Көмекші сөз: ара (ара), арасында (арасында), бар (бар), дагүл (емес), емас (емес), йаны (жаны), йоқ (жоқ), керак (керек), керакмас (керек емес).
Біз «Мухаббат-наме» тілінде сол ғасырдың бүкіл сөздік қоры қамтылған деп айта алмаймыз. Ескі қыпшақ тілінің лексикасы поэтикалық шығарма тақырыбына да тәуелді болса керек. Қазақ тіл білімінде орта ғасыр жазба ескерткіштерінің тілі қазіргі қазақ тіліне жақын деп танылған зерттеу еңбектерінің саны артып келеді. Солардың бірі – «Түркілер тілінің інжу-маржандары кітабы» жазба ескерткішінің грамматикалық мәтінін және ондағы ескі қыпшақ лексикасын ғылыми аяға тартқан Е. Есбосынов Абу Хайиан «Әл-Идрак...» тіліндегі есімдердің лексика-морфологиялық құрылымы қазіргі қазақ тіліне жақын екенін айтады [104]. Мн тіліндегі тілдік бірліктер «Әл-Идрак...» және қазақ тіліндегі тілдік бірліктермен де үндеседі.
Етістік. Ескерткіш тілінде сөз таптарының ішіндегі ең күрделісі етістік болып табылады. Дара және күрделі етістіктер молынан ұшырасады. Сөзді түрлендіруші функционалды-грамматикалық жұрнақтар Мн тілінде негізгі түбір мен ретіне қарай туынды түбір тұлғаларға қосылып, не негізгі түбір тұлғаларға тікелей, не сөз тудырушы жұрнақтардан соң туынды негіздерге қосылған.
Түбір етістіктер: ай (айту), ат (ату), бас (басу), бил (біл), ес (есу), ет (ет, істе), де (де), көр (көр), қой (қой), сач (шаш), сун (ұсыну), те (де, айт), күй (күй), бул (табу), кес (кес), кет (кет), өл (өл), ут (ұт), уч (ұш), өп (өп), тур (тұр), т.б.
Туынды етістіктер: аула (аула), айыт (айту), билгүр (біліну), ерүр (болу), йарат (жарат), йарут (жарық ет), келтүр (келтіру), кетүр (келтір), кечүр (кешіру), көргүз (көргіз), көрүн (көрін), өгран (үйрен), өрта (өрте), сайра (сайрау), текүр (жеткізу), телүр (теліру), тирил (тірілу) т.б.
Ғалым Ж. Манкеева «Глагол является одной из важнейших грамматических категорий, в которой наиболее ярко обнаруживается специфика данного языка. Выражая динамику действия и состояния, он занимает особое положение в лексике» [105, 14б.] деп атап көрсетіп, қазақ тілінің базистік лексикасы құрамында көптеп кездесетін өлі түбірлердің, яғни дыбыстық тұлғасы ғана сақталып, мағынасы күңгірттенген лексика-грамматикалық элементтердің табиғатын танып, сырын ашады.
Күрделі етістіктер. Н. Оралбаева екі-үш не одан да көп етістіктердің тіркесіп келгендерін «етістіктің аналитикалық форманттары» деп атайды [106]. Ескерткіште күрделі етістіктер жасау үшін қыл, ет, бол көмекші етістіктері қатысып отырған. Бұл етістіктердің араб, парсы сөздерімен де тіркесіп жасалғаны молынан кездеседі. Солардың әрқайсына тоқталуды жөн көрдік. Қыл: йад қыл (жат қыл, есіңде сақта), бунйад қыл (баста), ағаз қылды (бастау), дү´а қылды (дұға қылды), вафа қыл (опа қыл), гөш қылды (тыңдады), ишрат қылалы (ишарат қылайық); сажда қыл (сәжде ету), хидмат қылайын (қызмет қылу), дад қылғыл (әділ болу), ´адат қылды (әдет қылды); ет: рахм етиб (рахым ету), бол: йат болур (жат болады), мат болур (мат болады), қурбан болайын (құрбан болайын), ғамхор болғыл (қамқор болғыл).
