Қимыл әрекет байқалмайтын, тіпті жоқ жерде аспектуалдылық көрінбейді. Бар келбеті осындай, сұр сұр... Бұл сөйлемдеаспектуалдық қатынас көрінбейді. Ол студент. Екінші сөйлемде аспектуалдық қатынас бар, бірақ мұндай қатынастан қимылдың өту сипатын ажырату қиын. Осыған қарап, аспектуалдылықтың нақты да дәл шегі ажыратылмағандығын байқауға болады.
Қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканы жан жақты зерттеген М.С.Жолшаева ғылыми зерттеу еңбегінде грамматикалық құбылыстардың табиғатын түсіндіруде оларды оқшау алып, жеке дара тұйықталған шеңбер аясында емес, басқа тіл деңгейлері элементтерімен өзара байланыста болатын кешенді тұтастық ретінде интеграциялық тұрғыдан қарастыруға ерекше мән берілу керектігін айтады. «Мұндай зерттеулер тілдік құбылыстың табиғатын толық әрі терең түсінуге жол ашады. Сондықтан қимылдың өту сипаты категориясын функционалды-семантикалық өріс теориясы тұрғысынан қарастыра отырып, қимылдың жасалу тәсілдері мен жасалу кезеңін білдіретін барлық тілдік құралдардың парадигмасы мен синтагмалық қатынасын көрсету және олардың семантикалық құрылымын ашу арқылы аталған категорияның табиғатын толық тануға болады. Бұл орайда қимылдың өту сипаты грамматикалық (тар мағынада) категория ауқымынан шығып, тілдің басқа деңгейлері арқылы да көрініс таба алатын категориялардың санатынан орын алады. Сөйтіп, аспектуалдылық семантикалық категория болып танылады да, оның тұрпат межесін құрайтын тілдік бірліктер парадигмасы бір ізге түсіп, сараланады».
Жалпы мағынада қимылдың шегі – бұл оның уақыт кеңістігіндегі уақытша шегі. Қимылдың ішкі және сыртқы шегі болуы мүмкін. Егер қимылдың уақытша шегі қимылдың өзінің сипатына қатысы болмай, сыртқы факторларға бағынышты болса (белгілі бір уақыттың мезгілін көрсету, сондай ақ басқа қимылдың болуы), онда ол қимылдың сыртқы шегі болып табылады. Мысалы, Мен жұмыста бүгін сағат алтыға дейін боламын. Оны оятпайынша, ұйықтай береді. Егер қимылдың уақыттағы өту шегі қимылдың өзінің сипатына қатысты болып, етістік мағыналарында көрініс тапса, онда ол қимылдың ішкі шегі болып саналады. Қимылдың бұл екі шегі өзара әрекеттесіп, қатар келуі де мүмкін. Мысалы, екі сағат жату, күні бойы жату деген етістіктер қимылдың созылыңқылығын білдіріп, өзара байланысты болып тұр.
Аспектуалдылықтың ішкі құрамы қимылдың жасалу кезеңі (даму сатысы) мен қимылдың жасалу тәсіліне қарайбөлінеді.
Амал-әрекеттің жасалу кезеңі оның басталуынан аяқталуына дейінгі аралық меже. Мысалы, айта бастады, алаңдай бастады, абыржи бастады т.б. тілдік бірліктер амал-әрекеттің басталу кезеңін білдірсе, айтып отыр, алаңдап отыр, абыржып отыр т.б. амал әрекеттің жасалу үстіндегі фазасын білдіреді.
Қимылдың жасалу кезеңімен байланысты аналитикалық форманттар: -п тұр, -п жүр, -п жатыр, -п отыр, -п бара жатыр, -п келе жатыр, - а түс, -а бер, -п кел, -п барады.
Қимылдың жалғасуын, созылыңқы әрекетті білдіретін -а бер форманты;
Қимылдың қалай жасалғанын көрсететін мағыналық ерекшеліктерді білдіру амал-әрекетің жасалу тәсілі деп аталады. Мысалы, сасып қалды, жылап қалды сияқты тілдік бірліктер қимылдың тез болғандығын білдіріп тұр. Ал қуанысқан болды, көмектескен болды тілдік бірліктері қимылдың жасанды түрдегі көрінісін білдіріп тұр.Құлап қала жаздады, жылап жібере жаздады тілдік бірліктері қимылдың жетімсіздігін білдіріп тұр.
М.С. Жолшаева аспектуалды семантиканы беретін синтетикалық формаларды мағынасына қарай қайталанатын қимылды; жетімсіз істелген қимылды; күшейтпелі қимылды білдіретін қосымшаларға саралап, модификациялаушы және сөзжасамдық деп ажыратады.
Қимылдың өту сипатын, аспектісін білдіретін семантикалық формаларда тек тілдік жағдаят қана емес, тілдік емес жағдаят, қатысымдағы түрлі прагматикалық жағдайлар да қамтылатындықтан, оның табиғаты да күрделі болып келеді. Аспекті мен шақ категориясының бір грамматикалық формадағы сыйыстырылған мағыналары функционалды- семантикалық аспектуалдылық пен темпоралдылық категорияларының тығыз байланыстылығын көрсетеді. Аталған категорияларды өзара байланыста кең ауқымды зерттеу – қазіргі қоғамдық-әлеуметтік сұранысқа ие көптеген түйткілді мәселелердің ара жігін ажыратуға септігін тигізері сөзсіз.