ҚОРЫТЫНДЫ
Орта ғасырда жазылған «Мухаббатнаме» ескерткішінің негізгі тақырыбы – махаббат, сүйіспеншілік. Бұл еңбектің сөздік құрамы сол дәуірдің сөз байлығын толық дәрежеде көрсетпеуі – шығарманың көлеміне, жанрына, көтерген мәселесіне байланысты болса керек.
Біздің зерттеу жұмысымыздағы көзделген негізгі мақсат – Мн тіліндегі түркі қабатының қазақ тіліне қаншалықты жақын екенін көрсету. Бұл тұрғыда ескерткіш тілінің фонетикасы, лексикалық құрамы, морфологиялық көрсеткіштері толықтай талданды. Қазіргі қазақ тіліне қаншалықты жақын, несімен алшақ және не ортақ деген күрделі мәселенің шешімі анықталды.
Біздің есептеуімізше, «Мухаббат-намеде» ұшырасатын сөздердің бір бөлігі қазақ тілінде, ешқандай дыбыстық өзгерістерге ұшырамай, сол қалпында сақталғаны да белгілі болды. Бұлар ескерткішке де қазақ тіліне де ортақ сөздер. Яғни мағынасы да, тұлғасы да бірдей. Олардың жалпы саны - 103. Ескерткіш тілінің лексикасы қазіргі қазақ тілінің лексикасымен жан-жақты салыстырғанымызда және олардың бір-бірімен айырмашылық не ұқсастықтарын зерделегенімізде ескерткіштің сөздік құрамында қыпшақ тобындағы сөздермен қатар, оғыз, қарлұқ элементтері де біршама дәрежеде кездесетінін анықтадық.
Ескерткіш тілі фонетикалық саралануы жағынан оғыздық және қарлұқ-ұйғырлық топқа жататын қазіргі түркі тілдерінде көп сақталған. Дегенмен ескерткіштің тілінің негізі – қыпшақтық, й тобына жататын тіл деп танимыз. Ескерткіште аралас тілде жазылғандығы бір сөздің екі вариантының қатар қолданылуынан байқалады. Мысалы, айақ-адақ. Көне ғасыр мен орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінің фонетикалық қабаты уақыт өте келе өзгерістерге ұшыраған. Бұл өзгерістер Мн ескерткіші тілінде көрініс тапқан. Жәдігер тілінің бойындағы фонетикалық айырмашылық немесе ұқсастық қазіргі қазақ тілі және түркі тілдерімен салыстырғанымызда айқын байқалады. Орта ғасырдағы сөздер қаншама фонетикалық өзгерістерге түскенімен мағынасын түсінуге қиындық туғызбайтыны тілдік деректермен дәйектелді. Мн ескерткіш тілінде кездесетін фонетикалық өзгешеліктерге ашық дауыстылардың қысаң дауыстыларға айналуы, дауыссыз дыбыстар тіркестерінің ыдырауы, қатаң дауыссыздардың ұяңдануы ықпал жасаған.
«Мухаббат-наме» ескерткіші тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар қазақ тіліндегі сол тектес жұрнақтармен салыстырыла отырып, олардың грамматикалық мағынасы, дыбыстық құрамы, тұлғалық сипаты айқындалды. XIV ғасыр жазба ескерткіші Мн тілінде есім тудыратын жұрнақтар және етістік тудыратын жұрнақтар ұшырасады. Сөз тудырушы жұрнақтардың мына түрлері жиі ұшырайды: 1) есімдерден есімдер тудыратын жұрнақтар; 2) етістіктерден есімдер тудыратын жұрнақтар. Мн ескерткішіндегі жұрнақтар сөз тудыру жағынан қыпшақ тілдеріндегі жұрнақтарға жақын. Қазақ тілімен салыстырғанда кейбіреулері тек фонетикалық өзгеріспен қолданылғанымен беретін мағыналары сәйкес келеді. Ескерткіште қолданылатын жұрнақтардың көпшілігі қазақ тілінде әлі күнге дейін өнімді жұрнақтардың қатарынан орын алады. Мн-де есімдерден есімдер тудыратын, етістіктерден есімдер тудыратын, етістік тудыратын жұрнақтар ұшырасады. Сонымен қатар ескерткіште қолданылған сөз тудырушы жұрнақтар оғыз, қыпшақ, қарлұқ тілдеріне тән жұрнақтардың бір түбірге жарыса жалғануы арқылы туынды сөздер пайда болған. Мысалы, көрклүк // көрклү.
Түркілік лексика құрамында ұшырасатын сөздердің ішінде қыпшақ тобына жатпайтын тұлғалар да көрініс тапқан. Ескерткіш тілінде кездесетін сөздердің бірсыпырасы көне сөздер ретінде танылады. Жазба тілдегі архаизмге айналған сөздердің бірсыпырасы фонетикалық ерекшелігімен қазіргі қазақ тілінде қолданылғанымен, кейбіреулері мүлде кездеспейді. Бірақ басқа түркі тілдерінде сақталынып қалған. Кейбір сөздердің түбірі сақталғанымен, қосымшалары көнеріп, қазіргі тілімізде сөз тудыру қабілетін жойып алған. Енді бір лексемалардың түбірі түсініксіз болғанымен жұрнақтары әлі күнге дейін қолданылуымен ерекшеленді. Тілдің даму барысында сөздердің қолдану аясы тарылып, мағынасы жағынан архаизмге айналып, қазіргі кезде тілде кездеспеуі заңды құбылыс.
«Мухаббат-наме» лексикасының күрделі генетикалық қабаты – түркі қабаты. Араб, парсы элементтеріне қарағанда түркі сөздерінің қайталанып отыруы әлдеқайда жиірек кездесетіні талдау барысында анықталды.
Қазақ тілінің лексикасы қазіргі қыпшақ тобындағы тілдерге өте жақын, үйлестігімен ерекшеленеді. Бұл тілдердің лексикалық қабатының ортақ тұстары да көп. Яғни бұл лексемалардың барлығы фонетикалық, морфологиялық, семантикалық жағынан да ескерткіш пен қазақ тіліне ортақ сөздер болып табылады.
«Мухаббат-наме» ескерткішінің лексикасынан сөз өзінің тура мағынасында да, ауыспалы мағынада да, тіпті екі немесе одан көп мағыналарда қолданылғанын байқауға болады. Мн жазба ескерткішіндегі 2 мағыналы сөздер аз ұшырасады. 2 мағыналы сөздердің қазіргі қазақ тіліндегі мағыналарымен сәйкестік қатынасын а) 2 мағынасы да сәйкес келетін 2 сөз ; ә) 1 мағынасы сәйкес келмейтін 3 сөз; б) 2 мағынасы да сәйкес келмейтін 2 сөз бар. 8 сөз үш мағынада жұмсалған. Олардың алтауының үш мағынасы да қазіргі қазақ тіліндегі мағыналарымен толықтай сәйкес келеді. Үш мағыналы екі сөздің 2 мағынасы қазақ тіліндегі мағынасымен үйлестік тапса, 1 мағынасында алшақтық байқалады. Сонымен қатар мағыналық алшақтық 4 мағыналы ур- сөзінде кездеседі.
Ғасыр өткен сайын қоғамның дамуына, заман талабына орай кейбір сөздердің мағыналары тарылып жатса, кейбір сөздер жаңа мағыналарға ие болып өрісін кеңейтіп жатады. Ескерткіштегі сөздердің мағынасы қазіргі тілмен салыстырғанда кеңейген болса, енді бірінің мағынасы тарылып қалған. Ескерткіштегі мағынасы тарылған және кеңейген сөздердің кейбір мағыналары қазақ тіліндегі мағыналарымен сәйкес келіп жатса, кейбір мағыналар мүлдем қолданыстан шығып қалған.
Кез келген тілдің лексикалық жүйесі сөздердің өзара мағыналық қатысына қарай синоним, омоним, антоним болып бөлінетіні белгілі. Зерттеліп отырған ескерткіште де сөздердің мұндай топтары азды-көпті қолданыс тапқан. ХІV ғасыр ескерткіші тілінде кездесетін лексика-семантикалық топтарды қазіргі қазақ тіліндегі лексика-семантикалық топтармен салыстырып талдағанымызда елеулі айырмашылықтары байқалды. Жазба ескерткіш тіліндегі синонимдердің кейбір қатарлары қазіргі тілімізден шығып қалып, архаизмге айналған. Ескерткіштегі түркі сөзінен де, араб элементтерінен де құралған синонимдік қатарлар қазіргі тілімізде жалғасын тапқан. Мн ұшырайтын антонимдер мен омонимдер қазіргі тілімізге тұрақтылығын сақтай отырып жеткен. Омоним сөздердің барлығы дерлік түркі сөздерінен болған. Кейбір антонимдер мен омонимдер фонетикалық өзгеріске түскенімен мағыналарын сақтап қалған. Тұрақты сөз тіркестерінің жалғасы қазіргі қазақ тіліне сіңісіп, төл тіліміздің негізгі қорының тұрақты екендігін көрсетеді. Орта ғасырда қолданылған тұрақты сөз тіркестері мағыналық жағынан қазақ тілімен салыстырғанда ерекшеленбейді, бірсыпырасы сол күйінде қолданылады.
Сонымен, орта ғасырдың көркем туындысы – «Мухаббат-наме» ескерткіші тілінде қыпшақ лексикасымен қатар оғыз, қарлұқ элементтері кездескенімен, олар сан жағынан өте аз. Талдауларымыз көрсеткендей, таразыға салғанымызда, айқын басымдылық қыпшақ элементтерінің еншісіне тиеді. Демек, ғалымдардың «Мухаббат-наме» тілінің негізі қыпшақ-оғыз әдеби тілі деген тұжырымына толық қосыламыз. Басқаша айтқанда, көне түркі әдеби тілінің қыпшақ варианты деп те атауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |