Ертегілердің тілінде, көркемдігіне талдау жасаңыз.
Қазақ ертегілерін М.Әуезов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасев т.б. ғалымдар арнайы зерттеді. М.Әуезов қазақ ертегілерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, тарихи даму жолдарын зерттеді, ертегілердің әдебиет тарихынан алатын орнын анықтады. «Ертегілер» атты ғылыми еңбегінде қазақ ертегілерін жан-жақты алып тексереді, мазмұнына қарай тақырыпқа бөледі, көркемдік ерекшеліктерін анықтайды. Қазақ ертегілері (төрт мыңға жуық) сан алуан. Оларды кезінде бірқатар ғалымдар хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты еретігілер, шыншыл ертегілер деп бірнеше топқа бөлген болатын.
Хайуанаттар жайындағы ертегілер(«Арыстан, қасқыр, түлкі», «Арыстан мен түлкі», «Батыл есек», «Айлакер тышқан», «Қарға мен лашын» т.б.) астарлай, кейіптей айтылады. Оның әр жағында миф пен тотемистік түсініктер жатыр. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар сатира және юмор арқылы астарлай беріліп отыратындығы сюжеттік ерекшеліктердің бірі болып табылады. «Хайуанаттар туралы ертегілер көне заманда елдің және аңдардың, малдың киесі бар деген сенім қалыптасқан кезде пайда болған(ақ қасқыр, шопан ата, Шек-шек ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Қамбар ат т.б.) ол дами келе тыңдаушыны қуантатын, көңілдендіретін ертегілермен толысты. Қазіргі хайуанаттар туралы ертегілерде космосқа ұшып жүрген(«Бәтіңке, шұжық, балқаймақ») хайуанаттар мен төрт түлікті көреміз.
Батырлық ертегі тақырыбы(«Керқұла атты Кендебай», «Құла мерген», «Жоя мерген», «Жерден шыққан Желім батыр» т.б.) – ерлікпен үйлену және неше түрлі құбыжық-жалмауыз күштермен соғысу болып отырады. «Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады(«Күн астындағы Күнікей қыз», «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай» т.б.) олардың ерліктері мен еңбектері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтылады. Көбінісе, қиял-ғажайып ертегілер мен батырлық ертегілер бір-бірімен сабақтас, өзектес келеді. Сондықтан көп батырлық ертегілерді әрі қиял-ғажайып ертегілер деуге болады.
Новеллалық ертегі(«Уәзірдің қызы», «Әке өсиеті», «Әділ патша туралы ертегі», «Аяз би» т.б.) - шытырман оқиғаларға құрылып, үй-іші, ерлі-зайыптылардың адалдығын дәріптейді. Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мн жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез-құлықтары суреттелінеді.
Сатиралық ертегілер(Тазша туралы, Қожанасыр жайлы т.б.) қоғамдық әлеуметтік қатынастар мен теңсіздікті, тұрмыс-тіршілікті сатира мен юмор арқылы береді. «Аңыз ертегілер, негізінен, Алдар көсе мен Жиренше шешеннің, Қожанасырдың есімдерімен байланысты. Ондағы кейіпкерлер сараң бай, зұлым хан, қаныпезер уәзір, қуақы құл, еріксіз қыз, еңіреп туған ер-азмат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.