Ғалым Р. Сыздық Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріндегі күрделі етістіктердің араб не парсы тіліндегі есім сөздер мен түркілік ет-, қыл-, әйлә-, секілді көмекші және бол-, тұт-, сал- сияқты дербес мәнді етістіктерінің тіркесіп келуі арқылы жасалғанын айтады: «Сірә, бұндай қатарлардың пайда болуында азды-көпті уәжділік бары байқалады. Мысалы, әйлә- көмекшісі көбінесе рахм, душман, ғафу, қаппар сияқты арабизмдермен тіркес құрайды, олардың қыл-, ет- көмекшілерімен келуі кемде-кем. Соған қарағанда бөгде тілдік күрделі етістіктердің «консервілену» процесі орта ғасырда-ақ басталғаны байқалады. Ал «тірі» процесс те бұл кезеңде мықты орын алған: араб пен парсы сөздерін негізгі компонент етіп, күрделі етістік жасау орта ғасырлардағы түркі жазба тілінің ең бір өнімді амалы ретінде нормаға айналған деуге болады. Бұл процестің нәтижесі біздің күндерімізге де жеткен. Айталық, көне түркілік (ұйғыр заманынан келген) әйлә- деген көмекші етістігі қыпшақ тілдеріне еркін ауыспағанын айтпағанда, қалған қыл-, ет-, бол- көмекшілерімен араб, парсы есімдерін негіз етіп жасалған күрделі құрылымдар қазіргі түркі тілдерінде, айталық қазақ тілінде де едәуір бар: ғафу ет-, айла қыл-, рақым ет-, қабыл қыл, қабыл бол-, қайран бол- » [66, 147 б.].
Түркі сөздері: йақту қылғай (жарық қылу), чық қыл (шық), айыт қыл (айт).
Күрделі етістіктердің ішінде идиомалық тіркестер ұшырасады. Олардың көпшілігі түркі сөздерінің тіркесуінен болған. Мысалы, таң атқай (таңның атуы), йүз урур (жүзін бұру), қылыч урсаң (қылыш ұру), йүз чавүрман (жүзімді бұрман), баш көтүрман (басымды көтермен), тең етман (тең етпен), йүз евүрмин (бет бұрмау), бойун сундум (мойынсұну), көзга илмас (көзге ілмеу), көңүл татмады (көңілі тартпау), көңүлни бағлағайын (көңілімді байлайын), оқ атсаңыз (оқ ату), йер өптим (жер өбу, сүю), қош тутты (құрмет көрсетті), күн тоғмаса (күн шығуы), ай тоғмағай (айдың тууы), билик билмак (білік-білмек), йақту қылғыл (жарық қылғыл), атыңны йайайын (атыңды жаяйын), чавын йайайын (даңқын жаяйын), аты қалды (аты қалу), тирик болсун (тірі болсын).
«Е» көмекші етістігі ескерткіште жалаң е+са+ң түрінде де, ер+үр, ер+ди деген толық формада кездеседі. Орта ғасыр ескерткіші Мн-да өб-, сүй- етістіктері тарихи тұрғыдан варианттас сөздер болып табылады. Қазақ тілінде өп- етістігінің мағынасы – «жақсы көріп сүю», ал сүй- етістігінің мағынасы – «ерінді тигізіп, мейірлене өбу». Бұл етістіктердің түбірі *суп-. Сөз басындағы с дыбысының түсірілуінен мағыналық айырмашылық байқалады.
Ескерткіште түсініксіздеу болып көрінетін евүр (айналу), чаврүл (бұрылу) етістіктерінің мағынасын қазақ тілінде бұр етістігі бере алады. Бұл етістіктердің бір түбірден дамығандығын ғалым Б. Сағындықұлы былай дәлелдейді: «Азын-аулақ семантикалық өзгешеліктерін есепке алмағанда, чав + үр, ев + үр, б + ұр формаларының бір-ақ түбірден дамығандығы көрініп тұр. Әуелі ч, кейінірек а ~ е дыбыстары элизияға ұшыраған, сонда: чав+үр>ев+үр>б+ұр. Қазақ тілінде «бұр=» етістігінен жасалған «бұра=» тұлғасы «дөңгелете, айналдырып қозғау» мәнін білдіреді. Көне түркілік «чавур=» сөзімен оның (яғни «бұра=» етістігінің) лексикалық мағынасы тепе-тең. Ежелгі форма морфологиялық құрылысы жағынан былайша жіктеледі: ча= - түбір, в= - эпентеза, ур= - көмекші етістік. Әуелде, бұру, «дөңгелету», «айналдыру» мағыналарының ча= түбірінде болғандығын қазақ тіліндегі «шы+р айналды» (бір орнында тұрмай дөңгеленді) фразеологизмі дәлелдей алады. Демек, ча= ~ шы= флексия қалдықтары. Үнемдеу заңының ықпалымен в ~ б эпентезасына ча= түбіріндегі лексикалық мағына ығысқан» [29, 114 б.].
Бақ-. Көне түркі тілінде бір-ақ айналаны бағдарлау, бағу, қарау мағынасында қолданылған. Мысалы, Baqar erdi qamaγta ДТС 81 (Барлық жерді қарап шықты). Ескерткіште бір ғана қарау мағынасында қолданылған. Йырақтан бақмаға имкан йоқ, ей жан 316 (Жырақтан байқау мүмкін емес, ей жаным) Түркі тілдерінде: түрк., bakmak; әзірб., bahmag; башқ., karav, karap sığıv, bağıv; қырғ., karō, tiktö; өзб., karämák, bákmák; тат., karau, karap çığu, bağu; түркм., bakmak, seretmek; ұйғ., bakmak, karimak; қаз., қарау.
Түгат-. Бітіру, тауысу, түгесу мағынасында қолданылған. Көне түркі тілінде қарама-қарсы мағынада жұмсалған: 1. біту, аяқталу, түгесілу, сарқылу, таусылу: ïš tükädi ДТС 595 (Іс бітті); 2. жеткілікті болу: bu aš qamuγqa tükädi (Бұл ас бәріне жетті). Ескерткіште кездесетін түгат және түган етістіктері өзбек түгамак ұйғыр тілінде түгимак түрінде кездеседі, яғни орта ғасырдағы түпкі түбірді сақтап қалған. Басқа түркі тілдерінде біту, тамам болу, аяқтау етістіктері қолданылады: түрк., bitmek; әзірб., bitmäk, tamamlanmag, gurtarmag; башқ., tamamlaniv, tivälläniv, bötöv; қырғ., bütü, ayaktō; өзб., tügämák, bitmák, tämám bolmák; тат., tögällänü, tämamlanu, oçlanu, bitü; түркм., tamāmlanmak, gutarmak, bitmek; ұйғ., pütmäk, tügimäk. Қазақ тілінде бітіру, тауысу, түгесу, аяқтау етістіктері қолданылады.
Қоп-. 1. ұшу, самғау: qara quš qopupan barmïš ДТС 456 (Қара құс аспанға ұшты); 2. жоғары көтерілу, көкке көтерілу: er joqaru qopdï (Ер жоғары көтерілді); 3. басқа көтеру, ұлық тұту, дәріптеу: kiši söz bilä qoptï buldï mülük (Кіші сөзімен мүлікті болды); 4. түрегелу, орнынан тұру: Uluγ kelsä qopγïl adaqïn örü (Ұлық келсе аяғыңнан тік тұр); 5. көтерілу, күннің көтерілуі, жарықтың түсуі: jašïq qoptï jerdin kötürdi bašïn (Күн жерден басын көтерді); 6. көріну, шығу, пайда болу, туу, басталу: istäk qopdï (Тілек пайда болды). Ескерткіш тілінде қоп- етістігі орнынан тұру мағынасын береді. Қазіргі түрік тілінде осы қоп- варианты осы мағынада кездеседі. Ескерткіш тіліндегі қоп- етістігі түрік тілінде сақталынып қалған. Яғни тұлғалануы мен мағынасы ортақ.
Екси- етістігі Мн ескерткішінде «азаю, кему» мағынасында жұмсалған. Бұл сөз «Һибат-ул хақайиқ» ескерткішінде де кездеседі. Қазақ тілінде «өмір жасы өксіді» деген тұрақты тіркестегі «өксі» сөзімен мағыналас жас кемігендігін, мұқағандық аңғарылады [107, 78 б.].
Етістікке тән грамматикалық категорияларды жасауға сан алуан жұрнақтар қатысқан. Етістіктің әртүрлі етіс категориясын жасау үшін мысалы, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс, өздік етіс көрсеткіштері жұмсалған.
Өзгелік етіс категориясын жасау үшін -гүз көргүз, -гүр билгүрүр, -түр өлтүр, келтүр, кетүр, -дур аздур. Қазіргі қазақ тілінде өзгелік етіс -т; -тыр (-тір, -дыр, -дір); -қыз (-кіз, -ғыз, -гіз) жұрнақтары арқылы және сол жұрнақтардың қабаттаса жалғануы арқылы негізгі етіс формасынан жасалады.
Ырықсыз етіс категориясын жасау үшін -ыл, ачылса, айрылса, ачылды, йоғрылды, сачыл; -ул урулды, қурулды, қутул, қуртул; -ил тирилса, ичил; -үл чаврүл; -ал йоқал. Ырықсыз етістің -т, -ыт жұрнағы түгат, йарат, төрат, айыт, елт секілді етістік сөздерде ұшырасады. Бұларда етіс семантикасы әлсіз көрінеді, яғни жұрнақтар түбірге сіңісіп кеткен. М. Қашқари сөздігінде ырықсыз етіс мағынасын білдіретін сөздер тавар чоғланды – тауар шоғырланды, жиналды, бөз чығланды – бөз өлшенді деп көрсетеді.
С. Исаев қазақ тіліндегі ырықсыз етістің қосымшалары туралы: «Ырықсыз етіс – қимыл-әрекеттің өздігінен орындалуы мәнін үстеп, қимыл-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден -ыл/-іл/-л қосымшасы, түбір құрамында -л дыбысы болса, -ын/-ін/-н қосымшасы арқылы жасалады. Кітап оқылды, үй тазаланды, астық жиналды, сөз сөйленді т.б. мысалдарда, біріншіден, тура объектілер (кітап, үй...) грамматикалық бастауыш қызметін атқарса, екіншіден, ырықсыз етіс формалы етістіктер салт етістік болып тұр» [108, 180 б.].
Жәдігер тілінде ортақ етіс категориясын жасау үшін бір ғана вариант -ш жұмсалған: булашкай, йараш. Қазақ тілінде ортақ етіс -с (-ыс, -іс) жұрнағы арқылы жасалынады. Өздік етіс категориясын жасау үшін -ын ысынды, -ан итланды, иймангил, түган, гизлан, йупан; -үн көрүн. А. Қалыбаева қазақ тіліндегі етіс категорияларының ішіндегі өздік пен ырықсыз етіс жайында былай дейді: «Өздік, ырықсыз етістер, етістіктің өзге түрлеріне қарағанда, әлдеқайда кеш пайда болған. Өйткені олардың тұлғалық көрсеткіштерінде әлі күнге дифференцияланып жетілмегендік кездеседі. -ын/-ін/-н өздік етістің, ал -ыл/-іл/-л ырықсыздықтың көрсеткіштері болып есептелгенімен, бұлар кейде екі етіске бірдей қатысады. Дегенмен, екеуінің мағынасы мен сөйлемдегі атқаратын қызметі жағынан бір-бірінен айырарлықтай, өздеріне лайық ерекшеліктері бар» [109, 17 б.].
Академик Р. Сыздық етіс тудыратын жұрнақтарды жалпы сөз жасаушы деп қарастырмай, етістіктің породаларын, яғни етістіктің әртүрлі семантикалық категорияларын жасайтын «грамматикалық құрал» деп тану керектігін ескертеді [66, 145 б.].
Жалпы тіл білімінде де, түркітануда да, қазақ тіл білімінде де рай категориясына қатысты пікірлер сан алуан. Зерттеушілер жазба тарихи ескерткіштер тілінде рай қосымшаларының көп мағыналы болғанын, рай қосымшалары шақ қосымшаларынан толық ажырай қоймағанын, рай қосымшаларының саны қазіргіден әлдеқайда көп болған дегенді айтады.
Біз зерттеп отырған туындыда етістіктің бұйрық рай түрін жасау үшін -сун, -сүн қосымшалары қатысқан. Бұл сөздер -сун, -сүн көрсеткіштері арқылы жасалынып, ІІІ жаққа жекеше түрінде қаратыла айтылған: -сун: қалсун, болсун, қутулсун, қылсун, тутсун, айытсун; -сүн: сүйүнсүн, текүрсүн. Көпше түрі ичсүнлар (олар ішсін). М. Қашқаридың «Диуанында» бұйрық райдың ІІІ жақ көрсеткіші дәл осындай -сун/-сүн вариантта кездесуі ғасырлар арасындағы сабақтастықтың үзілмегенін көрсетеді. Ал қазақ тілінде бұл көрсеткіштер -сын, -сін түрінде қолданылады.
Етістіктің бұйрық рай түрін жасау үшін -ғын қылғын, -ғыл сақлағыл, ашағыл, йашағыл, болғыл, қылғыл, оқығыл, болымсыз етістіктен кейін салмағыл, болмағыл, олтырмағыл, -гил билгил, йетүргил, кечүргил, -кил ишиткил, ичкил, -гүл кетүргүл. ІІ жақтың бұйрық рай тұлғасының -ғын/-гин, -ғыл/-гіл және -кил тұлғаларында міндетті түрде орындалуға тиісті бұйрыққа қарағанда өтіну, жалбарыну реңкі басымдау сияқты.
