Басқарудың экономикалық әдістері (БЭӘ). Экономикалық әдістердің тұтас жүйесі нарықтық экономика жағдайында мынадай міндетті істерді орындайды: реттеуші, теңгерімші және бөлуші. Экономикалық әдістердің көмегімен тауарларды өндіру мен айырбастауда, тауарлардың экспорты мен импортының көлемі бағытында, басқа да экономикалық процестерде құрылымдық жылжулар реттеледі.
Нарықты қалыптастыру мен қалыпты жағдайға түсіруде экономикалық әдістердің ең тиімді пайдаланылатын бағыттарының бірі – жекелеген қызмет салалары мен түрлерін саралау тәсілдемесі болып табылады. Бұл саралау ең алдымен экономикалық ынталандыруды күшейтуді талап ететін өндірістің артықшылығы бар салаларында қолданылуы керек. Атап айтқанда салық және процент мөлшерлемерінде, еңбекақы деңгейінде, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді несиелерде артықшылықтарға ие болуы қажет.
Басқарудың экономикалық әдістері – бұл адамдардың экономикалық қатынастары мен олардың экономикалық мүделлерін пайдаланатын адамдарға ықпал етудің тәсілдері мен әдістері.
Басқарудың көптеген экономикалық әдістерінің арасынан өндірістің тиімділігін бастапқы буын деңгейіне дейін арттыра алатын әдістерді бөліп көрсетуге болады. Оған мыналарды жатқызуға болады:
- экономикалық ынталандыру;
- экономикалық тетікті шаруашылық есепке көшіру;
- баға және баға белгілеу;
- фирмалардың қаржылық саясаты және т.б.
Басқарудың психологиялық-педагогикалық әдістері (БППӘ). Басқарудың психологиялық-педагогикалық әдістері – бұл ұжымды қалыптастыру мен дамыту процесіне, олардың арасындағы педагогикалық процестерге ықпал етудің нақты амалдары мен тәсілдерін білдіреді.
Бұл әдістердің мақсаты – адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру, олардың жан-жақты үйлесімді дамуын қамтамасыз ету және осылардың негізінде жеке тұлғаның еңбекке деген құлшынысын, ұжымдардың тиімді еңбек етуін арттыру. Басқару әдістері ең алдымен ықпал етудің бағытын анықтайтын өзінің себеп тудыратын сипаттамасымен ерекшеленеді. Бұл сипаттама адамдардың мінез-құлқын анықтайтын және тиісті әдіс топтарына бағдарланған себептерді көрсетіп береді.
БПП әдістері рухани мүддеге (қажеттілікке) ықпал ету мүмкіндіктерін пайдаланады. Олар саяси, моральдық, ұлттық, отбасылық және басқа да әлеуметтік мүдделердің бағдарын қарастырады. Ұжымның әлеуметтік сипаттамасы мен экономикалық және ұйымдастырушылық көрсеткіштері арасында тығыз байланыс болады. Себебі, әлеуметтік мәселерді шешіп алмайынша, еңбекке деген дұрыс қатынасқа (көзқарасқа) өндірісті тиімді дамытуға қол жеткізу мүмкін емес.