VІ. Қарсы ал бізді, қыран дала!
Тағы да дала... тағы да жазықтық... тағы да алып жаратылыстың кереметіне көз байланып, меңірейген күймен ұлы кеңістікті кешіп өтіп барамыз. Бұл дала сенің осындай сұлу сахараның ерке перзенті екеніңді тағы да бір дәлелдейді. Бұл дала өзіне сенің ессіз ғашық екеніңді еріксіз мойындатады. Иә, мен оны сүйемін. Тіпті, егер де мен бір қанатының өзі күллі жер бетін жауып қалатын алып періште Жәбірейіл болсам, онда Ару Жерді құшып тұрып, дәл осы кең байтағынан сүйіп алар едім. Әттең құшағыма сыймайды, әттең.
Жол үстіндеміз. Шағын автобус жалдап, Семейден біршама қашық жатқан Абай еліне – жыр болған Жидебайға кетіп барамыз. Арамызда жол көрсетіп келе жатқан Айнұр есімді жалғыз бір студент қыз. Бар тізгін соның қолында. Ата-тегі Шәкәрім әулетінен тараған осы өңірдің тумасы екен. Сырттай анықтап қарасаң бет-пішіні сол нәсілден аумайтыны бірден байқалады. Өз жауапкершілігін қалтқысыз орындап келеді.
Шыңғыстың топырағына бір табан жақындаған сайын, жүргізуші жылдамдықты үдеткен сайын біз де ынтыға түсеміз. Шалғайдан келеміз. Кеудемізде қыз-қыз қайнаған ыстық жалын мен әулиелеріңе арналған аят-дұғамыз бар. Қарсы ал бізді, қыран дала! Қыранның қанатындай керілген кермиық дала.
Достарыңызбен бөлісу: |