Таланттар



Pdf көрінісі
бет53/256
Дата31.12.2021
өлшемі2,04 Mb.
#21362
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   256
Байланысты:
А.Қыраубаева. Жаным садаға. Пед.енб. 4-т.

ҒАШЫҚ БОЛДЫМ МЕН САҒАН 
 
Ғашықтық  сырын  баян  қылып  отырған  бұл  кісінің  жасы 
алпыстың  екеуінде.  «Қырық  жыл  қойдың  соңында  жүріп  адам 
тағы болып кеткен. Кісі алдында суырылып сөз ұстай алмайды, 
көптің  жиналған  жеріне  келмейді,  өзінше  бір  жүрген  адам»,  – 
десетін ағайындары ренжіп. 
– Қарағым, бұл сырымды естіп ап күліп жүрме. Адам сырын 
түсінгенге  айтады.  Тұйық  жүре  берсең,  жарыласың  бір  күні. 
Өзіңе-өзің  зақым  қыласың.  Оқыған  көп  білімім  де  жоқ. 
Бұрынырақ  ат  үстінде  жүріп  жазған  бірдемелерімді  кемпірім: 
«Алжыған  шал,  саған  өлең  не  керек?»  –  деп  отқа  жағып 
жіберген», – деді қария. 
Әңгімесін жымия отырып айтуға тырысқанымен, көзінде мұң 
бар. Ара-арасында қос жанарына жас толып қарағанда, жанында 
тұрған шамның жарығынен  екі көзі жалтырап кетеді. Аяғаннан 
төмен  қараймын.  Сол  бір    күндерін  еске  алғанда,  алғашқы 
махаббатына  кез  болған  жас  жігіттей  дірілдеп,  онысынан  өзі 
ұялып, күліп кояды. 
– Жасымнан жетімдік пен жоқшылықты көріп өстім. Ертерек 
адам болсын деп жастай үйлендірді. Жеті-сегіз балам барын өзің 
білесің.  Жарты  өмірім  мал  соңында  өтті.  Кемпірім  ауылда 


96 
 
балалармен отырды, жұмыс істеген жоқ. Қой бағып жүріп қолдан 
айран  ұйытып  ішіп,  күнімді  көрдім.  Тіпті  келіндерім: 
«Қайнағаның айраны тәтті», – деп ұйытқы алатын. Жиын-тойға, 
көпшілікке  араласпадым.  Мал  соңында  жүрген  бір  жаман  адам 
едім.  Кейде  отырып,  «Пәленшенің  баласы  дейтіндей  осы 
өмірімде не бітірдім?» – деп ойлаймын. 
Кемпіріміз екеуміз өмірімізде түсініспей өтіп келе жатырмыз. 
Бар  тірлігін  істеп  отырсам  да,  кейбір  кемістіктерім  үшін 
жанымды жаралайды... Шыдамым таусылған соң, бір күні үйден 
шықтым  да,  кетіп  қалдым.  Біраздан  соң  қайтып  барып  едім, 
айқайлап  үйге  кіргізбеді.  Азғантай  миымның  тыныштығын 
қалап, кіші баламмен тұрып жатырмын. Бірақ екі үйдің тірлігін 
де  өзім  істеймін.  Одан  қашпаймын.  Ендігі  арманым  -  осы 
баламды  үйлендірсем.  Баламда  бір  ерлік  мінез  бар,  сонысына 
ішім жылиды. Өтірік сөйлеуді, өсекті жек көреді. 
Қария нұрланып, төс қалтасына  қолын салып, қызыл қойын 
кітапша  шығарды.  «Осы  күні  түнгі  тыныштықта  ойыма  түскен 
сөзді  түртіп  қоятын  болып  жүрмін,  әйтеуір  –  бір  ермек». 
Ашылған бетте «31 қаңтар» деген жазу тұр. 
«Баламыз екеуміз жұпыны үйде өмір сүріп жатырмыз. Мұны 
өкінгеннен  айтып  отырғаным  жоқ.  Алдағы  өміріміз  бақытты 
болса  деп,  келешектен  үміт  күтемін.  Бүгін  туған  күнім  еді.  Екі 
тоқтының  бірін  дайындадым.  Бір-екі  бөтелке  алдым.  Қаладағы 
балаларымды көп күттім. Келмеді. Мені сыйламайды ғой деген 
ой  келді.  Екі  көршім:  Садық  пен  Құрамыс  келді.  Адам  баласы 
өмірінің өткенін қартайғанда ойлайды. Өмірде тозбайтын бір-ақ 
нәрсе бар. Ол – сезім күші. Еш уақытта өлмейді, өшпейді». 
– Жақында балама: «Барып шешеңді шақырып кел», – дедім, 
ұялғанның күнінен. «Бармаймын!» – деп, ұрсып, қуып шығыпты. 
Зейнеткер  болғанмен  қарап  отыра  алмаймын.  Кейде  атпен 
жұмыстан қайтып келе жатып, қырық жыл өмірім өткен үйімнің 
тұсына  келгенде,  жүрегім  бүріп  кетеді.  Сұп-суық  болған  өз 
үйімнен  өзім  қорқамын.  Ит  екеш  итім  мені  көре  сап  қуанып,  
шапқылап: «Кірмейсің бе?» – дегендей қиылады. 


97 
 
Күнде  таңертең  3-4  шақырымға  жүгіріп  жүрмін.  Кір 
көтеремін. «Жақсы болсаң, бір жаныңа болыс» деген... 
– Менің ендігі қалған өмірім арман болған бір жанды жалғыз 
рет  көруге  арналған.  Жүздеспей  тұрып  өліп  қалмайын  деймін. 
Оны күнде көріп жүрген бақытты кезімнің артта қалғанына аттай 
23  жыл  болды.  Ол  кезде  ол  да,  мен  де  бір  ауруханада  емделіп 
жаттық... 
– Сұлу ма еді? 
–  Ай,  қарағым-ай,  көкірегің  ұнатқан  соң,  сұлу  да.  Ән  де 
айтатын.  Сүп-сүйкімді    еді  өзі.  Кетерде  қаланың  шетіне  дейін 
шығарып  салдым.  Қасында  алып  кетуге  келген  күйеуі  бар, 
күйеуінен  қызғандым.  Сасқалақтап  жүріп  орамалын  жоғалтып 
алыпты.  Кетіп  бара  жатып  артына  жалтақ-жалтақ  қарайды. 
Екеуміз  жолыққанға  дейін  үш-төрт  баласы  бар  екен.  Сол 
балаларды жылатуға болмайтын болды. Ауылға, үйге келгенде, 
көне  алмай  жүрдім.  «Іздеп  барам»,  –  деп  серт  етіп  едім,  сол 
сертіме жете алмадым. Бақыткүл болып екі-үш рет хат жаздым. 
Хат танымаушы еді. Екі рет жауап алдым. Кім білсін, өмір қандай 
талқыға  салғанын.  Ендігі  тірі  ме,  білмеймін.  Тірі  болса,  бір 
көрсем...  Онымен  болған  кез  пейіштің  төрі  сияқты.  Сондай 
мейірден екі арадан бір әйгілі бала туар еді. «Көп жортқан қасқыр 
қақпанға түседі, көп жортқан жігіт  қалыңдығынан айырылады» 
деген, қайдам, аман болса екен қарағым. Балам болуы керек онда. 
Ендігі әскерге барып келді. Аты – Бақыт. 
– Көрдіңіз бе, қайдан білесіз ұл екенін?                    
– Ұл, – деді қария сеніммен. Түсімде екі кісілік ер алғанмын. 
«Ұл болса да, қыз болса да атын Бақыт қоямын – өзіне әкесінің 
кім екенін айтып кетемін», – деген, жарығым. Тірі болды ма екен, 
а? – деді әлсіз дауыспен бір көмек сұрағандай жан-жағына қарап. 
–  Әрине, тірі, – дедім мен. Қарияның жүзіне қызғылт шырай 
кірді. 
– Бақытыма арнап терезенің түбінен өрік ағашын тіккенмін. 
Басқа  қураса  да,  ол  қураған  жоқ.  Гүлдеп  тұр...  Мына  біреу 
сағынғанда жазған өлеңім еді. Қазір өлеңнің бәрі өшіп қалған ғой. 
Қозғағанмен көп шықпайды. 


98 
 
Қарияның кішкентай блокнотындағы, кейде қаламның, кейде 
сияның  ізімен  ұқыпты  түсіргенге  көнбей,  дірілдеп  тұрған 
әріптерге көз салдым. «Сағыныш» екен өлеңнің аты: 
 
Қырдың қызыл гүлі – сенсің,  
Жайқалып көктеп өндің бе?  
Аспаннан саған нұр төгіп,  
Сусындап, жаным, өстің бе? 
 
*    *    * 
 
Көруге болар ма екен қызыл гүлді,  
Тамыры қыр гүлінің терең болды.  
Су тартып, алыс жерден нәр алады  
Солмайды өмір бойы жүзі нұрлы. 
 
*    *    * 
 
Ортада өшпес шырақ жанып еді,  
Өшірмей сол шырақты жандыралы.  
Өмірге жақсы келер осындайдан  
Сағынышпен мейірді қандырғаннан. 
 
*    *    * 
 
Арманым едің бір кезгі,  
Жүректен алған орынды.  
Күдерді үзбей аңсадым,  
Өмірімнің емі – сен. 
 
Қария  өлеңді  оқып  шыққанымды  байқады  ғой  деймін  сөзін 
жалғады:                                                                 
– Өмірімде сол адамды кезіктіргеніме бақыттымын. Қорланға 
ғашық боп өткен Естайды естіп пе едің, қарағым... Шіркін, қимас 
адам  үшін  от  жағып  жатсаң  да  қандай  қызық.  Ол  көзінің 
қиығымен қарап жатса... 
Мен жиырма үш жыл бұрын көрген бір жанды дірілдей еске 
алып  отырған  мына  адамның  жас  жігіт  емес  екеніне  сенгім 
келмей, жүзіне көз салдым. 


99 
 
–  Шіркін-ай,  тірі  екенін  айтқан  кісіге  сүйінші  берер  едім,–  
деді күрсініп. 
– Іздейік! Мүмкін, көріп те қаларсыз. 
Сөйтіп, қария жазып берген жиырма үш жыл бұрынғы әдірісті 
алып  кете  бардым.  Көп  ұзамай  тауып  та  алдық.  Әттең-ай,  бұл 
өмірдің өкініші көп қой. Біз іздеген әйел бес жыл бұрын қайтыс 
болып  кетіпті.  Енді  бұл  қайғыны  қарияға  қайтып  жеткіземін, 
жетектеген жалғыз үмітінен қалай айырамын? 
Келесі  жолы  кезіккенімде,  қария  сездірмесе  де  бір  жаңалық 
әкелдің бе? – дегендей, үмітпен қарайлап қойды. Мен шын сырды 
айта алмадым... 
– Табылды. Алысқа күйеуге берген қызының ауылына кетіпті, 
– дедім. Сосын көңілденгенін көріп  ойын бөле түскім келіп:                                                 
–  Аға, басқаға көңіл ауғанға құдай тағала қалай қарайды екен? 
– дедім.                                             
Қария  мұңайып,  суланған  жанарымен  алыстағы  таулардың 
қар басқан ұшар басына ұзақ қарап отырды: 
–  Шын  сүйгенді  құдай  кешіреді.  Өзім  солай  ойлаймын, 
қарағым... 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   256




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет