Коммерциялық банктер - әртүрлі операцияларды орындау мен қызметтерді көрсету арқылы заңды және физикалық тұлғаларға келісімшарттар негізінде несиелік-есеп-айырысушылық және басқа да банктік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын әмбебап тұрпаттағы несиелік мекемелер.
Коммерциялық банктердің негізгі қызметтері болып салымдарды (депозиттерді) тарту және несиелерді ұсыну саналады. Осы операциялар арқылы коммерциялық банктер ақша ұсынысын кеңейтіп қосымша ақшалар жасай алады және олар басқа қаржылық мекемелерден осындай қызметтерімен ерекшеленеді. Банктер сонымен қатар, бағалы қағаздарды сату және сатып алумен де айналысады.
Коммерциялық банктердің пайдасын маржа деп атайды, ол несиелер бойынша тағайындалған пайыздар (бұл пайыздарды қарыз алушылар төлейді) мен депозиттер бойынша тағайындалған пайыздар (бұл пайыздарды банктер өз салымшыларына төлейді) арасындағы айырма болып табылады.
Арнайы мамандандырылған қаржы-несиелік мекемелер –бұл экономиканың нақты салалары мен аяларын несиелеумен айналысатын банктік емес ұйымдар.
Мұндай ұйымдар келесідей формаларда жұмыс істейді:
инвестициялық банктер – бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру бойынша операцияларды жүргізетін, капиталдарды тартатын, салаларды инвестициялауға өз капиталдарын пайдаланатын ұйымдар;
жинақтаушы мекемелер – халықтың жинақтарын жинайтын және тұрғын-үй құрылысына инвестиция салу үшін ақша капиталын пайдаланатын ұйымдар;
сақтандыру компаниялары – сақтандыру полистерін сату жолымен ақша қаражаттарын тартатын, өнеркәсіп сауда және көлік салаларының ірі корпорацияларын қаржыландырумен айналысатын ұйымдар;