонсоң ғана қамал солдаттары Шоқайұлдарын қуған. Бұл туралы Ташкенде шыққан «Жаңа Түркістан» деген орыс газетінің 13 (30) нөмірінде жазылған.
Бірақ сарттар «иманын» есіне түсіріп, «құдайын танытқанға» Шоқайұлы ырза тәрізді.
Шоқайұлы әуелі Ақмешіт қаласынан қашқан. Бұдан бұрын Шоқайұлы Ақмешіт қаласында Абылайхан ұрпағы төре Қасымұлын уездік «әкім» қылмақ болып, неше күн, неше түн әрекет қылып, топта аузынан сілекей аққанша сөйлеген. Ақмешіт уезінің барлық қазақтарын Шоқайұлы қолына алған. Сүйтіп, «жеңіп» тұрғанда, Ақмешіттегі үркердей большевиктер келіп, Қасымұлының иығындағы «мұра шендерін» жұлып тастап, өзін қамап тастаған. Шоқайұлы Ақмешіттен жымып қаша жөнелген. Содан Қоқан өткен. Сырдария облысының Түркістан қаласында болған облыстық қазақ съезінің басында болған. Мұны да айта кету керек болады; бұл съезге Алашорданың бас үкіметінің атынан Бақыткерей Құлманұлы, Міржақып Дулатұлы келген. Съезді шақырған бюроның бастықтары тағы Абылайханның ұрпағы Әзімхан төре Кенесарин мен қоңырат Байұзақ датқаның баласы болған. Съезде төрағасы сол Әзімхан төре болған. Бұл съезден Шоқайұлы Қоқанға келіп, Қоқаннан құр дәрінің дауысынан қашқан. Қашқандағы суретін хатынан жақсы білуге болады. Бұл хатқа қарағанда да Шоқайұлын құр дәрілеп атқан мылтық дауысымен біраз қорқытып мазақ қылып жіберген тәрізді. Сарттар мазақ қылып апарып, жар басына отырғызып қойғанда, Шоқайұлы мырза шоқайып отырып, Құдайға жалбарына білгеннің арқасында аман қалған...»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет