Таланттар


КЕЗБЕ ӘУЛИЕ (Көппайқызы Әлимаш)



Pdf көрінісі
бет63/256
Дата31.12.2021
өлшемі2,04 Mb.
#21362
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   256
Байланысты:
А.Қыраубаева. Жаным садаға. Пед.енб. 4-т.

КЕЗБЕ ӘУЛИЕ (Көппайқызы Әлимаш) 
 
Бала  кездегі  көрген  нәрсенің  адамның  миында  жатталып 
қалатынын педагогикада шамадан тыс пайдалану арқылы баланы 
ерте  жүйкелетіп  алып  жүрміз  ғой.  Бұл  құбылысты  дұрыстап 
зерттеп,  жолға  қойса,  бүлдіршіннің  жан  әлемін  байытуға  негіз 
болатын  тамаша  мүмкіндігі  бар.  Осыдан  30  жыл  бұрын  көрген 
кісімнің  суреттей  есте  қалғаны  бала  миының  жаттап  алғыштық 
қасиеті ғой. 
Кішірек  кезімде  әкеме  еріп,  Қызылорданың  ескі  базарын 
аралап  келе  жатқанымыз  есімде.  Оң  жақтан  бір  ерекше  көрініс 
көзіме  түсті:  Үстіне  қалың  шапан  киіп,  еркекше  шалбарланып, 
белін  буған  бір  әйел  малдасын  құрып,  кішкентай    домбырасын  
дыңғырлатып,  бірдеме  айтып  отыр.  Екі  көзін  жұмып  алған, 
теңселіп  қояды.  Алдында  тізесін  бүгіп  тыңдаған  4-5  адам  бар. 
Көзін  жеңімен  сүртіп,  жаюлы  дастарқанға  тиын  тастайды. 
Домбыра  ұстаған  әйелдің  не  айтып  отырғанын  естігім  келіп, 
жақындай  түссем  де,  түк  құлағыма  ілінбеді.  Ұзап  бара  жатқан 
әкемнен  адасып  калатын  болған  соң,  амалсыз  жүгіре  бардым. 
Жырау  дейін  десем,  саңқылдаған  ашық  даусы  естілмейді, 
қайыршы  дейін  десем,  домбыра  тартады.  Осы  сурет  жұмбақ 
күйінде  көз  алдымда  қалып  қойды.  Отыз  жылдан  кейін  не 
айтқанын өз аузынан естимін деп ойлағам жоқ.                                                   
Осыдан  бірнеше  жыл  бұрын  Әулиеатада  бір  керемет  тәуіп 
кемпірдің бар екенін естідім. Баласы да тәуіп, бірінен-бірі білгір 
деп мақтаған соң, жаны бар адам тұра ала ма? Қазақтың арқалы 
тәуібін  көруге  құштарлық  жеңіп,  9-мөлтек  аудандағы  үйіне 
бардық. 
Қаланың  көп  қабатты  үйі  екен,  кіре  беріс  ұзын  дәліздің  төр 
жағындағы үлкен бөлме толған адам. Жол бастаушы апайым оң 


