Зат есімнен болған бастауыштар Бастауыш әсіресе атау тұлғалы зат есімнен жиі жасалады, мыс.: Елубай әбден қартайды: аяқ жүруден, көз көруден, құлақ естуден қалды, тіс мүлде түсіп бітті (Толстой). Енді Базаралы іле сөйлей жөнелді (Әуезов). Осы жолды өмірлік Ленин бізге тастаған (Жамбыл). Табыстың кілті — партия басшылығы. Кітап — білім бұлағы (Горький).
Есімдіктен болған бастауыштар Бастауыш есімдіктің барлық түрінен де жасала береді. Бастауыш рөлін атқару есімдіктің лексикалық қасиетінен туатын негізгі синтаксистік қызметі, мыс.: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін (Абай). Темір сенбісің? (Әбішев). Бұл — кешегі өткен түнгі әңгіме еді (Мұстафин). Мен — тауда ойнаған қарт марал (Махамбет). О л —жауапты қызметтерде болған қарт коммунист. Сен — кешегі баласын (Соң. қаз).
Сапалық есімдерден болған бастауыштар Сөйлемде сапалық есімдер (сан есім, сын есім, есімшелер) субстантивтеніп барып бастауыш қызметін атқарады, демек, бастауыш қызметінде жұмсалатын сапалық есімдердің мағынасы абстрактылана түседі: Ескіні есіңе алмай, жаңа жадыңа түспейді (мақал). Жиырма бес маған тағы қайтып келді. Сәлемін алтын күннің айтып келді (Жамбыл). Бұл екеуі бір-біріне қарап қалды (Горький). Алтау ала болса, ауыздагы кетер, төртеу түгел болса, төбедегі келер (мақал). Әсіресе, ерекше тоқталуды керек ететін есімшеден болған бастауыштар. Олардың қасиетін анықтау арқылы сан есім, сын есім, тұйық рай арқылы жасалған бастауыштардың да өзгешеліктері мен ерекшеліктерін егжей-тегжейлі көрсетуге мүмкіндік аламыз.
Есімшелердің бастауыш болуы Есімшелер сөйлемнің бастауышы болғанда, субстантивтеніп кетеді. Демек, есімшелердің толықтауыш, бастауыш болуының шарты — олардың субстантивтенуі.
Есімшелер бастауыш қызметін атқарғанда, азырақ көмескіленгені болмаса, онық шақтық мәні жойылмайды, сөз меңгеру қасиеті толық сақталады.
Есімшелердің өздерінің бастауыш болуымен бірге бастауыш болатын тізбектерге қатысатыны да болады.