Теориялық конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет2/27
Дата28.12.2016
өлшемі2,24 Mb.
#597
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

Қойлыбай Асановтың
Хан əмірі қашанда аймағымен танылар, 
Қарашаның қадірі қаймағымен танылар. 
Қас батырдың намысы айбарымен танылса, 
Болар елдің болмысы байрағымен танылар. 
Өлең сөздің жүйрігі толғамымен танылар, 
Кемеңгердің билігі жан-жағымен танылар. 
Тегеуіріні тұлпардың озғанымен танылса, 
Жоралғысы жабының алғанымен танылар. 
 
Айтылған сөз келелі салмағымен танылар, 
Төл өнері халықтың талғамымен танылар. 
Айдың көлдің кемері толғанымен танылса, 
Ару қыздың бедері арманымен танылар.  
 
«Танылар» 
Бауыржан Бабажанұлының: 
«Бас зеңіді, – деймісің – денем ауыр..» 
Бір серпіліп қайтпаймыз, неге, бауыр?! 
Анау қырдың астында бір ауыл бар, 
«Төлегеннің ауылы» – деген ауыл. 
 
Бұл ауыл – жеткен ауыл Хаққа өлеңі, 
Үйіне кісі келсе , Бақ көреді. 
«Қыз қуатын жігітке ат береді, 
Жанам деген жүрекке от береді» 
«Төлегеннің ауылы» 
 
Сəндібек Жұбаниязовтың «Туған жер» өлеңі: 
Торқалы тойың кеп қалды, 
ойымда асқақ əн, 
Туған жер,  
Жеттім жырдан сый  
дайындап саған. 
Жалғыз байлығым –  
бейнеңді жүрегімдегі 
көктегі жеті жұмаққа  
айырбастаман. 
 
Ақ тілек құшқан арманды  
арайға нұсқап, 
Қасиеттілігіңді ей, Ырғыз, 
қалайда құптат. 
Ырғызбай сенде туған-ды, 
құт дарыған ұл – 
Тағдырың содан тараған 

16 
 
Абайға ұқсап. 
 
Дəулеткерей Кəпұлының: 
Мен Алтайдан аққан Қобдамын,  
Арнама асып толғанмын. 
Дастанда қылған тарихын, 
Тастан табылған олжамын. 
Алтайдың алтын тасынан, 
Бесбоғданың басынан, 
Қауырсын қанат қомдадым. 
Айтқан да сайын ағылған, 
Табанынан жарылған, 
Тайпалған тарлан жорғамын. 
Қаламы қатқан уық ем, 
Шаңырағына шаншылдым, 
Атажұрт – Алтын орданың. 
Мен – қаяқая шапқан қарагер, 
Шапқан сайын өрлеген. 
Тарланға тарлау жұлдырып, 
Шашасын шыққа жудырып, 
Тізігінді қағып делбеген, 
Мен – Жəнібек мінген көк дөнен. 
Жоңғармен жойқын ұрыста, 
Абылай ханның алдында 
Тартылған кесе көлденең. 
Мен – Күлтегін бабамның, 
Моласының тасы едім. 
Қазақ деген халқымның, 
Тарихының басы едім, 
Мың жылдан кейін сөйлеген!  
 
«Тамыр» 
Серікзат Дүйсенғазының:  
Сағындым апа, биязы, жұмсақ үніңді, 
Ғибаратың маған болар ма мұншалық үлгі. 
Өмірден өзің өткенде ғана сезінгем 
Шын сағынуды. 
 
Сағынышымды баса алмай көзден жас ағып, 
Сезім мен ойдың салмағын безбенге салып. 
Ғайыпқа айналған бейнеңді байыптайын деп 
Сөзбен қашадық. 
 
«Сағындым апа» өленінен үзінді 
Динара Мəлікованың: 
Балпаң басқан қара бұлт, 
Жорғалайсың, жаумайсың. 
Көкке ұшқан балалық, 
Қай қиырда аунайсың. 
 
Аспан, аспан, аспан-мұң, 
Қашан туар Ай күліп? 

17 
 
Жылауғада жасқандым, 
Қара жерден қаймығып. 
«Жүрегімдегі періштем» 
 
Ерғазы Манапұлының: 
Тəуелсіздік сыйпайды маңдайымнан, 
Тəтті жырым төгіліп таңдайымнан. 
Азаттықтың естимін екпінді үнін 
Тауларымнан, бұлақтан талқайыңнан. 
«ТƏУЕЛСІЗДІК» 
 
Əуелай Оспанованың: 
Бұла жел жердің тілін табады, 
Бұлағы таудың сылдыр қағады. 
Шешінген жердің жылынып тəні, 
Шуақты күннің жымыңдағаны – 
 
Ақ жауын жердің есін алады, 
Толысып өзен, есіп ағады. 
Кемпірқосақтың керілер шағы, 
Қазбауыр бұлттар көшіп ағады –  
Көктемнің келгені. 
«Көктемнің келгені» 
 
Олжас Қасымның: 
 
Дүбіріменен өмірдің, 
Керуен – пенде көшкен көп. 
Сүйегің асыл бабалар, 
Көңілімізден көшкен жоқ. 
 
Үйіміз ауыл шетінде –  
Жер бетіндегі еншіміз. 
Бықия ақсақал біздерден  
Бөлектенбейтін көршіміз. 
 
Баптайтын дағы сұр атын, 
Батпандай ойға бататын. 
Таң ата сала тұратын, 
Күн батар шақта жататын... 
Мұң дəмін татырғаның ба? 
Жүректі кеттің жылатып. 
Шəй ұрттап отырғаныңда, 
Сені ұрттап қойды-ау уақыт!!! 
«Көнекөзім» 
 
Мақпал Мыса: 
Маусым кеші, мазасыздау бұл маусым, 
Аңсарыңыз мейір толы жырға аусын. 
Аққуларым ақ сағымда адасып, 
Ақша бұлттар арасында жүр даусым. 

18 
 
 
Сəуір кетті, мамыр кетті, не дейін, 
Ерке күннің елесіне ерейін. 
Көкөрімін көгертуге көгімнің 
Өлеңімнің бұрымдарын өрейін. 
«Мөлдір шық»  
 
Деген шумақтары соның дəлелі.  
Жас өркен жағадағы жас құрақтай 
Қаулап өсіп келеді. Оларға тек ақ жол тілейміз!  
Мерзімді  баспасөз  бетінде  өлеңдері  жиі  жарияланған  Оразақын  Асқар,  Нұрлан 
Оразалин,  Темірхан  Медетбек,  Жұмаш  Сомжүрек,  Жəркен  Бодашұлы,  Қорғанбек 
Аманжолұлы,  Кəдірбек  Құныпияұлы,  Маралтай  Ыбыраев,  Қуандық  Шолақ,  Жанарбек 
Əшімхан, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Бақытбек Бəмішұлы, Саян Есжан, Руслан Нұрбай, 
Роза Сейілхан, т.б. ақындар есімдерін ерекше атап өту лəзім.  
Сөз  соңында  Қазақстан  Жазушылар  Одағының  басқармасына  айтар  тілегіміз  бар.  Біз 
қашанғы Есенин, Шолохов, Бунин, Делвиг сияқты өзге ұлт өкілдерінің медалін ала береміз. 
Өзіміздің Абай, Махамбет, Жамбыл, Ілияс, Мағжан, Жұмекен, Мұқағали, Төлеген, Жарасқан, 
Жұматай  атындағы  өз  сыйлықтарымыз,  өз  марапаттарымыз  болуы  керек.  Бұл  поэзия 
саласындағы ұсыныс. Өздеріңіз көріп отырғандай 2014 жыл – Қазақ поэзиясы үшін жемісті 
жыл  болған  екен.  Біз  талдаған  өлеңдердің  өн-бойында  сонау  Асан  Қайғы,  Шалкиіз, 
Доспамбеттерден  бастау  алған  Мəңгілік  ел  идеясы  айқын  бой  көрсетті.  Əр  өлең-жырда 
ұлттық идея, ұлттық бояу, ұлттық болмыс бар. Сол жалғасын таба берсін! 
 
Ө. Əбдиманұлы, 
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология жəне əлем тілдері 
факультетінің деканы, филология  
ғылымдарының докторы, профессор 
 
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ МЕН МƏҢГІЛІК ЕЛ ҰҒЫМЫНЫҢ ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІНДЕГІ 
КӨРІНІСІ 
 
Қазақ қазақ болғалы оның əдебиеті бірге жасасып келе жатқаны белгілі. Сонау ықылым 
заманнан  бергі  əдебиеттің  ұлттың  рухын  көтерер  сөз  құдіретінің  бір  арнасы  бірлік, 
азатшылдық  ұғымдарымен  астасып  жатады.  Ұлттық  Рухты  көтерер,  құдіретті  отты  жырлар 
əдебиетіміздің  арғы  бастауларынан  негіз  тартады.  Олар  бүгінде  қазақ  əдебиеті  тарихының 
түркі тектес халықтармен ортақтығын танытатын түп негізі болып табылатын ежелгі əдебиет 
пен қазақ хандығы жеке ту тігіп, өз алдына ел болғалы бергі əдебиеттің барлық кезеңдерінен 
көрініс  тауып  отырған.  Ел  басына  қиын-қыстау  күн  туғанда,  тəнге  шипа,  жанға  рух  берген 
сол  жырлар  екендігі  белгілі.  Олар  өз  уақытында  ғана  жырланып  қоймай,  дəстүр  ретінде 
өзіндік ізін, сара жолын қалдырып отырды. Ежелгіден желісін тартқан сол жырлардан өзінен 
кейінгі  əдебиет  үлгі  алып,  кейінгіге  өнеге  шашты,  үлгі  таратты.  ХХ  ғасырдағы  қазақ 
əдебиетіндегі ұлттық идеяның көрініс табуын нақты ашу үшін ертедегі əдебиет үлгілеріндегі 
осыған тəн белгі-бедерді жан-жақты саралаған жөн. 
Қазақ əдебиетінің ежелгі деп есептелетін жəдігерлерінің бірі – «Орхон-Енисей» жазба 
ескерткіштері. Егер осы ескерткіштегі ерлік рухқа толы жыр жолдарын оқи қалсаң, бойыңа 
ерен қуат пен қайрат еніп, еңсең көтеріліп, жан-дүниеңе өрлік пен ерлік рух берері анық. Ел 
рухының күші бірлікте екенін ұғындыратын осынау ескерткіштер талай ғасыр өтсе де, халық 
жадында  сақталып,  мыңжылдықтар  деңгейінде  кейінгі  жазылған  талай  жəдігердің  өн 

19 
 
бойынан  орын  тауып,  орнығып  келгені  күмəнсіз.  Көп  ғасырлардан  кейінгі  азаттыққа 
ұмтылған  өршіл  үнді  ұранды  жырлардың  ұлы  сарыны  содан  бастап  тартып  жатқаны  да 
шындық. Олардың астарында ұлттықты асқақтату мен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған 
заманды» мəңгілік елдікті аңсаған асыл арман жатыр. Өйткені бүгінгі ұрпақ тілімен сөйлеп 
кетсе, ол кімді де болса, бей-жай қалдыра алмайды. Қараңыз:  
Сонау бастан, о бастан 
Жаралғалы қара жер, 
Жаралғалы көк аспан, 
Естеми мен Бумынның 
Адамзаттан бағы асқан. 
Төрт бұрышы дүниенің 
Соларменен санасқан. 
Бүкіл түркі үмітпен 
Екеуіне қарасқан. 
Қол астына жиылып, 
Қол астынан тарасқан. 
Олар салған дүбірден 
Қаптап жатқан қалың жау 
Шыбын жаннан түңілген. 
