Құдайбердіұлы,- поэма жанрында да жемісті еңбек еткен қаламгер. Ол 19 ғасырдың 2-жартысында Абайдан бастау алатын реалистік үлгідегі оқиғалы дастан дәстүрінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның қаламынан қазақтың ертеректегі өмірінен алынып жазылған «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» атты поэмалар туындады. Жаңа тұрпатты қазақ поэмаларының алғашқылары Абайдың «Eскендірі» мен «Масғұты» десек, одан кейінгі Ақылбай мен Мағауияның, Әсет пен Көкбайдың, Шәкәрімнің дастандары Ұлы Абайдың ақындық ықпалымен, шығармашылық тәлім-тәрбиесімен жазылған туындылар еді.
Құдайбердіұлының прозалық шығармаларында осы тәрізді айқын бояу, айшықты суреттермен қатар, терең философия, халық даналығы, тарих тағлымы қоса еріліп жатады. Құдайбердіұлының философ, тарихшы, ойшыл ретінде танылуына себепкер болған «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбектері көзінде жеке-жеке басылып шықты. Олардың жазылуына да Шәкәрімнің Ұлы ұстазы Абайдың ықпалы аз болмаған.
Мағжан Жұмабаев Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабай (25 маусым 1893, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасы – 19 наурыз 1938, Алматы) — алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы.
Арғын тайпасының Атығай руының Құдайберді тармағынан шыққан[1].
Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910–1913 жылдары Уфа қаласындағы Ғалия медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады.
Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. Садақ журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
Бірлік ұйымы жұмысына белсене араласып, Балапан қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, Қазақ газетіне өз өлеңдерін жариялайды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.