Таланттар



Pdf көрінісі
бет59/256
Дата31.12.2021
өлшемі2,04 Mb.
#21362
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   256
Байланысты:
А.Қыраубаева. Жаным садаға. Пед.енб. 4-т.

 
Еркетай апа 
 
Мәймеш қызы, Жәкеңнің Нұрбек деген жақын інісінің әйелі. 
Жәкеңнің Еркетайдан басқа да інілерінің әйелдері көп-ақ шығар, 
бірақ  осы  кісінің  басқа  келіндерден  бір  айырмасы  –  өнерге 
құмарлығы. Жәкеңнің музейінің жанына бес адам жинала қалса, 
жоғарғы  жақтағы  кішкентай  үйінің  сықырлауық  кәрі  есігін 
қаусыра  салып,  Еркетай  апа  жетіп  келеді.  Алқымынан  бір 
байлаған жаулығының самай жағын ысырып қойып, сөзге құлақ 
тосады. Сосын жақындай-жақындай өзі де араласып кетеді. Қара 
өлеңді  түйдек-түйдегімен  тастап,  сартылдап  сөйлеп  кеткен 
түймедей қара кемпірге жанындағылар таңдана қарасады. Бір-екі 
ауыз өлең де айтып жіберіп, содан кейін көңілі жайланып, үйіне 
қайтады. 
– Той-томалаққа бара қалсам, өлең қашан басталады екен деп 
отырамын.  «Еркетай,  өлең  айтып  жібер!»  –  десе  екен  деймін. 
Өлең  айтылмаған  тойдан  қарным  ашып,  ренжіп  қайтамын. 
Өлеңнің желікпесі бар ғой жын сияқты», – дейтін. 
Жәкеңнің  үрім-бұтағы  түгел  шеше  деп,  біреуі  алдынан 
көлденең  өтпейді.  Тізесін  сипай  отырып,  «Қызыл  өрік,  ендеше 
қызыл  өрік»,  –  деп  шымыр  даусымен  көтеріп  әкеткенде, 
қырғыздың әуені қазақтың қара өлеңіне қосылып, қай-қайдағыны 
еске түсіреді-ау: 
– Тәтем (Жәкең) өлерінің алдында Жәкелеріме (қайнағалары), 
Тетелеске  (қайнысы  Тезекбай  аға)  айтты:  «Берікбала  кетемін 
десе,  ұстамаңдар.  Басы  жас  қой»,  –  деді.  Кете  барсам,  баратын 


111 
 
жер  де  табылатын    еді,  құдайға  шүкір,  бауырларым  бар,  үй  де 
табылатын  еді,  бірақ  кішкентайымнан  келген  ел  табылмайтын 
болды.  Үйреніскен  қайны-қайнаға,  мұндағы  абысындарым 
табылмайтын болды. Содан қалып қойдым. 
Одан кейінгі өмірі елдің алақанында: Атагелді  қайнысының 
баласы титтей Қуандықты алды жанына серік қылып. Ізтілеудің 
дастарқанының  бір  шетінде  қарайып  отырады,  әйтеуір.  Одан 
Жеңісқан мен Салтанатты жетектеді. Сөйтіп, ұстасып, сүйенісіп 
жүріп уақыт шіркінді жеңе берді, жеңе берді... 
– Тәтемнің (Жәкеңнің) Ақбала деген қызы болды. Өте өткір, 
тентек еді. Есіктің алдында абысын-ажын жиналып бірдеме істеп 
отырсақ, келген бетте бірімізді жұлқып, бірімізді түртіп, бықпырт 
тигендей  қылады.  Сонда  мен:  «Басқаларының  байы  қасында, 
маған  неге  тиесің?»  –  десем,  әлгі  жерде  Ақбала  кәдімгідей 
тоқталып қалушы еді. 
Апаның  өміріндегі  ең  қайғылы  күні  Жеңісқаны  әскер 
қатарына  кеткен  күні  болыпты.  «Шашым  бір  түнде  ағарып 
шықты»,  –  дейді.  Қазір,  құдайға  шүкір,  Жеңісқанның 
Сандуғашының  өзі  бой  жетті.  Күлән  қайтқалы  Тетелестің 
шаңырағында көбірек болатын болды. Бұл күнде Тетелестің өзі 
де  қайтыс  болып  кеткен.  Қалған  бала-шағалары  шешесінің 
осында болғанын қалайды. Біраз күнге айналып кетсе, үнстеттегі 
Сандуғашы  сағынып  жетіп  келеді.  Қайтесің,  бәріне  де  жаның 
ашиды.  Бас-көз  болу  керек.  Күләннің  орнында  қалып,  қара 
шаңыраққа  ие  болып  отырған  Бағдат  келіннің  де  шыркөбелек 
жұмысы  көп.  Титтей  жаман  немелері  бірінен-бірі  кішкентай. 
Жәкеңнің шаңырағы деп келетін қонағы бар, жұмысы тағы бар. 
Ағайындар жиналған бас қосуда қонақтарды жөнелтіп болған 
соң,  өздері  ғана  шүйіркелесіп  қалатын  кездер  болады.  Сонда 
әйелдер  жағы  екеу-екеу  әңгімелесіп  кеткенде,  қайныларына 
қарап:  «Әй,  мына  изәләтір  қатындарыңа  айтыңдаршы, 
шуламасын тегі, өлең айтайық. Тамақ ішуге келіп пе едіңдер!» – 
деп айқайлап жіберсе, инеліктей майысып отырған замандастары 
әңгімесін  қоя қойып: «Ал, Еркетай, бірдеме айтып жіберсін», – 
дейтін.  Содан  тымпиған  қара  кемпір  екі  қолын  сермеп  қойып, 


112 
 
өлеңді бастап кетеді, қарап отырмайды, қайнысының біреуін іле 
кетіп, айтысқа шақырады: 
 
Маған айтшы, қайным-ау, арманыңды, ілік жар,  
Қораңдағы айдап кел бар малыңды, ілік жар.  
Әйеліңді таста да, өзіме кел, ілік жар,  
Шайыдан тігіп кигізем шалбарыңды, ілік жар. 
                     Ілік сондай әридай, еп, 
                     Қаймақты іліп жеп,- 
 
деп,  сұқ  саусағымен  қаймақ  жалағандай  болғанда,  жұрт  қыран 
күлкіге  батады.  Баяғыда  ұмытылып  кеткен  небір  әуендер  сол 
кісіден  шығатын.  Қай  уақытта  Еркетай  апаны  іздесең,  жиынды 
жерден табылады, Әуелі бес құлаш белбеуді беліне байлап алып 
тыпылдап  қазан  қайнатып  жүргенін  көресің,  сосын  дастарқан 
басында  өлең  соғып  отырады.  Қара  өлеңнің  бір  таусылмайтын 
кені, қайдан суырып жатқанын білмейсің. Бұл кісіні жас күнінде 
ақын  аулына  айдап  әкелген  осы  өнері-ау  деп  ойлайсың.  Әттең, 
шіркін,  тағдырдың  небір  тауқыметі  қолбайлау  болып,  дүйім 
жұрттың алдына шығып, бір бәйгеге түсе алмай, арманда қалған 
ғой: 
 
Жастан болдым ат мініп еркек шора,  
Әйелмін деп ойламай мен бейшара.  
Бір думанға бәйге алып жүгірмедім,  
Көкірегім қайғылы, жүрек жара. 
Қарағым, өтеді-ау қайран заманым, 
Іздесем қайдан табамын. 
Дегенде ән саламын соғыс шықты, 
Жастардың қан майданда бәрін жұтты. 
Кернеген көкіректі қайран өнер                                         
Қан майдан өкпе бұзып, жерге тықты-ай.
      
 
Кейде өлеңді кең етегі шұбатылған тізесінің үстіне шынтағын 
қойып,  алақанымен  басын  сүйеп  отырып  айтады.  Қай-қайдағы 
еске  түседі-ау.  Қарлығыңқы  жуан  даусы  нық,  пәрменді.  Сосын 
бір тісі жоқ қызыл иегін тілімен жалап қойып әңгімелеп кетеді: 


113 
 
– Соғыста жалғыз ағам қаза тауып, соның бес баласы қолымда 
жетім қалып, соларды бақтым. Күйеуім болса, ол да соғыста еді, 
аман қайтты. Бала болмаған соң, бір әйелді алып, бөлек шығып 
еді,  соғыстың  зардабынан  қайтыс  болды.  Өз  қолымнан  қойып, 
артында  қалған  балаларын  тағы  қолыма  алдым.  Қанамнан 
шықпаса  да,  туғаннан  әрі,  күйеуге  кеткен  үлкенім  апалап, 
сағынып  тұрады,  қайтейін...  Бір  күні  осында  құда-жекжаттар 
келіп қалыпты. Сырт жақтың кісілері екен, ішінде ақындығы бар 
біреуі маған тиісіп қоя берді. Сосын мен айттым: 
      
Дегенде дүргей-ақпын, дүргей-ақпын,                               
Құдай құрық салмаса жүргей-ақпын.                                  
Атамыз Сүйекем мен ақын Жәкем                                      
Одан басқа ақынмен бірдей-ақпын, –                                 
 
дедім.                                                                                
Сонда  Жүз  ата  арқамнан  таяғымен  түртіп  қалды:  «Атаңның 
атын атап-атап айт!» – деп айқайлады. Атаңның атын айт дегені 
несі екен десем, атасының атын шығарсын дегені екен ғой». 
Апаның  Жүз  ата  деп  отырғаны  сол  ауылда  Жәкеңнен  кейін 
жүзге  жеткен  Мекебай  деген  кісі  еді.  Тоқсаннан  асқанының 
өзінде қимылы ширақ, екі беті күрең қызылданып тұрады. Өмір 
бойы аңшы болған, тау етегінде мал баққан. Таудың кекілігі бар 
ма, қырғауылы  бар ма – таңдап жеп, мөлдір суын талғап ішкен 
кісі. Кешке қарай бір кесе қайнамаған су ішіп алып, ылғи жаяу 
жүретін. 
Ата-бабасынан бері Жәкеңнің үйімен бір қонып, бірге көшіп, 
бауырласып  кеткен  адамдар.  Жәкеңе  адалдығын  өле-өлгенше 
сақтаған. 
Еркетай апа ыстық-суықты болған кәрі көкірегінің сырылын 
қатты жөтелмен бір қозғап қойып, тағы сөйлеп кетеді: 
– Жиын-тойда қарап отырмаймын. Түк таппасам, осы ауылда 
Сара бар, Қымбат бар, Сарқытбай бар, солармен айтысамын. 
 
Сарқытпай, мен жетік пе, сен жетік пе?  
Ақын ойлап айтпайды кем-кетікке-е-ай.  


114 
 
Аруақ шалған ақынның келінімін,  
Екі аяғың тығамын бір етікке-е-ай, – 
 
деймін. 
–  Жәкең өлеңді қалай айтушы еді? 
Еркетай  апа  күлкісін  сап  тыйып,  түсі  салқындап,  ойланып 
қалады. 
–  Ақын  тәтем  жай  әңгіме  айтпайды.  Өлеңмен  айтады. 
Дастарқанға  ықылас  қыл  десе,  сүйеулі  домбырасын  алып, 
өлеңмен төгіп-төгіп жіберіп, «ал енді жинай бер!» – дейді. Өлең 
айтқанда  домбырасын  шайқап-шайқап  қояды.  1936  жылы 
Мәскеуге барарының алдында ғой деймін, қаладағы біздің үйге 
келді.  Үйге  бір  студент  балалар  келіп  жүретін.  Ақын  тәтем 
балалардың  қай  жақтан  келгенін  сүрастырып  отырып,  «Қай 
елсіңдер?»  –  деді.  Балалар  анық  білмеді.  «Әйтеуір,  Еділдің  сол 
жақ бетіненбіз», – деді. Сонда Тәтем: «Сендердің еліңді білемін, 
сендерді көтен бөрте деп айтады. Ертеде бір баланың жамбасына 
сүйел  шығыпты.  Сол  бала  жоғалып  кетіп,  оны  біреулер  тауып 
алыпты. Жамбасына шыққан сүйір сүйел екен. Балаға Сүйел деп 
ат  қойып,  оның    баласын  Сүйір  деп  атапты.  Сендердің 
аталарыңды  Сүйір,  Сүйел  дейді,  естулерің  бар  ма?»  –  дегенде, 
студент  балалар:  «Рас!»  –  деп  мойындады.  Осыны  көрдім, 
ойпырай,  тәтем  қай-қайдағыны  қайдан  біледі  екен  деп  
таңғалғанмын. Жәкең мені кішкентай келін дейтін... 
Еркетай апа осыдан елу жыл бұрын ақын атасына шай құйған 
кездерін  есіне  алып,  томсарып  отырып  қалды.  Кешкі  ала 
көлеңкеде  ауыз  үйден  түскен  жарықтың  қызғылт  сәулесі  кәрі 
кісінің бет әлпетіне тарағанда, артық әжімдері жасырынып, жас 
қалпына  келген  түрін  көруге  болады  екен.  Қара  кемпір  болып 
көрініп  жүргені  өтірік  болды,  сүп-сүйкімді  ақ  сары  келіншек 
елестеп шыға келді. Бұл кісінің бүкіл өмірі «қалай байимын?» – 
деп емес, ағайынның көңілін қайтсем табамын деп өтіпті. Қазір 
құлағының естуі бұрынғыдай болмай қалған, кешке көзі ұйқыға 
барғанша, ескі радионы кұлағына басып жатады екен. Жақсы ән 
айтып берсе, жаны жайланып қалады. 
Әлі де болса жорғамын қартайсам да,  


115 
 
Ойлап жатам өнерді жантайсам да. 
Қарағым, өтеді-ау қайран заманым, 
Іздесем қайдан табамын? – 
 
дейді. 
–  Қарағым,  бойыңда  өнерден  бірдеме  болса,  жас  күніңде 
ұмтылып қал, ұмтылып қал! 
Еркетай апа өкінішінің қайтарымын маған өткізіп, қайғысын 
өзіне  алып  қалғандай  мұңайып  отырып  қалды  да,  ой  тізбегін 
қолымен серпіп жіберіп, өлеңге басты: 
 
Ауылым Ерназардың бас жағында,  
Топ көрдім, той бастадым жас шағымда.  
      Қадірлі, касиетті жеңге болып,  
     Отырдым қайнылардың қастарында-ай. 
Жасымда жүк артушы ем қара нарға, 
Жасым бар жетпіс бесте шара бар ма? 
Аузымнан шыққан сөзім артта қалсын, 
Кейінгі өмір берсін балаларға-ай. 
 
Өлеңді  айтқан  сайын  арқасы  кеңіп,  буыны  босап,  рақатқа 
батып отырған кәрі апаға қарап, бір аяушылық сезімге түсесің: О 
баста  әйел  байғұсты  баласын  бағып,  ошағын  ұстауға  ғана 
жаратқан-ау. Соны орындауды білген әйелдер бақытты. Ал өнер 
жүгін  қоса  арқалағандар  немесе  құдайдың  осы  қасиетті 
дарытқанына  ұялғандай,  жарыққа  шығармай,  ішке  тығып 
қалғандары  да  жарымжан  тіршілік  кешеді.  Өнер  деген  бір  жан 
ауруы ғой, жанында қолпашы болмаса. 
– Қарағым, қолыңнан келсе, тірімде айтқанымды жарыққа бір 
шығаршы... 
Еркетай  апа  айтарын  айтып  алып,  сонысын  өзі  ыңғайсыз 
көргендей,  қызыл  иегі  жылтырап  күліп  қойды.  Бір  арман  ғой, 
әйтеуір. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   256




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет