Тақырыбы: Абай өлеңдеріндегі түр-түс концептісі кіріспе жұмыстың өзектілігі



бет6/21
Дата06.01.2022
өлшемі160 Kb.
#12899
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
1. Негізгі лексикалық, сын есімге тән мағына: «Ақ серке қой бастайды, Ақын жігіт той бастайды» деген мақалдағы ақ серке тіркесіндегі ақ сөзі өзінің тура түстік мағынасында тұр.

2. Ауыс мағына: мұның өзі де іштей неше түрге жіктеледі, «сүттен ақ, судан таза» дегендегі «ақ» атауы - өзіне тән көптеген ауыс мағыналардың тек бір қырын ғана – «күнәдан таза, айыбы жоқ, таза адам» дегенді аңғартып тұр.

3. Туынды мағына: «Кедейдің аузы аққа тигенде, мұрны қанапты» дегендегі «ақ» атауы «сүт», «сүт тағамдары» деген мағынада жұмсалып тұр. Бұл мағынаның туынды болуы, сүт тағамдарының басқа қасиеттеріне емес, түріне, түсіне байланысты жасалуында.

4. Символдық мағына. Түр-түстердің негізгі лексикалық мағынасы белгілі бір зат пен құбылысқа тән бояу реңкті анықтау нәтижесінде, ауыс мағынасы олардың арасындағы логикалық байланыс пен ұқсастықтан, туынды мағынасы мотивтік сәйкестік негізінде пайда болса, символдық мағынаның қалыптасуы бұлардан сәл өзгешелеу. Символдық мән-мағына әдетте, нақтылы заттармен бірге олардың сыртқы бояу реңкіне байланысты және қоғамдық өмір салты, дәстүр, ұлттық таным, әдет-ғұрыпқа қатысты қалыптасуы шарт. Демек, символдық мән-мағынаға ие болған заттар мен құбылыстар тілдік тұрғымен қатар этнолингвистикалық таным тұрғысынан да қаралады. Осыған орай тілдегі түр-түске байланысты символдық мағыналар жалпылық қасиеттерімен қатар жекелігімен, ұлттылығымен ерекшеленеді. «Символдық» мағына – түстің тілдегі табиғи түсінен тыс мағына. Мұнда көрстетіліп тұрған түс мағынасы сақтала отырып, белгілі бір ел, қоғам қабылдаған ұғымды да түсіндіреді, ол – сол түс беріп тұрған таңбалық мағынаның қызметі. Сонымен бояу түсіне әдейі мағына бергенде ғана ол тілдік таңбаға, белгіге айналады. Тілдік белгіге құбылыс бейнесі мазмұнынан шығатын идеялық мазмұн тән. Белгі түріндегі түсте тек қана таңбаланған бейнелер түсіндірілмейді. Бейне бұл жағдайда барынша кең түрдегі белгілі бір ойды жеткізеді. Белгілік таңба (түс таңбасы) өзінің сыртқы тұлғасында белгіленетін бейнесінің мазмұнын қорытады. Сондықтан да ұғымға таңбаланған, түс мағынасындағы сөз – нақты тілдік бірлік, ал оның нысаны абстрактілі болып келеді.

