2. Дидактикалық материалдар. Жоғарыда айтқандай, оқыту процесінде бір-бірімен тығыз байланысты оқулықтардың, көрнекі құралдардың және оқытудың техникалық құралдарының тұтас жиынтығы пайдаланылады. Олардың ішінде ерекше маңыздыларының бірі — әр класқа арналып жеке-жеке басылатын «Дидактикалық материалдар».
Оқу программасы мен оқулық «дидактикалық материалдарының» бағыты мен мазмұнын анықтайды. «Дидактикалық материалдар» ең алдымен курс бойынша орындалатын жаттығулар мен өздігінен орындалатын жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге елеулі көмек көрсетеді. Сонымен бірге, сабақ үстінде топтық немесе коллективтік және жеке-дара жұмыстар орындағанда, үлгірімі төмен немесе үлгерімі жақсы оқушылармен жеке жұмыс жүргізгенде, бақылау жұмысын ұйымдастырғанда, сондай-ақ оқушылардың әр алуан категорияларымен жұмыс істегенде «Дидактикалық материалдар» кеңінен пайдаланылады.
«Дидактикалық материалдардың» құрылымы барлық кластap үшін бірдей бола береді. Олар әдетте, алғы сөзден басталып, мән мағынасы, мақсаты түсіндіріледі және қалай пайдалану жөнінде қысқаша нұсқаулар беріледі. Негізінен «дидактикалық материалдар» әр тақырып бойынша өздігінен орындайтын 4-5 жұмысты, тақырып бойынша бақылау жұмысын, өздігінен қосымша орындайтын жұмыстың 2-3 нұсқасын, берілген есептердің жауаптары мен нұсқауларын қамтиды.
Оқушылардың математикалық даярлығына қарай жалпы программалық талаптарды бұзбай «Дидактикалық материалдарға» мұғалімнің түзету енгізуіне хақы бар. Сондай-ақ, оны жаңа материалды баяндау, ауызша сұрау кезінде де пайдалануға болады.
«Дидактикалық материалдар» өздігінен орындайтын және бақылау жұмыстарының мазмұнын, мерзімін ішінара анықтайды.
Сондықтан, білімі мен икеміне қойылатын программалық талаптарды, кластың құрамын, оқушылардың жеке басының ерекшеліктерін, тақырыптық жоспарды ескере отырып мүғалім «Дидактикалық материалдармен» жұмыс істеудің мерзімін, ұзақтығын, мазмұнын, жетуге тиісті мақсат пен шешілетін міндеттерді өзі анықтайды. Демек, мұғалім қажет деп есептейтін есептер мен жаттығуларды өзі таңдайды.
Тақырыптық қайталау кезінде мүғалім өздігінен орындайтын және бақылау жұмыстарын өткізу мерзімін белгілейді. Мұнда жұмыстың мазмұны, орындауға қойылатын талаптар оқушылардың жеке ерекшеліктері мен жасы ескерілуі тиіс.
Жұмыстың тез де, сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін әрбір жұмыстың алдында оқушыларға қысқаша нұсқау беріп отырған жөн.
Мұғалім әрбір жұмысты ұйымшылдықпен өткізуге, оқушыларды коллектившілдікке, өздігінен ізденуге, шығармашылық еңбекке алғашқы күннен бастап баулуға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |