Сары – байлықтың белгісі. Тілімізде кездесетін «Қағанағы қарық, сағанағы сарық» тіркесінің бүгінде мағынасы көмескі секілді көрінгенімен, бұндағы сарық сөзі алтын, яғни көл-көсір байлық мәнінде қолданылғандығын байқауымызға болады.
Абай поэзиясындағы көрінісі:
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі – сары алтын.
Сабырлы болғанды дұрыс санаған халық сөзін қолданып отыр.
Сары сөзінің бір мағынасы – кеңдік. Тілімізде сары сөзі дала, арқа, жазық, бел, жайлау т.б. көптеген сөздермен тіркесе келіп, кең, шексіз, ұшы қиыры жоқ деген мағыналарды білдіреді.
Сары түсінің келесі бір мағынасы – адамның немесе малдың жас мөлшеріне қатысты туған мағынасы. Мәселен, жер ортасындағы кексе әйел не ер адамға қатысты сары қарын бәйбіше, сары кідір еркек немесе сары кідір әйел тіркесіндегі сары сөзі біршама өмір көрген, үлкен адам деген мағынаны беріп тұр. Сары сөзінің үлкендік мағынасы халық батасында көп кездесетін «Ақ қас, сары тісті бол!» деген тілектен де көрінеді. Малдың жас мөлшеріне қатысты сары қарын бие, сары тіс айғыр деген сөздерден де сары сөзінің жас емес, кәрі мағынасында келгендігін байқауға болады. Алайда, осы сары сөзінің үлкендік мағынасымен қоса оған қарама-қарсы, жас мөлшеріне қатысты кішілікті білдіретін де мағынасы бар. Бұған тіліміздегі сары ауыз балапан, сары үрпек, сары бала тәрізді сөз тіркестері дәлел.
Сары сөзінің ендігі бір мағынасы – уайым, қайғы, мұң-шерге, ұзаққа созылған әрекет, процеске байланысты және сол ұзақ процестің нәтижесінде пайда болған әртүрлі сипатты білдіретін сөздер. Мәселен, сары сөзінен уайым-қайғыға байланысты пайда болған сары уайым, сарыла күту сөздерінде сағыныш мәні жатса, сары күз, ұзынсары тіркестерінен ұзақ уақыт түсінігі аңғарылады. Сары сөзінің негізінен сарық сөзі, сағыныштан сарғаю, сары жамбас болу, сары төсек тіркестері де қалыптасқан. Сары түс–ақыл-парасаттың да белгісі: Қолы ашық, сара-таза жүрегі, Білімді, есті, даңқты әрі ірі еді (Ж.Баласағұн)
Абайда:
Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны
Садаға кеткір сұрайды
Самарқанның бөзіне.
(Патша құдай, сиындым,27 бет)
Қымбат пен арзан дүниені салыстыру мақсатында жұмсалған.
Сұр түс те қазақ танымында өзіндік мәнге ие. Мысалы, суықтық, ызғар, қиындық сұр арқылы бейнеленсе, адамның көңіл күйі, салқындық, долы мінез, ренжу, қиналу сәттері сұр түс арқылы беріледі. Мысалы,
Достарыңызбен бөлісу: |