Тақырып:Жеке тұлға - педагогиканың негізгі мәселесі
Мақсаты: студенттердің қазіргі білім беру кеңістігіндегі жеке тұлға мәселесі және жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық идея туралы көзқарастарын қалыптастыру.
Негізгі ұғымдар:жеке тұлға, индивид, даралық, жалпы адамзаттық құндылықтар, ұлттық құндылықтар, көпмәдени тұлға, толеранттылық
Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары): 1. Жеке тұлға ұғымы және оның педагогикадағы сипаттамасы
2. Жеке тұлға және жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық идея
3. Әлемдік білім беру кеңістігінде қажетті көпмәдени жеке тұлғаны қалыптастыру мәселелері
4. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және толеранттылық
Дәрістің қысқаша мазмұны:Жеке тұлға және оның педагогикадағы сипаттамасы. Адам мәселесі барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі. Адам мен қоғамның өзара қатынастарының нәтижесінде жеке тұлға ұғымы ерекше орынға ие. Адам деген ұғыммен қатар индивид, даралық, жеке тұлға ұғымдары жиі қолданылады. Индивид деген ұғым адамды адамзат тұқымының жеке бір өкілі ретінде, биологиялық тіршілік иесі ретінде қарастырғанда қолданылады. Индивид - жекелік, яғни көп адамдардың біреуі. Индивид деген терминді қолданғанда адамның жеке қасиеттері ескерілмейді. Индивид деп жаңа туған баланы да, қарт адамды да атауға болады. Себебі олардың барлығы адамзат тұқымының өкілдері. Даралық – адамды басқа адамдардан ерекшелендіріп тұратын айырықша қасиеттері, ешкімге ұқсамастығы, оның қайталанбастығы. Адамның даралығы оның темпераментінен, мінез-құлықтарынан, әдеттерінен, қызығушылықтарынан, танымдық процесстерінің сапаларынан (қабылдау, есте сақтау, ойлау, сөйлеу, қиял), қабілеттіліктерінен, өзіндік іс-әрекет стильдерінен байқалады. Дүниеде психологиялық ерекшеліктері бірдей екі адамды табу мүмкін емес. Адамдардың тіпті физиологиялық жағынан да бірі бірін қайталамайтындығы анық. Мысалы, XIX ғасырдың соңында ашылған ғылыми жаңалық жер бетіндегі адамдардың бас бармақтарының үлкейтілген суреттерінің бірдей болмайтындығының өзі әр адамның физиология тұрғысынан да қайталанбас жан екендігінің дәлелі. Барлық адамдардың саусақтарының құрылымы бірдей болса да, барлығыныкі капиллярлардан, теріден, клеткалардан, бұлшық еттерден, нерв талшықтарынан құралса да, сыртқы терісіндегі суреттері әр адамдыкі әр түрлі болып келетіні ғажап. Адамның қайталанбастығы – оның даралығында. Даралық пен жеке тұлға тең мағыналы ұғымдар емес. Даралық ұғымында көбінесе индивидтің табиғи, туа біткен қасиеттері ескеріледі (темперамент т.б.), ал тұлға – адамның әлеуметтік сипаты. Жеке тұлғаның өзін-өзі іске асыра алуына, жетістіктерге қол жеткізуіне, іс-әрекетіне қарап оған баға беріледі. Даралық адамның жеке тұлғасының бір ғана көрінісі, көп қырының бір жағы. Мысалы, адамның жүйіріктігі, шапшаңдығы, оның даралық қасиеттеріне жатады, бірақ оның жеке тұлғалық сипаттамасына кірмейді, себебі ол қасиет индивидтің араласатын адамдарының іс-әрекет және қарым-қатынас түрлерінде маңызды роль атқармайды. Тәрбиенің негізгі мақсаты – жан-жақты үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Психологиялық-педагогиялық әдебиеттерде К.К.Платонов, Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев т.б. ғалымдар еңбектерінде жеке тұлға ұғымына түрлі зерттеулер жүргізіліп, анықтамалары берілген.
Жеке тұлға - қоғамдық өмірдегі күрделі, көпжақты құбылыс, қоғамдық қатынастар жүйесінің бір бөлігі. Психология ғылымында жеке тұлға деп белгілі бір іс-әрекет түрімен айналысатын, қоршаған ортамен өзіндік қатынасын түсінетін, психологиялық ерекшеліктері бар нақты бір қоғамның, ұлттың, ұжымның өкілін атайды. Жеке тұлға – қоғамдық мәні бар адам. Кез келген адам өмірге индивид болып келіп, тек қоғамдық және еңбек іс-әрекеттері арқылы ғана жеке тұлғаға айналады.
Жеке тұлға – индивидтің әлеуметтік маңызды сапалар жүйесі, оның әлеуметтік құндылықтарды меңгеруі және сол құндылықтарды іске асыра алу қабілеттері. Жеке тұлға ретінде адам өзінің санасының даму деңгейімен, өз санасын қоғамдық санамен сәйкестендіруімен сипатталады. Жеке тұлғалық қасиеттері арқылы адам қоғамдық қатынастарға қатысады. Психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде жеке тұлға туралы тұрақты пікірлер қалыптасқан:
Әр адам жеке тұлға бола алады.
Жеке тұлға адамды жануарлардан ажыратып тұрады, жануарларға қатысты жеке тұлға ұғымы қолданылмайды.
Жеке тұлға – тарихи дамудың нәтижесі.
Тұлғалық қасиеттер бір адамды екінші адамнан ерекшелендіріп тұрады.
Жеке тұлғаның өзіндік сипаттамалары бар:
- белсенділік (өзінің іс-әрекет саласын кеңейтуге құлшынысы);
- бағыттылық (ынта, қызығушылықтар, қажеттіліктер, сенімдер жүйесі);
- әлеуметтік топтардың, ұжымдардың өзара әрекеттестігі.
Педагогикалық сөздіктерде жеке тұлға ұғымы - әлеуметтік қатынастардың және саналы іс-әрекеттің субъектісі ретінде қарастырылады. Жеке тұлға өзін мынандай үш бағытта көрсете алады:
- іс-әрекетте;
- басқалармен қарым-қатынаста;
- өзіне деген қатынаста.
Белгілі психолог К.К. Платонов жеке тұлғаның сапаларын жүйелеп, оның иерархиялық құрылымын қарастырған. Оның пайымдауынша жеке тұлғаның кез келген сапасында туа біткен (биологиялық, тұқымқуалаушылық) және жүре біткен (әлеуметтік) құрамды бөліктері болады. Солардың қатынастары бойынша жеке тұлғаның құрылымында сапалар 4 топқа немесе иерархиялық деңгейге бөлініп қарастырылады.
4-ші, төменгі биологиялық құрылымы, оған темперамент, адамның жас және жыныстық ерекшеліктері жатады, бұнда ешқандай әлеуметтік қасиеттер жоқ;
3-ші, құрылымдық деңгейде биологиялық нышандар негізінде жаттығулар арқылы қалыптасқан психологиялық процесстер (сезімдер, қабылдау, қиял, зейін, есте сақтау, ойлау, ерік) ерекшеліктері жатады;
2-ші, тәжірибелік деңгейге тұлғаның оқыту арқылы қалыптасқан білім, білік, дағдылары, әдеттері жатады;
1-ші, жоғарғы деңгей, тәрбие арқылы қалыптасқан (сенімдері, дүниетанымы, көзқарастары, қызығушылықтары, тілектері, мақсаттары, әлеуметтік ұстанымдары, құндылық бағыттары, моральдық принциптері) әлеуметтік бағыттылықтары жатады. Бұл бағыттылықтар адамның қоршаған әлемге қатынасын көрсетеді.
Жеке тұлғаның өзегі – оның «Мен»-жүйесі. Әрбір тұлға өзін-өзі тәрбиелеу арқылы «Мен»-жүйесін дамытып, жетілдіріп отыруы қажет. Сондықтан болашақ мұғалімдер де балалар тұлғасын дұрыс қалыптастыру үшін ең алдымен студенттік жастарынан бастап өздерінің жеке «Мен»-дерімен жұмыс істеп, бағыттылықтарын, қабілеттіліктерін дамытып, мінездерін тәрбиелеулері және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде мәдениеттерін жетілдіріп отырулары маңызды.