Ғаламдық жылыну проблемасын шешу жолдарын «ғаламдық» және «жергілікті» шараларға бөлуге болады. Әрине, дүниежүзіндегі барлық өркениетті елдер қабылдауға қабілетті «ғаламдық шаралар» шұғыл нәтиже беруі тиіс. Бірақ әзірге елдер арасында экологиялық мәселелер емес, экономикалық, әскери және саяси өзара әрекеттестік мәселелері талқылануда. Әйтсе де экологиялық мәселелерге мүлде мән берілмей жатыр деп айтуға болмайды.
Әрекетті жалпы дүниежүзілік экологиялық шараларға әлемнің көптеген елдері қол қойған Киото хаттамасын (Киото қаласы – Жапонияның ертедегі астанасы) қабылдау жатады. Бұл «Климат бойынша дүниежүзілік келісім» хаттамасы 2005 жылдан бастап күшіне енді. Оған қол қойған елдер атмосфераға көмірқышқыл газын шығаруды өз еркімен шектейді, ол Жер атмосферасының жылыну қаупін азайтады. Көмірқышқыл газының жылыжай эффектісін жасайтыны белгілі. Бірақ АҚШ жақында «Климат бойынша дүниежүзілік келісімнен» шықты. АҚШ экономикасы дүниежүзінде дамыған ең ірі елдердің бірі бола отырып, атмосфераға көмірқышқыл газын шығаратын «көшбасшы мемлекеттердің» бірі болып табылады.
Осыған қарамастан әрбір азамат ғаламдық жылынуды тоқтатуға қолынан келгенінше өз үлесін қоса алады. Бірінші кезекте, кез келген жасыл өсімдікті қатты қажет болмаса жоюға болмайды. Әрбір жапырақ, әрбір тірі жасыл өсімдік жасушасы көмірқышқыл газын «сіңіруші» болып табылатыны естеріңде болсын. Жапырақ беті өзіне қонатын шаңды және басқа қатты бөлшектерді жинайды. Жүрген жерлеріңде, үйде, сыныпта болсын, аулада, үй жанындағы жерде де өсімдікті күтуге, көбейтуге тырысыңдар. Қажет болмаса еш нәрсені жағуға тырыспаңдар.
Ғаламдық антропогендік әсер, ғаламдық жылыну, Киото хаттамасы.
Білу және түсіну:
1. Неге ғаламшар жағдайы техникалық прогрестен кейін нашарлай бастады? Оған табиғаттың өздігінен қалпына келуі неліктен кедергі жасай алмады?
2. Орман ағаштарын кесу мен Сібірдің халық тығыз қоныстанған континенттік бөлігіндегі су тасқыны арасындағы байланысты анықтаңдар.
Қолдану: 1. Орман ағаштарын кесу, халық санының өсуі және мұхиттың ластануы Жер атмосферасына қалай әсер ететінін салыстырыңдар.
2. Кесілген жапырақты ағаштардың орнына қылқанжапырақты ағаштарды отырғызу экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғу себептерін атаңдар.
Талдау: 1. Ғаламдық климаттық өзгерістерге әкелетін үдерістерді сызба түрінде бейнелеңдер.
2. Тропиктік орманды кесу себептері мен салдары туралы пікірлеріңді айтыңдар.
Синтез: 1. Неліктен тарихтан бұрынғы замандарда жанартау белсенділігі жоғары кезде озон тесігінің түзілуі және ғаламдық жылыну туралы мәселе болмады?
2. Шынайы жағдайда өрттен жылына қаншама тіршілік иесі жойылатынын бағалаңдар.
Бағалау: 1. «Орманды жасарту» технологиясын қолдану және оның жылыжай эффектісінің жасалуына әсері туралы реферат жазыңдар.
2. Ғылыми-техникалық прогресс заманында табиғат ресурстарын (орман ағаштарын кесу, техногендік ластану, тұщы суды пайдалану және т.б.) пайдаланудың экономикалық және экологиялық салдарын бағалаңдар. Неге кейбір адамдар үшін экономикалық жеңіл табыс пайдалы, ал жалпы адамзат үшін аса қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіріңдер.