Қазақ АКСР-ғы1921- 1922 жылдардағы ашаршылық. 1921-1922 жылдардағы ашаршылық Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Кеңестер елін тағы бір ауыр сынақ күтіп тұрды. 1921-1922 жылдардағы ұзаққа созылған қарсыз қыс жауынсыз жазға ұласты. Қыста қардың, көктем мен жазда жауынның болмауы қатты құрғақшылықты, оның салдары ашаршылық нәубетін әкелді. 1921 жылдың жазында ол елдің көптеген өңірлерін, әсіресе Еділ бойы аудандарын жайлады. 1921 жылдың күзіне қарай бүкіл ел бойынша 2 млн астам адам аштыққа ұшырады. 1921-1922 жылғы ашаршылықтың үш себебі бар. Алғашқысы — Азаматтық соғыс салдарынан қазақ даласындағы шаруашылықтардың күйзеліске ұшырауы. Екіншісі – 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақшылықтың ауыл шаруашылығына келтірген зияны. Үшіншісі — жұқпалы аурудың тарауы.БОАК-тың 1921 ж жазындағы Декретімен аштыққа ұшыраған деп Орал,Орынбор,Ақтөбе,Бөкей Ордасы,Қостанай губерниялары жарияланды. Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап өз еріктерімен оңтүстікке – Түркістан республикасына, шығыста – Ақмола және Семей губернияларына қарай босты. Еділ бойының тұрғындары Орынбор және Түркістан губернияларына қарай ығысты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделілендіріп жіберді. Ашыққан ауылдар мен болыстарға алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін уездік атқару комитеті мүшелерінің барлығы дерлік елге жіберілді, 1921 жылдың көктемінде әр селолық кеңестің жанынан көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін арнаулы комиссиялар құрылды, олар мүмкіндігінше қажетті астықпен қамтамасыз етілді. Аштық жайлаған Торғай уезінің тұрғындарына губерниялық азық-түлік комитеті көмек ретінде 50 000 пұт астық және көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тұқым қорынан 500 пұтастық бөлді. Торғай уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 12 мамырдағы кеңейтілген отырысында ашыққан халыққа жедел көмек көрсету жөнінде мәселе қаралды. Отырысқа уездік атқару комитетінің Т.Жүргенов басқарған мүшелері, ОАК-нің өкілдері Ә.Жангелдин, С.Арғыншиев, Тимошенко мен Арынғазиев қатысты. Уездік атқару комитеті төрағасының басқаруымен жабдықтау бөлімі, экономикалық және азық-түлік бөлімдері өкілдерінен ашыққан халыққа жедел көмек көрсету үшін комиссия құру туралы шешім қабылданды. Жергілікті жерлерде Комиссия бөлімшелері ұыймдастырылды. Аштықтын себебінен 700 мыңнан астам адамдар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.