Дырдай болып келгенмен, 
Бордай болып үгілген. 
Басы барлар иіліп, 
Тізесі барлар бүгілген [1, 148 б.] 
Ақын  Қ.  Мырзалиевтің  аудармасындағы  «Күлтегін»  жыры  қалай-қалай  сөйлейді 
десеңізші?! «Күлтегін» ескерткішінің ұрпақтан-ұрпаққа ана сүтімен дарып, қанмен тарайтын 
мəңгілікті аңсаған рухының мəңгілігі осы жолдардан анық ұғылып, айқын танылмай ма?!  
Сол  «Күлтегін»  ескерткішіндегі  мына: «Төбеңнен  тəңірі  баспаса,  Астыңнан  жер 
айырылмаса,  Түркі  халқы,  ел-жұртыңды  кім  қорлайды?» [2, 51 б.].  деген  жолдар  жүздеген 
жылдар кейінгі жұртының жанына дəру, қайратына азық болмады деп кім айта алады?! Тасқа 
жазылып,  өткен  тарихтың  мəңгі  өлместей  таңбасына  айналған  осындай  рухы  биік  жыр 
жолдары  кейінгі  ұрпаққа  қазақша  айтқанда  «атаның  қаны,  ананың  сүті»,  ғылым  тілімен 
айтқанда «ген» арқылы берілгені ақиқат. 
Осы  «Орхон-Енесей»  ескерткіштерін  əдеби  мұра  ретінде  алғаш  қарастырған  қазақ 
ғалымы Мырзатай Жолдасбеков «Мақтау-Мадақ» жыры деп атау берген бұл жырдың құдірет 
күші – оның  ерлік  пен  елдіктің  ұлы  дастаны  болуында.  Ол  жалғасын  тауып,  жаңғырып 
отырары ақиқат. Сан ғасыр бойы ұрпақ көзінен таса болғанымен, гендік жадыда жатталып, 
керек сəтінде жан тебіренісінің тереңінен қайнап шыққан жырлардың болмысынан талай рет 
бой  көрсетіп,  белгі  бергеніне  еш  күмəн  жоқ.  Бұған  кезінде  қазақтың  біртуар  данасы  М. 
Əуезов  те  назар  аударған  екен. «Егер  мұндай  ескерткіштер  қара  тастан  ойылып,  қашалып 
тұрып  жасалса,  сол  жырлардың  ауызша  айтылып,  таралған  əрі  бұдан  да  толық  нұсқалары 
болмауы мүмкін бе?...» [3, 243 б.] – депті ғұлама ғалым қырғыздың «Манас» жырының шығу 
тарихына көз жібере отырып. Ендеше Орхон ескерткіштері – қазақ батырлық дастандарының 
арғы  бастауы.  Ерлік  жырларының  дəстүрін  қалыптастырған  ұлы  мұра.  Мұны  да  алғаш 
байыптаған – М.  Əуезов.  Осы  жырлардың  сипатын  анықтай  келіп,  ол  төмендегідей  ой 
айтады: «Күлтегін,  Тоныкөк  немесе  Суджа  жазуларында  қанша  адам,  қанша  ерлік 
бейнеленген  десеңізші?!  Оларда  əр  алуан  рулар,  тайпалардың  кескілескен  шайқастарының, 
соғыс суреттерінің, батырлар ерлігінің, жорықтардың шежіресі бар» [4, 136 б.]. Ал сол ерлік 
жырлардың түпкі мақсаты не десек, жауабы еркін елдік мұрат емес пе?! 

20 
 
Ғалым М. Жолдасбеков Орхон жырларын ерлік жырына жатқызып, оның басты себебін 
мынада  деп  біледі: «Орхон  ескерткіштерінің  де,  қазақ  эпостарының  да  идеясы  бір.  Ол – өз 
елін,  өз  жерін  шет  басқыншылардан,  сыртқы  жаулардан  қорғау  идеясы» [2, 78-79 бб.].  Ал 
идея  негізі – елдік  намыс.  Осынау  намыстан  жаралған  ұлы  ұлттық  идея  халық,  ұлт  атты 
қоғамдастықтың  қиналғанда  медет  тұтар  қуат  күші,  ол  күш  оянғанда  қарсы  тұра  алар  еш 
нəрсе  жоқ.  Ол  елді  ерлікке  бастап,  теңдікке,  теңдік  елдікке  жеткізеді.  Ал,  елдік  қашанда 
мəңгілік идеясымен жұптас. 
Осынау жасампаз да жарқын идея қажет кезінде жаңғырып, жаңарып, ұрпағына қайта 
оралып,  дəстүрлік  жалғасын  тауып,  өзекті  ойға  өз  өрнегін  салып  отырады.  Ғұлама  ғалым 
Əлкей  Марғұлан  айтқандай: «Тарихи  дəуірдің  əлеуметтік  жосындары,  тұрмыстық  тілегі, 
бейбітшілікпен күн кешуді арман етуі – елдің ең ізгі тілегі» [5, 363 б.] болса, ол əр дəуірдің 
əдебиет  туындыларында  өзіндік  белгілерімен  көрініп  отырды.  Ал  бейбіт  өмірдің  басты 
нысанасы – «Мəңгілік  Ел»  идеясы.  Кешегі  қазақ  деген  ел  болып,  елдікті  сақтауда  «ат 
ауыздығымен  су  ішіп,  ер  етігімен  су  кешкен»  заманда,  жыраулардың  отты  жырларының 
қуатын  ашса,  жоңғарларға  қарсы  азаттық  күресте  ерліктің,  батырлықтың  асыл  қайрағына 
айналды.  Орыс  бодандығы  кезеңінде  замана  басқа  салған  қайғы-қасіреттің  зар-мұңын 
жырлатып,  ел  бастаған  ерлердің  намыс-жігерін  жаныды.  Сол  жырлардың  ащы  зары  қазақ 
зиялысыныңкөкірек  көзін  оятып,  ұлт  бостандығы  жолындағы  саяси  күреске  ұмтылдырды. 
Жаңа заман ақындары жалғастырған ерлік жырының жарқыраған рухын оятты. 
Ендеше  Орхон  ескерткіштерінің  ұлттық  пен  Мəңгілік  Ел  идеясын  жырлаудың  бастау 
көзі екендігіне қандай күмəн болуы мүмкін. Осы бағыттағы өз ойын ежелгі əдебиеттің білгір 
зерттеуші  ғалым  Н.  Келімбетов  былай  түйіндейді: «Күлтегін», «Тоныкөк»  жырлары  өзінің 
идеялық мазмұны, композициялық құрылысы, көркемдік бейнелеуі жағынан қазақтың ерлік 
пен елдікті жырлаған қаһармандық жырларының алғашқы үлгілері болып табылады» [6, 124 
б.].  Əрине,  Орхон-Енисей  жазба  ескерткіштеріне  дейін  де,  олардан  кейін  де  ерлік 
жырларының  болғандығы  рас.  Бірақ  олар  бізге  толық  күйінде  емес,  үзінді  немесе  аңыз 
əпсана  күйінде  жеткен.  Ал  Мəңгілік  Елді  арманының  алтын  тұғырына  айналдырған 
бабаларымыз  жыр-өсиет  етіп  қалдырған  аталмыш  «Күлтегін», «Тоныкөк»  тасқа  қашалған 
Мəңгілік  Ескерткіш  болып  бізге  түгел  күйінде  жетті.  Сондықтан  біз  оны  азатшыл  рухтың 
бастауы ретінде қабылдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біз сөз етіп отырған ежелгі ескерткіште 
«Мұң-зар да, ерлік жыр да, бірлікті береке де – бəрі бар. Бірақ жырдың алтын қазығы, асыл 
тұтқасы – біреу.  Ол – ежелгі  дəуір  əдебиетінің  білгірі,  ғалым  Алма  Қыраубаева 
түйіндегендей  жырдағы «...ой  арнасы – елдің  тəуелсіздігі,  береке-бірлігі» [7, 19 б.].  Міне, 
өлмес мұра осыған негізделген. Ол кейінгіге осыны мұрат еткен.  
Бүкіл түркі халқына ортақ əдебиеттен енші бөлген тұсымыз «Хандық дəуір əдебиеті. 
Арғы  қазақ  тарихын  тарихшылар  үлесіне  қалдырып,  бергі  тарихқа  ой  жіберіп  көрсек, 
кейбір  қызықты  деректерге  тап  келеміз.  Мəселен,  Қазақ  хандығы  хижраның 870 жылы 
Қозыбасы  деген  жерде  қазақ  ордасын  тігіп,  ту  көтергендігі  көзі  қарақты  жанның  бəріне 
белгілі.  Бұл  туралы  қазақтың  тұңғыш  тарихшысы  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  былай  деп 
жазады:  
«Əбілқайыр  хан  Дешті  Қыпшаққа  өзгедей  билігін  орнатқан  кезде  Жошы  əулетінен 
шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пəленің исін сезіп қалып, оны орнынан 
тайдырмақ болады. Керейхан, Жəнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар азғана 
топпен Əбілқайыр ханнан қашып, Моғолыстанға келді. Сол уақытта Моғолыстан хандығын 
билеу  кезегі  Есенбұға  ханға  жеткен  еді.  Есенбұға  хан  оларды  қатты  құрметтеп,  оларға 
Моғолыстанның  бір  шетін  бөліп  берді.  Олар  осы  жерден  қауіпсіз  жайлы  қоныс  тапты. 
Сөйтіп, тыныш өмір сүріп жатты. 
Əбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. 
Əркім  мүмкіндіктеріне  қарай  қауіпсіз  һəм  дұрыс  өмір  сүру  үшін  Керейхан  мен  Жəнібек 

21 
 
ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп, 
жырылып  қалып,  біраз  уақыттарын  əрі  сергелдеңде  болғандықтан  оларды  «қазақтар»  деп 
атады.  Бұл  лақап  ат  қазақтарға  осылай  танылды» [8, 305-306 бб.].  Осынау 1456 жылдың 
əйгілі оқиғасының тарихи маңызын тарихшы Ə. Əбдікəкімұлы: «Халқымыздың тарихындағы 
кезеңдік  құбылыс,  мемлекеттік  құрылым  бастау  алған  қазақ  деп  аталатын  жаңғырған 
этностың  дүниеге  келген  мезгілі...» [9, 74 б.] – деп  бағалайды.  Қалай  дегенде  де  қазақ 
халқының  тек-тарихының  бастау  көзі  осы  тұста  жатқандығы  шындық.  Біздің  мақсатымыз 
қазақ тарихының межесін анықтау, ақиқаты мен аңызын айыру емес. Мақсат – Қазақ ордасы 
құрылды  дейтін  тұстан  бергі  тарихтың  жалпы  сипатына  назар  аудару.  Шартты  түрде 
қарайтын  болсақ,  осының  алғашқы  екі  жүз  жылдығы,  яғни  Керей  ханнан  Тəуекел  ханға 
дейінгі  кезеңі  хандықты  нығайту,  іргесін  кеңейту  жолындағы  соғыстармен  өтсе,  келесі жүз 
жылдығы  басқыншыларға  қарсы  күреспен  өтті.  Осы  кезең  тарихының  терең  білгірі  М. 
Мағауиннің  пайымдауынша,  алғашқы 200 жылдық «...520 жылдары  басталып,  ара-тұра 
үзілістермен 1758 жылға дейін... созылады» [10, 63 б.]. 
Тəуке,  Есім,  Жəңгір  қазақ  хандығын  құлатпау  жолында  ұлы  істер  атқарды.  Қазақ 
Ордасының  келесі  жүз  жылдығы  жеңілісінен  жеңісі  көп,  ата  жау  жоңғар  қалмақтарының 
басқыншылығына  қарсы  күресте  шыңдалған,  Əз  Тəукенің  тұсында  «қой  үстіне  бозторғай 
жұмыртқалаған  заман»  болған  тарихи  кезең.  Əз  Тəукенің  ел  бірлігін  ойлаған  хан  екендігі 
туралы  ел  аузында  мынадай  аңыз  сақталған: «Бірде  Тəуке  хан  өзінің  айналасындағы 
қолбасшыларына  тапсырма  беріп  отырып,  əлгілердің  тапқырлығын  сынамақ  болады  да, 
əңгіме  барысында  былай  дейді: «Мен  мынаны  білсем  деймін.  Жоңғар  шапқыншылығын 
тоқтатып, олардың ордасын күл-талқан ету үшін қазақ халқына не қажет?» 
Біршама ойланған серіктестері əр түрлі пікір айтқан көрінеді. Сонда Тəуке хан: 
– Бəрі дұрыс-ақ, тоқ етерін айтатын болсақ қазақ халқына Құдайдың құтты күні жəне 
болашақта  да  ауызбірлік  қажет.  Ол  еліміздің  мəңгілік  қаруы,  күш-қуаты  жəне 
жеңістеріміздің  күре  тамыры»  деген  екен [11, 128 б.].  Бұл  аңыз-əңгіме – Тəукенің 
мемлекеттің нығаюына қажетті басшы нəрсені жете білген сұңғыла саясаткер екенін танытса 
керек.  Бұдан  соңғы  жүз  жылдық - Əз  Тəукеден  кейін  түгел  жұртты  қаратқан  ханы  болмай, 
Ресейге  бодан  болуға  еріксіз  бойұсынған,  отаршылдық  бұғауын  мойынға  ілген  тұс.  Бұл 
кезеңді ХVІІІ ғасырдың екі жартысы деп санасақ, ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап, 
осы  отаршылдық  саясаттың  əккі  айласын  сезініп, «қылша  мойын  талша»  деп,  тұяқ  серпи 
бастадық. 1830-дан 1930 дейінгі 100 жылдыққа  созылған  бұл  күрес  кеңестік  өкіметті 
мойындап,  социалистік  тұрмысқа  бет  бұрумен  аяқталды.  Осынау  өткен  тарихқа  көз 
жібергенде,  неге  екенін  қайдам,  қазақ  тарихының  өзгерісі  маған  əр  ғасырдың 30-жылынан 
басталып, келесі ғасырдың 30-жылында аяқталатын тəрізді көрінеді. Президентіміздің 2030 
деп стратегиялық жоспар құруында да белгілі бір құдіретті құпия бар сияқты. 
Құпиясы  көп,  қатпары  терең  тарихты  жайына  қойып,  төл  еншіміз  əдебиетке  келер 
болсақ, осынау күресті ғасырлардың бедері туған əдебиеттің бетінде жатыр. 
Ғалым-жазушы  М.  Мағауин: «Дербес  қазақ  атымен  аталатын  əдебиеттің  өмір  сүруі  –
XV ғасырдың орта шенінен басталады. Бұған себепкер болған жай – 1456 жылы Шу бойында 
қазақ хандығының құрылуы...» [12, 6 б.], – дейді. Бұл ерлік жырының, азаттық жырының аса 
бір жарқырап жанған тұсы еді.  
Ел  басына  Күн  туған,  алмағайып  заманда  көкейдегіні  айтып,  көңіл  түкпіріндегіні 
тербейтін,  əрине,  ақындар.  Олар  өз  тұсындағы  ақиқатты,  шымырлаған  шындықты  айтып, 
іштегі шерді сыртқа шығарады. Елдің басына бұлт үйірілер сəтті аңдап, елдің береке-бірлігін 
нығайтудың  жолын  іздейді,  айласын  меңзейді,  бағытын  нұсқайды.  Асыл  сөз  осынысымен 
құнды.  Ескірмейтін  ескі  сөзі  бүгінгідері  жаңаша  байыпталып  жатқанымен,  кезінде  кереғар 
күйде  бағаланып,  кейде  өз  кезінде  ол  жете  ұғынылмай  қалар  сəттер  жеткілікті.  Рухани 

22 
 
мұраның осынысы өкінішті. Бірақ қанша дегенмен небір ауыр кезеңдерде халық дертіне ем 
болған қасиетті сөз өнері екендігі тағы күмəнсіз. 
Қазақ  қазақ  болғалы,  ел  болып  ұйысқалы,  ұлт  болып  орныққалы  сыртқы  жаудың 
щапқыншылығына,  аласапыран  замандарды  əкелген  жаугершілік  пен  үркіншілікке  аз 
ұшыраған  жоқ. «Ата  жұрты  бұқара, // өз  қолында  болмаса, // Қанша  жақсы  болса  да, // 
Қайраты  туған  ер  ғаріп» [12, 25 б.]  деп  Асан  Қайғы, «Қайран  да  менің  Еділім, // Мен 
салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге // Менен қалған мынау Еділ жұрт!..» [12, 29 
б.], – деп Қазтуған жырау, «Ой түбіндегі асыл сөзді шер толқыта шығарған» заман да болды. 
Ой  толғаудың  өрісін  ашып,  көкейге  сары  уайым  ұйытпай,  санаға  серпіліс  əкеліп  туған  ел, 
туған  жер  сағынышын  ұран  ғып  көтерер,  ел  намысына  от  жаныр  бұл  жолдар – ұлт  боп 
ұйысудың қатығына айналған жырлар. 
Осы  кезеңнің  ұлы  тұлғасы – Асан  Қайғы  жырлары,  тұтастай  алғанда,  осыған  қызмет 
етеді.  Ол – болашақты  болжап,  келер  күннің  алдан  шығар  кесапатын  кейіптей  білген 
данагөй. «Алғашқы тар заманының құбыжығын сезіп, тұспалмен белгі беріп болжал айтқан 
Асан Қайғы. ... өлең сөзді қауымның қызметіне жаратуға кіріскен тағы да сол» [13, 201 б.], – 
дейді М.Əуезов дала данасы туралы. Ендеше кейінгі жаңа тарихтың – қазақ тарихының ерлік 
жырының,  елдік  жырының  бастау  көзі – Асан  Қайғы  жырлары.  Оның  бай  мұрасы  бізге, 
əрине, там-тұмдап ғана жетті. Əйтсе де, соның өзінен Асан Қайғы «қайғысының» сырларын 
толық сезінуге болатынындай. Ол «қайғы» ғалым-жазушы М. Мағауин айтқандай «...бүгінгі 
тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы» [10, 34 б.]. 
Асан толғаулары - туған ел, туған жер, оны қорғау, ел басшысы, ел ері тəрізді, олардың 
кешегісі,  бүгінгісі,  ертеңгісі  жайлы  терең  пайымдаулардың  жиынтығы.  Ол  бүгіннің  жайын 
айтады,  кешегінің  нəтижесін  бүгіннен  шығарып,  ертеңінің  сұлбасын  болжайды.  Бұл – 
сəуегейлік емес, данагөйлік. Көзбен көргенді ақылмен екшеп, келешектің келбетіне көкірек 
көзімен үңілу. Сонда не дейді жырау?! 
Ай хан, мен айпасам білмейсің, 
Айтқаныма көнбейсің. 
Шабылып жатқан халқың бар, 
Аймағын көздеп көрмейсің, 
Қымыз ішіп қызарып, 
Мастанып қызып терлейсің, 
Өзіңнен басқа хан жоқтай, 
Елеуреп неге сөйлейсің [12, 60 б.] – 
деп  қайырылады  дана  жырау  əз-Жəнібек  ханға.  Сөйтіп,  замана  сыңайын  ханның 
түйсігіне жеткізуге тырысады. Толғаудың бізге жеткен шағын үзіндісінен ел қамын ойлаған 
дананың ел иесінің ақылына ақыл қосу, қиыншылықтан шығар жол көрсету ниеті танылады. 
Дана  көрегендігінің  куəсіндей  ақыл  таразысына  салмақталған  ойлар – мейманасы  тасқан 
Жəнібек ханды сабасына түсірер, сабырға суарылған қас қағидалар. 
Ел  тарихындағы  жыраулар  орнын  М.  Əуезов: «Анығында  өсиетші  қария  толғаушыл 
жыраудың  міндеті  өлеңшілік  емес,  елге  басшылық  істеп,  басықы  айту  болатын.  Хан  шеше 
алмаған  ауыр  түйін,  қиын  жұмбақ,  көмескі  келешек  болса,  барлығына  шешу  сөзді  солар 
айтатын. ...Ел тіршілігінің барлық ауыр істері осылардың қабылдауымен іске асатын. Қайым 
тіршілігінде  бұлардың  саяси  салмағы  сондайлық  зор  болғандықтан,  аузынан  шыққан  сөзі 
олқы  болмауға  керек. ...Көлденең  кісі  мін  таба  алмайтындай,  қорғасындай  ауыр,  оқтай 
жұмыр,  өтімді  болуы  керек.  Сол  себепті  бұлардың  сөзі  асыл  өлең  өлшеуімен  шығуы  шарт 
болған.  Ел  билеген  жақсы  туралы  заманның  сыны  мен  ұғымы  сондайлық  болғандықтан, 
əрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен, сөз тапқыш өткір деген 
суырылған  шешеннен,  суырылған  ақыннан  алатын» [13, 196-197 бб.] – деп  бағалаған  екен. 
Ендеше XV– ХVІІІ ғасырлардағы жыраулардың қай-қайсысыда осы талаптан табыла білген. 