125 
 
жақтағы есікке бұрылды. Кереует үстінде етек-жеңі кең, аумақты, 
ақ  жаулықты  кісі  отыр.  Алдында  алаша  үстінде  тізесін  бүккен 
әйелмен сөйлесіп қояды. Жол бастаушы кісім: 
– Апа, сізге келіп едік, – дей беріп еді, артында тұрған мені 
көрді де: 
–  Басыңа  неге  орамал  тартып    келмейсің?  –  деді.  Көзімен 
аларып қарағанда, кісінің місін басқандай, аруақты екен. Алыстан 
келгендігімді айтып: 
– Үйіңізден бір орамал бере тұрыңыз, тартып алайын, –дедім. 
Шүпірлеп жүрген балалардың біріне:  
– Әкеп бер! – деді. 
Сонымен  орамалды  тартып  алып,  қасынан  нұсқаған  орынға 
келіп отырдық. Енді назарын алдындағы кішкентай қызға бұрды. 
Қасындағы қамшымен баланың екі иығынан кезек-кезек сипалай 
ұрып, өзіне ғана аян бір дұғаны сыбырлай айтып, қолын жайып, 
бетін  сипады. Одан соң  қыздың алдына кішірек ыдысқа салып, 
тұз қойды да, тағы оқыды. Кетерде жеті қасық салып беріп, «осы 
тұздың еріген суымен жуын», – деді. Қорыққан бала екен. 
Бұдан соң іші ауыратын тағы бір баланы үшкірді. 
Алыс  ауданнан  келіпті.  Операция  жасап,  дәрігерлер  ештеңе 
таба алмағанын айтты. Одан соң кішкентай қызын алып кіргелі 
тұрған  жас  келіншекке:  «Сен  балама  келген  екенсің,  балама 
келген адамды мен қарамаймын. Өзіме арнап келген жоқсың», –
деп қайтарып жіберді. Келіншек: «Рас еді, рас еді», – деп шығып 
кетті. 
Тағы  бір  әйел  кіріп,  бал  ашып  беруін  өтінді.  Қызым  түнде 
ұшып тұрып сөйлейді. Он екіден асқан. Өзі ашуланшақ, айқайлай 
береді.  Түс  көрсе  болды,  «өлетініме  көрінді»,  –  дейді.  Тәуіп: 
«Баланың өзін әкел», – деді де, құмалағын ашып жатып сөйлеп 
кетті: 
–  Біз  қазір  жайылған  мал  боп  кеттік.  Тілімізді  ұмыттық. 
«Мама, папа» дейді. «Аға, апа, көке» деген сөздер қайда? Балаңа 
қазақша айтқыз. Арақ ішпеңдер, қызың арақты жақтырмайды. 
Әйел шығып кеткен соң, бізге қарады. 
– Қандай шаруамен келдіңдер? 


126 
 
Келген  шаруамыз  –  көру,  әңгімесін  есіту.  Манағыдай  емес, 
даусы жұмсарған, бірақ тіке қараған дөңгелек үлкен көздерінде 
батылдық, сенім бар. Сұрақты орнымен қоюы, сабырлы қимылы 
естіліктен  хабар  береді.  Ақ  жаулық  тартқан,  қомақты  отырысы 
әулие ананы еске түсіреді.                                                                                         
Үйдің қабырғасында ілулі тұрған кішкентай үкілі домбыраға 
көзім түсті. Жанындағы орындыққа сүйеулі осындай тағы біреуі 
тұр.                                                         
– Домбыра тартасыз ба, апа? – дедім қызығып.         
– Жоқ, оншалыкты тартпаймын. Домбыра қасиетті нәрсе ғой
жарықтық. Емдегенде былай ғып қолданамын.     
Домбыраны  қолына  алып,  пернесін  баспай,  дыңғырлатып 
отырып,  емдегенде  айтатын  сөздерін  қосты.  Көздері  қызғылт 
тартып, қоңыр даусымен сөйлеп кетті.          
«Қыздың  құраны  қырық  атаға  тиеді,  ұлдікі  он  атаға  тиеді. 
Соғысқа  дейін  кендір  бауладым,  жібек  құрт  бақтым.  Соғыс 
басталды.  Ер-азамат  қырылып  жатыр.  Отырып  қайғырамын. 
«Көппайдың  қызы  көпті  тілейсің!»  –  деген  дауыс  естілді.  –
Қолыңды домбыраға идік, көңіліңді көпке бөлдік», – деді. Содан 
далаға шықпай, бетіме орамал жауып алып, ел көрмедім. Қырық 
бір күн судан басқа дәм татқам жоқ. Елді тілеп, жылап жаттым.  
Боздақтар аман келсін деп қырық бір құмалақ шашып қоямын. 
Қырық  бір  күннен  кейін  қалқоз  бастық  ат  жіберіп  алдырды. 
Күйеуім  Алпамысқа  айтты:  «Әлимашқа  тіл  тигізбе,  халықты 
тіледі», – деді. Атам: «Жынды бақсы болайын деп пе едің», – деп 
домбырамды алып  кетті.  Сонда да жынды адам  құсап жүремін. 
Бір күні баланы да, байды да тастап, ел кезіп кеттім. 
Мойныма  бұршақ  салып,  домбыра  алып,  қырғыз-қазақты 
аралап,  ел  тілеуін  тіледім.  Базардың  ортасына  барып  отырып, 
домбыраға қосылып жылаймын: «Ақ лағың болайын, көк лағың 
болайын, халқымды аман қыла гөр!» 
 
Елім-ай, елім-ай, елім аман болсын-ай, 
Нелер ерлер кетті ғой, жауды жеңіп келгін-ай. 
Мен құрбанмын соларға, 
Аман келгін көбім-ай, 


127 
 
Боздақтарым келер ме екен, 
Тілекті құдай берер ме екен? 
Елге шыққан мені көріп, 
Ақ бидай шығар жайқалып. 
Елім-ай, елім-ай, әскердегі балалар
Аман-есен келгін-ай. 
Орысты да бақтым-ай, 
Қазақты да бақтым-ай, 
Сауап тисін деймін-ай. 
 
Осыны  айтып  болып,  Әлимаш  апа  жұмулы  көзін  ашып 
қабырғада  ілулі  тұрған  суретке  қарады.  Онда  бір  орыс,  бір 
қазақтың ортасында түскен өзі түр. 
–  Бірнеше  жетім  бала  асырадым.  Миша  балам  –  беларус. 
Қолыма  43  жылы  алып  едім,  соғыс  біткен  соң,  еліне  кетті. 
Қатынап  тұрады.  Мені  Беларусияға  жүр  деп  тартады.  Иманжан 
деген ұйғыр балам қазір Фрунзеде (Бішкек). Дарбоз деген балам 
әскерден оралмады. Үлкен балам Мырзалы қайтыс болған. Одан 
немерем  Бақтыгүл,  шөберелерім  бар.  Қолымдағы  балам 
Виктордан  –  тоғыз.  Бала  тұрмағаннан  кейін  атын  орысша 
қойғанбыз... 
Е, е, шырағым, далада қалғанша, балада қалсын деп отырмын. 
Виктор баламды арақтан өзім алып қалдым. Жолыма түсті, құдай 
берген тәуіптік қасиеті бар. Ана бөлмеде отырғандар – сол балама 
келгендер. 
Араздасып келген әйелге, еркекке ұрсамын: «Қой, қарағым», 
–  деймін.  Тілімді  алады.  Шымкенттен  ерлі-зайыпты  екі  адам 
келді. Екеуін татуластырдым. Қазір 5 ұлы бар. Бір мілитса бала 
келді: «Келініңіз ұл тапты, атын қойып беріңізші», – деді. Аузыма 
Жамбыл  түсті.  Содан  көтере  ме,  көтермей  ме»,  –  деп,  аруаққа 
жатып жалындым... 
Тумаған  әйел  бір  жылдай  келіп  жүрді.  Күйеуі:  «Осыдан  ұл 
туса, астымдағы    мәшинемді  түсіп беремін!»  –  деді. Келіншегі 
қырық  бірінде  ұл  туды.  Қазір  жеті  айлық  баласы  бар.  Жақын 
жерде тұрады. Өзі де келіп қалар. Күйеуі астындағы мәшинесін 
түсіп берді».                         


128 
 
Осы  кезде  есіктен  23-24  шамасындағы  арықшалау,  орта 
бойлы  бір  жігіт  қарады.  Әлимаш  апаның  дереу  жүзі  жылып, 
жұмсақ дауыспен: 
– Е, шаруаңды бітірдің бе? 
Жігіт  екеуара  түсінікті  бірдемені  айтып:  «Бітірдім»,  –  десіп 
жатыр.                                                                      
–  Намаздың  уақыты  болып  қалған  шығар,  намазыңды  оқы. 
Содан кейін бері  келе ғой.  Қызым  сөйлесемін, – дейді.                                                                             
Бұл дінге әлі апиын деп қарайтын кез. «Әлгі жігіт, шынымен, 
намаз  оқығалы  жүр  ме?»  –  деп,  таңдана  түсіп  отырдым. 
Кішкенеден соң басында тақиясы бар, қасымызға келді.                                                                     
– Намазыңды оқыдың ба? – деп, апа қайталап сұрады.                                                                                
– Иә, оқыдым.                                                            
– Мына бала Кировтан, басы ауырып келгелі бірқатар болды. 
Қазір жазылды. Жағдайын өзі айтсын.            
– Арабша оқи  аласың ба? – дедім,  күмілжіп, әңгімені неден 
бастарын білмей отырған соң.                         
– Жоқ, оқи алмаймын. Намазды Әлимаш апам мен Виктор аға 
үйретті. Қазақша әріптермен  жазып  алып, жаттадым. 
– Жұмыс істейсің бе? 
– Басымды көтере алмай, ауырып жата бердім. Әскерге барып 
келгенмін. Үйленгенмін. Соңғы жылдары әйелім мен екеуміздің 
арамызда ырың-жырың көп. Бас ауруым күннен-күнге үдеді. Бір 
күні  байқасам,  жастығымның  ішінен  бір  қатты  нәрсе  басыма 
тиеді.  Алып  қарасам,  мені  жадылау  үшін  жазылған  қағаз  екен, 
осында әкеп бердім. Анау күні Виктор ағаға жолығуға бір орыс 
тәуібі келіп еді, оқып көріп, «орысша магия», – деді. Қазір басым 
жақсы... 
– Сонда бас ауруың жадылағаннан болды деп сенесің бе? 
– Иә, әйтпесе неден болады? Бұрын сап-сау адам едім. 
Біраз отырып, жігіт шығып кеткен соң, әңгіме қайта жалғасты. 
Әлимаш апаның есіне түскені – баяғы «қараң қалғыр соғыс» екен: 
«Түс көрдім. Жерден аппақ киінген қожа шықты. Сонда әлгі 
кісіге жыладым: «Ататай, екі бура таласып, елді қырмақ болды. 
Жүріңізші, анау бураға!» – деп едім, «Барайын!» – деп, екі бураны 


129 
 
екі  жақка  айырып  жіберді.  45  жылы  сол  тілегімді  құдай  берді. 
Ұрыс басылғанда Талап қалқозында едім, қалқоз бастық: 
– Тілегіңді құдай берді, Әлимаш, тойға не сояйын? – деді. 
– Зеңгі баба әулиенің малы – сиыр сой, – дедім. Бір күні Кенен 
ағама бардым. Кенен айтты: «Тілім байланып жатыр, қамшыңмен 
ұрып  жіберші»,  –  деді.  Қамшымен  екі  салдым.  Қасымдағы 
кісілер: «Қызырың Кененге ауатын болды ғой», –деді. «Мейлі», – 
дедім.  Кенен  ағаның  кешікпей  атағы  шықты.  «Бағыңа  бақ 
қосылсын,  қазақ  атамның  аруағы  қолдасын!»  –  деп  бата  берді. 
Қазақтай кең адам жоқ қой. 
Өмірімше ел тілеуін тілеумен жүрдім. Қолыма домбырамды 
алып, араламаған жерім жоқ. Жасым жетпіс үште. Сөз көңілінде 
нұры бар адамға қалады. «Құдай иман берсін», – деп отырғанда, 
сен келдің, қарағым... Бір сиыр  сойып, Өтеген әулиеге түнедім. 
Айша бибі анама бір-ақ түнеп, асығыс боп кетіп ем, түсіме кіріп 
жүр.  Бүгін  Айша  бибі  анама  түнеуге  барғалы  отырмын.  Жүр 
менімен бірге, үш күн түнеп қайтамыз». 
Өкініш-ай!  Екі  әулие  ананың  табысқан  сәтін  көргім  келіп, 
қанша бұлқынсам да, өлшеулі уақыттың ырқынан шыға алмадым. 
–  Апа,  біз  келдік,  –  деген  дауыс  естілді  осы  кезде.  Үкілі 
тақиясы бар бала көтерген ибалы келіншек есіктен қарады. 
– Е, келе ғой, жаным. Менің балам келді, мінеки. Тфә, тфә, – 
деп, кішкентай баланы бетінен сүйіп, келінішекке қайтып берді. 
Бұл манағы айтқан, қырық бірінде ұл тапқан әйел екен. Екі үй-
ара сыйластық, қатынастары байқалып тұрды. 
Осы  кезде  сырттан  қауқылдасқан  ер  адамдардың  дауысы 
естілді.  Бірі  –  баласы  Виктор,  қалған  үш-төрт  кісі  колхоздан 
келген жакын-жуық жігіттер екен. 
– Апа, көлік дайын, – десті. 
Біз  де  киінуге  ыңғайланып,  дәлізге  беттедік.  Біраздан  соң 
жаңағы бөлмеден үстіне Әлимаш ананы  қондырған орындықты 
төрт  аяғынан  ұстап,  тік  көтерген  еркектер  шықты.  Сол  бетімен 
қоштасып,  төменге  түсіп  кетті.  Күні  бойы  кереуетте  қозғалмай 
отырған кісінің екі аяғы сал екенін байқамаппыз. 


130 
 
Іштей: «Шүкір, шүкір», – деп ойладым, – анасын көтерген ел 
азбас». 
Былай шыққан соң апайым айтты: 
– Қалай ойлайсың, мықты  тәуіп, ә? 
–  Иә.  Сенген  адам  жазылады.  Кісіні  сендіретін  адамның  өз 
сенімі  мықты  болса  керек.  Сеніп,  өмірге  құштарлығы  оянған 
адамның  ішкі  ағзасы  өз  ауруына  лайықты  дәріні  өзі  жасап 
шығарады. Айналып келгенде, адам өзін-өзі жазады. Бұрын бұл 
жағын түсінбей, тәуіпті көз байлаушы деп келдік қой. 
Бірақ мені тебіренткен Әлимаш апаның әулиелігі еді. Рухани 
кезбелер ісләм  мәдениеті өркендеген елдерде орта ғасырлардан 
бастап  болған!  Олар  қайыршы  емес,  рухани  тазалықтың 
үгітшілері.  Біздің  бала  кезіміздің  өзінде  ондай  кезбелер  бірен-
саран қалып еді. «Көптің тілеген, құдай жолындағы адам едім», – 
деп  келген  кезбені  әр  қазақтың  үйі  құрметтеп  күтіп,  әңгімесін 
тыңдап, нан-панын қамдап беріп, жолға салатын. «Бір үзім нан, 
су  болса,  одан  артық  не  керек?»  –  дегенді  жырлайтын 
ортағасырлық  адамгершілік  пәлсәфадан  туған  дәстүр  бұл. 
Өмірлік  қызықтың  бәрін  тәрік  етіп,  жақсы  киім  киюден,  тойып 
ішуден  безіп,  өзін  имандылық,  тазару  жолына  бағыштаған, 
сонысымен  адамдарға  ой  салған  кісілерді  әулие  атаған.  Бірақ 
әулие кезбелер ер адамдар болушы еді, Жалғыз-ақ бала кезімде 
ауылдың  алыс  сыртында  Ахмет  ишанның  шырақшысы  болып, 
жалғыздан-жалғыз  тұратын  бір  әйелді  көргенім  бар.  Бұтына 
қазақша кең шалбар киген, ақ есегіне мініп, анда-санда ел ішіне 
келіп қайтатын. Сонда «шырақшы әйел, шырақшы әйел», – деп 
нас-насты  көргендей  (гуманоид),  балалар  бірін-бірі  түртіп, 
қызықтаушы еді. Сол әулиелердің жұғындысы екен Әлимаш апа. 
Құлқы таза адамның ғана қолынан келетін іс. 
Қазіргі  кезде  батыс  елдерінен  рухани  саяхатшылар  шыға 
бастады.  Көлікке  мінбей,  жаяулап  ел  кезіп,  бейбітшілікке, 
табиғат тазалығына үндейді. Бірақ олардың артында демеушілері 
бар.  Еліне  қайтқан  соң,  көрген-білгенін  жаздырып  алып,  кітап 
қылып  шығаруға  дайын  отырған  көтермешілер  тұр.  Айналып 
келгенде,  аз  уақыт  тартқан  азабын  өтеп  алады.  Көппайқызы 


131 
 
Әлимаштың  көп  тілеуі  жолында  құрбан  қылған  жастығын,  ақ 
таяғы  мен  көн  етігін  серік  қылып  көрген  қиындығын  кім  өтер? 
Қазақ қанағатшыл халық қой, өзі: «Көпке пайдам тисе, болар», – 
дейді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   256




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет