ОФИЦЕРЛЕР ДАЯРЛАУ Россия мемлекетінің қазіргі бейтәртіп бүліншілік күйінде қазақ басын бағып, аман қалайын десе істейтін шарасы тез милиция жасау. Ол милиция автономия болса да керек, болмаса да керек. Майданда соғыс тоқталғанына көп болды. Майдандағы әскерлер қайтқаны қайтып, қайтпағаны большевиктерге қосылып елмен соғысып жатыр.
Большевиктерге қосылып жатқандар оңай олжаның адамдары. Шаруасы бар солдаттар ел соғысына қатыспаймыз деп екі жақта да үйіне қайтып жатыр. Қайтқан солдаттар қару-жарағымен қайтып келеді. Майдандағы солдат қолында не қару-жарақ болса, сонысымен келеді. Орыстың поселкесінде адамы солдатқа бармағаны жоқ. Әр поселкеде майданға барып жатқан адамы біреу-екеу емес, бірнешеу, солай болған соң орыс поселкелерінде соғыс әдісін үйреніп, соғыс қару-жарағын асынған бойында еліне келген адамдардың басы құралған. Олар қолында қару тұрған соң өзінің күшті екенін біледі. Олар зорлық қылайын лесе қолынан және келеді. Солдаттардың бұзықтары большевиктерге қосылып, елге келген түзіктерін бұлар күштімін деп себепсіз зорлық қыла бермес деп, жұбата беруімізге болар ма, болмайды. Екі-үш айдан соң жаз келеді. Мұжыққа жыртатын жер керек болады. Қазақ арасында отырған орыстар жер керек болса, қазақтан аламын демей кімнен аламын дер? Жері бар помещиктердің жерлерін, малдарын, мүліктерін ішкі жақтың мұжықтары қалай алғанын майданнан қайтқан солдаттардың көргені көріп, көрмегені естіп келіп жатыр. Жерге менікі, сенікі жоқ. Жер құдайдікі, онан соң кім еңбек сіңіріп пайда шығарса, соныкі деген сөздер қайтқан солдаттардың да, мұндағы мұжықтардың да құлағына бостандық болғаннан бері сіңіп болған.
Ішкі жақтағы мұжықтардың ісін көріп отырған адамдар шошитын түрі бар. Әлі жетсе мұжықтар ақылды керек қылмайтын көрінеді, мұнымыз жөн бе, жөн емес пе деп ойлану деген халықта тіпті жоқ көрінеді.
Қысқасы, мұжық әлі жетпейтін жерде ақылды керек қылып ойланады. Әлі жетіп тұрған жерде мұжық ақылға салып, алды-артын тексеріп іс қылады деп ойламасақ керек.
Осы жағынан шошығаннан милиция мәселесі автономиядан бұрын қозғалған, милициямызды жасамай жатып шашылып отыра берсек, жаз болысымен жер тақырыпты талай шатақ шығатыны шәксіз, сонда мұжықты қазақ ақылмен тоқтата алмас. Айбынмен тоқтатар. Сол айбын милиция болар. Қазақ милициясы бар деген соң қазақты басынып, басып-көктеп іс қылудан кім де болса тартынар. Осыны ұғыну керек. «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген.
Оны баптап, баяндап айтпай-ақ осылай ұғындырса да түсінерлік нәрсе ғой. Шынын айтамыз деп сырын айту болып кетеді.
Қазақ баласын қорғауға милиция керек. Милицияны үйрететін офицерлер керек. Ол екеуі де қазір жоқ. Милицияны қалай жасау жағы декабрь съезінің қаулысында түгел айтылған, енді айтайық деп отырғанымыз офицер болуға қандай білімі бар адамдар алынатынын түсіндіреміз:
Юнкер школының бастығымен шарт мынаған келіп тірелді. Юнкер школына кіруге атты қазақтарға деген толып жатқан шарттары бар екен. Олардың бәрін қазақ туралы тексермейтін болды. Қазақ жастарын өзі оқытпақшы, жақсысын берсе жақсылығын өзі көреді, қазақ жаманын берсе, жамандығын өзі көреді, сондықтан жақсысын берер дегенге келтіреді. Сондықтан бергендеріңді аламыз дейді. Бірақ орысша жақсы «грамотный» адам болсын дейді, яғни орыс тілін және жазуын жақсы білетін адам болса болғаны дейді. Өлшеуі осы, өлшеуімен сынап аламыз дейді. Әлгі айтылған екі білімнің кіретін адамда шамасы қандай екенін байқамай алуға болмайды; шамасын білмей алып қойып, орысша оқу-жазуды бастан үйрету мүмкін емес еді.
