Тараз 022 сұрақ. «Жеті Жарғы» – қазақтың рухани – әлеуметтік болмысының туындысы



бет1/5
Дата20.04.2023
өлшемі31,79 Kb.
#84857
түріСабақ
  1   2   3   4   5

Сөж
Кафедра: Қаржы
Тақырыбы: Аралық бақылау сұрақтары 5 сұраққа жауап беру
Пәні: Рухани сабақтастық
Курс: 2
Топ: 6В04117 Фин
Студент: Еділбай Бауыржан
Оқытушы: Кульбаева Дина Дюсебаевна

Тараз 2022
1 сұрақ. «Жеті Жарғы» – қазақтың рухани – әлеуметтік болмысының туындысы.

Кез келген өркениетті кемелденген мемлекет өз тарихын қастерлеп, оны ұрпақтарының санасына енгізуге жағдай жасайды, өйткені тарих – халықтың мың жылдап жинаған тәжірибесі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тарихи құқықтық мұраларымызды жаңғырту мәселесі алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі бола бастады. 2015 жыл – Қазақ хандығына 550 жыл толған мерейлі жыл.


Қазіргі таңда ұлттық құқықтық жүйедегі әдет-ғұрып құқығы демократиялық, құқықтық мемлекеттің дамуының маңызды факторларының бірі болып танылады. Сондықтан елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформаларды жүргізу барысында халықтың дәстүрлі билік танымы мен құқықтық танымын ескерудің маңызы зор.


Қазақ халқының мемлекеттік тарихында, құқықтық танымы мен санасында халықтың әдет-ғұрыптық заңдарының мәдени-әлеуметтік, саяси-құқықтық маңызы өте зор. Ел өмірінің барлық саласын тұтас қамтыған әдет заңының жүйесі халық, мемлекет, жеке адам тіршілігінің барлық бағыты бойынша белгілі өлшемдерді, қағидалар мен ережелерді қалыптастырды.


Егеменді елімізде байырғы дәстүрлі құқықты зерттеген және әлі күнге дейін зерттеп келе жатқан заңгер – ғалымдарымыз аз емес. Атап айтсақ, академиктер С.З.Зиманов, С.С.Сартаев, профессорлар А.С.Ибраева, З.Ж.Кенжалиев және т.б. көптеген белгілі ғалымдар баршылық.


Қазіргі заманда қазақ және шетел ғалымдарының мемлекет және құқық теориясы мен тарихы саласындағы зерттеулері құқық ғылымының алдында көптеген құқықтық құбылыстардың мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін айқындап берді. Соның бірі ертедегі қазақ қоғамының «Дала Конституциясы» аталып кеткен ежелгі заңдар жинағы – «Жеті жарғы».


Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары қазақтың үш жүзінің өкілдері түгел қатысқан жиналыста талқыланып, қабылданған заң актісі болып табылады. Тәуке ханның билік құрған заманы және «Жеті жарғының» қабылдануы – қазақ құқығы тарихында маңызды кезеңдердің бірі.


Тәуке хан билікке келген кезең қазақ қоғамы үшін қат-қабат қиыншылықтар мен шырғалаң шиеліністерге толы уақыт аралығы еді. Осы кезеңде қазақ даласында орын алған оқиғалар легі оның болашақ даму бағытын анықтауға біршама ықпал жасады. Ол оқиғалар қазақ елінің тарихи өміршеңдік қабілетіне үлкен сын болды. Қазақ қоғамының ішкі бірлігін, тұтастығын, беріктігін тарихи тағдыр тезіне салды. Оның рухани өмірі бастауларының мөлдірлігі, адастырмас ақиқаттығы, қоғам мүшелеріне дем берер қуаттылығы сұрапыл тексерістерден өтті, ал саяси, әскери және қоғамдық өмірді реттеу институттары мен салалары заман қойған аяусыз сынақ сауалдарына тап болды.


XVІІ ғасырдың аяғы мен XVІІІ ғасырдың басында қазақ қоғамының бүкіл болмысы мен бітімі, құрылымы мен өмір сүру салты, тынысы мен тіршілігі уақыт дүмпуіне, оның тегеурінді сілкінісіне тап болған еді. Қазақ халқына тарих көшінен ауып қалу немесе замана ағымына ілесе алмау қаупі төнген еді. Міне, Қазақ хандығы тарихындағы ең ауыр, өтпелі кезеңінде билікке әз Тәуке хан келді. Тәуке хан тұсындағы Қазақ мемлекеттілігінің бітім-болмысы сапалық әрі нысандық тұрғысынан күрделі өзгерістерге ұшырап, Қазақ хандығы іргелі де қуатты әрі біртұтас мемлекет дәрежесіне көтерілді. Бұл жөнінде белгілі ғалым С.Өзбекұлы: «Тәуке хан – қазақ елінің біртуар данышпан қайраткерлерінің бірі. Хандық билік жүргізген аралықта бұрын бытыраңқы жағдайда жүріп, қайсыбір мемлекеттерге жем болған, қазақ ұлдарын құлдыққа, қыздарын күңдікке ұшыратқан үш жүздің ел басыларын бір орталықтан басқарылатын мемлекеттіліктің астына топтастыра алды деп айтуға ғылыми негіз бар. Бұл сол заман талабына сай қабылданған, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттің тиімді құқықтық негізі ретінде танылған тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш хартиясы, әрі негізгі Ата Заңы болған, Тәуке ханның «Жеті жарғысы», жаудың қандай да болса шабуылына тойтарыс бере алатын, бір орталықтан басқарылған күшті әскер және халықты әрбір қимыл-әрекеттерге жұмылдыра білетін, саяси билік жүргізе алатын басқару жүйесі еді» - деп жазады.


Қазақ хандығы аталмыш дәуірде шын мәнінде бір орталыққа бағынған қуатты мемлекетке айналды. Тәуке хан өз заманының ірі тұлғасы ретінде қазақ елін бір орталықтан басқарылатын, оның тыныштығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттілік құрды. Қазақ Ордасын бұл кезде оған көршілес барлық мемлекеттер мойындады және оның тәуелсіздігі мен тұрақтылығы тарихи шындық ретінде қабылданды. Тәуке хан жүргізген барлық саяси-әлеуметтік, әскери, құқықтық реформалар мемлекеттің нығаюына, оның ішкі бірлігінің және халықаралық беделінің артуына өлшеусіз үлес қосты.


Тәуке хан тұсындағы Қазақ мемлекетінің өмірінде билердің орны мен рөлі біршама жоғары көтерілді, олардың мемлекеттік істерді атқарудағы өкілдіктері артты. Оның бірқатар себептері болды. Біріншіден, халық арасынан шыққан билер мен батырлар саяси өмірге көптеп тартылды және олар көп жағдайда Тәуке ханның арқасында нақты билікке ие болды. Екіншіден, билердің мемлекетті нығайтудағы еңбегі, әсіресе, олардың заң шығару саласындағы жемісті іс-әрекеттері, «Жеті жарғыны» қабылдауға қосқан үлестері ерекше болды.


Реформаторлық бағыттағы және жоғары деңгейдегі мемлекет қайраткері ретінде әз-Тәукенің осы мезгілде атқарған басты қызметінің бірі – «Жеті жарғыны» қабылдауы еді. Ғылыми әдебиетте «Жеті жарғының» қабылданған уақыты туралы екі түрлі болжам айтылады. Н.Өсерұлы «Жеті жарғы» 1680 жылы қабылданды» десе, С.Өзбекұлы «бұл заң 1684-1685 жылдары қабылданған» дейді. Екі автор заңның қабылдануы жайлы екі түрлі уақыт көрсеткенімен, олардың болжамдарына ортақ бір желі бар, ол – екі автор да «Жеті жарғының» Тәукенің хан болып таққа отырған алғашқы жылдарында қабылданғанына шек келтірмейді.


«Жеті жарғы» бір немесе бірнеше адамның еңбегінің жемісі емес. Ол, біріншіден, тарихи-құқықтық құжат, яғни, қазақ халқының құқықтық өмірінің белсенділігінің және құқықтық шығармашылығының тарихи қорытындыларының және тарихи жетістіктерінің бірі. Оны зерттеген талай ғалымдар «Жеті жарғының» негізі сонау Майқы би заманынан бастау алып, одан бергі жерде Қасым хан мен Есім хан заңдарына негізделетіндігін және солардың жаңа дәуірдегі жалғасы екендігін мойындауда. Демек «Жеті жарғы» белгілі бір заман туындысы дегеннен гөрі, ғасырларға ұласқан әр түрлі ұрпақ өкілдерінің құқықтық ойының желісі деген дұрыс сияқты.


Екіншіден, «Жеті жарғыны» түзуге Тәуке дәуіріндегі атақты билердің бәрі қатысты деуге негіз бар. Әрине, қазақтың үш биінің - Төле, Қазыбек, Әйтекенің – бұл заңның соңғы, толық және ресми нұсқасын жасаудағы рөлі ерекше еді. «Жеті жарғы» ел арасына Тәукенің заңы болып тарады және осы атауын, даңқын осы күнге дейін сақтап қалды.


ХVII-ғасырда Қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты сол уақытта басқарушы болған Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш-жігер салды. Осы уақытта Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты.


Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билер Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады.


Осы кезде құрылған «Билер кеңесі» Қазақ хандығының саяси жүйесінің белді органына айналады. Бұл мемлекеттік орган қазақ мемлекеттігінің саяси жүйесінде үлкен құқықтарға ие болумен қатар, ішкі, сыртқы саясатты жүргізуде орасан зор рөл атқарды. «Билер кеңесі» сайланған алқалық орган ретінде талқыланған, қаралған мәселе бойынша қайта айналып қарауды қажет етпейтін шешім қабылдау дәрежесіне дейін көтеріле алған.


Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жеті жарғы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп көрсетуге болады.


Онда отбасы және неке заңы, жер дауы, жесір дауы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан.


«Жарғы» - сөзінің қазақша мағынасы әділдік, шешім дегенді білдірген. Түпкі мәні «дәл әрі әділ» деген сөзден шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида басымдыққа ие болатын.


Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен.


1-жарғы. Көтеріліс жасап,бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.


2-жарғы. Халық мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.


3-жарғы. Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.


4-жарғы. Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын.


5-жарғы. Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.


6-жарғы. Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді, ал қызы жоқ болса қыздың қалың малын береді. ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.


7-жарғы. Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төленсін.


Сонымен бірге «Жеті жарғы» заңы қағаз бетіне түсірілмегені де белгілі. Кеңес дәуірінде «Жеті жарғы» мүлдем зерттелінбеді. Бізге «Жеті жарғы» орыс ғалымдарының жазбалары негізінде белгілі. Алғаш рет орыс ғалымы Г.Спасский К. Шүкірәлиевтің мәліметтері негізінде «Жеті жарғының» 11 үзіндісінен тұратын, бірінші нұсқасын «Сибирский вестник» баспасөзінің бетінде жариялады. «Жеті жарғының» 34 үзіндіден тұратын екінші нұсқасы А.Левшиннің зерттеулері арқылы белгілі. Аталмыш нұсқалар «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейін 100 жылдан астам уақыттан соң ауыз әдебиеті негізінде жарияланды. Сол себептен де, бұл заң жинағының толық нұсқасы бізге жетпегені мәлім.


«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі және сыртқы жағдайын күшейтуге бағытталды. Бұл заң қазақтың ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді.


«Жеті жарғыға» байланысты ауызша және жазбаша деректерді қарастыра отырып, оның мемлекет пен қоғамның тіршілігін үйлестіретін негізгі заң қағидаларының жинағы немесе мемлекеттік биліктің үлгісі ғана емес, сондай-ақ ұлттық танымның айшықты айнасы, халық рухының қамқоры екенін аңғарамыз.






Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет