ТАШКЕНТ. 18 (5) АПРЕЛЬ Түркістан аймағындағы большевиктердің кіндігі болған Ташкентте жақын арада жергілікті совет қайта сайланып қойылды. Бұл сайлаудан бастап аз-маз жақсылық күтіп игілік үміт қылушылар біржолата алданды. Большевиктердің әлі де болса халық пікірін, жұрт тілегін ескермеу жолынан шетке шықпағандығы осы сайлау уақытында ашық көрінді.
Олар өздері ұнатпаған 26 халық ұйымдарының өкілдерін жиылыстан қуып шығып, Советтің басқарушы комитетіне ылғи өз адамдарын ғана өткізіп отыр.
Енді осы уақытта Ташкентте Түркістан аймағындағы Советтердің жалпы съезі болайын деп жатыр. Бәлки, мұнан да халық үшін жақсылық дәме қылушылар бар шығар. Бірақ бұл жолы да олардың алданып қалуы шәксіз. Жалғыз құрал күшіне ғана табынып, халықтың тілегін шыбынның ызыңдағаны құрлы көрмейтін большевиктер іс басында тұрғанда жұрт үшін игілік күтудің орны жоқ.
Большевиктер соңғы кезде Түркістан автономиясы туралы әр жерлерде көбірек сөз қыла бастады. Бұл туралы Ташкендегі жаңа советтің бірінші жиылысында жолдас Тоболин бірталай сылдыраған сөздер айтты. Онан соң Мәскеудегі ұлт істері комиссары Сталин Түркістанда автономия жасаудың қамына кірісудің керектігін білдіріп телеграмма беріп отыр.
Түркістанның автономиялы болуы ондағы барлық халықтардың ең қасиетті тілектері екені белгілі. Өзгерістің басынан бері қара халық өзінің бұл тілегін әр жерлерде-ақ қақсап айтып келеді. Сол себепті жарыққа шығып іске айналуына тілектес болмайтын жан жоқ.
Бірақ большевиктердің жұртқа уәде қылып отырған бұл автономиясы мен шын халық тілеген автономияның арасы жер мен көктей. Халықтың бұл күнге шейін тілеп келген автономиясы жұрттың өз тізгіні өзінде болып, оның тіршілігіне шеттен ешкімнің араласпауы мағынасында, халық бұл тілегін жарыққа шығаруға бұл күнге шейін ыждағат қылып келеді. Әлі де болса ыждағат қылады.
Ал енді большевиктердің Түркістанда жасамақ болып жүрген автономиясы анау автономияға тіпті жуыспайды. Олардың ниеті халықтың өз тізгінін өзіне беріп, оның тіршілігіне қол сұқпау емес. Бәлки, іс басына қара бұқараны қоюды сылтау қылып, жұртты ылғи бұзақылардың қолына байлап бермек.
Большевиктер екі сөздерінің бірінде: «біз автономияға қарсы емеспіз. Автономия біздің программамызда бар. Бірақ біздің қуаттайтын автономиямыз байларға ғана жақпайды. Біз автономияны жалғыз қара бұқара пайдасына лайық жасамақпыз, соның үшін біз бұқара пайдасына бола советский автономияны жарыққа шығарамыз дейді.
Олардың жасамақшы болып жүрген автономиясында тізгін жалпы халықтың қолында емес, жалғыз советтер қолында болмақ. Советтерге жалғыз бұқара кедейлер тонын жамылған азғындар кіріп іс басында солар тұрмақ. Солай болған соң мұндай автономияның біздің жұртқа қаншама пайдалы екенін түсіну тіпті қиын емес.
Советский автономия жасаған болып іс басында ылғи онан-мұнан құралған бұралқы қаңғыбастар отырмақ, біздің халықтың өз бұқарасының надандығын сылтау қылып, әлгідей бұралқы «жолдастар» біздің жұртқа өз ойларынша тон пішпек. Мұнан кімге пайда?
Автономия деген құр аты болмаса, ол уақытта іс басында тұрушылар осы күнгі советтерде кімдер отырғаны жұрттың өзіне мәлім ғой. Өкімет тізгінін советтер алғалы біздің жұрттың қаншама игілік көріп тұрғаны да көз алдымыздағы нәрсе. Советтер қожайын болғалы әр жерлерде халықтың азды-көпті ауқатты адамдары таланып жатыр. Кей жерлерде жұрттан «оннан бірі» жиылып алынды. Мұның пайдасын біздің бұқарамыз — мұсылман бұқарасы көрді ме? Советтер жинаған сол «оннан бірдің» жүзден бірі осы күні аштан қырылып жатқан қазақтың сорлыларына тиді ме?