Ал, Алаштың азаматтары! Юнкер школына кіру өлшеуі осы. Айтылған шама қатарлы орысша білімі барларын және ұлтын қорғау жолында қызмет істейтін талабы барларын юнкер школына кіруге ниеттерің болса, «Қазақ» басқармасына кешікпей білдірулерің керек. Қайда оқығандарыңды да білу ақыл. Бір рет алатыны 24 кісі, I/ІІ-де оқу басталмақ. Оқу үйінде барлар 1 февральға келіп кіруге оған дейін ниеттерін басқарма школ бастығымен сөйлесіп, жұмыстың бәрін бітіру керек.
Юнкер школына жастар кіруге әзірге ең аз болса, 30 мың сомдай керек. Ол ақшаны «Алаш Орда» жастар школға кірместен бұрын даярлау керек. Қазір Алаш Орданың қолында съезд тарқарда берген Отарбай қажы Қондыбайұлының 12 500 сомынан басқа ақша жоқ. Елден ақша тез жиылмайтыны мәлім. Солай болған соң байлар Отарбай қажының істегенін істеп, Алаш автономиясын әуелгі кезде көтермелеп жіберулері тиіс еді.
Ноғайлар автономия болса ұлт қазынасына деп байларынан ақша ағыл-тегіл болып құйылып қалады. Біздің байлар да әуелі өздері үшін, екінші ұлт игілігі үшін шабандық қылмай Алаш Ордасына ең болмағанда қарызға қаржы беретін жөні жоқ па?..»
Шіркіндерің солай сарнап жатты...
Олар өйтіп жатқанда, біздің іс қайнаған қалпында жүре берді. Совет үкіметі күн сайын күшеюде. Большевиктерге қарсылық қылып жатқан аймақтар күн сайын әлсіреуде. Біздің көзімізді қадап, құлақтарымызды түріп, алыстан бағып отырған жеріміздің бірі — Орынбор. Орынбор казак-орыстарын Дутов деген атаманы бастап, Совет үкіметіне қарсы тұрып, большевик әскерімен ереуілдесіп, қағысып жатқан. Орынборға біздің көзімізді қадайтынымыз – «Алашорданың» басқармасы Орынборда. Барлық Қазақстанға нұсқау беріп, «Алаштың» ордалық туын көтеріп отырған «Қазақ» газеті Орынборда. Ал «Алашорданың» орталық үкіметі Орынбордан кетпек хабарын газеттен көргеміз...
1918 жылдың қаңтар айында Орынборды большевиктер алды. Атаман Дутов қашты деген хабар алынды.
Енді біраз күнде Орынбордағы «Алашорданың» бастықтары: Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Омарұлдары Орынбордан қашқан бетімен біздің Ақмола уезін басып, Семей өтті. Біз білмей қалдық. Бұлар қонып кеткен бір ауылдың қазағы екі күннен соң Ақмолаға келіп маған айтты. Бұлар жолындағы Спасск заводына соғар деп, мен тез Спасск заводының жұмыскерлер советіне уездік Совдептің атынан телеграмма бергіздім. Екі күннен соң «олар өтіп кетті...» деген заводтан жауап телеграмма алдық...
Орынборды большевиктер алған соң «Қазақ» газетінің жаңа шыққан нөмірлері келді. Газеттің шығарушысы жаңа адам — Әбілхамит Жүндібайұлы деген кісі. Қайта шыққан «Қазақ» газетінің 1918 жылы 27 (14) ақпанда шыққан 261-ші нөмірінде жазылған «Орынбор жайы» деген мақалада, Орынбор алынғаннан кейінгі түрді және алынар қарсаңдағы түрді былай жазады.
Газеттен: