Білім беру -процесс және іс-әрекет ретінде. Білім берудің мәні – мақсаттан нәтижеге қарай жылжу процесі. Процесс деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда (processus – қозғалу, жылжу) – бір нәрсенің дамуындағы құбылыстардың, жағдайлардың біртіндеп ауысуы; қандай болмасын нәтижеге қол жеткізудегі іс-қимылдар жиынтығы деген мағынаны білдіреді.
Білім беру – педагог пен оқушы, студент арасындағы қарым-қатынас процессі. Бұл процесс барысында оқушы немесе студент оқу, тәрбие, даму процесстеріне жан-жақты белсенді қатысып педагогикалық қарым-қатынастың субъектісіне айналады. Білім беру барысында педагог пен оқушы арасында ғана емес, оқушылардың, студенттердің өзара біріккен әрекеттері де нығая түседі. Аталып отырған педагогикалық процесс көптеген білім беру құралдары (оқу, әдістемелік мәтіндер, көрнекілік құралдар, компьютерлер, аудио-видео-құралдар, қашықтықтан оқыту аппараттары т.б.) арқылы арнайы ұйымдастырылған (жеке, топтық, ұжымдық) түрде жүргізіледі.
Білім беру процессі үнемі мақсатқа бағытталған және күтілетін нәтижелерге байланысты. Осы тұрғыдан білім беру процессін технологияландырылған процесс деп те сипаттауға болады, себебі педагогикалық технологияларда өзара сабақтасқан шағын және жалпы мақсаттарға жетудің нақты кезеңдері, сатылары анықталады.
Білім беру процессі – мұғалімнен, оқытушыдан балаға, студентке ақпаратты жеткізу арнасы. Сондықтан қазіргі кезде білім беру саласында ақпараттық технологиялар кең таралуда.
Білім беру процессіндегі көптеген мәселелердің шешімдері табысты болуы педагогтің іс-әрекетіне тікелей тәуелді. Тіпті әрбір сабақтың өтілуі де педагогтің кәсіби-шығармашылық деңгейіне, талпынысына байланысты түрлі нәтиже көрсетеді. Педагогтің іс-әрекеті үздіксіз шығармашылық процесс. Ол балалармен үнемі ынтымақтастықта жұмыс істеуге әрекет жасайды. Осы бірлескен белсенді танымдық іс-әрекет барысында білім алушыларды табысқа жетуге бейімдей алу педагогикалық маңызы зор мәселе, себебі көп жағдайларда сабаққа қатысып отырған қаншама бала арасында кейбіреулері ғана жетістіктерге жетулері мүмкін.