Қайта сол «оннан бірден» артық зиян көріп отырғанның өзі сол қазақтың бұқарасы, кедейлері. Байлар, қолында пұлы барлар елге шыққан «жолдастармен» жең ұшынан жалғасып, малын жасырып, аман қалып, оны қыла алмаған сорлылардың малы артық шағылып сорлап жатқанын кім білмейді.
Большевиктер тіл ұшымен бұқара-бұқара деп қақсағанда ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Ал енді өздерінің қай жерде шын бұқара тілегін тыңдағаны бар! Декабрь ішінде Қоқанда бүкіл мұсылман жұмыскерлері мен диқаншылары съезд жасап қаулылар шығарды. Бұқара пікірі екен деп оған елең қылған большевик болды ма? Оның бер жағында большевиктердің Түркістанда қылып жатқан бұзықтықтарында есеп жоқ. Соның бәрін олар қайсы бұқараның тілегі бойынша қылып жүр екен? Қоқанда және Бұқар қырғындарына қай халықтың шын бұқарасы ырза? Сөйтіп отырып олар осындай істерінің бәрін жергілікті бұқара пайдасы үшін қылдық деп көрсетеді.
Осы күні жұрттың шын қызметкер білімді азаматтары қашқында жүр. Қолдарына түсірсе, большевиктер оларды өлтіреміз деп дік-дік етеді. Бұл туралы біздің шын бұқараның пікірін, тілегін кімнің сұрағаны бар, кімнің тыңдағаны бар? Олар сол қашып жүрген азаматтарды өздерінің дұшпандары деп қай жерде айтып еді?
Бірақ большевиктердің тізгінді советтерге береміз деп жүргендегі ниеттері халық бұқарасының пайдасын көздеу емес. Олар тек бұқараны сылтау қылып, іс басына ылғи әлдеқайдан жиналған сілімтіктер, ішіп кетер, жеп кетерлерді қолға алып жүр. Оларға шын бұқара пайдасынан да өздерінің қалтасы қымбат... Олар бүгін... жемсаулары толған күні әлдеқайда жытып кететін сұрқиялар. Мұны біз көрмей отырғанымыз жоқ. Түркістанда қанша уақыт қылышынан қан тамып тұрған және «бұқара пайдасы» үшін Қоқанда қырғын жасаған Пірпловтар, Стасковтар осы күні Қоқанда жүр...
Бұқара қожайындығы, жұмыскерлер қожайындығы дегенде большевиктердің ауыздары тола кетеді. Біздің Түркістан мен Қазақстанда бұл сөздердің не мағынада жүретіндігін білеміз. Бізде я халық қожайындығы болады. Я бұқара қожайындығы атын жамылған бұзақылар қожайындығы болады. Шын бұқара қожайындығы жалпы халық қожайындығынан басқа бізде болуға мүмкін емес!..
(«Бірлік». Газеттің уақытша редакторы С. Қожанұлы ) 1918 жылдың жазы шықты. «Алашорда» да және оның інішектері де қарап жатпады. Бұлардың Омбыдағылары большевиктерге қосылған Мұқан Әйтпенұлы мен Көлбай Тоғысұлының арасына от жақты. Екеуін жауластырды. «Киімді шайтандардың» әрекеттерімен ақырында Көлбай Мұқанды арестовать еткізіп қаматты. Сонсоң тез Мұқан қамаудан шықты. Енді Көлбайдың үстінен қаралайтын материалдар жинап, Совдеп арқылы Көлбайды қаматтырды.
Омбыда оқып жүрген жастардың 1914 жылдан бері келе жатқан «Бірлік» ұйымының мүшелерінің көбі әбден «Алашорданың» жолына түсіп алған соң, жүректері сезімді біраз жас «Бірлік» ұйымынан шығып, Совет туының астына кірген. Олардың үйткенін айтып кеткем. Кейін толығырақ баяндаймын... Ал «Бірлікте» қалған «Алашорданың» қазақтары Көлбайға аласұрып жабылды. Көлбайдың үстінен қаралап, Совдепке «материалдар» жинап жаудырды. Елде болыстық билік, старшындық, «партия» таластарында бірін-бірі қаралауға, өтірік арыз, ұятсыз шағымдарды көп көріп, ысылып қалған қазақ балалары «материалдар» жинауға қандай ұста болады!
Менің өз басым Көлбайды ақтауға ақтығын білмеймін. Қаралауға қаралығын білмеймін. Бірақ Омбыда оқып жүрген «Бірлік» ұйымындағы «Алашорда» ұландары Көлбайды Совдепке қаралауға материал тапты.
Семейдегі «Алашорда», «Сарыарқа» газетіне телеграммалар соқты, «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 15 сәуірдегі 38-нөміріндегі басылған Омбыдағы «жас алаштардың» телеграммаларының түрі мынадай еді: