VІІІ. Мұхтардың мұражайы
Келесі аялдамамыз – Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөрілідегі өзі тұрған үйі, бүгіндегі Мұхтар мұражайы болды. Үй алғашқы тұрғызылған қалпында емес, қайта жөндеуден өткені анық. Әйтеуір сақталғанына шүкір. Көзбен көріп, ауасын иіскеп, көкірекпен сезіндік. Ұлы жазушының бар мұрасы Алматыдағы мұражайында ғана қалдырылған ба десек, бұл үй де құнды дүниелерге толып тұр. Мұнда тек М. Әуезов жайлы ғана емес, жалпы сол дәуір тұрмысынан, сол әулеттің өмірінен мағлұмат алуға болады. Тұрмыстық заттар, үй жабдықтары, жазушының кітаптары мен қолжазбалары, ескі фотолары, тіпті Мұхаңның қою қара костюміне дейін ілулі тұр. Ерекше есте қалғаны ет сақтайтын шошаласы болды. Мұндай тоңазытқыш бөлмені кейін Абай үйінде де көріп таң қалыстық. Қазақ ет қамын қамдаудың не түрлі шебер үлгісін білген ғой. Арнайы бір бөлмені жаздың аптабында ешбір сыртқы энергиясыз-ақ сап-салқын етіп сақтаған. Бұл да бір халық тұрмысының шебер көрінісі.
Бұл жерде біз үшін ең әсерлі болған бұлар емес. Біз үшін ең маңыздысы – Мұхтар тыныстаған ауамен тыныстап, Мұхтар көз тіккен көк жиекке көз тігу еді. Мұражай ауласының сыртындағы шағын төбешікте адам бойынан сәл биікктеу бір құлпытас тұр. Арнайы қырын шығарып қашалмаған, ескі күйін сақтаған омбал-шомбал бұл таста перзент Мұхтардың туған өлкесіне арнаған сөзі қашалып жазылған.
«Мұңлы Қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі».
Достарыңызбен бөлісу: |