23 
 
Сөйлесе қызыл тілдің шешені, 
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, 
Қалайылаған қасты орданың сынығы, 
Билер отты би соңы, 
Би ұлының кенжесі, 
Буыршынның бұта шайнар азуы, 
Бидайықтың көл шалқыған жалғызы, 
Бұлұт болған айды ашқан 
Мұнар болған күнді ашқан 
Мұсылман мен кəпірдің, 
Арасын өтіп, бұзып дінді ашқан 
Сүйіншіұлы Қазтуған!!! [12, 50 б.], –  
деп  ұранды  жырдың  үлгісін  салған  Қазтуған  да,  өзін  «Азаулының  Аймадет  ер  Доспамбет 
ағасы» деп бағалаған Доспамбет жырау да – өткеннен бізге үзігі жеткен ерлік пен азаттықты 
ұштастырған  отты  жыр  дəстүрінің  тарланбоздары.  Тəуелсіздікті  ту  көтерген  жыр  үлгісі 
солардан  қалған.  Олар – еш  қаймықпайтын,  елінің  тағдырын  өзімен  еншілес  көрген 
жаужүрек жыраулар. Қажет тұсында қол бастап, бейбіт кезеңде сөз бастап, елінің еркіндігін 
–  ер  мерейі  деп  білген  ел  ағалары,  жұрттың  қамы  жолында  шейіт  болар  өлім  де  оларды 
өкіндіре қоймайды. Белгілі əдебиетші ғалым Ж. Тілепов Доспамбеттің жыраулық болмысын 
былайша  тұжырымдайды: «Доспамбет  жырау  өмірінің  өкініші  мен  шүкіршілігі  турасында 
көп  толғаған  үлкен  философиялық  өренің,  белгілі  бір  пікірді  тұжырымдап  айтар, 
жаратылысына жалтақтық пен жасқаншақтық жат өр мінезді, өжет ойдың иесі» [14, 79 б.]. 
Доспамбет жырау өзінің «Айнала бұлақ басы тең» – деп басталатын ұзақ толғауында: 
Арғымаққа оқ тиді  
Қыл майқанның түбінен, 
Аймедетке оқ тиді 
Отыз екі омыртқаның буынан 
Зырлап аққан қара қан 
Тыйылмайды жанның уақ тамырдан, 
Сақ етер тиді саныма, 
Жара бір қатты, жан тəтті, 
Жара аузына қан қатты, 
Жарықшылар жоқ па екен, 
Жармай білте саларға, 
Жағдайсыз жаман қалып барамын 
Жанымда бір туғанның жоғынан!... [12, 69-70 бб.] – 
дейтін  жолдар  бар.  Мұхтар  Мағауин  «Жорықшы  жырау»деп  атаған  Доспамбет 
жырының біз мысалға келтірген соңғы екі жолында өкініш лебі естілгендей. Бірақ толғаудың 
аяқталар  тұсында  өршіл  жолдар  бұл  күмəнді  ойды  жоққа  шығарады.  Өзінің  өмір  жолын, 
ерлік  істерін  жырлай  келіп  жырау  қас  батырға  тəн  өжет  мінезбен  өлімге  бас  тіккендігіне 
өкінбестігін білдіреді. 
Бүгін, соңғы өкінбен, 
Өкінбестей болғанмын, 
Ер Мамайдың алдында 
Шаһид кештім өкінбен!... [12, 71-72 бб.]. 
Толғаудың  соңғы  түйінінде  ел  бірлігін  өмірінен  артық  көрген  жыраудың  тұғырлы 
тұжырымы  жатыр.  Ноғайлы  жұртының  бірлікке  келген  тұсын  көзбен  көрген  жорықшы-
жырау өзіне одан артық бақыт тілемейді. Толғаудағы өршілдік рухы да осыдан өріс алады.  
Ел  бірлігі – жырау  арманы.  Ел  тəуелсіздігі – жырау  толғауларының  алтын  арқауы. 
Ендеше жыраулар толғауларындағы жырау-жауынгер танымын осы тұрғыдан ұғынған жөн. 

24 
 
Жалпы алғанда, жыраулық дəстүрден тамыр тартқан ұлттық идея, Мəңгілік Елдік ХYІІ-
ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары арқылы ХХ ғасыр əдебиетінде негіз қалап, басты ұстанымға 
айналды. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет