Басқарудың ұйымдастыру-ұйғарымдық әдістері (БҰҰӘ). БҰҰ әдістерін қолдану тетігі ұйымдастыру қатынастарының мәні болып табылады. Басқару объектісіне (ұжымдар, жеке қызметкерлер) мақсатты түрде әсер ету процесінде адамдар (органдар) арасындағы нақты ұйымдастыру қатынастарымен, ұйым заңдарымен айқындалатын басқару тетігі ашық көрсетіледі. Бұл әдістердің ерекшіліктері мынада:
1. Жүйеге тұтастай немесе оның элементтеріне жеке-жеке тікелей нұсқаушылық әсер етуді бейнелейді;
2. Басшыға бір мағыналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді;
3. Ережелердің, нұсқаулықтардың, бұйрықтардың, өкімдердің және т.б. міндеттілігіне негізделеді.
БҰҰ әдістері жоғары тұрған билікті еркін орындау үшін басқару аппараты қызметкерлерінің жеке жауапкершілігін қамтамасыз етуге тиісті.
Мемлекеттік басқару құқықтың негізі ретінде және оның талаптарына сәйкес болмаса жүзеге асуы мүмкін емес.
Құқық – қоғам мүшелері арасында еңбекті бөлу мен өнім бөлуді реттеуші (анықтаушы) ретінде қолданылады. Бұл «реттеуішті» іс-тәжірибеде қолдану мемлекеттің міндетті қызмет аясының айрықша құзыреті.
Басқарудың құқықтық әдісі туралы айтқанда басқару жүйесіне ықпал ететін экономикалық реформаның, экономикалық өмірдің ерекшеліктерін ескеру қажет. Бұл негізгі ұстанымдар мемлекеттік басқару барысында мемлекеттің экономикалық процестерді жалпы ұлттық ауқымда ұйымдастыруға бағдарланған біртұтас басқару еркімен жүзеге асады. Осының барлығы құқықтық тәсілдердің көмегімен өмірге енгізіледі.
Педагогикалық кеңес – бұл мектепті басқарудың педагогикалық алқалы органы. Педагогикалық кеңес педагогтардың кәсіби қызметінің барлық мәселелері бойынша басқарушылық шешімдер қабылдайды. Педагогикалық кеңес мектеп басшылығының басқарушылық қызметінің педагогикалық мақсаттылығын қамтамасыз етуге арналған. Педкеңес қызметінің мақсаттары мен міндеттері№ Мақсаты – мұғалімдердің мектеп қызметін жетілдіруге және оны жаңа сапалы жағдайға көшіруге бағытталған шығармашылық белсенділігін дамыту. Міндеттері: мұғалімдер дайындығының ғылыми-теоретикалық және әдістемелік деңгейін көтеру; бүкіл ұжымды оқу-тәрбие үдерісін ары қарай жетілдіруге жұмылдыру; ОТМ ұйымдастыру, айқындау, жалпылау және тарату; алқалы шешім шығару және оны біртұтас ұжымдық қалыптасқан пікір мен мектептің барлық мұғалімдерінің бірлескен іс-қимылының негізінде жүзеге асыру. Мектептің барлық педагогикалық қызметкерлері педагогикалық кеңес мүшелері болып табылады. Қажет болған жағдайда педагогикалық кеңес отырысына ата-аналар комитетінің төрағасы, оқушылардың өзіндік басқармасы органының өкілі, жекелеген оқушылар, ата-аналар, мектептен тыс ұйым қызметкерлері, базалық кәсіпорын, қоғамдық ұйым өкілдері және т. б. шақыртылуы мүмкін. Мектеп директоры педагогикалық кеңес төрағасы болып табылады. Бірінші педкеңесте бір оқу жылы мерзіміне хатшы бекітіледі.. Педкеңес шешімдерінің орындалуын бақылауды әкімшілік мүшелері немесе арнайы құрылған топ жүзеге асырады.
Принцип латын сөзі, ол басшылыққа алатын идея, негізгі талап немесе қағида деген мағынаны білдіреді. Басқару кез-келген әрекет түрі сияқты белгілі бір принциптерді сақтауға негізделеді. Басқару принциптері – бұл басқару функцияларын жүзеге асыру бойынша идеяның негізін салушы. Принциптер басқару заңдылықтарымен сипатталатын нақты көріністер болып табылады. Педагогикалық менеджмент тұрғысынан Ю.А.Конаржевский келесідей басқару принциптерін бөліп көрсетеді:
- адамға сенім арттыру мен сыйласымдылық принципі – басқарушы мен педагогикалық ұжымның негізгі принципі ретінде алға шығады. Бұл принцип әрбір педагогтың сенім артуында көрсетілген, оның тәртібін және барлық педагогикалық ұжымның өмірлік әрекетін тереңінен сипаттайды;
- адам көзқарасының біртұтасық принципі – білім беру мекемелерінің құндылықтар жүйесіндегі екінші маңызды бағыт болып табылады. Басқаша айтқанда, басқарушы педагогикалық ұжымның әрбір мүшесін жай қызметкер ретінде ғана емес, оның барлық қажеттіліктерін, себептерін, мақсаттарын, әсер алу мүмкіндіктерін педагогикалық әрекет ету процесінде басынан өткеретін жеке тұлға ретінде қарастырады;
- ынтымақтастық принципі – монологтық басқарудан диалогтік негізге ауысуды, қарым-қатынас жасаудан тіл табысуға ауысуын, субъект-объектті қатынастан субъект-субъект қатынасына ауысуды сипаттайды;
- әлеуметтік әділеттілік принципі – педагогикалық ұжымды басқаруда әрбір педагогтың басқалармен салыстырғанда бірдей жағдайда болуын қарастырады, ал оның әкімшілікпен өзара әрекеттесуі басқару құралы ретінде емес, оның мақсаты ретінде адамды түсіну негізінде құрылады;
- басқарудағы жеке тұрғы принципі – басқарушының әрбір педагогқа қатысты жеке ерекшеліктерін, кәсіби даярлық деңгейін, қызығушылықтарын, өмірлік және әлеуметтік тәжірибесін есепке алуын көрсетеді;
- педагог жұмысын байыту және сапаландыру принципі – педагогтың кәсіби қызығушылықтарын ояту және оның кәсіби сенімділігін қолдау арқылы әрбір педагогтың кәсіби әрекетін түрлендіруге басқарушының тырысуымен сипатталады;
- ынталандыру принципі – жұмыс барысындағы педагогтың жеке қызығушылықтарын қамтамасыз етеді, ұжым және жалпы білім беру мекемесінің алдында белгілі бір міндеттерді қабылдауға әсер етеді;
- консенсус принципі – педагогтар бойындағы әр түрлі көзқарастар мен өзіндік пікірді қалыптастыру негізінде басқарушының ұжымды пікір бірлігіне келтіруімен анықталады;
- ұжыммен шешім қабылдау принципі – бұл басқаруды демократизациялаудың құралы ретінде алға шығады;
- мақсатты үйлесімділік принципі – басқарушы жұмысының басқару мақсатымен, мақсатқа сәйкес келуімен анықталады, соның нәтижесінде білім беру мекемелерінде мақсатты толықтық пайда болады. Басқаша айтқанда, педагогикалық ұжым мүшелерінің жеке кәсіби мақсаттарының білім беру мекемелерінің жалпы мақсаттарына сай келуін қарастырады;
- көлденең байланыс принципі – педагогикалық ұжымдағы әрбір мүшенің арасындағы байланысты орнатумен, ақпаратпен және тәжірибемен алмасумен тығыз байланысты, яғни ұжымда педагогқа кәсіби жекеленуіне (оңашалануына) мүмкіндік бермейді;
- басқаруды автоматтандыру принципі – менеджерлер тобын қалыптастырудың қажетті шарты бола отырып, басқаруды демократизация-ландырудың маңызды құралдарының бірі болып табылады;
- әр уақытта жаңарту принципі – білім беру мекемелерін қызмет ету режимінен даму режиміне ауысуын қамтамасыз етеді. Сонымен басқару процесі кезінде басқарушы жоғарыда аталған принциптерді басшылыққа алуы тиіс.
Қазіргі таңда басқару құрылымының ғылыми негізінде қайта құру, жоспарлау мен бақылауда бұқаралық пен ізгілікті күшейту, өкілеттік және билікті бөліп беру арқылы басқаруда бұқараландыру, басты назарда педагогикалық мәдениетті, іздену белсенділігі мен дербестігі жоғары шығармашыл тұлға қалыптастыру мақсаты қойылып отыр. Мектепті басқаруда басшыларға және мұғалімдерге басқару әдебін, педагогикалық менеджмент қағидаларын, қарым-қатынас өнерінің психологиялық негіздерін жетілдіріп, оң шешеім қабылдауға, қызметті ішкі мотивация негізінде ұйымдастыруға баулу мазмұнында жаңа сипаттар керек. Сөйтіп, мектепті басқару жүйесінде төмендегі құралдарды негізге ала отырып жұмыс жүргізу керек: педагогикалық менеджмент, озат тәжірибелер, маркетинг, рейтинг пен мониторинг, білім беру технологиялары.
Деңгейлі бағдарламаны басшылыққа ала отырып, педагогикалық басқарудың негізгі функцияларын таңдап алуға болады: жобалау-жоспарлау, ұйымдастыру-үйлестіру, бақылау - сараптама жасау. Басқаруды ұйымдастыру басшы білігіне байланысты екенін ескере отырып, басқарудың барлық буынында менеджмент өнерін меңгеру, қазіргі педагогикалық инновацияның негізгі бағытынан хабардар болу қағидасын ұстану қажет. Жоспарлау барысында негізгі мақсаттар мен міндеттерді нақты белгілей отырып, мақсатқа жеткізетін тиімді әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдау, шешімді қызметкерлердің тапсырманы орындау мүмкіндіктерін ескеріп, қабылдау өте маңызды. Мектеп қызметін жаңаша ұйымдастыру, әр мектеп басшысының өз деңгейіндегі басқару рөлін арттыру, оқушылардың, мұғалімдердің және мектептің қызметін бағалау тәсілдерін басқаша, тиімді негізде қайта құру, үрдіс пен нәтижеге сай қызметкерлердің кәсіби мәдениетіне, қызмет әдебіне, рухани-әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу – мектепті басқару құрылымының негізгі қағидаларының бірі болып табылады.