Кез келген ұлт мәдениетіндегі түр-түс әлемі өзіндік ерекшелікке, өзіндік белгілік таңбалық мәнге ие. Яғни, «мәдениеттегі түр-түс» арқылы халық өзіндік эстетикалық көзқарасын, эмоциялық қалпын, адамгершілік түсініктерін білдірген. Қоршаған орта, аспан әлемін тіпті кез-келген материалдық мәдениетке байланысты заттар, киім-кешек, құрал-жабдық, болмаса рухани мәдениетке қатысты салт-дәстүрді түр-түссіз қабылдау мүмкін емес. Онсыз оның болмыс-бітімі толыққанды болмайды. Сондықтан түр-түс – ұлт мәдениетін танытатын бірден-бір жол. Ол өз тамырын терең жайып, ата- бабамыздың мифтік түсінігімен де астасып жатады. Адам баласы өзін қоршаған табиғатты, өзін-өзі, қоғамдағы заттар мен құбылыстарды жан-жақты да терең танып білудің көптеген тілдік қайнар көздері мен тәсілдеріне түр-түс әлемі де жатады. Адам баласы әртүрлі түр-түсті бір-бірімен салыстыра отырып ажыратады. Олардың бір тобы адамға жылы көрінсе, енді біреулері суық болып көрінеді. Осыған байланысты түстерді жылы және суық түстер деп бөлу қалыптасқан. Бұған себеп: ыстық оттың жалыны қызғылт, қызыл екені, суық мұздың түсі көкшіл, жасыл, қаракөк екені түсінікті. Бірақ табиғаттағы түр-түстердің барлығы әр уақытта да бір заттың, құбылыстың түр-түсін, өң-реңкін, сыртқы сипатын ғана анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар түр-түс атауларының мүлдем түр-түске қатысы жоқ немесе одан мағынасы тым алыс ұғым-түсініктерді білдіре алатыны белгілі. Басқа халықтардағыдай қазақ халқы үшін де әлем екі түске – ақ пен қараға бөлінген. Оның бірі ақ түс – күллі игі жақсы қасиеттер иесі болса, қара түс – жамандық біткеннің белгісіне ие. Бұл түсінік халық санасына терең ұялап, оның тілі мен ойлау жүйесінен орын алған. Сондықтан ақ түс күні бүгінге дейін жақсы бастама атаулының бәрінен де табылады. Өйткені ол сұлулық әлемінің, адамгершілік қасиеттерінің біртұтас жиынтығын құрайды. Қазақ халқының ежелгі дүниетанымында дүниені төрт бұрышты деп түсініп, әр тұсқа өзіндік таңбалық түс бергені белгілі. Сонда қара түс солтүстікті белгілейді. Астарында қазақ халқының ғарыштық дүниетанымының ұлттық белгілері жатқан табиғат құбылыстары мен жан-жануарлардың түр-түстік символикасына қазақтар үлкен мән берген, халықтың ұғымында ақ, қара түс атауларымен бірге, ала түсінің де қасиеті ерекше. Ала – орта дүниенің, жер бетінің таңбасы ретінде көптеген ұлттық әдет-ғұрыптарда маңызды орын алады: «Өлікті жөнелткенде абыз ала жіптің бір шетін мәйіттің денесіне денесіне байлап, бір ұшын өзі ұстап: «Ала жіп, ала жіп, бұл кісінің бар күнәсын ала біт!», – деп айтады». Қазақ танымында алалық, түстілік, алапестікке байланысты әңгімелер тектен-текке айтылмаған, бұлар таза мифтік түсініктің қарабайырлануы (профанация) нәтижесінде ежелгі мән мен идеяның ұмытылып кетіп, есте сақталып қалған сөз тіркесі мен әңгіме фрагменттері кейінгі жағдайда басқаша түсіндіріліп жүр. Тілші-ғалым Б.Ақбердиева осы сөздің негізгі символдық белгісі ретінде күнге тәуелді етеді. Яғни, алалық – күн белгісі, атрибуты. Қазақ дүниетанымында мұндай күнтекті белгі ретінде қал, қалша, пес, шұбар сияқты сөздер қолданылады[5]. Алалық пен алапестікті кейін тек ауру-сырқат болар деп түсінген. Шындығында пес сөзі де дақ, қал дегенді білдіреді. Оны белгілі сырқатқа телу – кейінгі қазақ тілінің дәстүрі, ертедегі қазақтар ежелде күн бетіндегі дақты қалға, меңге ұқсатқан. Ала сөзіне қатысты көптеген атауларда уақыт мағынасы сезіліп тұрады. Ала түсінің уақытқа қатыстылығы жөнінде мифолог С.Қондыбай ала сөзін ертегі-аңыздардағы ат-жылқылардың түсіне қатыстыра отырып, ала аттың күн мен уақыттың символы екендігін айтады. Ол қазақ жылқыны түстеуге келгенде алдына жан салмайтындығын ескерте отырып, ала түс ұғымына шұбар, тарғыл, сарыала, бурыл, қызылкүрең сияқты бірнеше түс араласқан қосындыны ала түс деп орташалап алып, мифтік тұрғыдан қарастырады[6]. Қазақтың эпостық жырлары мен өткен ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларында ала сөзі ат, оның ішінде азбан ұғымында жиі кездеседі. Ала, алаша ат – мықты, күшті, жүйрік аттың символы, алалық түске байланысты емес, медиаторлық қасиетке берілген атау. Сонда ала, алаша атты мифтік триадалық символдың тіліміздегі лексикология-фразеология жүйесіндегі көрінісінің бірі деп тануға болады. Сондай-ақ, тілімізде осы сөзбен кездесетін сөздер мен сөз тіркестерінде алаш, аласапыран, алай-түлей, алапат т.б. жер жүзі, жер беті, тіршілік, өмір сүру, күресу, мифтік таныммен айтқанда орта дүниеліктің белгісі бар екендігін айта кету керек. Себебі жер бетінің белгісі ала түспен белгіленеді.

Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінде, аңыздық мифтерінде, бақсы сарыны мәтіндерінде сары түс атауының төңірегінде жасалған символдық мағыналы сөздер де көптеп кездеседі. Көбінесе бұл сары сөзі адам, пері, шайтан аттарына, яғни белгілі бір субъектіге қатысты қолданылған ( Мыстан, Сарықыз, Күнікей, Бекторы және т.б.). Сары түсінің жағымсыз кейіпкердің символы екендігін, басқа да халықтардың мифтік аңыз-әңгімелерінен аңғаруға болады.

Қазақ мифіндегі көк түс аспанға қатысты, оның тәңірлік сипаты болған. Бұл танымның тереңде жатқандығын Күлтегін ескерткішіндегі «Биікте Көк Тәңірі, Төменде қара Жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған» жолдары дәлелдей түседі. Ата-бабамыз дүниені төрт бұрыш деп түсініп, әр бұрышқа өзіндік символикалық реңк-түс берген. Атап айтқанда, шығыс – көк, оңтүстік – қызыл, солтүстік – қара, батыс – ақ түс деген күн айналымына негізделген таным. Осындағы шығыстың символы ретінде көк түсін киелі санаумен байланысты қазақ халқы шығысты да қасиетті санап, шығысқа қарап тілек тілеген, киіз үйдің есігін шығысқа қаратып ашқан. Бұның бәрі ұлы «көк» – аспан тәңіріне табынудан келіп шыққан. Демек, көк түс -адалдықтың, мәңгіліктің, тұрақтылықтың символы ретінде «мәңгілік көк аспанмен», «тәңірімен» ұқсастырылады. Осы түсінік жеті қат көк, тоғыз қат көк тіркестерімен бейнеленген. Еліміздің туының түсі ашық аспан түстес болуын да көк түсінің ерекше ықыласқа бөленуімен түсіндіруге болады.

Сонымен түстердің дүниетанымдық қызметін көрсетуде Ж.А.Манкееваның сөзімен қорытындыласақ, олар «өмір сүруді қамтамасыз ететін мәдениетке жататын дүниелердің мәдениетке қатысы адамдардың тек өмір сүруі үшін қажет мұқтаждықтарын ғана қанағаттандырып қоймай, сонымен бірге олардан жоғары тұратын социогендік, символдық және эстетикалық қажеттіліктерін де өтейді» [7, 53 б].






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет