Мұқағали Мақатаев Алматы қаласында дүниеден өтті. Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды (“Мавр”, “Дариға-жүрек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің”). Дүниеден өтер алдын “Реквием” атты толғау-өлеңін жазды.
Шығармалары өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалып, шығармашылығы турасында 700-ге тарта еңбек (мақала, естелік-эссе, роман, поэма, өлең, т.б.) жазылған. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985), оған ҚР Мемлекеттік сыйлық (1999), “Ғасыр ақыны” атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды.
Ақынның өзі өлгенмен, аты өлмейді
Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар.
Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды.
1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды.
Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.
1999 жылы Мұқағалидың «Аманат» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды (Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық).
2011 жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы түрлі деңгейде аталып өтті.
Алматыда ақын Мұқағали Мақатаевқа қойылған ескерткіш.