Үлгермеудің негізгі себептерінің бірі - жұмыс істеу қабілетінің, ынтаның, зейіннің жоқтығы. Егер бұл сапалар отбасында қалыптаспаса, онда балаға мектепте оқу қиынға түседі.
Екінші себеп - білімнің жүйесіздігі, жауапкершіліктің төмендігі. Оқушы бұрынғы оқу материалдарын түсінбегенін мұғалім уақытында байқамаса, онда оқушының оқуға қабілеті жеткіліксіз болады. Әдетте мұндай оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіліп, оларға кеңес беріледі.
Үшінші себеп - материалдан мәнді белгілерді бөле алмау, негізгі мен негізгі емес мәселелерді ажырата алмау, оқушылардың жаттап оқып, бәрін есте сақтауға тырысуы. Мұндай оқушыларға абстрактілі ойлауларын дамыту үшін талдауға, қорытындылауға жаттығулар беріледі.
Төртінші себеп - пәнге деген қызығушылықтың жоқтығы. Нәтижесінде оқушының зейіні, білімге деген ықыласы төмендейді. Бұл тәжірибесіз мұғалімнің ашу-ызасын туғызып, түрлі дау-жанжалдарға себепші болады. Оқушыларға талап қою, құрметтеу, оқушының жеке тұлғалық сапаларын ескеру, баланы қызықтыру оның оқу жұмысын белсенді етіп, кемшіліктерін түзетуге ықпал етеді.
Бесінші себеп - оқушының отбасындағы қолайсыз жағдай, құрбыларымен тіл табыса алмау, оқушының оқу жұмысын атқара алмауы, "қиын" балаларға еліктеуі.
Үлгермеудің басқа да себептері бар. Ең бастысы – үлгермеу себебін анықтап, жеке жұмыстың жолдарын белгілеу. Мұғалімнің, мектептің міндеті әрбір оқушының жақсы оқуына көмектесу.