ІІІ. Киелі кермиықтар
Дала... Ұлы дала... Жаратушы құдай қазақ баласына табиғат ананың бауырынан тауды да, даланы да сый еткен ғой. Қазақтың классигі Қадір ақынның артына қалдырған бір нақылы бар еді:
Асқар шыңдармен түндіктес,
Алапат даламен кіндіктес – ҚАЗАҚПЫЗ.
Осы сөздің ұлы ақиқат екеніне енді ғана нақ көзім жеткендей.
Сымбатты сұңғақ пойез дариға даланың төсін дүбірге бөлеп, жүйткіп келеді. Алатаудың құлақтары қалқиған ақ бас шыңдарын артта қалдырып, кең жазираға шығып барамыз. Кермиық дала... Кербез шоқылар... Осы бір тіркестер уылжыған ойды қайта-қайта қозғай берді.
Әдетте кермиық деп, төбесі көк тіреген асқарларға, тұлабойы тәкәппар жаратылыстарға айтылушы еді ғой.
Кермиығым, кербезім,
Керіскедей шандозым!
Исатай. Иә, бұл дауылпаз ақын Махамбет бейнелеген батыр Исатайдың болмысы. Ол асқақ, ол биік. Ал мұның құлазып жатқан далаға, томпайған шоқыларға қатысы қанша? Неге бүкірейген төбелер шалқайып жатқандай көрінеді көзге?
Бәлкім, ол менің санамда – қазақ баласының санасында солай шығар. Бұл ұлы кеңістік, бұл шоқылар, бұл жоталар әрбір қазақ баласы үшін әлемнің кез келген алып нүктесінен биік тұрады. Олардың әрқайсысының өз киесі бар. Абыз ақын Мұқағалидың жүрегінде Хан Тәңірінің орны қаншалықты болса, одан жүздеген есе кіші осынау әрбір шоқылардың, әрбір жоталардың орны соншалықты екені сөзсіз. Себебі олардың әрқайсысына бабалардың қаны, аналардың көз жасы сіңген. Сондықтан да олар қастерлі, сондықтан да олар киелі. Киелі кермиықтар...
Достарыңызбен бөлісу: |