Тақырып: Кіріспе. Білім беру философиясы Білім беру – кәсіби іс-әрекет жүйесі мен құзыретті маман қалыптасу нәтижесі Мақсаты



бет5/57
Дата15.12.2023
өлшемі231,15 Kb.
#138247
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57
Білім беру нәтиже ретінде: сауаттылық – білімділік - кәсіби кұзіреттілік - мәдениет - діл (менталитет). Білім берудің сапалық жағынан қарайтын болсақ ол тек құндылық, тек жүйе, тек процесс емес. Білім беруді нәтиже ретінде де қарастыруға болады. Оқу-танымдық процесс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады.
Педагогикалық терминологиялық сөздікте «сауаттылық» ұғымы – ана тілінің грамматикалық нормаларына сай адамның оқу, жазу дағдысын меңгеру дәрежесі ретінде анықталады. Қоғам дамуындағы тарихи кезеңдерге байланысты бұл ұғымның мағынасы қарапайым оқу, жазу, есептеу дағдыларынан бастап, қоғамдық қажетті білімдер мен дағдыларды меңгеру деңгейіне дейін өзгеріп отыр. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, экономикалық сауаттылық т.б.
Сауатты адам - өзінің білімдік әлеуетін ары қарай дамытуға, байытуға дайын адам. Сауатты болу адамды білім беру саласында көп бастапқы мүмкіншіліктермен қамтамасыз етеді. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты - оның барлық адамдардың қол жеткізе алуларында. Бірақ қазіргі заманда тек сауатты адам ғана болып қалу жеткіліксіз.
Сауаттылық және білімділік ұқсас ұғымдар болғанымен екеуі тең мағыналы ұғымдар емес. Бұл екі сапа адамның алған білім, білік, дағдыларының көлемі, кеңдігі, тереңдігі жағынан, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерімен ажыратылады. Адамдардың белгілі білім беру мекемелерінде меңгерген білімдері деңгейіне қарай бастауыш білімі бар адам, орта білімді адам, жоғары білімді адам деп атайтынын көп естиміз. Білімділік – қоғамдық және тұлғалық қажетті максимумға дейін жеткізілген сауаттылық. Білімділік ұғымы қоғам мен адам өмірінің түрлі сұрақтары бойынша дүниетанымның кеңдігі. Ол – тұлғаның білім алу саласындағы жетістіктерімен сипатталады.
Кәсіби құзыреттілік. Қазіргі таңда әрбір адам өзінің қызығушылықтарына, қабілеттіліктеріне байланысты бір мамандықты немесе кәсіпті таңдауын анықтауы қажет. Бір мамандықты игеру үшін адам арнайы жоғары оқу орындарына түсіп өзін өзі іске асыруға тырысады. Мамандықты терең меңгеруге байланысты кәсіби құзыреттілік ұғымы орын алады.
Қазіргі білім берудегі негізгі нормативті құжаттардың басым көпшілігінде «құзыреттілік» ұғымы негізгі түйін сөздер қатарында қарастырылып келеді. Алдымен «құзыреттілік» ұғымының этимологиясына тоқталатын болсақ, ол латын тілінің «compete» деген сөзінен аударғанда «білу», «істей алу», «қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.
Педагогикалық терминологиялық сөздікте құзыреттілік ұғымы екі тұрғыдан сипатталған:
1) нақты білімдері мен дағдылары арқылы кейбір міндеттерді шешуге ат салыса алатын немесе мәселені өз бетінше шеше алатын жеке тұлға мүмкіншіліктері;
2) танымдық және тәжірибелік іс-әрекеттердің теориялық тәсілдерін меңгеру дәрежесімен анықталған жеке тұлғаның білімділік деңгейі.
Тек білімді болу адам үшін жеткіліксіз, адам бір мамандықтың иесі болып, құзырлы маман болуға тырысуы керек және сол өзі меңгерген мамандығы арқылы өзінің тұлғалық әлеуетін жан-жақты іске асыра алады.
Әрине, кейбір адамдар өздерінің қабілеттерін бірнеше салада (ғылымда, мәдениетте, өнерде) көрсете алулары мүмкін. Бұндай жағдайда кәсіби құзыреттілікпен қатар жеке тұлғаның түрлі салаларда табысты іс-әрекет жасай алатын дарындылығы байқалады.
«Кәсіби құзыреттілік» ұғымы ең бірінші жеке тұлғаның кәсіби білімінің деңгейімен, жеке қабілеттерімен, өзін-өзі жетілдіру және үздіксіз іскерлігімен, өз ісіне деген шығармашылығымен, жауапкершілігімен, теориялық білімдерін практикада тиімді қолдана алуымен анықталады.
Мамандардың біліктіліктері, кәсіби құзыреттіліктері адамның жалпы мәдениетке қатынасын анықтайтын қажетті компонент болып табылады.
Мәдениет өте кең мағыналы ұғым. Мәдениет ұғымы латын тілінен аударғанда өңдеу, баптау деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғымның мәні әр тарихи-экономикалық формацияларда әр-түрлі өзгеріп дамып отырған.
Педагогикалық сөздікте мәдениет – қоғамның даму тарихының жеткен сатысын сипаттайтын және адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесі процесінде қалыптасатын материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы ретінде анықталған. Мәдениеттің маңызды ерекшеліктері болып жеке тұлғаның өткен ғасырлар мұрасына терең, саналы түрде қастерлі қатынаста болуы, шығармашылықпен қабылдау іскерлігі, кез келген іс-әрекеттер немесе қарым-қатынастар саласындағы шынайылықты түсінуі және өзгертуі жатады. Мәдениет – адам білімділігі мен кәсіби құзыреттілігінің жоғарғы көрінісі. Адам жанын да, қоғамды да, табиғи ортаны да ізгілікке бөлейтін пәрменді ерекше құрал - мәдениет. Сонд. педагог шәкірттерді тәрбиелеудегі жетекші тұлға, мәдениеттің қайнар көзі, әдебиет пен өнер шығармаларының жаршысы болуы керек.
Білім берудің ең жоғарғы құндылығы және жоғарғы мақсаты – жеке тұлғаның және социумның ділін қалыптастыру. Діл ұғымы адамның мінез-құлқының, дүниетанымының, дүниені қабылдауының терең негіздерін қамтиды. Діл (менталитет) – тұлғаның, адамдар тобының немесе белгілі бір социум дүниетанымының, дүниеге деген көзқарастарының және мінез-құлықтарының терең жатқан негіздері болып табылатын мәдениеттің мазмұны. Мәдениеттану және философиялық әдебиеттерде діл белгілі бір кезеңдегі, географиялық аймақтағы және әлеуметтік ортадағы адамдар қауымы көзқарастарының, сезімдерінің жиынтығы, тарихи және әлеуметтік үрдістерге ықпал ететін қоғамның ерекше психологиялық салты ретінде түсіндіріледі. Діл – рухани құбылыс. Діл қай халықтың болмасын мәдениетінен, дінінен, өмірлік тұрмысынан, философиялық идеяларынан және білім беру жүйесінен туындап қалыптасады. Адамдардың қоғамдағы түрлі құбылыстарға қатынасы, нақты бір іс-әрекеттері олардың ділдеріне байланысты.
Сонымен білім берудің нәтижелілігін мынандай тізбек ретінде қарастыруға болады: сауаттылық – білімділік – кәсіби құзіреттілік - мәдениет - діл. Білім берудің нәтижелілік тізбегінде діл ең жоғарғы сатысында тұрады және ол тізбектегі басқа бөліктердің мазмұнын анықтайды. Барлық сауатты адамдар білімді бола бермейді. Барлық білімді адамдар кәсіби құзыретті бола бермейді. Барлық кәсіби құзыретті адамдар мәдениетті бола бермейді. Іштеріндегі таңдаулы адамдар ғана осы сапаларға ие бола алады. Осы ойларды қорыта келе мынандай проблемалық сұрақтарға жауап беріп көрейік:
- Кез келген адамды сауатты адам деп айтуға бола ма?
- Кез келген сауатты адамды білімді адам деп айта аламыз ба?
- Кез келген жоғары білімді адамды кәсіби құзыретті адам деу дұрыс па?
- Кез келген кәсіби құзыретті адамды мәдениетті деуге бола ма?
- Білімді адам мен мәдениетті адамның қандай айырмашылығы бар?
Мінеки, осындай сұрақтарға жауаптар іздестіру барысында әр болашақ педагог өз білімінің қандай дәрежеде екенін, қандай нәтижелерге қол жеткізе алатынын жақсы түсіне бастайды. Сондықтан әрбір болашақ маман жоғарғы оқу орнында кәсіби даярлықтан өту барысында өз тұлғасын шығармашылық тұрғыдан дамытып, қоршаған әлеуметтік ортамен жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде үйлесімділік тауып, өзін-өзі құзыретті маман ретінде жетілдіруге ұмтылуы тиіс.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар:

  1. Қазіргі кездегі білім берудің мәні

  2. Білім беру философиясы жайлы түсінік

  3. Педагогикалық парадигма дегеніміз не?

  4. Білім беру философиясының пәніне, нысанасына нені жатқызуға болады?

  5. Білім беру құндылық екендігін қалай негіздеуге болады?

  6. Білім беру жүйе екенін негіздеңіз

  7. Білім беру неліктен процесс, іс-әрекет ретінде қарастырылады?

  8. Білім берудің нәтижелілігін қалай түсінесіз?

  9. Мәдениет пен ділдің айырмашылығы неде?

  10. Кәсіби құзіреттілік дегеніміз не?

4

№ 3 дәріс



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет