Жалқы және жалпы есімдер. Жәдігер мәтінінде берілген жалпы есімдерді өзара ішкі мағыналық қатысына қарай: 1) кісінің қызметіне, әлеуметтік-қоғамдық жағдайына, 2) табиғи-физикалық құбылыстарға жалпы объекті ретінде берілген атаулар деп жіктеуге болады. Кісінің қызметін, әлеуметтік-қоғамдық жағдайын білдіретін сөздер тобы негізінен морфологиялық құрылымы жағынан түбір жалпы есімдер болып келеді. Мысалы, ұлық (ұлы, ұлық), хан (хан), бек (бек), султан (сұлтан), чадай (кедей), қул (құл).
Табиғи-физикалық құбылыстарға жалпы объекті ретінде берілген атаулары түбір және туынды зат есімдерден жасалған. Түбір жалпы есімдері: ай (ай), йир (жер), йел (жел), су (су), топрақ (топырақ), таш (тас), булут (бұлт). Туынды жалпы есімдері: булақ (бұлақ), қуйаш (күн).
Қазақ тіл білімінде ономастика – кеңінен зерттелініп келе жатқан тіл саласының бірі. Қазақстан аймағындағы жер-су аттарының бастауы көне түркі тілдерінде жазылған ескерткіш тілдерінде де көрініс тапқан. Қазақ елінің жер-су аттары – ұлттық ономастиканы Т. Жанұзақов, Е. Жанпейісов, Қ. Рысберген т.б. ғалымдар зерттеп жүр.
Ескерткіш мәтінінде жалпы есім ретінде саналатын бір сөз Қоңрат-Қоңырат (107) этнонимі бір-ақ рет кездесті. Бұл Қоңрат этнонимі Мұхаммед Хожа бектің қай рудан шыққандығынан хабардар етеді.
Қазақ ономастикасының сырын зерттеуші Т. Жанұзақ Қоңырат тайпасының шығу тегі, оның түркі халықтары арасында таралу шегі және ол этнонимнен қойылған жер-су аттарына толық тоқталған [97, 507-510 бб.].
Жәдігер мәтінінде қолданылған жалқы есімдер морфологиялық құрылымы жағынан түбір және туынды түбірлер болып келеді. Мәтінде берілген жалқы есімдерді ішкі мағынасына қарай: 1) аты аңызға айналған; 2) ақыл-ой, ерлік, жомарттық үлгілері; 3) сұлулық бейнесін беретін онимдер деп топтастыруға болады.
Адам өзін қоршаған ортада тіршілік ету, күн-көріс, наным-сенім, әдет-ғұрып, салт-сана негізінде табиғи құбылысты тану арқылы ой-өрісін білдіріп отырғаны белгілі. «Мухаббат-наме» дастанының жазылу дәуірі – діни түсінік пен ұғымның толық қалыптасқан уақыт. Оның үстіне сол кездегі ақындардың шығармасының кіріспесінде Аллаға сыйынып, Алла атынан дастанды бастауында да үлкен мән жатыр. Осы тұрғыдан шығарма құрылымында Құран арқылы аттары аңызға айналған онимдердің берілуі орынды. Әсіресе пайғамбарлар есімдері көп аталады.
Пайғамбар – Құдайға жақын болу мүмкіндігіне ие. Жаратқанның әмірін жеткізуші ретінде адамзат санасында қатталған. Осыған байланысты пайғамбарлыққа құрмет ету дәстүрі енген. Жалпы қай заманда болмасын адамзат құдыретті, қасиеттерге және сипаттарға ие деп пайғамбардың тұлғасын ғана мойындаған. Хорезми адамдарға пайғамбарларды үлгі-өнеге ретінде көрсетуге тырысады. Пайғамбар істері, адамдарды тура жолмен жүруге үгіттейді. Сол себепті ақын исламдық ілімдерден хабардар болуды маңызды шартқа айналдырған сияқты. Мұса – Мұса пайғамбар. Иса – Иса пайғамбар. Хызыр – аңыз бойынша мәңгілік өмір суын тапқан пайғамбар. Мустафа – арабша сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің адам денесіндегі бір түйір шайтани қаннан тазартылғанын білдіретін діни сөз. Сүлеймен – Сүлеймен, шығармада байлықтың символы ретінде танылады.
Афлатон – ақыл-ойдың кемеңгері, Намруд – Інжіл мен Құранда аталатын патшалардың бірі. Аюп – Аюп. Азар – Құранда Ибрагим пайғамбардың әкесі. Мұхаммед – ислам дінін негіздеуші (шамамен 570-632). Харут – Құранда айтылатын періштелердің бірі. Асаф – Сүлеймен пайғамбардың уәзірі. Мұхаммед Хожа-бек – Ақ Орда билеушілерінің бірі, Алтын Орда ханы Жәнібектің (1341-1357) туысы. Жәнібек – Алтын Орда ханы. Жамшид – ежелгі Иранның шахы. Фарудин – «Шахнаме» кейіпкерлерінің бірі.
Ерлік, батырлық, күштілік үлгілері: Рүстем – ежелгі Иран аңыздарындағы аты әйгілі батыр, «Шахнаме» кейіпкері, Әли – Мұхаммедтен кейінгі төртінші Халиф. Мұсылман аңызында әйгілі батырлардың бірі. Жомарттық бейнесі ретінде суреттелген Хатымтай – қазақ ұғымында Атымтай. Жомарттықпен аты аңызға айналған.
Сұлулық бейнесін беруде алынған онимдер: Жүсіп – Құранда да, Библияда да сұлулық символы. Лайла – «Ләйла – Мәжнүн» поэмасындағы сұлу қыз болса, Мажнүн Ләйліге ғашық жігіт. Фархад – «Фархад-Шырын» дастанының кейіпкері.
Хорезми – «Мухаббат-наме» дастанының авторының бүркеншек аты. Хорезми ақынның туған жерінен мәлімет береді. Мұндағы жер-су аттарына қатысты атауларға жалғанып отырған -и арабтың қатыстық сын есімінің көрсеткіші. Қосымша айта кететін бір жайт, туындының басты кейіпкерлері сұлу қыз бен ғашық жігіттің есімдері берілмеген, символдық бейнеде суреттелген.
Ескерткіште бірнеше топонимдер кездеседі: Сыр, Мысыр – Египет, Шам – Сирия, кейде Дамаск қаласының аты ретінде қолданылады, Канан – Палестина, Шын-Машын – Қытай және онан арғы елдер деген мағынада, Ирак, Рум – Византия.
Орта ғасырдан қазіргі кезге дейін ешқандай фонетикалық өзгеріске түспей жеткен гидронимдердің бірі – Сыр өзеннің аты. Бұл атау қазіргі оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысының территориясынан ағып өтетін Сырдария атымен белгілі.
Ескерткіш тіліндегі космонимдерді лексикалық құрамы мен құрылысы тегі жағынан алып қарастырғанымызда, олардың басым көпшілігі ана тіліміздің байырғы сөздерінен, ал шағын бөлігі араб-парсы сөздерінен жасалғаны анықталды. Олар жәдігер тілі мен қазақ тіліне ортақ космонимдер ай, күн болса, қазіргі тілдік қолданыстан шығып қалған йола (аспан шырақтары), қуйаш (күн), араб-парсы тіліндегі хуршид (күн), бурж (шоқжұлдыз), Зүхра (Шолпан жұлдызы), Муштари (Юпитер), Нахид (Шолпан жұлдызы), Уттарид (Меркурий).
Ескерткіште біріккен сөздер бүгүн (бұл күн), қос сөздер йа-оқ, күла-ойнау, ичим-бағрым, тым-тырақы қолданылған. Соңғы екі мысал қазақ тілінде іші-бауыры елжіреу, тым-тырақай қашу тұрақты тіркестердің құрамында айтылады. Күла-ойнау «мерекелеу, көңіл көтеру, тойлау» ауыспалы мағынада жұмсалып, бейнелі мағынада жұмсалуы қазақ тілімен мағыналас болып келеді. Яғни ескерткіштегі қосарланған сөздер бірыңғай түркілік бірліктерден жасалған. Бұлардың мағыналары мен тақырыптары жуық сөздер екені көрінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |