Ғаламдық жылыну салдары апатты болуы мүмкін. Соңғы жылдары Жер температурасы 1°С-қа көтерілді. Ол мұздықтардың тез еріп, дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуіне және құрлықтың зор аумағының су басуына апарып соғуы ықтимал. Климаттың жылынып жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Біздің ғаламшарымыз үнемі үздіксіз «ғаламдық климаттық өзгерістер» жағдайында тұр. Бұл үдерістер лезде жүзеге аспайды, бірақ таудан түсіп келе жатқанда біртіндеп жылдамдық жинап алып, басқарылмай қалатын арба сияқты күшейіп, жылдамдауы мүмкін. Егер жылыну жалғаса берсе, мұздықтар еріп, дүниежүзілік мұхит деңгейі көтеріліп, мұхит ағыстары өзгеруі ықтимал. Жер бетінің қызуы оның бетінің шағылыстырғыш қабілетіне байланысты екенін ескерсек, мұздықтар жойылса, Жер одан да тезірек қыза бастайды. Себебі мұз суға қарағанда үлкен шағылыстырғыш қабілетке ие. Бірақ судың құрлыққа қарағанда қабілеті зор. Көмірқышқыл газы СО2 сияқты қатты бөлшектердің атмосферада әрі қарай жинақталуы «жылыжай эффектісіне» тек белгілі бір деңгейге дейін апарып соғады. Егер атмосфера шағылысқан Күн сәулелерін шығармай, тіпті оларды өткізбейтіндей дәрежеде ластанатын болса, онда «мұзды Жер» жағдайы туындайды. Толық ғаламдық мұздық дәуір болған кезде, тіпті мұхитта тіршіліктің сақталуы жылыну кезіндегіге қарағанда үлкен мәселе тудырады.
Кейбір эколог-ғалымдар біздің ғаламшарымызда бұрын да ғаламдық климаттық өзгерістер болғанына сенімді. Мысалы, ғаламдық экологияның негізін қалаушылардың бірі М.И. Будыко пікірі бойынша, адамзат атмосфераға көмірқышқыл газын СО2 шығарып, кезекті мұз дәуірінің алдын алды. Бірақ осы зерттеушінің пікірі бойынша, «ғаламшар-мұхиттан» алынатын Күн сәулесінің 1–5%-ға өзгеруінен «мұзды Жерге» айналуы мүмкін. Яғни 1–5%-ға көп күн радиациясын алсақ, мұздықтар еріп, континенттер су астына кетеді. Ал 1–5%-ға аз алсақ, бүкіл Жер беті, мұхит беті қоса қатып қалады. Сондықтан адамзаттың міндеті климатты тұрақтандыруға барынша күш салуы керек.
Ғаламдық жылыну салдары соншалықты апатты болмайды деген де пікір бар. Себебі ол құрғақшылықтың бәсеңдеуіне, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігінің артуына, аштықтан сақтануға апарып соғуы тиіс.
Жердегі температура қазіргі кезде абсолютті максимал болмайды. Ғаламшардың геологиялық тарихында ол 10–15°С-қа жоғары болды. Оны геологтар мен палеонтологтардың зерттеулері дәлелдейді. 2 мың жыл бұрын Британ аралдарында жүзім өсірілген деген жанама дәлелдер бар. Мың жыл бұрын Скандинавия аралдарында астық тұқымдастар заманауи шегарадан 300 метрге жоғары жерде өсірілген. Новгородта «жылы жүйектерде» қауын өсірілген. Алматыда жүз жылдай бұрын энтузиастар шай ағашын ашық грунтта өсірген. Бірақ «ғаламдық жылыну климатты жақсартады» деген пікірді эколог-ғалымдардың басым бөлігі қолдамайды.
Қазіргі кезде әсіресе мәңгі тоң тундра зонасы жағдайында климаттық өзгерістер қатты сезіле бастады. Себебі еріген кезде топырақ құрылымы өзгереді, қасиеті батпаққа ұқсайтын сусыма (былқылдақ) грунт түзіледі. Тундрада салынған жолдың барлығы, электр беру желісі, күрделі құрылыстар, шахталар, мұнай және газ құбырлары бұзылуы мүмкін. Себебі олар мұндай өзгерістерге есептелмеген. Нәтижесінде грунт суларының деңгейі де өзгереді, ондаған, жүздеген жылдарда қалыптасқан флора мен фауна жойылады. Ал бұл жерде адам салған барлық инфрақұрылым бұзылған соң, техногендік апат салдарын болжау қиын. Сондықтан Канада, Ресей, Финляндия сияқты және т.б. солтүстік мемлекеттер «климаттың жылынуына қуанбайтыны» анық.