Сын есімдер құрамы. Ескерткіште қазақ тіліндегі сияқты сын есімдер тұлғасына қарай негізгі және туынды болып екіге бөлінеді. Ескерткіштегі негізгі және туынды сын есімдерді есептегенде олардың саны 57-ге барып тірелді.
Негізгі сын есімдер: ағыр (ауыр), аз (аз), ал (ал қызыл), ары (таза), бай (бай), егү (игі), йаман (жаман), йаңлығ (сияқты), йаңлық (сияқты), йарым (жарым, жарты), йат (жат), йахшы (жақсы), йаш (жас), кичик (кішік), қара (қара), таза (таза), талим (көп), тар (тар), татлы (тәтті), тең (тең), турли (түрлі), узун (ұзын), улығ (ұлық), мундақ (мұндай).
Жазба тілде туынды сын есім негізінен екі түрлі жолмен жасалған: 1) жұрнақ жалғану арқылы, бұл туынды сын есім жасалуының бірден-бір жолы. Туынды сын есімге жататындар: -қ, -к, -ық, -үк: куруқ (құрғақ), қатық (қатты), тирик (тірі), ачық (аш), ачықмыш (аш), ачық (ащы), байық (анық), есрүк (мас); -лы, -ли, -лү: дудағлы (ерінді), еринли (ерінді), йүзлү (жүзді), сөзли (сөзді), көрклү (көрікті); -лүк: көрклүк (көрікті); -рақ/-рак: артуқрақ (артығырақ), көрклүрак (көріктірек), -сиз: сенсиз (сенсіз), тикансиз (тікенсіз); толун (толы), өкүш (көп); -дек, -тек жұрнағымен жасалған салыстыру, ұқсату мағынасында жұмсалған: айдек (айдай), айтек (айдай), йелтек (желдей), йақтусытек (сәуледей), қуйаштек (күндей), қылычтек (қылыштай).
Кейбір зерттеушілер өз еңбектерінде -тек, -дек формантын шылау деп қарастырса, ғалым Р. Сыздық сын есім жұрнағы деп таниды [66, 138 б.]. Қазақ тілі говорларында андақ-мұндақ (Қ.орда: Қарм., Сыр., Арал; Шел.; МХР) ондай-мұндай [98, 61 б.] тәрізді сын есімдер қолданылады. Қазіргі тілдегі дай қосымшасы көнетүркілік қосымшаның дыбыстық өзгеріске түскен варианты болғанымен говорлық ерекшелікте ескі із сақталғанына көз жеткізуге болады.
«Мухаббат-наме» ескерткішіндегі кездесетін сын есімдерді лексика-семантикалық тұрғыдан екі топқа бөліп қарастырамыз: 1) Сапалық сын есімдер, 2) Қатыстық сын есімдер. Ескерткіш тілінде сапалық сын есімдер молынан ұшырасады. Оларды төмендегідей топтарға бөліп сараладық.
Заттың түр-түсін білдіретін сапалық түбір сын есімдер: қара (қара), көк (көк), ал (алқызыл); заттың көлемі мен аумағын білдіретін сын есімдер: ағыр (ауыр), қатық (қатты), кичик (кіші), ұлығ (ұлық), узун (ұзын), тар (тар) толун (толы); заттың сапасын, сын-сипатын білдіретін сын есімдер: егү (игі), йаман (жаман), йахшы (жақсы), ары (таза), байық (анық); заттың дәмі мен исін білдіретін сын есімдер: ачық (ащы), татлы (тәтті).
Байырғы сын есімдердің дамуынан екі түрлі ерекшелікті байқауға болады: кейбір сын есім сөздер әрі тура мәнді (сын есімдік) білдіреді, әрі заттық мән береді. Оған Мн-да кездесетін көк, қара сын есімдері жатады.
Қазақ тіл білімінде сын есімнің де жұрнақтары: 1) сөз түрлендіруші; 2) сөз тудырушы болып екі топқа бөлінеді. Сөз түрлендіруші жұрнақтарға шырай жұрнақтары жататындығын ескерсек, ескерткіште -рақ салыстырмалы шырай формасында жасалынған екі сөз кездесті. Мысалы, артуқрақ, көрклүрак.
Сын есімдердің тіркесу қабілеті мынадай: қара топрақ, қара қаш, қара кирпүк, қара мең, қатық таш, ары гүл, толун ай, кичик йаш, йаман көз, ал йаңақ, узун түн (ұзақ түн), толун айдек, татлы сөзли, ай йүзлү, тар ағыз (оймақ ауыз), ачық сөз (ащы сөз), есрүк көз, йақут еринли, қылычтек тил (өткір тіл), ағыр уйқучы (қалың ұйқы).
Сөйтіп, ескерткіште қатыстық сын есімдер түбірге -лы, -ли, -лү, -лүк, -тек, -дек, -сиз, -қ, -н жұрнақтары жалғануы арқылы жасалынған. Жазба ескерткіштегі мына жұрнақтар -лы, -ли, -лү, -лүк зат есімнен сын есім жасауға қатысқан. Мысалы, дудағлы, татлы, сөзли, еринли, йүзлү, көрклү, көрклүк.
Достарыңызбен бөлісу: |