«Мухаббат-наменің» қазақ тіл білімінде зерттелуі. Дастан тек қана әдебиетшілер емес, қазақ тіл мамандарының да назарына ілікті. Мн ескерткіші қазақ тіл білімінде тұтастай алынып түбегейлі зерттелінбеген. Түркі жазба ескерткішін зерттеушілер Мн-ні сол дәуірде дүниеге келген басқа жәдігерлермен салыстыра отырып сөз еткен.
«Мухаббат-наменің» қазақ тіліне қатысын алғаш байқағандардың бірі – ғалым Ә. Қоңыратбаев еді. Ғалымның қолымен тапсырылған қолжазба кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қорында п. 1937 нөмерімен сақтаулы [13]. Жәдігердің тілі жайында алғашқы деректердің бірі С. Аманжоловтың «Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясының мәселелері» деген кітабында келтірілген. Ғалым бұл дастанға аз тоқталған. Осы шығарманың аралас түркі тілінде екендігін айта отырып, дастанды өзбек және қазақ сөздері аралас келетін тілде жазылған деген пікір білдіреді [14, 103-104 бб.]. Бұл ғалымның ескерткіштің тілі жөніндегі пікірі Ә. Қоңыратбаевпен үндес, олар Мн тілінде шағатай тілінің әсері байқалады дей отырып, ескерткіш аралас тілде жазылған деген ой тұжырымдайды.
І. Кеңесбаев пен Ә. Керімов Мн мұрағатының қазақ тіліне қатыстылығы туралы ««Мухаббат-наме» ескерткішіндегі қазақ тіліне қатысты кей элементтер жайында» деген көлемді мақала жазды. Ескерткіштегі түркі сөздерінің қазақ тілінде сол қалпында кездесетінін сөз еткен. Сонымен қатар мақалада «Мн-да» кездесетін біраз тұрақты тіркестер күні бүгінге дейін қазақ тілінде қолданады дегенді айтады [15].
Орта ғасыр жәдігерліктерінің тілін зерттеуші ғалым Б. Сағындықұлы Мн ескерткішін Қутбтың «Хусрау уа Ширины», С. Сарайидің «Гүлстанымен» бірге қарастырып, өзара лексикалық тұрғыдан салыстырулар жасайды. Ғалым бұл ескерткіштердегі түркі бөлігінің сөздерін архаизмдер және қазіргі тілдерде сақталып қалған сөздер деп екіге бөліп қарастырған. Ескерткіштердегі сөздердің қазақ тілінде мағыналық өзгерістерге ұшырағанын ескере отырып, бірнеше мағыналы сөздердің қазақ тілінде бір мағынасының ұмытылуын немесе кейбір мағыналарының сақталуын, тіпті басқа мағыналарға ауысып кетуінің себептерін нақты деректермен айқындаған [16].
Осыдан кейін қазақ тіл білімінде Қутбтың «Хусрау уа Ширин», С. Сарайидің «Гүлстан», Хорезмидің «Мухаббат-наме» ескерткіштерінің белгілі бір грамматикалық формалары әр қырынан зерттеліне бастады. Осы мақсатта үш ескерткіштің сөз тудырушы жұрнақтарын салыстырмалы-тарихи тұрғыдан Ә. Керімұлы «Түркі әдебиеті ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІV ғ.)» еңбегінде талдаған. Аталмыш үш ескерткіштің материалдарындағы сөз тудырушы жұрнақтарын өзара салыстырып, ұқсас жақтары мен айырмашылықтарын көрсеткен, себептерін түсіндірген. ХШ, МН, Г ескерткішіндегі жұрнақтарды есім және етістік тудыратын жұрнақтар деп екі үлкен топқа бөліп жіктеген [17, 7-63 бб.].
Т. Арынов «Лексико-семантические особенности языка старокыпчакского памятника «Китаб аттухба аз-закийа фил-луга-ат-туркийа» атты кандидаттық диссертациясында аталмыш ескерткіштің лексикасын «Хусрау уа Ширин», «Гүлстан», «Түркі-араб сөздігі» және «Мухаббат-наме» ескерткіштерімен салыстыра зерттеген. Ол Мн-да 544 түркі сөзі бар деп көрсетеді [18].
Ә. Ибатов «Сөздің морфологиялық құрылымы» деген еңбегінде «Хусрау уа Ширин», «Гүлстан бит-түрки» «Мухаббат-наме», «Нахдж-әл-Фарадис» және Тоқтамыс пен Темір-Құтлықтың жарлықтары сияқты жазба мұраларының тілінде қолданылған сөздердің морфологиялық құрылымына тоқталған [19].
М. Сабыров мұрағаттың қазақ тіліне арақатынасы жеке зерттеу объектісі болып зерттелмеген деп атап көрсетіп, оның қазақ тіліне жақындығын айқындауда морфологиялық, фонетикалық белгілері тұрғысынан жәдігерліктің тіліндегі реликт түбір-негіздерді талдауға «Хорезмидің «Мухаббат-наме» поэмасындағы реликт түбірлер» деген мақаласын арнаған [20]. Кейіннен ғалым «Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (ХІVғ. жазба ескерткіштері негізінде)» атты докторлық диссертациясында Қутбтың «Хусрау уа Шырыны», С. Сарайидің «Гүлстанымен» бірге Хорезмидің «Мухаббат-намесінің» лексикасын әр қырынан қазіргі қазақ тілі лексикасымен салыстыра отырып зерттейді [21]. Демек, қазақ ғалымдары тарапынан орта ғасырдағы бір ескерткіштің тілін (сонымен қатарлас жазылғандарының) тілімен салыстырып, бір-бірімен ұқсастық, айырмашылықтарын және ортақ элементтерін көрсету көзделгені байқалады. Бұндай зерттеулерде көлемі жағынан үлкен ескерткіш басты нысан ретінде қарастырылып, шағын ескерткіштерге назар аз аударылады.
Мн ескерткішінің жалпы тіліне немесе лексикалық-семантикалық топтарды түбегейлі талдауға арналған еңбектер аз. Қазақ тіл білімінде Г. Убайдуллаева «Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІVғ.) текстологиясы» атты кандидаттық диссертациясында ескерткіштің араб, ұйғыр тілінде жазылған төрт көшірмесін өзара салыстырып, көшірмелер арасындағы мәтіндік айырмашылықтардың жасалу себебін түсіндіріп, бастан-аяқ текстологиялық зерттеулер жүргізген. Байқалған айырмашылықтарға фонетикалық, лексика-грамматикалық және синтаксистік тұрғыдан талдау жасаған [22].
«Мухаббат-намеге» белгілі бір дәрежеде қатысы бар үлкенді-кішілі еңбектер де бар. М. Жармұхамедұлы жәдігер тіліндегі тарихи деректер мен тілдік, бейнелік бірліктерді қарастырған [23, 15-77 бб]. Шығарманың ономастикалық кеңістігін құрайтын жалқы есімдердің денотаттарын С. Иманбердиева шағын ғылыми мақаласында анықтайды [24].
«Мухаббат-наме» ескерткішінің (ХІVғ.) мәтіні» еңбегінде қазақ тіл білімінде тұңғыш рет «Мухаббат-наме» ескерткіші қолжазбаларының төрт (үш араб, бір ұйғыр алфавитімен жазылған) нұсқасы өзара салыстырылып, ұқсастық-айырмашылықтары анықталған. Қазақ тілінде аудармасы берілген. Мн ескерткішіндегі қолданылған сөздердің түркіше-қазақша, арабша-қазақша, парсыша-қазақша сөздіктері жасалған. Ескерткішті тереңірек тану үшін түркі сөздері мен араб-парсы сөздерінің оң әліппелі, сондай-ақ кері әліппелі жиілік сөздіктері түзілген. Бұлар арқылы кез келген тілдік элементті оп-оңай тауып алуға болатыны көрсетілген [25].
Сонымен «Мухаббат-наме» ескерткіші ХХ ғасырдың бас кезінде түрколог ғалымдардың назарына ілігіп, зерттеу нысанына айнала бастаған. Ескерткіш тіліне қатысты пікірлердің сан қилы және кереғар екенін аңғарамыз. Ол тұжырымдар: шағатай тілінде (Ф. Кепрүлүзаде, Э. Фазылов), қыпшақ-оғыз аралас тілде жазылған (А. Самойлович, Э. Наджип, Н. Баскаков), шағатай тілінің әсері бар, бірақ қазақ тіліне жақын келеді (Ә. Қоңыратпаев, С. Аманжолов, Х. Сүйіншалиев).
ХІV ғасырда қыпшақ-оғыз және оғыз-қыпшақ екі әдеби тілі қатар дамып қалыптасқан, қыпшақ-оғыз әдеби тілінің негізі – қыпшақ тілі болған, оғыз-қыпшақ әдеби тілінің негізі – оғыз тілі болғаны белгілі. Сол дәуірде оғыз бен қыпшақ тобындағы тілдер өзара бір-біріне әсерлерін тигізіп отырған. Осы себепті «Мухаббат-наме» ескерткішін қыпшақ-оғыз әдеби тілінде жазылған деп тануға әбден болады.
Сонымен тілші ғалымдар ескерткіштің лексикасы мен грамматикасын біраз зерттегенімен, оның тілін арнайы толық талдауды мақсат тұтпағаны байқалады. Біз жұмысымызда ескерткіштің тілін зерттеуде ерекшеліктерді көрсету тәсілін ұстанып отырмыз. Бұл ретте «Мухаббат-наме» тілін тануда, біз жазба ескерткіш тілін тұтас алып сипаттауды жөн көрдік. Ескерткіш тілінің өзіндік ерекшеліктерін анықтауда, қыпшақ-оғыздық деп айыруда лексикалық ұқсастықтар немесе алшақтықтармен қатар фонетикалық және морфологиялық белгілердің маңызы зор екеніне көңіл бөлінді.
Достарыңызбен бөлісу: |