Етістіктің қалау рай түрін жасау үшін -гай: йүзгай, болгай, телүргай, билүргай; -ғай қалау рай: болғай, қылғай, тапылғай; -кай: ескай, кескай, өпкай, -қай; атқай, йатқай, болмай; -ғайын: бағлағайын, башлағайын; -айын: айайын, йайайын, йуйайын, салайын, болайын, -йын: оқуйын; -алың: сачалың, ачалың; -алиң: сачалиң, ичалиң; -йың: тоқуйың; -алы: булалы, қылалы.
Қазіргі қазақ тілінде бұйрық райдың үш жағының бар бірақ олар үш жақта да үнемі бұйрық мағынада жұмсалынбайды. Бұйрық райдың І жағы -айын, -ейін, -йын, -йін – таза бұйрық мағынадан гөрі өтініш, кеңес түрінде айтылады деген пікірлер бар. Қазақ тілінде етістіктің бұйрық райының І жағы етістіктің түбіріне -йын, -ейін, -айық, -ейік жұрнағы жалғанады. Ескерткіш тіліндегі сөздің түбіріне жалғанған қалау райдың І жаққа қатысты -айын, -йын формалары қазіргі кезге дейін ешбір өзгеріске түспей қолданылуымен ерекшеленеді.
Етістіктің шартты рай түрін жасау үшін -са жұрнағы: жекеше І жақта -са+м десам, өлсам, қылсам, өпсам, ІІ жақта са+ң айласаң, есаң, бақсаң, күлсаң, қылсаң, қопсаң, ІІІ жақта -са айса, күйса, текса, бақса, қалса, битиса, тирилса түрінде жалғанған; болымсыз етістіктен кейін: тоғмаса, болмаса -ысар: болысар, солысар.
Етістіктің өткен шақ түрін жасау үшін -ды, -ди, -ду, -ты, -ти, -ту жұрнақтары қатысқан. Олар түбір етістікке тікелей -ды, айды, қалды, салды, болды, буйурды және етіс категорияларынан кейін: ачылды, урулды, қурулды, йоғрылды, ысынды, болымсыз етістіктен кейін де жалғанған: болмады, булмады, татмады; -ди салди, келди, түганди, минди, көрүнди, ерди; -ду болдум, оқудум, сундум; -ты йаратты, тутты, йарутты, ашты; -ти өптим, биттим, еттим, түгаттим; -ту унуттуң, уттуң, туттуң.
Жазба ескерткіш тілінде болымсыз етістіктердің бір түрі -ма, ме жалғауларының көмегімен жасалынған: болма, булма, татма, тоғма, болма. Келесі түрі қазақ тіліндегі сияқты емас тұлғасында және көне түркілік тұлғада дагүл кездесті. Болымсыз мән беретін дагүл етістігі оғыз тілдеріне тән.
М. Қашқари: «Болымсыз етістіктер барлық тілде де бір түрлі, бұйрық етістіктің соңына -ма қосымшасын қосып айту арқылы жасалады. Мысалы, барма, турма, бармаңлар, турмаңлар сияқты. Ол бармасун – ол бармасын (болымсыз етістіктің жекеше түрі), барсун, кәлсун. Үшінші жақтың бұйрық тұлғасы барлық тілдерде -сын қосымшасы арқылы жасалады» [33, 117 б.].
Орта ғасырда қолданылған етістіктердің жасалу жағынан, қосымшаларды қабылдау тұрғысынан қазақ тіліндегі етістіктермен салыстырғанда айырмашылықтарынан гөрі ұқсастықтары басым.
Қорытындылай келе, ескерткіш тіліндегі дара және күрделі етістіктердің жасалуы мен жұрнақ қабылдауында, тіркесу қабілетінде көбінесе қыпшақтық белгілер көп орын алған. Күрделі етістіктер жасайтын айла-, ет-, қыл-, бол- көмекші етістіктеріне талдау жасағанымызда оғыздық айла- етістігінен гөрі қыпшақтық ет-, қыл-, бол- тұлғалары қолданылу жағынан анағұрлым жиі жұмсалғаны ескерткіш тілін қыпшақ тобына, оның ішінде қазақ тіліне жақындата түседі. Басқа да етістіктің етіс, рай, көсемше, есімше тұлғаларының бірен-сараны болмаса, негізінен қазіргі қазақ тілімен үйлес келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |