Бірінші - ол этногенез мәселесі. Біз тұтас ұлтпыз, оның биік деңгейі немен өлшенеді? Ол қалай қалыптасады? Ұлттың кешегісі, бүгінгісі, ертеңі қандай? Қазақ сахарасын жайлаған тайпалардың бүгінге тартылатын желі бар ма?
Екінші түйін – мемлекеттік мәселе. Қай ғасырда пайда болды, оның территориялық аясы, тайпалық құрамы, мемлекеттік рәміздері, оның пісіліп-жетілу деңгейі, сипаты, тағы басқа мәселелерді қамтып, бір жүйеде, тұтас әдіснамалық деңгейде қарастыру әлі де тарихнамада жетіспейді. Ұлттық мемлекеттік дегеніміз не, оның тайпалық, мемлекеттік құрамалардан айырмасы қандай, ол қашан пайда болды? Бұл тарапта да ойландырып-толғанатын мәселелер баршылық.
Үшінші басты ділгірліктің бірі - өркениет мәселесі. Біз қай өркениетке жатамыз? Көшпелілік пе, отырықшылық па, орыс-сібір өркениеті ме, ортаазиялық Тұран өркениеті ме, әлде көшпелілік пен отырықшылықтың басын қосқан дала мен қаланың синтезі іспетті ұлы дала өркениеті ме? Әлемдегі сегіз өркениеттің біз осы уақытқа дейін біреуіне де қосылудың кілті неде? Түркі өркениеті дегенді де ауызға алушылық бар. Бізде зерттелмей келе жатқан мәселе – ұлтаралық, мемлекет аралық қатынас, өркениеттер ықпалы, мәмілегерлік тарихы.
Төртінші, XX ғасыр тарихындағы Ұлт-азаттық қозғалыс үш толқынның басын қосады. Ол ағартушылық толқыны, ол еуропалық өркениет ықпалындағы конституциализм, демократия толқыны – алаш толқыны, ол большевиктік даму жолындағы революциялық, пролетариаттық диктатура толқыны.
Бесінші. Біз осы уақытқа дейін әрбір ұлт-азаттық қозғалысты империя мүддесі биігінен талдап, жеке-жеке аймақтық шеңбердегі төбелес, жанжал дәрежесінде қарап келдік. Шын мәнінде, 1731 жылдан бастап қазақ халқы үздіксіз, бір сәт толастамаған ұлттық-азаттық соғысын жүргізді. Осы әдіснамалық көзқараста ұлт-азаттық қозғалысын басынан аяғына дейін жүйелеп, оларға тән ортақ заңдылықтарды, әрқайсысына тән ерекшеліктерді анықтау абзал. Сонымен Қозыбаев Манаш Қабашұлы өте маңызды ұлттық міндеттерді, мәселелерді, тұжырымдарды көтерді. Олар:
Біріншіден, ұлттық міндеттер контексінде Қазақстан халықтарының этникалық ыңғайлануын қалпына келтіру, бұл құнды мұраларға рулық немесе тайпалық сана тұрғысынан қарамау қажет. Керісінше, ұлтымыздың тарихи тұтастығын, ғасырлар бойы бірлігін танытатын құжаттар ретінде ғылыми сараптан өткізуді қолға алсақ ләзім.
Екіншіден, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған дәрістер (лекциялар) циклі мақсатты түрде жарияланып тұрса. Бұл орайда қазақ халқы мемлекетінің ерлік дәстүрлері тұтастай, сабақтаса дамыған үрдіс қалпында көрсетілгенін қалар едік.
Үшіншіден, біз өзіміздің бай дәстүрі бар ұлт екендігімізді енді танып жатырмыз. Кез келген ұлт өзінің дербестігін өзге әлемге қара күшпен, құрғақ айқаймен емес, өзіндік мәдениетімен ғана мойындата алады. Ендеше, біз өзіміздің дәстүрлі мәдениетіміздің құрамдас бөліктерін, даму тарихын, айтулы ескерткіштерін, тағы басқа құндылықтарын алдымен өзіміз танып, жас ұрпағымызға өнеге етіп, содан соң өзге әлемге мойындатуды басты парызымыз деп ұқсақ.
Төртіншіден, ұлттық дүниетанымымызды қайта жүйелеу де күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Ұлттық дүниетаным дегеніміз – жай ұғымдар мен түсініктердің жиынтығы емес – ғасырлар бойы атадан балаға көшіп, ана сүтімен әрқайсымыздың қанымызға сіңген дүниені қабылдау ерекшелігіміз, ойлау машығымыз, бағалау өлшеміміз. Кез келген жаңа ілім-білімді, ғылыми жаңалықты өз дүниетанымымыз елегінен өткізе отырып қабылдасақ қана құнарлы топыраққа түскен әлгі ілім мен жаңалықтың жемісі баянды болмақ. Қазақ халқының болашақ ғылымы мен білімі, мәдениеті мен өнері тек осы төл дүниетанымымызды іргетас етіп қана әлемдік өркениетке өз үлесін қоса алады. Сондықтан толыққан тарихымызды жұртшылық санасына жеткізуді мақсат еткенде ұлттық дүниетанымымызды жүйелеу ісін еш уақытта назардан тыс қалдырмауымыз қажет.
Бесіншіден, халықтық тарихымыз деген өзі – сол халықтың тұлғалы президенттерінің тарихы, іс-қимылдарының тарихы. Бізге тарихтағы жеке тұлғаның рөлі туралы айтқанда марксизм-ленинизм классиктері жылдар бойы миымызға құйған қасан қағидадан арылу қажет. Қазақ қоғамында да халқымыздың тағдырын кілт басқа арнаға бұрған, елдігімізді сақтауға өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғалар аз болмаған. Бүгінгі күні де қазақ елін өтпелі кезеңнің қиындықтарынан алып шығар, өркениетті мемлекеттер қатарына қосар бір күш болса, ол күш – ел қамын ойлар тұлғалы азаматтарымыз. Болашақта да елдің мерейін, халықтың абыройын биікке көтерер азаматтар рөлі айрықша маңызға ие болып қала бермек. Міне, сондықтан тарихи тұлғалардың халқымыз бен еліміз алдында сіңірген еңбегін ашып көрсету, оларды жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету назардан тыс қалмаса керек.
Алтыншыдан, шетте жүрген біршама қандас бауырларымыз бар. Біз қазақстандық, қытайлық, монғолиялық, өзбекстандық, ресейлік, түркиялық болып бөлінбеуіміз керек. Біз біртұтас қазақпыз деген ұғым қанымызға ана сүтімен бірге сіңуі қажет. Шетте жүрген бауырларымыздың тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен өнеріне, талантты өкілдеріне көңіл бөліп, қазақ ұлтының тарихи мен мәдени тұтастығын көрсетуге белсене атсалысуымыз керек.
Кез келген халықтың шығу тарихы күрделі және ұзақ процесс, нәтижесінде олардың белгілі бір территорияда жалпы халықтардың тұрақты ортақ тіл қатынастары пайда болады және этникалық өзіндік саналары, жалпы материалдық және әлеуметтік мәдениеті қалыптасады. Қазақ халқы негізінен, бұрынғы тайпалардан пайда болып, республиканың қазіргі территориясында тұрады, этникалық процестердің түп төркіні қола дәуірінен басталады, бұл кезең Андронов мәдениеті деп аталады. Егер сол бұрынғы дәуір ескерткіштеріне көз жіберетін болсақ, ондағы керамикалық ыдыстардағы өрнектерін қазіргі қазақтардың айшықты өнерімен салыстыратын болсақ, онда біз көптеген ұқсастықты аңғарамыз. Ертедегі темір дәуірінде Қазақстан территориясында сақ тайпалары өмір сүрді – оларға массагеттер, дайлар, исседондар және басқалары жатады. Аң стилінде жасалған, ертедегі сақ қолөнершілерінің жасаған заттарының кейбір элементтері қазірде қолданылады. Дүниені дүр сілкіндірген Кіші Азиядағы Кирді, Ескендірдің (Александр Македонский) қалың қолын тоқтата алған Сақтар еді. ... Осыдан екі жарым мың жылға жуық бұрын халқының үштен бірі атқа қонған үйсін мемлекетінен бастап қазақ сахарасында талай тайпалық мемлекеттер үстемдік етті. Одан мың жылға жақын уақыт өткен кезде басы барды идірген, тізесі барды бүктірген қытаймен, ұрыммен (Византия) терезесі тең түркі қағанаты – ұлы империя ту тікті. Еділ мен Қап тауының шығысында шаңырақ көтерген Хазар қағанаты, Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу өңіріндегі Қарахан қағанаты, Сырдария мен Еділ арасын жайлаған Оғыз ұлысы, он екі тайпадан құралған өр Алтайдан, Ертістен – Еділге, оңтүстік Оралдан, Құланды даласын басып, Балқаш көлі Жоңғар Алатауына дейін мекендеген Кимек қағанаты, тағы басқа ұлыстар – осылардың бәрі негізінен жергілікті түркі тектес тайпалар еді.
Қалың қол арабтарды, қара құртша қаптаған қара қытайды, т.б. алып далаға басып кірген басқыншылар легін тек түркі тектілер ғана тоқтата алды. Көшпенділерден кейін мұңғылдар қабылдап, одан әрі дамытқан әскери өнерді қалыптастырды, қалың елді билеу жүйесін енгізді. Еуразияның қақ ортасына ту тіккен ер түркі тайпалары Батыс пен Шығысты жалғастырды. «Ұлы Жібек жолы» тек қана отырықшылардың өмір талабынан ғана емес көшпенділердің болмысынан туғанды. Бір сөзбен айтқанда, ер түркі тайпалары Еуразияның ең даласының төл перзенті санатында көк бөрілі байрақ астында емін-еркін өсіп өнгенді. Сақтар, ғұндар, қаңлы, үйсін, дулат, арғын, алшын, найман, керей, жалайыр, қимақ-оғыз, қыпшақ, қырғыз, қарлық сияқты түркі тектес басқа да тайпалар болашақ қазақ халқының негізін сол бір кезде осылай қалады.
Заманымыздың X ғасыр шенінде Еуразия сахарасында, сан тайпалардың жиынтығы болған тектерден (славяндардан, роман-германдықтардан, түріктерден, т.б.) этностардың бөліну процестері басталды. Дәл осы тұста славяндар бөлініп, батыста орыс халқы, ұлы далада қыпшақ халқы қалыптасты.
Қыпшақ этнонимі туралы мәлімет 759 жылғы Селенгі тасында кездеседі. Рашид-ад-дин Оғыз (Өгіз) қаған қан майданда қаза болған бегінің шірік ағаш қуысы ішінде (іші қуыс ағаш шыпшақ) туған баласын тауып алып, қыпшақ деп атады деп көрсетеді. Құрманғали Халидтің айтуынша, «мағынасын байқағанға «қыпшақ» адам баласы дегенге саяды».
Л.Гумилев айтқандай, XI ғасырда түркі супер этнос санатында сөне бастады. Осы шақта түркілердің бағына 92 баулы қыпшақтар тарих сахнасына шықты. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежіресінде: «Күн батысы Сырдария, күн шығысы Ертіс, Оңтүстігі Жетісу, Солтүстігі Еділ-Жайық, сол төрт судың арасы Дешті Қыпшақ жұртының қонысы еді, сол қыпшақтан тоқсан екі ру ел таралды. «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе? – деген мақал болған себебі осы», - деп көрсетілген. Өзі суперэтносқа барлық тайпалардың бірден бір ұйтқысы болды. XII ғасырда қыпшақтар бүкіл араб, парсы, славян, роман-герман халықтарының үрейін ұшыраған құдіретке айналды. Ертістен Еділге, Шу мен Таластан Каспийге дейінгі біртұтас ен далада қыпшақ одағы үстемдігін жүргізді. Ежелгі оғыз даласы енді Дешті-Қыпшақ – Қыпшақ даласы атанды. 1055 жылы олар орыс шекарасына жетті. Кешікпей қыпшақ ұландары Еділден Донға, одан Днепр мен Днестрге өтті. Енді бұл кеңістікті орыс шежірелері Поле половецкое – Половецкая степь деп айтуға мәжбүр болды. 1071 жылы Кіші Азияны – Анадолыны жаулап алған қыпшақтардың қалың қолы ну Карпатқа, Дунайдың темір қақпасы мен Балқан тауға бірақ тірелді.
Ұлы ақын Мағжан «От» деген туындысында:
Талай заулап ұшқанмын,
Әлпіге барғам Алтайдан,
Балқанға барғам Қытайдан, -
дегенде ғұндардан кейін Еуропаға заулап барған қыпшақтарды да еске алса керек.
Қыпшақтар мен оғыздар, тохсы, яғма, окрак, нарұқ тайпалары Махмұд Қашқаридың дәлелдегеніндей, таза түркі тілінде сөйледі. Қыпшақ одағына кірген түркі тайпаларын ол ортақ тілге айналды. Қорыта айтқанда, қыпшақ атаумен халық болып танылған қазақ барша түркі әулетінің қара шаңырағы болды. Еуразияның қос құрылығында тарихтың құдіретті төріне бір-ақ шықты. Шежіреші ақын Мағжанның:
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?! – деуі осыдан.
Біз жаңа дәуірде Алтайдан Днепрге дейінгі Еуразия сахарасында әрі сулы, әрі таулы, әрі далалы өркениет болғанын пайымдаудамыз. Ол ол ма, Ұлы Жібек жолында қала халқы 20 процент, ал дәл сол кезде батыс Еуропада ортағасырлық қалаларда халықтың 12 проценті шоғырланғанын айта келіп, біздің өркениет қала мен дала мәдениетінің қосындысы екендігін дәлелдеудеміз.
Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: Түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлестерін дәлелдеу арқылы жалпытүріктік рухани негіздегі қасиетті қазыналар жасалғанын, «рухани мұрагерлік жалғасын тауып, әрі сонау ғасырлардың терең түкпірінен ұлы түркі еліне жасампаздық серпін бере білді», - деп, қорытады.