Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар: 1. Көрнекті ағылшын аударматанушылары мен олардың еңбектері ?
2. Франция мен Канададағы аударматанушылар мен олардың еңбектері?
3. АҚШ-ағы аударматанушылар мен олардың еңбектері?
4 Шығыс және Батыс Германиядағы аударматанушылар мен олардың еңбектері?
5. Скандинавиядағы аударматанушылар мен олардың еңбектері?
6 .Болгария және Шығыс Еуропа елдеріндегі аударматанушылар мен олардың еңбектері?
7 Ресей аударматанушылары мен олардың еңбектері?
Тақырып№24: Отандық аударматану. Мазмұны: 1. Аударматанудың Қазақстандағы дамуы: теория және практика.
Қазақ қоғамында елеулі өзгерістердің болуы, қоғам мен дүниежүзілік өркениет арсындағы ынтымақтастықтың жедел өркендеуі, сондай-ақ өзге тілден қазақ тілінде аудару мәселесіне «қоғамдық тапсырыстың» қалыптасуы нәтижесінде ғасырдың бас тұсында әредік қана көрініс берген аударманың практикалық тәжірибесі елуінші жылдардан бастап кең ауқымда өрістеді. Анығырақ айтқанда, қазақ мәдениетінде аударманың практикалық жағы теориялық тұрғыдан талдауына қарағанда, анағұрлым ілгері кетті. Қорланып жинақталған аударма туындылардың, оның ішінде әсіресе орыс тілінен қазақ тіліне тәржімаланған көркем әдебиеттің ғылыми пайымдалуына көңіл бөліне бастаған кез – 50 жылдардың орта тұсы. Бұл мәселе қазақтың зиялы қауымының өкілдері – ғалымдар, жазушылар, сыншылар, журналистер, кәсіби аудармашылар белсене атсалысты.
Мәселенің теориялық тұрғыдан қойылсы классик – жазушы, тәржімандық тәжірибесі өз алдына бір төбе М. Әуезовтың есімімен тығыз байланысты. Алғашқы мақаласының өзінде-ақ М. Әуезов проблеманың ғылыми тұрғыдан анықталуы «үзілді-кесілді күйдегі» пікірлермен, «сұрқадай пішінді» аудармаларды кінараттаумен шектелмейтіндігін, шын мәніндегі теорияның қажеттілігін және бұл үшін қандай мәселелерге назар аударудың нәтиже беретіндігіне тоқталады. Осы ретте нақтырақ айтатын бір жағдаят бар, ол – М. Әуезовтың аударма тілтану объектісіне де ене ме, әлде ол бірыңғай әдебиеттану ғылымының үлесіндегі сала ма деген сұраққа берген жауабы. Әрине, «... одақ көлеміндегі әдебиетте екі түрлі өзгеше бейім барлығы анықталды, бірі – аударма тіл зерттеу ғылымының ауқымына енетін сала болғандықтан, аударма ісінің мәнісін ұғына отырып, бұл мәселені лингвистикалық әдіспен зерттеу жағына қарай тартады, екіншісі біздіңше дұрыс бейім, аударманың сөз өнерінің бір түрі деп ұғынады да, эстетикалық принциптерді көркемдік принциптерді алғы талапқа қояды, сондықтан бұл бейім аударманы әдебиет таныту теориясы зерттейтін объекті деп қарайды». (1,6-7) дегеніне қарағанда қаламгердің тәржіманы сөз өнері, шығармашылық өнер деп танитындығы аңғарылады. Әдебиеттану бойынша өзге зерттеушылер де, М. Әуезовтың осы сөзін тілге тиек етеді. (9,79). Алайда осы еңбегінің өзінде ұлы жазушы әдебиет тануға қарай ойысу «дұрыс бейім» дей тұрса да, аудару процесіндегі тілдің, тілдік құралдардың ролін жоққа шығармайды, түпнұсқаның сөз, стиль өнерінің берілуі аудармашы қолданған түрлі құрал-тәсілдермен (синоним, идиома, интонация, ырғақ, бейнелеу құралдары) анықталатындығын дәлелдейді.(1,7)
Әдебиет ғылымы шеңберінде аударманың зерттелуі көрнекті жазушылар, ғалымдар, сыншылар – Ғ. Мүсіреповтың, Ә. Нұрпейісовтың, Т. Ақтановтың, Ы. Дүйсенбаевтың, М. Жанғалиннің, М. Әлімбаевтың, Ә. Дербесалиннің монографиялық еңбектері мен шолу мақалалырнда айтылады. Зерттеушілердің осы прблема турасындағы әдебиет танымдық тұжырымдамалары «Көркем аударманың кейбір мәселелері» деген жинақта, сондай-ақ Ә. Сатыбалдиевтің (9), С. Талжановтың (10) арнайы еңбектерінде жан-жақты қамтылған. Ғалымдардың барлығы да айтатын ортақ пікірлерді жинақтар болсақ, онда негізгі бағыттар : а) аударма шығармашылықтың және сөз өнерінің бір түрі екендігіне, б) аудармада түпнұсқаның тілдік-стильдік ерешеліктерін сақтай отырып, «қазақ тіліне тән нормадан шықпау» қажет екендігіне (10); в) көркем аудармаларда кездесетін кемшіліктердің себептерін анықтауға барып саяды.
Сөз болып отырған объекті үшін ең маңыздысы – аударма процесінің тіл ғылымына байланысы, яғни аударма тілтану саласына жата ма, жоқ па деген сауалдың жауабы. Бұл турасындағы көзқарастар екі арнаға қарай таралады: оның бірі – аударма тек әдебиет танудың объектісі, өйткені ол белгілі бір жазушының шығармашылық қабілетінен туындайтын сөз өнері деген түйін, екінші – аударма әдебиетпен қатар лингвистикалық зерттеулердің өзегі болуға тиіс дегенді білдіретін тұжырым. Міне, осы соңғы пікірге келгенде, көзқарас «аударманың негізгі материалы – тіл, демек, ол тілдік тұрғыдан талдануға керек» деген жалпылама қағидамен тұйықталады. Әдебиеттік анализдің өзі тілдік құрал – тәсілдердің берілуі ерекшеліктеріне келіп, ұштасатын болғандықтан, әдебиет танушылар тәжіманның тіліне қатысты дәйектемелерін де айтып отырады. Ә. Сатыбалдиев тіл ғылыми шеңберінде әсіресе жеке сөздерге ұлт тілі қорындағы архаизмдердің, синонимдік мәндес сөздер қатарынан балама табудың, тұрақты тіркестерді қолданудың, аудармадағы синтаксистік құрылымның айырым белгілерін талдаудың қажеттігін атап өтеді. Ғалымның пікірінше, аударма кәсібі араласқаннан бері қарай бұл сала «Қазақтың бар сөзінің сараптап өтіп» сұрыпталуына үлкен ықпалын тигізді (9,8).
Қазақ ғылымында, сөйтіп, аударма мәселесіне әдебиет тану аспектісінде көбірек мән берілгенін көруге болады. Оның өзінде де мәселенің қарастырылуы «жекеден жалпыға қарай» принципінде өрбіп отырады, басқаша айтқанда, ғалымдар көркем әдебиеттің жеке бір нұсқасының – бір автордың бір немесе бірнеше шығармасының негізінде әдеби талдау жасап, осы арқылы ортақ заңдылықтарды анықтауға әрекет жасайды. Бұған, мәселен, Ә. Дербісалиннің Ы. Алтынсарин жасаған тәжімаларға тоқталуы, С. Талжановтың Н. Гогельдің бірнеше шығармасы төңірегінде ой қорытуы, Ә. Сатыбалдиевтің В. Г. Белинский шығармаларын талдауы, Т. Ахтановтың Ә. Нұрпейісовтің «Анна Каренинаның» қазақшалануы жөнінде пікір айтуы және т. б. Дәлел бола алады.
Халықтар арасындағы рухани қазынаның алмасу процесін мақал-мәтелдер, жұмбақтар айналасында, өз тәжірибесінен түйіндеулер жасайтын М. Әлімбаевтің еңбектерінде де аударма әдебиет саласы бойынша қарастырылады.
«Жекеден жалпыға қарай» принципі арқылы зерттеу жүргізу жұмыстары соңғы кезеңдерде бой көрсете бастады. Бұрынғы қалыптасқан дәстүрді жалғастыра, және жаңаша ұлттық дамудың деңгейінен қарай отырып, жеке бір аударманың ерекшеліктерін зерттеу(2,6), нақты бір дәуірдегі 20-30 жылдардағы көркем аударманың дамуын қарастыру (4) арқылы тәжіматанудың ғылыми ұстанымдарын анықтау нышандары бар. Қазақ тілінен орыс тіліне аударудың айрықша күрделі, өз алдына дербес проблема екендігін атай отырып, осы ретте қазақ поэзиясының, оның ішінде халық эпосы үлгілерінің өзге тілдегі нұсқалануын талдаған Н. Сағындықовтың (8) зерттеуінің теориялық – танымдылық рөліне де назар аудартуға тиіспіз.
Тәржіма тәжірибесі тіл ғылымы аясында қарастырылған еңбек – ғалым Ө. Айтбаевтың «Аудармадағы фразеологиялық құбылыс» деп аталатын зерттеуі (3). Тілдің бір ғана қаттауы – фразеологизмдерді М. Горкийдің бірнеше шығармасының түпнұсқасы мен қазақ тіліндегі нұсқасын салыстыру негізінде зерттеуші қазақ тіліндегі идиомдардың, мақал-мәтелдердің аудармадағы номинативтік және бейнелеуіш қызметі жөнінде бірқатар құнды мәліметтер айтады, фразалардың тәржімалануының тиімді тәсілдерін көрсетеді. Аударманың не тіл, не әдебиет объектісі болуына қатысты жалпы көзқарастарды жинақтай келіп, Ө. Айтбаев «бірыңғай лингвистикалық тұрғыдан көркем аударманы әдеби лингвистикалық проблема есебінде қарастыру жөн» екендігін баса айтады (3, 222-223).
Көркем әдеби аудармалардан «басқа түрлерді», яғни қоғамдық-саяси әдебиеттің қазақшаланған нұсқаларын талдауды тіл білімімен қараушылық К. Сағындықовтың, Қ. Шариповтың, Қ. Жарықпаевтың, Ғ. Ахметовтың (7, 11) еңбектерінде байқалады. Оларда мәселенің қойылысы соншалықты нақты болмаса да, жекелеген сөздердің, терминдердің төл тілдегі баламаларын қалыптастыру қоғамдық-саяси мазмұндағы шығармалардағы тұрақты тіркестердің қазақшалануы жөніндегі пікірлер, сөз семантикасы, мағыналық бірлік, эквиваленттілік, сөз мағынасының өзгеруі, тілдік құралдардың функционалдық тармақтарға қарай сұрыпталуы, тіл мен норманың арақатысы тәрізді бірыңғай лингвистикалық проблемаларға барып тіреледі. Көрсетілген зерттеушілердің үлкенді-кішілі еңбектерінің әсіресе 50-70 жылдардағы қазақ терминологиясының жай-күйін, оның қалыптасуына аударманың ықпалын танып-білу тұрғысынан қарағанда, маңызы өте зор. Бір тілден екінші тілге аудару процесі мен осы процестің нәтижесінде алынған туындының тіліне лингвистикалық талдау жасау жұмыстары өзге түркі тілдерінде енді-енді қолға алына бастаған шаруа. Ал бұл проблема орыс тіл білімінде едәуір тиянақталған дәрежеге жетті. Дегенмен орыс ғаламдарының да тәржіманың лингвистикалық табиғаты жөніндегі көзқарастары әр түрлі. Бұл жөнінде қорытынды пікір айту - өз алдына жеке мәселе болмақ.